14019791

Көптен бері ештеңеге таңғалмастай болып жүргем. Таңғалатын не қалды өзі? Бұрын көшеден өзімен-өзі сөйлесіп жүрген адамды көріп, таңғалатынбыз. Қазір мəн де бермейсің. Құлағында блютузы барын жақсы білесің. Бұрын смартфон, айфон дегендер жастардың ғана ермегі сияқты еді. Қазір əрбір əжейдің қолында жүр. Кез келген жерде желіге кіріп алып, шиқылдатып, тырсылдатып отыра береді. Таңғалмайсың. Көз үйренді.Бірақ, бұл жолы таңғалдым.

Шілденің соңы болатын. Абай көшесінің бойымен жаяулатып келе жатқам. Кенет ұзын бойлы, жас шамасы он бес-он алтыдағы бір жеткіншек қасымнан сүйкеніп өте шықты. Жүрісі жылдам. Суыт. Қолында смартфон. Соған қадалып қалыпты. Құдды əлденеге арбалған адамдай алдынан шыққанның бəрін қағып-соғып, бір əйелден сөз де естіп, смартфонынан көз алмаған күйі жүре кешірім сұрап, «Family» саябағының ішіне сүңгіді де кетті. «Не болған?» деймін. Əлгі жеткіншектің қолындағы смартфонда не сиқыр бар? Əлде… Басыма небір жаман ойлар да келіп үлгерді. Сөйтсем…Өмірден біршама артта қалған екенмін. Көргенімді танысыма айтсам, «өй, ол покемон гоу» деп миығынан күлді.

Мынау ақпарат тасқынының арасында жүріп, елдің бəрі білетін жайдан хабарсыз болғаныңа қысыласың, əрине. Дегенмен, соншалықты ұялатын да жөнім жоқ сияқты. Ол кезде Покемон гоу жаңадан ғана шыққан еді…

1346f6e6064119ce570124ac2ec35318

Смартфонға оңай əрі тегін жүктелетін бұл ойынды Жапонияның Нинтендо компаниясы биылғы шілде айында шығарған болатын. Шыға салысымен лезде əлемді жаулап үлгерді. Тіпті, мұндай дүрмектің соңғы жылдары болмағанын мобильді ойындар саласындағы білгірлердің өзі мойындап отыр. Өздерің ойлаңдаршы, ойын шыққаннан бір апта өтпей жатып, Нинтендо компаниясының акциялары 1,5 миллиард долларға өскен. Тамыз айына дейін Покемон гоуды əлемнің төрт бұрышындағы 100 миллионнан астам адам жүктеп үлгерген. Ал бүгіндері ойын жасаушылар аптасына 100 миллион доллар көлемінде табыс тауып, жырғап отырғанға ұқсайды.

Покемон деген өзі? Бұл сөзді қазақшаға аударсаң, «қалта құбыжығы» деген мағына береді. Сонау 1997 жылы Нинтендо мамандары «Покемондар» деген компьютерлік ойынды ойлап тауып, артынан осы аттас мультсериал түсірген-ді. Айтары жоқ, бұл өнімдер де өз заманында зор сұранысқа ие болды. Кең таралды. Бірақ, танымалдығы дəл қазіргідей емес еді.

Бұрынғы нұсқаларда ойыншылар виртуал əлемде өмір сүретін құбыжықтарды титтəйінен өсіріп, бағып-қағып, баптап, соңынан шайқасқа салатын. Бары сол ғана. Ал Покемон гоудың шарты басқаша. Бұл нұсқаның ерекшелігі – ойын виртуалды əлем мен шынайы өмірде қатар өрбиді. Ойыншы бұрынғыдай бір орында экранға телміріп отырмайды. Далаға шығады. Көше кезіп жүріп, покемон аулайды. Ол үшін смартфонның камерасы мен GPS-і үнемі қосылып тұруы керек. Құбыжықты тапқан бойда  қағып алып, экранға шығатын арнайы шар ішіне тоғытады.

Құбыжық аулау айтқанға ғана оңай. Əйтпесе, смартфонға тесіле қарап, үнемі тіміскіленіп жүресің. Кейде бір орынды неше айналып шығуыңа тура келеді. Ойынның қауіптілігі де осында. Экранға қадалам деп алдыңда тұрған ой-шұңқырды, ашық жатқан люкті байқамай қалуың ғажап емес. Покемондарды тек белгілі бір жерлерден табуға болады. Мұндай жерлерді «покестоп» деп атайды. Əдетте покестоптар саябақтарда, ескерткіштер маңында, сауда орталықтарында болуы мүмкін. Мен құбыжық қуған балаларды Достық даңғылының бойындағы Оқушылар сарайының алдынан таптым. Бір кездері Қонаев атамыздан мұраға қалған ғимараттың алды гүлзар, саялы бақ. 12 жасар Архат пен 14 жасар Темірлан осында жиі келіп, покемон аулауды əдетке айналдырған.

– Алматыда покестоп көп, – дейді Архат. – Өз басым 28 панфиловшылар саябағынан, «Алмалы», «Dostyk Plaza» сауда орталықтарынан аулап жүрмін. Бүгін осында келіп, 4 шөп, 3 су покемонын ұстадым.

– Сонда покемондар əртүрлі бола ма?

– Əрине, бұрынғы ойындарда 700-ден астам покемон болатын. Ал Покемон гоуда 150 құбыжық бар. Су, шөп құбыжықтарын саябақтардан, өзен бойынан аулайсың. Ұшатын жəне жауынгер покемондарды сауда орталықтарынан табасың. Ал сиқырлы құбыжықтар əдетте мешіт, шіркеу маңында жүреді. Айдаһар, от покемондар болады. Оларды мұражайлардан, театрлардан, тарихи ескерткіштердің маңайынан іздеу керек.

Жұрттың бұл ойынға неліктен құмар екенін сұрап едім, Темірлан саусағын бүгіп отырып, үш түрлі себебін айтып берді.

– Біріншіден, Покемон гоу адамды салауатты өмір салтына бейімдейді. Себебі, үнемі жаяу жүресің. Ойынның шарты солай. Неғұрлым ұзақ жол жүрсең, соғұрлым көбірек покемон ұстайсың. Соған қызығып көп адамдар автокөлігін тұрақта қалдырып, қаланы жаяу аралауға көшкен.

Екіншіден, танымың артады. Өз қалаңдағы тарихи орындардың, ескерткіштердің қай жерде орналасқанын біліп аласың. Бұрын кірмей жүрген мұражайға, театрға кіресің.

Үшіншіден, покестоптар маңынан жаңа достар табасың. Елмен араласып, көпшіл болуға үйренесің. Бұл, əсіресе, бұрын компьютер клубтарынан шықпайтын немесе төрт керегеге қамалып, жамбастары орындыққа жабысқан кəнігі геймерлердің шынайы өмірге бейімделуі үшін  керемет мүмкіндік, – дейді Темірлан.

1471940623_pokemon_go1

Бір есептен, жеткіншектің бұл айтқандарымен келісуге де болады. Покемон гоу елдің бəрін жаяу жүргізіп, далаға шығарғаны рас. Бірақ осының артында қауіп-қатер жатқанын да айтпасқа болмайды. Мысалы, АҚШ-тың көптеген қалаларындағы тас жолдарда «Покемон ойнауға тыйым салынады» деген жазулар іліне бастапты. Себеп – рульде отырып алып құбыжық аулайтындар көбейген. Жол апаты жиілеген. Канадалық жасөспірімдер покемонның соңынан жүреміз деп орманда адасып, əзер дегенде табылған.

Финляндияда покемон іздеген екі жігіт жардан құлаған. Покемон гоуға құмарлықты өз дегеніне пайдаланып жатқан қылмыскерлер аз емес. АҚШ-тың О’Фаллон қаласында бұзақылар тасалау жерге жалған покестоп орнатып, құрбан аңдыған. Сөйтіп, 10-нан астам жасөспірімді тонап кеткен.

Айта берсек, бұл ойынға қатысты жантүршігерлік оқиғалар жетіп артылады. Соған қарамастан, Покемон гоу фанаттарының саны ай санап, апта санап артып келеді. Батыс елдерінің саябақтарында покемонға таласып, бірін-бірі таптап кете жазғандар бар. Покемон ойнайтындар басқа жерді қойып, зираттарды аралауға көшкен. Мұнда да сиқырлы покемон, елес покемон дегендерді аулауға болады екен. Яғни, зират ойыншылар үшін бар болғаны кезекті покестоп қана. Біреулер жақынын ақтық сапарға шығарып салып жатса, біреулер сол жерде покемон аулап жүреді. Тіпті, покемон қуған біреу түн жамылып зират аралаймын деп жаңа қазылған көрге құлапты. Сол күйі шыға алмай, таң атқанша жатқан.Мына тұрған Ресейде покемон іздеген адам шіркеуге баса-көктеп кіріп, ондағы мінажат етуші жұрттың құтын қашырған. Ісі сотта қаралды. Осының бəрі зомбилер туралы фантастикалық киноны еске салады. Кейбіреулер, тіпті, Покемон гоуды ақырзаманның ойыны, əзəзілдің қаруы деп атап үлгерді. Бұл ойын арқылы Батыс елдерінің барлау орындары адамдарға бақылау жасайды екен деген əңгіме де желдей есіп жүр. Əрине, мұның бəрі бос сөз. Покемон гоу – бар болғаны бизнес. Сен сенделіп жүріп құбыжық аулайсың. Біреудің қалтасы қампая түседі. Ал ойын үздіксіз түрленіп, жаңа сатыларға өтіп, қызықтырып отырады. Виртуал əлем адамзатты барған сайын өзінің тұңғиығына тартып бара ма дейсің. Бала кезінен онлайн ойындарға құл болып, қатарынан қалып, өмірден өз орнын таба алмай, отыздан асқанда опық жегендер қаншама?

Қазір не тапшы? Уақыт тапшы. Бəсеке-өмір соның əр сəтін тиімді пайдалануды талап етеді. Алтын уақытты сарп етіп, көше кезіп, құбыжық қуасың ба? Əлде, оқу оқып, ізденіп, білім қуасың ба? Ойланшы, жеткіншек!

 

Бағдат МƏЖИТОВ

«Ақ желкен» журналы, №11

(қараша, 2016)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз