ЗАҚПАН

«З»-дан бастап оқысаң,
Атып ойнар зақпанмын.
«А»-дан бастап оқысаң,
Қар бұрқатар ақпанмын.

Зақпанды атып аспанға,
Ойнай ғой сен ақпанда.
СУ

«С»-дан бастап оқысаң,
Шөл қандырар су болам.
«У»-дан бастап оқысаң,
Мен зəр текті у болам.

Шөліңді бас су ішіп,
Қапы қалма у ішіп.

КӨКТЕМ

«К»-ден бастап оқысаң,
Көктейтұғын көктеммін.
«Ө»-ден бастап оқысаң,
Жауға болар өктеммін.

Көктеп тұрам көктем боп,
Жауға бізден өктем жоқ.

ҚОЯН

«Қ»-дан бастап оқысаң,
Қоян болам, ақ қоян.
«О»-дан бастап оқысаң,
Оян ерте, жатпа, оян!

Ал тұр, кəне, оян да,
Жем бер, сал шөп қоянға

ЖАЗ

«Ж»-дан бастап оқысаң,
Мезгіл болам жаз деген.
«А»-дан бастап оқысаң,
Өлшем болам аз деген.

Уақыт – ұшқан шағала,
Уақытыңды бағала.

БОТА

«Б»-дан бастап оқысаң,
Жəудір көзді ботамын
«О»-дан бастап оқысаң,
Жасайтұғын отамын.

Бота болам, нар болам,
Ауырғанға жар болам.

«Балдырған» журналы, №6
Маусым, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз