12Біздің үйде бір қара ала ит бар еді. Ол мен жігіт болғанға дейін жүрді. Өзі тектінің тектісі болатын. Тіпті апталап аш болса да, ашық ыдысқа бас қойып көрген емес.
Небір қарлы, жаңбырлы түндерде қоралы қойды жалғыз күзететін. Күндіз біздер жұлқылайтынбыз. Көнетін. Арс етіп бір рет иттік істеген емес. Қонақ келсе жай дыбыс беріп, біреудің келгенін білдіретін де қоятын. Өмірі үйден қайта шыққан адамға үріп, ұзатып салған емес. Орнында жатып қана «әуп-әуп» дейтін де қоятын.
Біздің үйдің туыстарын, тіпті, екібастан танитын. Олар келсе, сонадайдан алдынан шығып, еркелеп кеу¬делеріне екі аяғын қоятын.
Кейде Малыбай әкемнің, кейде Кемел әкемнің үйіне кетіп қалатын да, бір қонып, екі қонып қайтып келетін. Ол барса олар да «О-о, Қарала келіп қалыпты» деп, оған барын беріп, кәдімгі біз барғандай күтіп, бәйек болып қалатын.
Қарала иттермен таласудың да шебері еді. Жалғыз болғанына қарамастан намысын жібермейтін. Тіпті кейде топ итке таланып, күші келмей жатса да ақырына дейін алысатын. Құйрығын бұтына қысып тұра қашпайтын. Бірнеше рет қасқырға да таланған.
Қарала біздің үйдің ырысы еді. «Ит жылына төрт қар басады» дейтін әкем. Онысы ит маусым сайын бір жасқа келеді. Сөйтіп бір жылда төрт жасқа келеді дегені. Солай есептегенде Қарала тұп-тура алпыстан асып өлді.
Қарала өлгенде де қызық өлді. Жас төбеттермен таласып өлді. Қарқыны қайтып, қартайған бейшараны жас төбеттер әбден шайнап тастаған. Асықты жілігін опырып жіберген екен. Қаңтардың аязы оның сол зақымды жамбасын үсіріп тын¬ды. Кәрілікке қосылған бұл қатер оны ақыры біздің көзден тасалап тынды.
Аяқ астынан Қарала жоқ болып кетті. Оны қимай, Шошқатұманың ит тұмсығы өтпес қалың қопасын апта бойы тінттік. Қарала жоқ. Таппадық. Менің сендердей кезім. «Қараламды тауып беріңдер!» деп шатақты салдым-ай кеп. Өксіп те, еңіреп те жыладым-ай. Бірақ, не керек, Қарала табылмады. Ақырын-ақырын менің де күдерім үзілді.
Түнерген Жыңғылдының қысы да өтті. Қайыңды өзенінің көбесі сөгіліп, мұзы да ери бастады.
Сөйтсек ол Қайыңдыны өрлеп барып, бір қалың қопа қамысты үйшік етіп алып, сонда жатып өлген екен. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген сөз рас болып шықты.
Қарала осылайша өлігін бізге көрсетпей өлді. Кейбір иттерге тән жамандығын, иттігін көрсетпеді. Тек біздің жадымызда оның адамға бергісіз жақсы қасиеттері ғана қалды.

Құл-Керім ЕЛЕМЕС
(«Балдырған», №7. 2014 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз