Nir_PK_la10tablet_1620

«Қауіпсіз әлем» байқауы осымен төртінші ай жалғасын тапты. Басталғалы бері қатысып келе жатқан балалар бар. Олар ендігі кәнігі мамандарша «сөйлей» бастады. Жол ережесі, қауіпсіздік туралы түсінік қалыптаса бастағанына, әрине, қуанамыз. Негізгі мақсатымыз да сол емес пе? Осы орайда конкурс ұйымдастырушылары «Шеврон» компаниясы, әкімшілік полиция комитеті, «Арман» қоғамдық бірлестігі және «Ұлан» газеті екенін еске сала кетейік.  Сонымен, жол ережесін жақсы білетін балалар қандай хат жолдап жатыр екен дейсіңдер ме? Айтайық.

Хаттарға шолу

chevron_corporation (3)Өткенде хаттардың саны азайғанын айтып едік. Осы жолы қайтадан қатарымыз артты. Әлде өткен айдағы жеңімпаздардың қуанышты жүзі мен қолындағы бағалы сыйлығына қызығушылар көбейді ме екен. Әйтеуір, бір анығы – балалар жазғы демалыста да бос жатқан жоқ. Таным-білімдерін арттырып, шығармашылықпен айналысуда. Шығармашылық демекші, кейбір номинация қоржынында олқылық бар. Әу баста балғын бояуларға қарық болып отырушы едік. Енді осы айда бір сурет келмеді десем, сенесіңдер ме? Бір сурет жоқ. Суретшілер, қайда кеттіңдер?

Осының алдында әңгіме жазбайсыңдар деп, бір сын айтқанбыз. Енді әр хат жолдаушының бастан өткен оқиғасымен танысудамыз. Жазған әңгімелеріңді оқи отырып, қандай байқампаз екендіктеріңді түсінуге болады.

Байқауға қатысушы балалар! Мінеки, жаз да ортасынан асты. Мектеп сабағы естен біраз ұмытылды. Алайда, жол қозғалысы ережелерін бір сәтке де ұмытуға болмайды.

«Қозғалыс ережесін білемін» бөлімі бойынша тапсырмалар:

1-тапсырма. Жұмбақтарды шешіңдер.

  1. Жолдың жанында орналасқан жер жолағы.
  2. Автокөліктер мен жаяу жүргіншілердің қозғалысын реттеу құралдарының бірі.

Жауап-сөздерге мағынасы бойынша келетін сын есімдерін тауып жазыңдар.

2-тапсырма. Сөйлемдерді толықтырып жаз.

Жаяу жүргіншілер тек _________________________жүреді.

Қала сыртында тек __________________________бойынша

__________________________________қарсы жүру керек.

Көшеден өтпес бұрын алдымен ___________ қара,
ал көшенің ортасына келгеннен кейін  ______________ қара.

Көшеден өтіп үлгермесең, ___________________тоқтап тұр, ал ол болмаса, _______________________________тоқта.

Көшеден өткен кезде _______________________қадағала.

3-тапсырма. Жол белгілерінің атауын және олардың қай топқа (мысалы, тыйым салатын белгі немесе ескертуші белгі) жататынын табыңдар.

29-4_Page_4

Біраз үзінді келтірейін. «…көп кісілер жасылдың жануына 1-2 секунд қалғанда-ақ алға қадам басып, көшені кесе береді. 1-2 секунд үшін бүкіл өміріңді тәуекел етудің не қажеті бар екен?!» − дейді Айдана есімді астаналық 3-сынып оқушысы. Ары қарай: «Бағдаршамның сары көзі жанды. Бұдан соң, әлбетте, жасыл жанады. Бірақ оны күтіп тұрғысы келмеген алдымыздағы ағай алға жүріп кетті. Сол жақтан келе жатқан машина «қи-и-и-и-и-иқ» деп әрең тоқтады. Әйтеуір, бәрі аман. Қатты қорқып кеттік. Сөйтсе, рөлдегі кісі сары түс жанып біткенше келесі бетке өтіп үлгерем деп ойлапты», − деп жазады көрген жайын Айдана құрбыларың. Расымен, бір-екі секундқа шыдамсыздық танытып, қандай апаттарға тап келетінін білмей ме адамдар? Біледі-ау. Бірақ, дәл сол сәтте оны ойлай бермейді. Ал сендер осы жайды әрдайым ескеріңдер. Осы жолда жүру ережесін білмегендіктен, қаншама жайсыздықтар орын алуда. Оны өздерің де күнделікті жаңалықтан естіп-біліп жүрсіңдер ғой. Сол жайында қаратөбелік 10-сынып оқушысы Аяжан Сағиева: «Қазіргі таңда бастауыш сыныпта оқитын кейбір оқушылар жол ережесін дұрыс білмеу салдарынан жол апатына ұшырап жатады. Оған мысал: былтыр Қаратөбе ауданында  6-7 жастағы балақай велосипед теуіп жүріп, машинаның алдына кесе-көлденең шығып қалып, астына түсті. Бұған кім кінәлі? Жол ережесін білмек түгілі, атын жаза алмайтын кішкентай бала ма? Әлде тежегішті дер кезінде баспаған жүргізуші кінәлі ме? Қатер деген аяқасты. Сондықтан мектептерде бағыттау, насихаттау жұмыстары жүргізілсе, оны балалар зер салып тыңдай білсе, сондай келеңсіздіктер болмас па еді?!» − дейді.

№24, 16 маусым, 2015 жылғы санындағы «Қозғалыс ережесін білемін» бөлімі бойынша берілген сауалдардың жауаптары:

1-сұрақ: Жолдан өтудің ең басты қағидасы не?

Жауабы: Ең бастысы жолдан өтпес бұрын, тоқтап, жинақталып, асықпастан маңайдағы жол жағдайын бақылау.

2-сұрақ: Тіркелмелі автокөліктердің қандай қаупі бар?

Жауабы: Біріншіден, тіркелмелі автокөлік бұрылған жағдайда тіркемесі жол шетіне шығып, жүргіншіні қағып кету қаупі бар. Екіншіден, ұқыпсыз жүргінші автокөлікті өтті деп ойлап, оның тіркемесінің астына түсіп кетуі мүмкін.

3-сұрақ: Жол реттеушінің автокөліктерге және жүргіншілерге бетімен немесе арқасымен тұрған жағдайы бағдаршамның қандай белгісіне сәйкес келеді?

Жауабы: 1. Қызыл

4-сұрақ: Қай жастан бастап жолда велосипед тебуге рұқсат етіледі?

Жауабы: 14 жастан бастап, бірақ велосипедші жол ережесін және өзінің жүргізуші екенін ұмытпауы керек.

5-сұрақ: «Велосипед соқпағы» жол белгісінің түсі мен пішіні қандай?

Жауабы: көк шеңбер

Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Дегенмен, түсінікті тілмен жазылғаны көп емес. Көпшілігің «бояушы, бояушы» дегеннің керін келтіріпсіңдер. Ұзақ-сонар сипатталған сөйлемнің аяғына жеткенше басында не айтылғанын ұмытып қалуға болады. Оқығанда түсінікті болсын деп, біздің өзіміз сендерге барынша жеңіл тілмен жазуға талпынамыз ғой. Сосын кей баланың жазғанын оқып отырып, орта шенінен асып кеткенше, «бұл әңгіменің жол ережесіне не қатысы бар?» деген ойда отырасың. Әңгіме десе, міндетті түрде күрделі сипаттаумен жазу керек емес. Ойларыңды барынша қысқа да нұсқа жеткізуге тырысыңдар, балалар.

Осы айдағы хаттар бойынша айтар басты ескертуіміз осындай. Енді кезекті жеңімпаздар есімін атайық.

Маусым айының жеңімпаздары

Бірінші номинация бойынша баяндау түріндегі әңгіменің көптігін жоғарыда айттық қой. Алайда, тым күрделеніп кеткен әңгіме-хаттар арасында бір оқушының жазғаны көңілге қонымдырақ екен. Ол – Астана қаласындағы №3 мектеп-гимназияның 3-сынып оқушысы Айдана Барлыбаева. Өз жасына сай түсінікті тілмен жазыпты. Үзіндісін жоғарыда келтірдік қой. Әңгімесі «Бір секунд үшін..» деп аталады. Айдана, саған графикалық планшет ұсынамыз. Жарайсың! Ал екінші номинацияның жүлдесін өз мектебіндегі жүргізіліп жатқан шаралармен ықшам мақаласымен таныстыра білген Жансаяға тапсырмақпыз. Ол – Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Науалы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Жансая Маратова.  Планшет құтты болсын! Ал, үшінші номинацияның сұрақтарына алғашқы болып дұрыс жауаптарын жіберген Кенже Қалдарбекке ұялы телефон тарту етпекпіз. Ол – Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қожамберді ауылының 10-сынып оқушысы. Сондай-ақ, үш жеңімпаз да «Шеврон» мен «Ұлан» логотипі бар футболкалараға ие болады. Оқушылары ерекше белсенділік танытқан ұстаздар – Айнұр Тасжанова, Индира Тасболатова, Бибіхан Төлекбаева, Алма Ибраева, Нұржамал Шибанова және Нұржан Ахметов арнайы сертификатпен марапатталады. Ұйымдастыруға үлес қосып жатқандарыңыз үшін рахмет, ұстаздар!

Конкурс номинациялары

  1. «Жол қозғалысы ережесін оқы, біл, қолдан». Бұл номинация бойынша жолдағы қауіпсіз мінез-құлық тақырыбында өздерің салған сурет, өздерің жазған өлең, әңгімелеріңді қабылдаймыз.
  2. «Жол қозғалысы жас инспекторлары (ЖҚЖИ) – менің достарым». Фоторепортаждар, коллаждар, Қазақстанның әртүрлі қалаларында және елдімекендерінде ЖҚЖИ бөлімдерінде өткізілетін іс-шаралар туралы әңгімелеп бергендеріңді күтеміз, достар!
  3. Ал «Қозғалыс ережесін білемін» атты номинация бойынша сұрақтарға жауап берулерің қажет. Ол сұрақтар төменде берілген.

Қатысушылар тарапынан жолданған жұмыстар санына шектеу қойылмайды.

Байқау жұмыстарына қойылатын талаптармен газетіміздің өткен №15, 14 сәуір, 2015 жылғы санынан толығырақ таныса аласыңдар! Байқауға қатысты мәліметтер www.zhasorken.kz сайтында да бар екенін айта кетейік. Қатысушылар, өздерің туралы анықтама (мекен-жай, индекс, телефон, т.б.) толтырып жіберуді де ұмытпаңдар. Тағы ескертеміз: жұмыстарды npulan@mail.ru және dos-zhol@mail.ru электрондық пошталарына (екеуіне де) «Байқауға» деген сөзбен жолдаңдар.

Шілде айының жұмыстарын тамыздың 16-сына дейін жолдауларыңа болады! Айтпақшы, конкурсқа кез келген оқушы, колледж студенттері қатыса алады. Ол үшін бірінші айынан бастап қатысу міндетті емес. Орта жолдан қосылуға әбден болады. Бұл туралы Орынай Байтуғанова есімді оқырманымыз сұраған екен.

Ендеше, іске сәт, достар!

Конкурс бақылаушысы Қарлығаш ДОСАНОВА

(«Ұлан», №29, 21 шілде 2015 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз