ҚЫРАН
Шалып қалқан құлағым,
Қыран жайын сұрадым.
Бастады атам әңгiме,
Маңызды да, мәндi де.

– Бар жiгiттiң сұлтаны,
Бар жiгiттiң ұлтаны.
Сұлтаны – Ер, Батыры,
Ұлтаны – азы ақылы.

Күштi қарттың тарланы,
Күштi қасқыр арланы.
Жүйрiк жылқы – тұлпары,
Күштi иттiң сырттаны.

Сол сияқты, шырағым,
Тектi құс қой қыраның.
Ұғып, бiлiп ал мұны,
Жыртқыш құстың барлығы
Қыран емес,
Қыраны –
Ең күштiсi, алғыры!

ЛАШЫН
Құйылады төменге,
Көтерiлiп жоғары.
Көрген жемiн ол демде
Тұяғымен соғады.

Лашын-106924

Қанаттары суылдап
Ауаны осып тiледi.
Ақса төмен зуылдап,
Тұяғы жем іледі.

Ол атқан оқ сияқты,
Қызық көрiп тұрасың.
Тегеурiндi тұяқты,
Ең ұшқыр құс – лашын.

БҮРКІТ
Бүркiт iрi,
Қайратты,
Сұлу әрi айбатты.
Көтерiлiп тым биiк,
Көзбен шолар аймақты.
Бүрген жерiн жұлады,
Жүректi әрi қырағы.
Бүркiт – алғыр,
Тектi құс,
Ең мықтысы – қыраны!

АҚИЫҚ
Қырандарды таниық,
Бiрi олардың – ақиық.
Иығында ағы бар,
Ол жұлдыздай ағылар.

Болат тұяқ,
Шеңгелдi,
Оған қай құс тең келдi?!
Өр Алтайдың құсы бұл,
Қасқырға да түсiп жүр.

ЕЛІБ
Мақтайды, ешкiм кемiтпейдi,
Бүркiт маңғаз, желiкпейдi.
Қауырсыны талшық-түктi,
Талшық-түгiн елiб дейдi.

ШАЛҒЫ
Бүркiт сұсты, сәндi келер,
Көп ол жайлы әңгiмелер.
Ең ұзын он қауырсынын
Атайды екен шалғы деп ел.

Он қауырсын – он шалғысы,
Көрiк берер ең сәндiсi.
Қос қанатқа қуат сыйлар
Жебелi әрi ең әлдiсi.

ТОМАҒА
Бiлiп бөтен адамды,
Жақындаса, ұмтылар.
Иттi, құсты, ол малды
Бүрмек болып жұлқынар.

Жолатпайды қасына,
Сақтық етпей бола ма?
Сондықтан да басына
Кигiзедi томаға.

Томаглы_буркит

Көзiн жауып томаға,
Ол ештеңе көрмейдi.
Итке, құсқа, балаға
Сонда алаңдай бермейдi.

ҚҰСБЕГІ
Құсбегi адам бұл кiсi –
Қырандардың сыншысы.

Балапанын бағады,
Қолға үйретiп алады.

Бiр күн тыным таппайды,
Қыран етiп баптайды.

Көп бiледi құс жайлы,
Құспен аңды ұстайды.

БҮРКІТШІ
Аңшы,
Бiрақ бұл тiптен
Шықпайды аңға мылтықпен.
Аң мен құсты бүркiтшi
Аулайды ылғи бүркiтпен.

БҮРКIТ ҚАЛАЙ ӨСЕДI?
Балапан ғой бұл әлi,
Бүркiт болып шығады:

Балапан кез – ақ үрпек,
Әрi әлсiз,
Әрi үркек.

Жиi тамақтанады,
Темiрқанаттанады.

Қарақанаттанады –
Ұшып қанат қағады.

Кезiп тауды,
Даланы,
Өзi тамақ табады.

БҮРКІТТЕ ҚАНША САУСАҚ БАР?
Көтерiлiп жоғары,
Аңды бүрiп қонады.
Аяғында бүркiттiң
Төрт саусағы болады.

Айқас оның әр күнi,
Сол дерсiң ең әлдiнi.
Бiр аяқта төртеуден,
Сегiз саусақ барлығы.

БҮРКIТТIҢ ТӨРТ САУСАҒЫ
Көрдiм түлкi алғанын,
Бүрiп тұяқ салғанын.
Ел атайды бүркiттiң
Тегеурiн деп бармағын.

Ол шеңгелiн кең ашар,
Қорқып аң, құс, төл қашар.
Сығым – аты жоқ қолы,
Сұқ саусағы – жембасар.

AZkKBaQsoSw

Оған қай құс тең келмек,
Оған бiрдей жер мен көк.
Төртiншiсi – шынашақ,
Атайды оны шеңгел деп.

Бүркiт осал жаралмас,
Саусағының бәрi алмас.
Тегеурiн – ең мықтысы,
Онсыз бүркiт аң алмас!

Серікбай ОСПАНҰЛЫ
(«Балдырған», №7. 2014 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз