САРАЙ

«С»-дан бастап оқысаң,
Патша жүрер сараймын.
«А»-дан бастап оқысаң,
Айдың нұры – араймын.

Жақсы оқысаң сарайда
Шомыласың арайға.
ҚОЙ

«Қ»-дан бастап оқысаң,
Бағатұғын қой болам.
«О»-дан бастап оқысаң,
Ойлантатын ой болам.

Бар пайғамбар қой баққан,
Қоймен бірге ой баққан.
ҚАЙМАҚ

«Қ»-дан бастап оқысаң,
Сен көп жеген қаймақпын.
«А»-дан бастап оқысаң,
Қаймақ берер аймақпын.

Қол үзбесең аймақтан,
Қол үзбейсің қаймақтан.
БАЛ

«Б»-дан бастап оқысаң,
Бал боламын, тәттімін.
«А»-дан бастап оқысаң,
«Ал, же – болам, ақ күнім»!

«Ал, же, бал же» – ақ тілек:
Балданда ілім тәттірек!
ТАЛ

«Т»-дан бастап оқысаң,
Өсетұғын тал болам.
«А»-дан бастап оқысаң:
«Алатыныңды ал» болам.

Талдан да көп аласың,
Ал, қазірге баласың!

«Балдырған» журналы, №12
Желтоқсан, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз