1298604005-480-400x230

Еліміз тəуелсіздік алғалы бері Қытайдағы қазақ жазушылары атажұрттағы қандас əріптестерімен аралас-құралас болып кетті. Бұл тарапта Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы үлкен жұмыстар атқарғанын айта кетуіміз керек. Осы қауымдастықтың көмегімен Қазақстанда басылып шыққан шетелде тұратын қаламгерлердің кітаптары бірталай болып қалды. Енді оларды талдау, таныстыру жағы қолға алынса құба-құп болар еді дегіміз келеді.

 – Серік Нұғыман мырза, əдебиеттің салмақты жанры проза деп білеміз. Біз үнемі поэзияны алға салып сөйлегенмен, əдебиеттегі жетістіктер көбіне прозамен бағаланады. Нобель сыйлығынан басқа да сыйлық алып жатқандарды қарасаңыз да көзге түсетіндері прозаиктер. Осы тараптан келгенде бүйрек сияқты бөлініп жатқан қытайдағы қандас жазушыларымыз туралы əртүрлі əңгіме айтылады. «Қытайдағы қазақ жазушыларының прозасы пəленбай жылға кенжелеп қалған деушілер де бар. Əртүрлісін былай қояйық, Қытайдағы қазақ жазушылары туралы əңгіменің шығуына себеп болған Қажығұмар Шабданұлы деп есептейміз. Сіздіңше Қытайдағы қазақ прозасының басталуы қалай? 

–  Қытайдағы қазақ прозасы қалай айтсақ та жалпы қазақ əдебиетінің бір тармағы. Жоғарыдағы əңгіменің бір шындығы, Қытайдағы қазақ əдебиетінің (прозасының)  бірінші буыны Қазақстандағы қазақ əдебиетінің екінші буынымен, яғни, 1925-жылдары дүниеге келгендермен құралыптас. Мысалы, Əбдіжəмил Нұрпейісов, Тахауи Ахтановтардың құрдастары. Оның алдында ешқандай проза болмаған. Яғни Əуезов, Мүсіреповтердің тұстастары жоқ. Олардан үлгі алып, жетілген ол жақтағы алғашқы буынның танымал өкілдерінің бірі бүгінгі күнде Қазақстанға кең танымал Қажығұмар Шабданұлы.

–  Бұл кісі қанша жыл түрмеде отырды?

–  40 жылға таяу болу керек. Біз кейінгі он жылын ғана білеміз. Өйткені, ол кісі біз дүниеге келерден біраз жыл бұрын сотталып кетіпті. «Оңшыл», «ұлтшыл» деген «қылмыспен», яғни жаламен. Ол кісінің «Қылмыстың» алдында жазған біраз шығармасы болды. Мысалы, 50-жылдары жазған «Жалғас жүректер» деген əңгімесі Қытайдағы қазақ əдебиетінің классикасы болып саналады. Мұны айтып отырғаным, 1979-жылы Дың Шияупин (Дэн Сяопин) қайта атқа мініп, Қытайдағы саясатты дұрыстағаннан кейін бұрын қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау науқаны жүрді. Саяси құқын ғана емес, қызметтерін де қайтарып берді. Сол тұста бапасөз жағын көтеруге де көп көңіл бөлінді. Үздіктер сараланды. Сол қатарда Қытайдағы қазақ əдебиетінің үздіктерін іріктеу, екшеу, топтап қайта басу жұмыстары да атқарылды. Таңдалғандардан том-том кітап шықты. Сол томдардың əңгімеге арналған жинағында Қажекеңнің «Жалғас жүректері» алғашқы орында тұрды.

Копия 11-

Прозаны Қажығұмар Шабданұлынан сəл ертерек бастаған Қаусылхан Қозыбайұлы деген жазушы болды. «Алғашқы адымда» деген əңгімесі жалпы Қытай əдебиетіндегі үздік шығармалардың бірі ретінде орыс тіліне аударылған. Алдымен ол қытайшаға аударылды, қытайшадан орысшаға аударылды, орысшадан қайта қазақшаға аударылды. Сонда «Алғашқы адымда» деген əңгіменің тақырыбы ең соңында «Бастама» болып шығады. Ол кісі драматургияға да қалам тартқан. Біз қара танып, кітап оқи бастаған кезде Қажығұмар аса танымал емес болатын. Аты да көп аталмайтын. Кейін білдік. Сөйтсе жазасын өтеп, айдауда жүріпті. Ал Қаусылхан ағамыз көбірек көзге түсіп жүрді.

Содан сəл кейін Мағаз Разданұлы деген жазушы жарқырап көріне бастады. Қара сөздің қас шебері еді. Əңгімелерінің өзі романға бергісіз-тін. Ойын астарлап, əдіптеп айтатын. Ол кісінің «Көк маржан», «Көк иірім шүңеті тіл қатады» деген əңгімелері болды. Қытайдың қалың қазаққа қалай тізе батырып, өктемдік көрсеткенін тарихи оқиғалармен тұспалдап  жеткізетін. Кейіннен «Алтай арпалыстары» қатарлы бірнеше романы жарық көрді. «Қара сөздің қас шебері» дедім ғой жаңа. Шынымен де, табиғатты суреттеу, образдарды ашу жағынан Қажекеңді алып қоюы мүмкін. Өйткені, Қажекеңде кейінгі дəуір əдебиетіне тəн публицистикалық баяндау басымдау.

Копия 11-

Одан кейін тағы Күнген Мұқажанұлы дейтін жазушы болды. «Мұрагерлер» деген туындысы қазақтың классикалық əңгімелерінің бірі деп есептеледі. Сол кісілермен тұстас Рахметолла Əпшеұлы деген жазушы болды. Ол кісінің «Шырға» деген əңгімесін халық сүйіп оқыды. Ең өкініштісі, бұл қаламгерлердің бəрі жас кезінде, нағыз бауыр жазып шабатын кезінде саяси қуғын-сүргінге ұшырады да, өндіріп жазуға мүмкіндіктері болмады. Бір-екі кітаппен шектелді. Бірақ, көркемдік деңгейі бергі беттегі өз қатарластарынан кем емес.

–  Осылардың қайсысы тірі қазір? 

–  Қазір олардың ешқайсысы тірі емес. Бəрі өмірден өтті. Жас кездерінде аяқтары тұсалғанмен, кейін еркіндік алған соң, шама-шарықтарынша еңбек етті. Соның арқасында қытайдағы қазақ əдебиеті едəуір биікке көтерілді. Бір қызығы, Қытайдағы қазақ əдебиетінің өрлеуі Қазақстандағы кейінгі əдеби өрлеумен тұспа-тұс келеді. Алғашқы алыптар буыны жоқ демесеңіз, Нұрпейісов, Ахтановтармен бір мезгілде Шабданұлы, Разданұлы, тағы басқа қаламгерлер шықты. Тағдыр алдарына тартқан қиындықтарды жеңе жүріп, қал-қадерлерінше жұмыс істеді. Олардан үлгі алған екінші буын, яғни  40 жылдың ар жақ-бер жағында туғандар да көп қиындық көре жүріп (олар да қуғынға ұшыраған), жазумен айналысты. Олар үлкен қазақ əдебиетінде үшінші буын есептелетін Əбіш Кекілбайұлы, Мұхтар Мағауиндердің замандастары. Олар, бақыттарына қарай, кезінде Қазақстанда жазылған оқулықпен оқығандар. Ол кезде Кеңес өкіметі мен қытайтың дипломатиялық қарым-қатынасы жақсы болған. Бұл жағдай 60-жылдардың орта шеніне дейін жалғасқан. Осы жайлы саяси ахуалдың игілігін көрген олардың əдебиетте негізі мықты болды. Жиі жүргізілген саяси науқандарға байланысты уақыттарын оздырып алғанына қарамастан, олар кейін сəті туған уақытта жақсы еңбектенді. Оразхан Ахметұлы, Жұмабай Білəлұлы, Жақсылық Сəмитұлы осы қатарда атауға болатын жазушылар. Олардың арасынан 38-жылы туған Жақсылық Сəмитұлы ағамыз ғана елге оралып, өзінің басты шығармасы – 4 томдық «Қаһарлы Алтай» романын жазып бітіріп, оқырмандарға ұсынды. Жазушының жаңа бір деңгейге көтерлігенін айқын көрсететін бұл туынды көпке жетіп, жақсы аңыс қозғағанымен, кезінде жарнамасы, дəріптелуі ойдағыдай болмады ма, əдеби сынның назарына көп түспеді. Тек енді-енді ғана мақалалар жазылып, іздеу салына бастады. Ал қаламы ол кісіден де қуатты деп есептелетін Жұмабай Білəлұлы əлі Қытайда өмір сүріп жатыр. Ол кісі 40-жылы дүниеге келген. Шығармалары жаңашылдыққа толы. Жаңа əдеби ағым ашты деуге келмейтін шығар, дегенмен, біздің дəстүрлі жазу тəсілімізді бұзған жазушы. Біраз жылдардан бері ішкі қытайдағы хан ұлтынан шыққан жазушы-зерттеушілер назар аударып, кеңірек зерттеп жүр.

Копия 11-

Осы буынның тағы бір үздік өкілі 38-жылы туған Оразхан Ахметұлы. Қазір көзі тірі, Құлжа қаласында тұрады. Қаламын да қолынан тастаған жоқ. Біраз жылдың алдында үш томнан тұратын трилогияны бітірдім деп еді, осы уақытқа дейін жарыққа шығып та қалған болу керек. Бұрын жазған «Өзгерген өңір» романы жоғары бағаланған. Ал ол кісінің «Толқынды көл» деп аталатын əңгімесін жалпы шығармашылығының биігі, қазақ əдебиетіндегі үздік туындылардың бірі деп есептеймін. Бұл шығарма Қазақстанда, «Жұлдыз» журналында басылған. «Ауыл оттары» деген сағынышқа толы, ауылдың өмірін аңсататын əңгімелері де тамаша. Жалпы, бұл кісінің есімі арғы беттегі əңгіменің шебері ретінде құрметпен аталады. Ал ол кісілерден кейінгі буынға келсек, олардың тағдыры шамалы қиындау болды. Бастысы, олар қытайда тоқтамай жүріп тұрған саяси науқандардың салдарынан сауатсыздыққа ұрынған ұрпақтың арасынан шықты. Сол себепті болу керек, алдынғы буынға қарағанда шамалы əлсіздеу. Бұл буынның басты өкілі ретінде қытай тілінде жазатын жазушы – Əкбар Мəжитұлын атауға болады. Ол кісі 1955-жылы туған. Олар тек өздерінінің табиғи дарыны мен табандылығының, қажыр-қайраттарының арқасында ғана көшке ілескен қаламгерлер. Бұдан кейін тағы біраз қытайтілді жазушылапр шықты. Солардың бірі бүгінде Үрімжідегі Жазушылар одағын басқарып отырған Еркеш Құрманбекқызын атауға болады. Өте сəтті жазылған «Ертіс сыңғыры» секілді əңгімелері жарық көре сала ел көзіне түсті. Үлкен қаламгерлер назар аударып, жақсы баға берді. Мысалы, көрнекті ақын əрі жазушы Омарғазы Айтанұлы ағамыз көлемді мақала жазып, ақ жол тілеп, шабыттандырды. Еркеш кейінгі кезде аудармашылықпен де өнімді айналысып жүр. Аудармашы Қайша Тəбəрəкқызы апайымызбен иықтасып, қазақ жазушыларын үлкен қытай əдебиетіне танытуда үлкен еңбек сіңірді. Жұмабай Білəлұлы ағамыздың 4-5 томын қытайшаға аударды. Соның арқасында ол кісінің шығармаларына қытай қаламгерлерінің назары ауып, жақсы бағаланып жүр.

– Жаңа бір сөз арасында Омарғазы Айтанұлы деген есімді атап қалдыңыз. Бұл кісінің есімі бізге де жақсы таныс. Тəуелсіздік алған жылдары елге келіп жүрді. Шығармалары да жарық көрді. Бірақ, кең талдана қоймады-ау деймін.

– Омарғазы Айтанұлы ағамыз қытайдағы қазақ əдебиетінде өте белгілі тұлға.

Терең білімді, жаңашыл қаламгер ретінде əдебиеттің көп жанрында өнімді еңбектенген. Үлкен ақын. Қазақ поэзиясына елеулі жаңалық əкелген ақын ретінде де құрметпен аталады. Өмірінің соңғы кезінде прозамен айналысты. «Аң шадырын оқ табар», «Таразы» деген романдар, «Өткелек» сияқты тағы бірталай терең мағыналы хикаяттар берді. Өз басым ол кісінің осы прозалық шығармаларын бəрінен биік қоям. «Таразы» романын қазақ көркем сөзіне үлкен жаңалық əкелген үздік шығарма деп бағалаймын. Оны елге  əкеліп, басып шығарғанда, оң болар еді. Амал қанша, қол қысқа.

Копия 11-

Омарғазы Айтанұлы 1932 жылы туған. Ол кісі ақын ретінде Қазақстан қаламгерлеріне де біршама танымал. Заманында Əбділдə Тəжібаев атамызбен хат алысып тұрыпты. Мұны өз аузынан естігем. Ұмытпасам, аласапыран жылдарда жоғалып кеткен бір дастанының қолжазбасының бір нұсқасын кейін сол кісінің қолынан алғанын айтты. Кезінде оқуға поштамен жіберген ғой, сақталып қалыпты. Біраз жыл бұрын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тарапынан «Құс жолы» деген өлең-дастандар жинағы жарық көрген.

Сөзімнің соңына қарай, Əкпар ағаларымызбен тұстас Шəймұрат Қамзаұлы деген жақсы жазушы туралы айта кетейін. Ол кісінің «Қамшыгер», «Маған керек үлгі» деген əңгімелері тамаша туындылар тізімінде. Қызық жері, кезіндегі Қытайда жүргізілген саяси науқанға байланысты алған білімнің шалалығынан болар, кейде жақсы, кейде орташа, ала-құла жазады.

Одан кейін Шəміс Құмарұлы деген жазушы ағамыз бар. Біраз жыл «Шұғыла» журналының бас редакторы болған. Жастау кезінде «Жусан иісі» деген повесімен танылған. Соған жалғап бір-екі повесть жазды да, кейін бірыңғай романға көшті. Соңғы романдарының бірі «Ер Жəнібек». Бұл романның таралымы өте жоғары болды. Жаппай оқылды. Бірақ, кітап жазушының шеберлігінен гөрі, батыр бабамыздың даңқымен өтті ме деген күдік бар менде. Көлемді шығармаларының ең жақсысы «Бөке батыр» болу керек. Кезінде сын талқысына көп түсті.

– Тұрсынəлі Рыскелдиев сияқты туған жерге табаны тиген жазушылар да бар емес пе?

– Иə, менің айтқандарым сорпа бетіне шығарлары ғой. Əйтпесе, прозаға қалам тартатындары біршама. Оның бəрін айта берсек, əңгіме ұзарады. Дегенмен, кейінгі буынды, өзімнің тұстастарымды да айта кетпесем болмас. Олардың көбі қазір Қазақстанда. Есімдерін атасақ, Тұрсынхан Зəкенұлы, Ғалым Қалибекұлы, Жəди Шəкенұлы, Ерболат Əбікенұлы, Мұрат Алмасбекұлы, жазуды ақындықтан бастап, кейін прозаға ауысқан Ырысбек Дəбей, Ерғали Бақаш болып жалғаса береді. Бұларды тəуелсіздіктің игілігін көрген бақытты қаламгерлер деп атауға толық қақымыз бар. Өйткені олар азат елдің таза ауасымен тыныстап, о бастағы алға қойған мақсаттарын орындау жолында бар күштерін сала еңбек етуде. Ой-пікірге тұсау жоқ, ұраны айқын, еркін мемлекетте қаламдарын еркін сілтеуде. Бұлардың арасында ұланасыр өнер жарысында оза шауып, бəйге алғандардың да бар екенін айта кетуге міндеттіміз. Еліміздің тəуелсіздігіне он жылдық ұлы тойына арнап, бұрынғы ҚРАқпарат жəне мəдениет министрлігі жариялаған романдар аламанында Тұрсынхан Зəкенұлының «Көк бөрілердің көз жасы» романы бас жүлдені иеленіп, жүйрік атанды.   Одан кейінгілерден қара үзе қойған ешкім жоқ-ау деймін. Дабыры естілмейді. Болып жатса, реті келгенде, айта жатармыз.

– Шекараның арғы-бергі бетіндегі қандас қаламгерлер туралы айтқан жылы пікіріңізге мың да бір рахмет!    

 

Əңгімелескен

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ.

 «Ақ желкен» журналы, №11

Қараша, 2016

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз