АБАТ-БАЙТАҚ ҚОРЫМЫ

«Абат-Байтақ» қорымы,
Қобда өзені бойында.
Оның ерек орыны,
Жүрсін, ботам, ойыңда.

Аңызда Асан Қайғының,
Екен Абат баласы.
Батыр бопты ол әйгілі,
Білген қазақ даласы…

Абат-Байтақ кесенесі – Алтын Орда
дәуірінің сәулет ескерткіші. Ақтөбе облысы, Қобды ауданы, Бескөп аулы маңында орналасқан.

БОТАЙ ҚОНЫСЫ

Екі мың бес жүз жыл бұрын,
Жұрт бопты Ботай сыйлы, өктем.
Сап жүген, ноқта-шылбырын,
Жылқыны қолға үйреткен.

Қаласы толған дүниеге,
Қаруы найза жебе екен.
Оларға дейін дүниеде,
Жылқы үйреткендер жоқ екен.

Ботай қонысы – Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында орналасқан. Бұл жерден 120 мыңға жуық көне заман жәдігерлері табылды.

ҚОЗЫ КӨРПЕШ – БАЯН СҰЛУ КЕСЕНЕСІ

Аягөздің таңсығында,
Қозы – Баян кесенесі.
Қос ғашықтың тәлейіне,
Солай бопты пешенесі.

Ата-бабам бастан кешкен,
Оқиғалар сыр шертіп тұр.
Олар жайды жырды естіп,
Бүкіл дала елітіп тұр.

Қозы Көрпеш – Баян Сұлу кесенесі – 10-11 ғасырларда тұрғызылған сәулет өнері ескерткіші. Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Таңсық ауылының маңында.

ТАЛХИЗ

Жазып дастан-жырымды,
Тарихты мен жалғармын.
Талхиз (Талхир) бұрынғы,
Ескі аты екен Талғардың.

Оңынан туып ай-күні,
Түсіпті ол көзге ерек.
Асып-тасқан айбыны,
Қала бопты өзгерек.

Талхиз қалашығы Алматыдан шығысқа қарай 25 шақырым жерде, Талғар қаласының шетінде орналасқан. 8-13 ғасырларда сегіз мыңға дейін адам тұрған.

«Балдырған» журналы, №11
Қараша, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз