БЕКЕТ АТА МЕШІТІ

Тауды үңгіп салынған,
Сәулеті оның ғажайып.
Халық мұнда ағылған
Көрген емес азайып.

Бекет ата ол жерде,
Әулие, пір атанған.
Алыс-жақын елдерден,
Халық келіп бата алған.

Бекет ата мешіті – Маңғыстау, Үстірт, Жем бойындағы жерасты ғимаратының ортақ атауы.

ҰЛЫТАУ

Мұнда қазақ хандарын
Ақ киізге көтерген.
Қамтып елдің аумағын,
Ұлы жиын өтелген.

Онда қазақ елімнің
Таңбалары сақталған.
Төрі ол туған жерімнің
Әуелден-ақ мақталған.

Ұлытау – Қарағанды облысы, Ұлытау ауданында орналасқан тау сілемі.

БЕРЕЛ

Бізге жеткен іздері
Өткеннің көп орыны.
Соның бірі біздегі –
Берел – Сақтар қорымы.

Қасиетті қорымнан
Сақ батыры табылған.
Тарих тұнған бұл орын,
Күллі әлемге танылған.

Берел – Шығыс Қазақстан облысы, Қатонққарағай ауданы, Берел ауылының маңындағы қорым.

ХАН ТӘҢІРІ

Аспанменен таласқан,
Бұлттан да әрі асқан.
Хан Тәңірі – биік шың,
Асқақтығы жарасқан.

Жерімізде дара ол –
Қараймыз біз ізетпен.
Хан Тәңірі – қарауыл,
Шекараны күзеткен.

Хан Тәңірі – Алматы облысы, Райымбек ауданында орналасқан
еліміздегі ең биік шың.

«Балдырған» журналы, №9
Қыркүйек, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз