Ізінен аңыз ерген

Жұлдыз Әбділда

ҚАНЫШ-ҚАЗАҚ


«Ізінен аңыз ергеннің» бүгінгі шығарылымын академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа арнадық. Сәтбаевтың дүниеге келген сәтінен бастап, тұтас ғұмыры тұнып тұрған аңыз. Оның тұлғасының өзі ерек. Бойы екі метрге жуық болғаны белгілі. Басы да үлкен болған. Әлгі бойының ұзындығын айтатын ағылшынның премьер-министрі Уинстон Черчилль тағы бір сөзінде бас киімінің өлшемін сұрайды. Сонда Қанекең: «Егер сіз екеуміз бас киім айырбастасақ, екі жағымыз да өкінбес едік», – деп сыпайы жауап берген екен. Тағы бірде әлдебір кеңшар директоры «қатардағы жұмысшыдан ет комбинатының директоры деңгейіне дейін көтерілген адам» деп таныстырғанда да сабырлы қалпынан танбай, «әйтеуір мақтап жатыр ғой» деп, күліп қана отыра берген көрінеді. Қаныш Имантайұлы ғылымның бір-бірімен қабыспайтын әр саласынан терең хабардар болған. Білімдарлығымен, оқымыстылығымен, данышпандығымен тарихта қалған тұлға. Жалпы, Сәтбаев – Әлімхан Ермековтен кейінгі геолог мамандығын таңдаған екінші қазақ. Бірақ, орыс жерінде оқуға түскен Әлімхан Ермеков геологияны орта жолдан тастап, математикаға ден қойған. Соның ішінде механика және математика саласында қызмет еткен. Ал Қанекең – қазақ геологиясының қарлығашы, геология ғылымының атасы. Геологияның ғана емес, жалпы қазақ жерінде ғылым-білімнің өрістеуі, дамуы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев есімімен тығыз байланысты.

ӨМІРГЕ КЕЛУІНІҢ ӨЗІ АҢЫЗҒА БЕРГІСІЗ

Қаныш Имантайұлы – Баянауыл топырағының түлегі. Имантай әулетіндегі көптен күткен перзент. Ғұламаның жарық дүние есігін ашуының өзі аңызға бергісіз оқиға. Қаныш Сәтбаевты қырық жылдан астам зерттеген жазушы Медеу Сәрсекенің 2009 жылы жарық көрген «Феномен» атты роман-эссесіне сүйене отырып баяндасақ, Қанекеңнің азан шақырып қойған аты – Ғабдул-Ғани. Өз ортасына сыйлы, ел арасында беделді болғанымен, Имантай ердің жасы елуге келгенше бір перзентке зар болыпты. Бәйбішесі Нұрым Тасболатқызымен ширек ғасырға жуық тату-тәтті отасқанымен, орталарында бала болмапты. Нұрым бір қыз туған екен, оның өзі де жастай шетінеп кетіпті. 1885 жылы Имантай туған інісі Жәміннің баласын бауырына салыпты. «Әбсәләмнің артынан бір перзент келер» деген үміттері де ақталмапты. Бірде сапарлап келе жатып, далада ұйықтап кеткен Имантай түс көреді. Түсінде ғажап іс көреді. Ақ киімді, ақ сақалды қария: «Сен жалғыз болмайсың!..» – дейді, үш перзенті болатынын айтып, ғайып болады. Тәтті ұйқы құшағында жатқан Имантай бүйіріне келіп тығылған қасқырдың, барыстың және түлкінің баласын көреді. Оларды қанша қуаласа да, кетпейді. Сөйтіп жатып оянып кетеді. Түсін жорыту үшін Құрмантай абызға барады. Абыз ақсақал Имекеңнің түсін тағдырдың сыйы деп бағалайды. «Сәтбайға менің сәлемімді жеткіз. Түсіңе Қызыр Ата кірген екен. Саған төсек жаңғырту керек. Жас әйелің атыңды аспанға шығарар екі ұл мен ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу қыз туады», – дейді Құрмантай абыз.

Нұрым бәйбіше Имантайдың төсек жаңғыртуына қарсы болмайды. Тек тоқалды өзі таңдайтынын айтады. Бәйбішенің таңдауы отыздан асқан Әлима сұлуға түседі. Әлима – әйгілі Мұса Шорманов әулетінің келіні болған, жасынан жесір қалған.

Имантай мен Әлиманың тұңғышы қыз болады, оның атын Ғазиза қояды. Ал екі жылдан кейін әулеттің атұстары дүниеге келеді. Баяғы Имекеңнің түсін жоритын Құрмантай абыз Құрани Кәрімді ақтарып отырып, нәрестеге Ғабдул-Ғазиз деген ат қояды. Ол «Алланың адал құлы» деген мағынаны білдіреді екен, бірақ Имантай мен Әлима оны еркелетіп, Бөкеш дейді. Кезінде бір перзентке зар болған Имантай, бірақ, «барыстың» дүниеге келер сәтін күтеді. Алайда, бұрынғы күйеуі Қанапиядан туберкулез жұқтырған Әлиманың денсаулығы күннен-күнге нашарлай береді. Соған қарамастан, арада бес жыл өткенде Әлима тағы бір перзентті дүниеге әкеледі. Имантайдың үшінші ұлы алып болып туылады. Басы үлкен, шашы қалың екен. Баяғы Құрмантай абыз періштенің атын Ғабдул деп қояды, Имантай өз жанынан Ғаниды қосып, Ғабдул-Ғани деп атайды. Күні бітуге таяу Әлима болса, жаңа туған баласын құшағына алғанда: «Менің балам құл болмайды», – деп, Ғани не Қаныш деп атайды. Көптен күткен ұлын емізуге де Әлиманың жағдайы келмейді, кішкентай Қанышты ауылдағы жас босанып отырған Мейіз деген келіншек емізеді. Кейіннен Қанекең өзінің бір қызының атын Мейіз деп қояды.

Көп ұзамай Әлима дүние салады. Қанышты Имантайдың бәйбішесі Нұрым Тасболатқызы тәрбиелейді.

Имантай өз ауылының биі болған. Бір анадан туған Әмін, Жәмін (Әбсәләмнің туған әкесі), Зейін атты бауырларына да бас-көз болған. Бірақ, ол аса бақуатты болмаған. Сәтбай әулетін тегіс зерттеген жазушы Медеу Сәрсекенің сөзіне сүйенсек, Имантайдың әкесі Сәтбай секілді мыңғырған малы болмаған, орта шаруа болған. Жылқысы жүз қараға да жетпейді екен. Бірақ, тілге шешен, сөзге бай болыпты. Халық ауыз әдебиетін жетік білген. Домбыраның құлағында ойнаған, ән салатын болған. Өз заманындағы алдыңғы қатарлы ақын-жыршылармен дос болған.

ӨМІРДЕРЕК

Ол – ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі. Ғұлама ғалым. Қазақтан шыққан тұңғыш инженер-геолог. Геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор. КСРО Ғылым академиясының, Қазақ КСР Ұлттық Ғылым академиясының академигі. Қазақстандағы геология ғылымының негізін салушы. КСРО Мемлекеттік сыйлығының және Лениндік сыйлықтың лауреаты.

Ол – Томск политехникалық университетінің түлегі. Кеңестік геология ғылымының көрнекті өкілі Обручевтің тәлімін алған. Орыстың белгілі геолог ғалымы Михаил Усовтың да Қанекеңе ықпалы үлкен болған.

Қаныш Имантайұлы – тұтас бір кезеңнің тұлғасы. Сәтбаев туралы өте көп жазылды. Бір ғана Медеу Сәрсеке алдымен «Сәтбаевты» жазды, кейін тақырыпты тереңдетіп, жаңа мәліметтермен байытып, тағы да үш рет жарыққа шығарды. Ал бұдан төрт жыл бұрын Ұлттық ғылым академиясының академигі Серікбек Дәукеевтің мұрындық болуымен «Феномен» деген роман-эссені жарыққа шығарды. Сәтбаев Қазақстандағы барша геологтардың атасы десек, олардың арасында да Қаныш Имантайұлы туралы жазбағандар кемде-кем. Өткен жылы ғана Қазақстанның геологиялық қоғамы «Геологи в сердце Сарыарки» деп аталатын кітапты жарыққа шығарды. Осы саладағы ақсақалдардың бірі Ғинаят Бекжановтың редакциялық етуімен жарық көрген жинақта Орталық Қазақстанның геологиясы мен оны ашқан геологтар туралы толыққанды мәлімет берілген. Қаныш Имантайұлының қызы Мейіз Сәтбаева өзінің Құдай қосқан қосағы Толыбай Әлжановпен бірігіп жазған «Каныш Сатпаев – сын земли казахской» атты еңбекте де академик Қаныш Имантайұлының өмір жолы жан-жақты суреттелген. «Сәтбаевтану» атты оқу құралы да жарық көрген. «Қаныш Сәтбаев» деген энциклопедия, Қаныш Имантайұлын еске алу бағытындағы кітаптар тағы бар.

Салыстырмалы түрде алғанда, Сәтбаев көп жасаған жоқ. Бірақ, ол тұтас бір институт, керек десеңіз тұтас бір мемлекет атқаратын қыруар шаруаны атқарып кетті. Сәтбаевтың ғылыми мұрасы әлі де талай ұрпаққа жол көрсетіп, жөн сілтері анық. Сәтбаевтану саласына жүктелер міндет те аз болмаса керек. Сәтбаевтың ғылыми методологиясы геология ғылымының қарыштап дамуына үлкен ықпал еткенін геологтардың баршасы біледі, мойындайды. Солардың арасында Қ.Сәтбаевтың атымен аталатын Геологиялық ғылымдар институтының бүгінгі директоры, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Өмірсеріков те бар. Мұрат Шөкейұлы фундаментальді геологияның барлық салалары, яғни тектоника, геотектоника, палеонтология, стратиграфия, минералогия, геофизика, геохимия, металлогения салаларының қарқынды дамуын Сәтбаев есімімен байланыстырады. «Қаныш Имантайұлы жердің терең қыртыстарын терең зерттеу нәтижесінде пайдалы қазбалардың таралу заңдылықтарын анықтады. Қазба байлықтарының жату, таралу, пайда болу заңдылықтарын басшылыққа ала отырып, бірінші рет Жезқазғанның металлогениялық картасын жасады. Кейіннен бұл методология еліміздің басқа аймақтарында, соның ішінде, Текеліде, Мұғалжарда, басқа да өңірлерге қолданылды. Соның нәтижесінде тұтас рудалық аймақтар пайда болды», – дейді Мұрат Шөкейұлы. Профессор геологиялық барлау жұмысы ғылымның болжамына бағынышты екенін айтады. Оның айтуынша, Сәтбаевтың ғылыми методологиясы, яғни ғылыми мектеп әлі де күшінде. Тек бүгінгі заманға сай жаңару, жасару бар.

1942 жылы Жезқазғандағы геологиялық барлау экспедициясына жетекшілік етіп жүрген Қаныш Сәтбаев жаңадан құрылған Геологиялық ғылымдар институтына басшылыққа шақырылады. Қазақстанда геология ғылымының дамуы осы кезеңнен бастау алады.

ЕКІ АЛЫП ТА 64 ЖАСТА КӨЗ ЖҰМҒАН

Қазақтың тау тұлғалы алыптары Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов дос болған. Ұлы жазушы мен ұлық ғалым Семейдегі семинарияда бірге оқыған. Қаныш Имантайұлының көзін көрген Сіләмхан ақсақалдың айтуына қарағанда, «екеуі бір жатақханада, бір пәтерде тұрған». Жастайынан бір-бірін тап басып таныған қос таланттың арасындағы адал достық соңғы сәтке дейін жалғасын тапқан. Шынайы ұлылық деген осы шығар, олардың арасында көреалмаушылық, күндестік, бақастық деген болмаған. Керісінше, бір-бірін қадірлеп, құрмет тұтқан. Қазақ КСР Ұлттық Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев тұңғыш академиктікке үміткер ретінде Мұхтар Әуезовті ұсынған. Мұхаңның әйгілі роман-эпопеясы шыққан уақытта алғашқылардың бірі болып пікір білдірген. «Абай жолы» туралы рецензиясында академик Сәтбаев романды біртұтас ғылыми еңбек деп бағалаған.

«Қаныштың қасында жүріп, геолог болып кете жаздадым», – деген екен бірде Мұхтар Әуезов. Бұл әншейін айтыла салған сөз емес. «Ардың ісі» жолында жүрген жазушы геологияның мәселелерін жетік білген, тіпті ол жөнінде мақала да жазған. Осыдан екі жыл бұрын жарық көрген М.Бакенов пен А.Өмірбековтің «Сәтбаевтану» атты оқу құралында мынадай да жолдар бар: «Мұхтар Әуезов Сәтбаевтың талантын өте жоғары бағалаған, оған сүйсінген, ғалымдар мен жастарға үлгі ретінде ұсынған. Мұқаңның байқауынша, Қаныш Сәтбаев ғылымның көптеген салаларын кәсіби мамандай меңгерген. Ғылым академиясының президиумында отырғанда химик, биолог, физик, металлургтермен және тау-кен ісі мамандарымен олардың өз тілінде сөйлесетін, кей жағдайда оларға кеңес беретін… Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезовтің әрі қиын, әрі қызық өмір жолында ұқсастықтар өте көп… Тоталитарлық режим кезінде олардың өмірі ұстараның жүзінде болды, әсіресе, Кенесары бастаған қозғалысты ұлт-азаттық қозғалыс ретінде сөйлеген сөздері үшін екеуі де жұмыстарынан заңсыз босатылып, қуғынға ұшырады».

Бірақ, қос Бәйтерек – қос Алып жасымады да мойымады. Олар өздерінің бүкіл саналы ғұмырын Ұлтқа арнады. Бүгінгінің биігінен қарасақ, Сәтбаев та, Әуезов те нағыз Ұлтшыл, Мемлекетшіл реформаторлар. Олар ұлтқа айқаймен, аттанмен емес, ақыл-парасатпен қызмет етті. Және ол қызметтері адалынан болғаны да айдай ақиқат.

Қаныш Сәтбаев Әуезовтен басқа да қазақтың талай марғасқа азаматтарына адал дос болған. Мәселен, академик Әлкей Марғұланға деген көңілі алабөтен болғаны белгілі. Әлкей Хақанұлының қуғыннан аман қалып, сүйікті археологиясымен емін-еркін айналысуына Қаныш Сәтбаев өлшеусіз үлес қосқан. Қаныш Сәтбаевтың ерекше жарытылыс иесі екенін Әлкей Марғұлан да мойындаған, жоғары бағалаған, құрметтеген. Әлекеңнің сирек талант иесі екенін Қанекең де тап басып таныған. Екеуі, жалпы, жасынан дос адамдар болған. Сіләмхан ақсақалдың айтуына сүйенсек, Әлкей Марғұлан Қаныш Сәтбаевқа күйеубала болып келеді екен. Дәлірек айтсақ, Сәтбаевтың немере қарындасы Раушан Әбікейқызы Сәтбаеваның өмірлік серігі. «Туыс адамдар болғасын жақындық болатыны өз-өзінен түсінікті ғой. Әрі Қанекең Әлкей Марғұланның мықты ғалым екенін білген, мойындаған, қолдау білдірген. Әлкей Марғұланмен талай дәмдес болдым, керемет энциклопедист ғалым болатын», – дейді Сіләмхан Жаппарханов.

Жазмыш шығар, бірақ, Қаныш Сәтбаев та, Мұхтар Әуезов те 64 жаста дүниеден өткен. Және олардың екеуі де Мәскеуде көз жұмған. Қаныш Сәтбаев КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Ворошиловтың орынбасары болған. Мәскеуде сессия өткізгенде тамақтан уланып, Кремльдің ауруханасына түскен. Сол жерде қайтыс болған. Ал Мұхтар Әуезов Мәскеуде операция жасатып, сонда көз жұмған.

ШОҚАН МЕН ҚАНЫШ РУХАНИ ДА ТУЫС ЕДІ

«Сәтбаевтану» атты еңбекте «Шоқан Уәлиханов және Қаныш Сәтбаев» деген жеке тақырып бар. Онда екі ғасырда, екі кезеңде өмір сүрген екі Ғалымның ұқсастықтары мен ерекшеліктері екшелген. Сонда келтірілген деректерге және академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы басқа да зерттеу материалдары мен көркем еңбектерге үңілсек, мынадай жайтқа көзіміз жетеді:

Шоқан – ХІХ ғасырдың оза туған перзенті, Қаныш – ХХ ғасырдың маңдайалды тұлғасы.

Шоқан да, Қаныш та терең білімнің иесі болды. Алдымен ауыл молдасынан дәріс алып, кейін сыртта оқыды. Екеуі де өте зерек болған. Кішкентай Қаныш, мәселен, ауыл мектебіндегі төрт жылдық оқуды екі-ақ жылда толыққанды игеріп алған. Оқуға тоймаған. Қалада оқып жүргенінде елдегілер «қашан қайтасың?» деп сұраса, «бұл оқуды бітірсем, екіншісін оқимын» деп жауап береді екен. Бала Шоқан да өте зерек болған. Төрт жасынан бастап парсы, араб, түрік тілдерін үйрене бастаған. 12 жасында Омбыдағы кадет корпусына оқуға кеткен.

Екеуі де қазақтың өсіп-өркендеген халық болуын мұрат етті. Екеуі де елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Шоқан Уәлиханов тарихи, әлеуметтік, әдеби және философиялық тақырыптарға қатты қызықты. Тарихшы һәм этнограф ретінде өшпес із салып кетті. Қаныш Сәтбаев та тарихқа терең бойлады, этнографиямен айналысты, ұлттық фольклордың жоқшысы болды. Екеуі де қазақты өркениетті ел болуға үндеді, алдыңғы қатарлы елдермен тереземіз тең болуы үшін күресті. Уәлиханов тарихи жәдігерлердің шырақшысы болды, оларды үлкен ыждағаттылықпен жинады. Сәтбаев ауыз әдебиетінің үлгілерін жинады. Өнердің әр саласы жөнінен кәсіби мамандармен тең дәрежеде тың мақалалар жазды. Шоқан Уәлиханов та, Қаныш Сәтбаев та халық ауыз әдебиетінің білгірі болды, жыраулар поэзиясын жетік білді. Екеуі де «Ер Едігенің» жоқшысы ретінде тарихта қалды. Шоқанның қолында «Ер Едіге» дастанының бірнеше нұсқасы болғаны тарихи деректерден мәлім. Қаныш Сәтбаев та «Ер Едігеге» араша түсуімен есте қалды, ол, тіпті, 1927 жылы басылған «Едіге батыр» дастанының алғысөзін де жазды. Уәлиханов та, Сәтбаев та бірнеше тіл білген, шығыс тілдерін түсінген. Екеуі де орыстың және Еуропаның классикалық әдебиетімен сусындаған. Сөйте тұра, екеуі де өз ұлтының шынайы патриоттары болған.

Шоқан да, Қаныш та тарихи-архитектуралық ескерткіштерге ерекше құмартқан. Екеуі де жасында археологиялық экспедицияға қатысқан. Олардың екеуін де ежелгі қалалардың орны мен ескі қорымдар, жер-су аттары қатты қызықтырған. Тіпті, ХІХ ғасырда өмір сүрген Шоқан Уәлиханов пен ХХ ғасырда ғұмыр кешкен Қаныш Сәтбаевтың тау-кен ісіне теңдей назар аударуы таңғаларлық жайт. Шоқан Қашқария сапарынан тек қымбат кітаптар ғана емес, сирек таужыныстарын да алып келген, содан өзі коллекция жинаған. Қаныш Сәтбаев болса, минералдарды жинады, тіпті, бір минералды өзі ашты да. Ол минерал халықаралық терминологияда «Сәтбаевит» деп аталатыны да белгілі. Әдетте, минералдарға атау берген уақытта оларды тапқан адамның аты-жөніне немесе сол ұлтқа «ит» деген жалғау жалғанады екен. Жас геолог Ерқанат Тәукебаевтың айтуына қарағанда, Сәтбаев тапқан минералды «қазақит» деп атау ұсынылған көрінеді. Ғұлама ғалым ұлтқа мұндай жалғаудың жалғануына жол бермеген.

Шоқан – ХІХ ғасырдағы қазақтан шыққан тұңғыш ғалым. Қаныш – ХХ ғасырдағы қазақтан ғана емес, шығыс халықтарынан шыққан тұңғыш академик. Екеуі де даңқты ғалым, өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен зерттеушілер. Шоқан Уәлиханов «бұратана халықтың өкілі» болса-дағы, өзін мойындата білді. Орыс география қоғамының толық мүшесі болды. Ағартушы, шығыстанушы ретінде танылды. Ал Қаныш Сәтбаев КСРО Ғылым академиясының академигі атанды. Өзінің білгірлігі мен білімділігінің, шебер ұйымдастырушылық қасиетінің арқасында Ұлттық ғылым академиясының құрылуына, Геологиялық ғылымдар институтының ашылуына мұрындық болды. Қазақ геология ғылымының атасы атанды. Бүгінгі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің өсіп-өркендеуіне де ол мол еңбек сіңірді.

Тағдырдың жазуы шығар, екеуі де жасынан аурушаң болды. Екеуінің де өкпесі ауырды. Бірнеше шығыс тілін еркін меңгерген Шоқан 22 жасында Қашқарияның құпиясын ашамын деп жүріп, айықпас дертке шалдығып оралды. Науқасы әбден меңдеген Шоқан отызға толар-толмаста үзілді. Ал бала Қаныш туылғаннан-ақ әлсіз болды. Өте көп ауырды. Ауруының салдарынан оқудан да көп қалуға тура келетін. Бірақ, ол бәрібір қатарластарының алды болатын. Өйткені, сәл жағдайы жақсарса-ақ, кітапқа бас қоятын. Қаныш Сәтбаев анасы Әлима секілді туберкулездің ашық түрімен ауырды. Шоқан сияқты оған да дәрігерлер таза ауада тыныстап, қымыз ішуге кеңес берген. Бірақ, Сәтбаев салыстырмалы түрде біраз жасады. Әрі оның геология саласына ден қоюының өзіне де осы науқасының әсері бар. Өйткені, ауырып, ауылда емделіп жүргенінде ол Михаил Усовпен кездеседі. Усов ол кезде жас геолог ғалым. Ол да құрт ауруымен ауырып, Баянауыл жеріне қымыз ішіп, емделуге келген екен. Усовтың жер қыртысының қыр-сыры туралы қызықты әңгімесіне қаныққан Қаныштың геологияға аңсары ауады. Соның ықпалы болар, өз өтінішімен Баянауыл ауданының халық соты қызметінен кетеді. Усовтың кеңесімен Томскінің политехникалық университетіне оқуға түседі.

Бір айта кетерлігі, Шоқанға да, Қанышқа да орыс ғалымдары мен жазушыларының ықпалы үлкен болған. Шоқан Уәлиханов Достоевскиймен дос болса, Қаныш Сәтбаев орыстың Обручев, Усов сынды ғалымдарының тәлімін алған.

Бір қызығы, екеуі де сот реформасына араласқан. Шоқан сот реформасын зерттеген, ал Қаныш Имантайұлы Баянауылда халық соты болып қызмет еткен.

Шоқан Уәлиханов та, Қаныш Сәтбаев та жұмысты беріліп істеген. Шоқан Петерборда бір жарым жылға жетер-жетпес уақыт тұрғанында бір адамның ғұмыр бойы жасайтын жұмысын атқарған. Жастармен кездесуге де ерінбеген, сирек жазбалар қорында отыруға да уақыт тапқан. Қаныш Сәтбаев та еңбекқор болған. 1962 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Геологиялық ғылымдар институтының хатшысы болып жұмыс істеген Сіләмхан Жаппархановтың айтуына қарағанда, денсаулығының көтермейтініне қарамастан, жұмыста түннің бір жарымына дейін отыра беретін болған.

Қаныш Имантайұлының 12 сәуірде дүниеге келгені белгілі. Ал Шоқан Уәлиханов әйгілі Қашқар сапарынан 12 сәуір күні оралған екен.

Қ.Сәтбаев атындағы Халықаралық қорға жетекшілік жасаған ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәкімбек Салықовтың сөзіне сүйенсек, Қанекең Шоқанды алғашқы болып зерттеушілердің бірі. Кәкімбек аға Қаныш Имантайұлының Шоқан Уәлихановқа еліктегенін, әрдайым үлгі тұтқанын алға тартады. Сәтбаевтың тікелей мұрындық болуымен құрылған академия ғимаратының алдында Шоқан Уәлиханов ескерткішінің тұруы да тегіннен-тегін емес шығар.

Бір ғана ерекшелігі, Шоқан бақуатты өмір сүргенді ұнатқан. Петерборда жүргенінде де ақшаны оңды-солды шашып, сән-салтанатты өмір сүрген. Ал Қаныш Сәтбаев өте қарапайым адам болған. Оның қарапайымдылығы бүкіл болмысынан, табиғатынан, қимыл-әрекетінен, жүрген-тұрғанынан, қызметінен көрінген.

Сәтбаев қорының жетекшісі Кәкімбек Салықовтың айтуына қарағанда, Шоқан Уәлиханов пен Қаныш Сәтбаевтың туыстық, құдандалық қатынастары әріден бастау алады. «Аңыз адам» журналына берген сұхбатында Кәкімбек Салықов былай дейді:

«Шоқанның шешесі Зейнеп – Шорманның қызы. Имантайдың қызы Ғазиза Шорман ауылының ұрпағы Ақышқа ұзатылған. Олардан туған Кемел Ақышев – белгілі археолог атанған ірі ғалым. Ғазиза, Ғазиз (азан шақырып қойған аты Ғабдул-Ғазиз. – Ж.Ә.), Қанышың анасы, Имантайдың екінші әйелі Әлима – Шорман ұрпағының жастай қалған жесірі. Шоқанның қарындасы Нұриланы Сәдуақас Мұсаұлы Шорманов алған».

СӘТБАЕВТЫҢ ЖОЛЫН ҚУҒАНДАР

Сіләмхан Жаппарханов Қаныш Имантайұлының көзін көргендердің бірі. Көзін көріп қана қоймай, тәлімін алған. Өмірінің соңғы жылдарында академик Сәтбаевтың ғылыми хатшысы қызметін атқарған. Геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қаныш Сәтбаев атындағы сыйлықтың иегері Сіләмхан Жаппархановтың геология саласын таңдауына Қанекеңнің тікелей ықпалы бар. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында жасөспірім Сіләмхан өзінің тең құрбыларымен бірге ерте еңбекке араласып, «Алтайзолото» алтын кенішінде ағасына көмектесіп жүреді. Сондай күндердің бірінде «Советтік Қазақстан» деген киножурналдан Жезқазғандағы геологиялық экспедицияның жетекшісі Қаныш Сәтбаев туралы сюжет көреді. Қазақ геологы туралы көрініс ерекше әсер еткен үш-төрт бала ойланбастан мектеп бітіргенде геологияны таңдайды. Бүгінде Жаппарханов – Қазақстан Республикасының Құрметті геологы.

Бір анығы, бүгінгі геолог ғалымдардың көпшілігіне Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың тікелей немесе жанама ықпалы болған. Бір өкініштісі, бізде қатарынан оза шапқан орта буын геологтары аса көп емес. Бұл саладағы жастар тіптен аз. Бір кездері өзі де Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің Қ.Тұрысов атындағы Геологиялық барлау институтын басқарған, бүгінде Геологиялық ғылымдар институтына жетекшілік ететін Мұрат Өмірсеріков мырза да мұны жоққа шығармайды. «Соңғы 10-15 жыл көлемінде ақшаның жетіспеушілігі, қаржыландырудың жеткілікті болмауы салдарынан геологияның жағдайы біраз қиындап қалғаны жасырын емес. Сол уақытта жастардың көпшілігі ірі компанияларға кетті, геология саласына ден қойғандар тым аз болды. Бірақ, осыдан екі жыл бұрын қабылданған Ғылым туралы заң геология саласына да жаңа бетбұрыс жасады. Ғалымдарға үлкен жағдай жасалып отыр, кез келген зерттеуші өзінің жұмысын конкурсқа ұсына алады. Мәселен, біздің Геологиялық ғылымдар институты 16 грант ұтып алдық. Осы тақырыптар бойынша жұмыс істейтін ғалымдар жастарды да қатарға тартып жатыр. Былтырдың өзінде ғана жұмысқа 23 жас маманды қабылдадық. Олардың ішінде бакалаврды бітіргендер де, магистратура бітіргендер де, әлі оқып жүргендері де бар. Жалақыларын көтеріп, ынталандырып, жастарды көптеп тартуға жағдай туғызып отырмыз», – дейді Мұрат Шөкейұлы. Әрине, оның да өз қиындықтары жоқ емес. Оқуды жаңа бітіріп келген жастарды тәрбиелеу де өз алдына бөлек жұмыс. Институт директоры кадр мәселесінің ең негізгі проблема екенін жасырмайды. Бірақ, ол уақыттың еншісіндегі шаруа деп қарайды. Қазіргі кезде институтқа келген жас мамандар қайта даярлаудан өтіп, екі бағытта оқиды екен. «Біріншіден, таужыныстардың құрылымын оқытып жатырмыз. Екіншіден, ақпараттық технологиялардың көмегімен карта жасауға баулып жатырмыз», – дейді М.Өмірсеріков мырза.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Геологиялық ғылымдар институтын, ондағы қызметін бар жан-тәнімен жақсы көрген. Сол қиын-қыстау заманның өзінде де шетелден, соның ішінде Жапониядан озық құрал-жабдықтарды сатып алуға ықпал еткен. Әлбетте, ол жабдықтар бүгінде ескірген. «Сәтбаевтың ғылыми методологиясы әлі де күшінде болғанымен, ол заманның жабдықтары ескірді, – дейді Геологиялық ғылымдар институтының бүгінгі директоры. – Тіпті, 70-80-жылдардағы жабдықтардың өзі ескіріп қалды. Соңғы екі жылда біз жабдықтарды түгелдей дерлік жаңарттық. Әсіресе, аналитикалық құрал-жабдықтарымыз заманауи талаптарға толықтай жауап береді дер едім. Бізге технология екі бағытта керек. Біріншісі – заттың құрамын зерттейтін аналитикалық жабдықтар. Екіншісі – зерттеу нәтижесі бойынша карталау әдісі. Біз қазір осы екі әдіс бойынша да заманауи жабдықтармен толық жарақтандық. ГИС-технологиялар дейді, жерді қашықтықтан зондтау әдісі дейді, бізде мұның барлығы бар. Тіпті, қазір тек ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, келісім-шарт негізінде де жұмыс жасайтын мүмкіндігіміз бар».

Мұрат Шөкейұлының сөзінен түсінгеніміз, бүгінде Сәтбаев салып кеткен сара жолды жалғастырып, геолог боламын деген жастарға мол мүмкіндік бар. Қойнауы қазынаға толы жеріміздің асты мен үстіндегі байлықты игеру, елдің игілігіне жарату – жас геологтардың еншісіндегі шаруа.

ДОМБЫРА ШЕРТЕТІН, МАНДОЛИНДЕ ОЙНАЙТЫН, ГИТАРА ТАРТАТЫН

Бүгінде жасы сексеннен асса да, Сіләмхан ақсақал тың. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде дәріс береді. Екі жыл Қаныш Имантайұлының ғылыми хатшысы болған ақсақалдың айтары көп-ақ.

Қанекең сегіз қырлы, бір сырлы болатын, – дейді Сіләмхан Жаппарханов. – Павлодар, Семей жақтың әндерін керемет орындайтын. Домбыра шертетін, мандолинде де ойнайтын. Шахмат пен дойбыдан да құралақан емес еді. Көп өмірін ғылымға жұмсады. Араласпаған саласы, оқымаған дүниесі жоқ. Қанекеңнің ғұламалығы сонда, ол энциклопедист болатын. Кез келген саланың маманымен сол саланың тілінде сөйлесе білетін. Денелі, сымбатты болатын. Қанекеңнен кейін академияны басқарған он бес шақты ғалым болды. Бірақ, білімі, білігі, данышпандығы жөнінен де, тіпті, түр-тұлғасы жағынан да Қанекеңдей ешбірі болмады. Біздің қазіргі білімдар адамдардың көпшілігі өзі зерттеп жүрген ғылым саласын ғана біледі, басқа салалардан көп хабары болмайды. Ал Қанекең ондай емес болатын, ол ерекше жаратылыс иесі еді.

Қаныш Имантайұлының әнге әуестігі де атаның қанымен берілген қасиет болса керек. Атасы Сәтбай да, әкесі Имантай да өнер десе ішкен астарын жерге қойған. Өз заманының жыршы-жырауларымен талай дастархандас, дәмдес болған. Бала Қаныш, бозбала Қаныш қазақтың ән-жырын кішкентайдан құлағына сіңіріп өскен. Жаяу Мұса мен Естайды бала күнінен білген. Жаяу Мұсаның әндерін өзінен тікелей үйренген. Кейіннен сол әндерді қазақтың ән мұрасын жинаушы әйгілі Александр Затаевичке айтып берген. Затаевич Қаныш Сәтбаевтан 25 қазақ әнін жазып алғаны белгілі. Қанекең әннің тарихын да өте жақсы білген және шебер әңгімелеп айтып бере алған.

Қаныш Имантайұлы гитараны да шебер меңгерген екен. Өлеңді де мәнерлеп оқитын болыпты.

Сіләмхан Жаппарханов Қаныш Имантайұлының орыстың белді ғалымдарымен, әлем мойындаған ғұламалармен дос болғанын айтады. «Бүгінгі академиктердің көпшілігіне Қанекеңнің ықпалы үлкен болды. Заң ғылымы саласында өшпес із қалдырған академик Салық Зимановқа көп жәрдем жасады. Балмұханов деген дәрігер бар, бүгінде жасы тоқсаннан асқан, әлі тірі. Радиациялық биология саласының маманы. Сол кісіге де көмегі көп болды. Жалпы, қазіргі академиктердің барлығы сол кісінің қолынан шықты десек, асыра айтқандық емес», – дейді Сіләмхан аға.

Профессор Жаппархановтың сөзіне сенсек, бүкіл жер жүзінде мыңнан астам минерал бар көрінеді. Солардың біразы қазақ жерінде де молынан кездеседі екен. Қаныш Имантайұлы осы минералдарды жинауға әуес болған. Оларды жинап, зерттеп қана қоймай, өңдеп, неше түрлі бұйымдар жасататын болған. Мәселен, сондай минералдардан кәдесый ретінде жасатқан шахматты әйгілі Джавахарлал Неруге сыйға тартқан көрінеді. Бұрынғы Ұлттық ғылым академиясы – қазіргі Ғылым ордасында бірнеше мұражай орналасқан. Соның ішінде Қаныш Имантайұлының да музейі бар. Сол мұражайлардың бірінде Қазақстанда кездесетін жүз елуден астам минералдан жасалған пирамида тұр. Мұражай қызметкерлерінің айтуына қарағанда, мұндай пирамида Қазақстанда үш-ақ адамда болған көрінеді. Олар: Дінмұхаммед Қонаев, Шахмардан Есенов және Қаныш Сәтбаев екен. Алайда, Сіләмхан ақсақал Қанекеңнің өзінде мұндай бұйымдардың аса көп болмағанын айтады. «Ол кісі минералдарды жинап, музей ашқан. Ол музей қазіргі Геологиялық ғылымдар институтында күні бүгінге дейін бар. Сол жерде арнайы зертхана да бар», – дейді профессор Жаппарханов.

«ҚАЗАҚСТАН ОДАҚ БОЙЫНША ҮШІНШІ ЕДІ»

Сіләмхан Жаппарханов Қазақстанның ғылымы Қанекеңнің кезінде бүкіл одақтағы он бес республиканың ішінде Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында болғанын айтады.

Қаныш Сәтбаевтың геология саласына келуінің өзі кездейсоқтық емес. Ол осы саланы саналы түрде таңдаған. Әйтпесе, «Алгебра» оқулығын жазған Қаныш Имантайұлының керемет математик болуы да әбден мүмкін еді, тіпті, оның бойында өнер майталманы болуға да толық мүмкіндік болған. Бірақ, таңдау геологияға түскен. Оның себебін Сіләмхан Жаппарханов былай түсіндірді:

Қаныш Сәтбаевқа дейін қазақ жерінің жер қыртысын орыс ғалымдары ғана зерттеген. Қазақтар арасында геолог маман болмаған Қанекең қазақтан шыққан бірінші тау-кен инженер-геологы. Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Владимир Афанасьевич Обручев деген мықты ғалым болған. Бүкіл Сібір геологтарының ұстазы. Оның шәкірті Михаил Антонович Усов Қанекеңнің геологияны таңдауына ықпал еткен адам. Бұлар жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдарында қазақ жерінің қазба байлықтарын зерттеген.

Қазақстанда шөгінді таужыныстар, қатты таужыныстар өте көп кездеседі. Осыған байланысты бізге геолог мамандар ауадай қажет. Қаныш Имантайұлы осының маңыздылығын түсініп, сол бағытта жұмыс істеген. 1926 жылы оқуды бітіргеннен кейін Сәтбаев он бес жыл Жезқазғанда жұмыс істеген. Жер қойнауындағы қазба байлықтың қорын есептеп, оны Мәскеуге дәлелдей білген. Ал 1932 жылы жергілікті геологтарды оқыту мақсатымен Семейде геологиялық барлау факультеті ашылған. Екі жылдан кейін ол Алматыға көшіп, Тау-кен институты болып аталған. Бұл бүгінгі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті. Осы университеттегі алғашқы инженерлерді дайындаған Гидрогеология және инженерлік геология кафедрасына былтыр сексен жыл толды.

1946 жылы Ұлттық ғылым академиясы құрылды. Оның басшылығына Қаныш Имантайұлы Сәтбаев келді. Қазақстанның одақ көлемінде үшінші болатыны осы кез. Қазақстанда ғылым мен өндірістің өркендеуі тікелей Сәтбаевтың еңбегі екенін ешкім жоққа шығара алмайды.

Сіләмхан ақсақал одаққа кірген он бес республиканың ішінде Балтық жағалауы елдері мен Молдовада табиғи байлық дегеннің атымен жоқ екенін, Ресейдің өзі де өндірісті өркендету үшін Қазақстанның шикізатына зәру екенін алға тартты.

Қазақстандағы геологиялық барлау жұмыстарының дені Сәтбаевтың кезінде жүргізілді. Бүгінде мұндай барлау жұмыстары саябырлаған. «Бүкіл Кеңестер Одағында Геология министрлігі ең алғаш бізде құрылған еді, кейін Металлургия министрлігі құрылған. Қазір олардың жұрнағы да жоқ, жекелеген комитеттер ғана қалды. Министрліктердің құрамында отырған ол комитеттердің мүмкіндігі аз, баяғыдай экспедициялар азайды. Қазір біз сатылатын дүниені ғана аламыз», – дейді Сіләмхан Жаппарханов.

Геолог ғалымның айтуына қарағанда, қазақ жерінде жеке металдар кездеспейді екен. Бәрі қосақталып, бірге жүретін көрінеді. Олардың көпшілігі кеңестік кезеңде ашылғанымен, дені қазір алынбайды екен. Мәселен, рений, осьмий деген элементтер бүкіл жер жүзінде тек Қазақстанда ғана кездеседі. Салыстыру үшін айтсақ, алтын – қымбат металл. Ал платина деген металл алтыннан әлденеше есе қымбат. Рений мен осьмий болса, осы платинадан он есе қымбат. Бұларды Қазақстанда алғаш ашқан Таисия Алексеевна – Қаныш Сәтбаевтың әйелі.

Жалпы, Қаныш Имантайұлының екі әйелі болған. Екі әйелінен алты бала сүйген. Екі әйелінен екі ұл бала сүйгенімен, олардың екеуі де жастай шетінеп кетіпті. Бірінші әйелі Шәрипадан Ханиса және Шәмшиябану деген екі қызы болған. Ханиса Сәтбаева бүгінде әлі тірі, Шәмшиябану Қанышқызы осыдан екі-үш жыл бұрын ғана дүниеден өтті. Ал екінші әйелі Таисиядан Мейіз деген қызы бар. Мейіз Қанышқызы – ғылым докторы, геолог. Тағы бір музыкант қызы болған екен, ол оқып жүргенінде қаза болыпты.

Сіләмхан ақсақал ғылыми хатшысы болғаннан кейін Қанекеңмен, ол кісінің отбасымен көп араласқан. Оның үстіне, Сіләмхан Жаппархановтың әйелі Сәтбаевтың бауыры Әбікейдің қызы Райхан Сәтбаеваның ассистенті болған екен. Райхан Әбікейқызы Сәтбаева өте мықты дәрігер болыпты. «Райхан Әбікейқызы диссертациялық кеңестің төрайымы болғанда, менің әйелім ол кісінің ғылыми хатшысы болды», – дейді Сіләмхан аға. Ал Райханның әпкесі Раушан – академик Әлкей Марғұланның әйелі.

КӨРКЕМ МІНЕЗДІ БОЛҒАН

Қаныш Имантайұлы бекзат болмыстың, көркем мінездің иесі болған. Бойындағы тұнып тұрған өнері мен біліміне, ақыл-парасатына, деңгей-дәрежесіне қарамастан, өте қарапайым болған. Бала күнінде ақсақалдардың әңгімесіне, халық арасынан шыққан жыршы-жырауларға үйірсек болса, кейіннен экспедиция құрамында жүргенінде ауыл ақсақалдарымен етене сөйлесіп, үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін кішіпейіл болған. Биылғы наурыз айында «Алматы ақшамы» газетінде «Бір ауылды ажалдан алып қалған академик» деген мақала жарық көрді. Ол академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев екен. Онда аштық жылдарында тышқан аулап күн көрген Айбат деген ауыл туралы, сол ауылдың Бекмағанбет деген беткеұстар азаматы туралы сөз болады. Ашаршылық жылдары, жұрт жаппай қырылып жатқан кез болса керек. Қорым басында тышқанға тұзақ құрып жүрген Бекмағанбет бұйра шашты қазақ бастаған бір топқа кез болады. Бұл жер қыртысын зерттеп жүрген геолог Қаныш Сәтбаев бастаған топ екен. Аштықтан қынадай қырылып жатқан қандастарын көрген Қанекең өздерімен ала шыққан ас-суларын ауыл адамдарына үлестіреді. Жезді кентінің бастығына хат жазып, келген көлігін кері қайтарады да, өзі ауылда қалады. Есік алдында қойындәптеріне әлденені түртіп отырған Қаныштың көзі, кенет, шашылып жатқан сары тастарға түседі. Сөйтсе, ол сары тас дегені саф алтын екен. Ауыл адамдары қасқырға қақпан құрғанда ін аузынан осындай әдемі тастарды тауып әкеліп, ауылдағы қыз балаларға үлестіріп беретін көрінеді. Ол баланың ойыншығына айналып, әр жерде жатады екен. Құдайдың құдіреті шығар, әдетте алтын бұлайша таза күйінде кездеспейтіні белгілі. Ал мынау тап-таза алтын. Содан не керек, Бекмағанбет Қанекеңді әлгі алтын табылған жерге алып барады. Ал арада бір апта өткенде геологтар оншақты қап ұн, күріш, аздаған ет және қант-шәй басып қайтып оралады. Осылайша, Қанекең тұтас бір ауылды ажалдан аман алып қалады. Бекмағанбеттің соңғы аманат сөзі мынау болыпты: «Тап сол жұт жылының жазында ауылымызға Қыдыр баба айдап Қаныш келіп қалмағанда, тұқым-тұяғымызбен аштан қырылатын едік. Шаңырағымыз ортасына түсіп, ошақтағы отымыз сөніп, әулетіміздің аты өшетін еді. Қаныш ауылымызға жебеуші, құтқарушы періште болып келді. Асыл азамат менімен түйдей құрдас екен. Өз ақшасына маңайдағы тұрғылықты елден оншақты түйе сатып алып берді. Сол түйелерге қос-қолаңымызды артып, бала-шағамызды мінгізіп, киелі Қаратауға жеттік. Алтын кенін тауып бергенім үшін маған жыл сайын зейнетақы ретінде үкімет тарапынан отыз пұт астық бергізіп тұрды. Ақшалай сыйлығы тағы бар… Ел басына орасан қайғы-қасірет әкелген аштық және «ер басына күн туған» зұлмат жылдарда біз Қаныш бергізген астықтың арқасында аман қалдық. Мүмкіндігінше көрші ауылдардың аштарына да көмектесіп тұрдық. Мұны сендер мәңгі ұмытпауларың керек». Міне, қазақ жерінің қойын-қонышы тола байлық екенін тап басып таныған, сол байлықтың елдің игілігіне жарауын ұлы мұрат еткен Қанекең – Қаныш Имантайұлы Сәтбаев осындай адам болатын.

Қаныш Сәтбаев атындағы халықаралық қордың құрметті президенті Кәкімбек аға Салықовқа хабарласып, қордың тыныс-тіршілігі жөнінде сұраған едік. Ағамыздың жауабы мынадай болды:

–Сәтбаев қорын он жылдай басқардым, президенті болдым. Астанаға қоныс аударғаннан кейін қордың тізгінін Әлішер Сәтбаевқа тапсырған едім. Әлішер Сәтбаев – Қаныш Имантайұлының туған ағасының немересі. Былтыр ол кісі де қайтыс болды. Қордың құрметті президенті ретінде айтарым, соңғы жылдардағы ең үлкен жұмыс – Қаныш Сәтбаев энциклопедиясының жарыққа шығуы. Өте үлкен жұмыс жасалды, қордың көмегі көп болды. Энциклопедияны шығару жұмысын кезінде Әбдімәлік Нысанбаев «Қазақ энциклопедиясының» басшысы болып тұрғанда қолға алған еді, Бауыржан Жақыптың кезінде бітіріп, шығардық. Мәдениет министрлігі үлкен жұмыс атқарды. Ғылыми институттар мен ғалымдардан материал жинап беруді біз өз мойнымызға алдық. Қор төрт адам бөліп берді. 2011 жылы жарық көрген бұл энциклопедияға Қарағанды облысының сол кездегі әкімі Серік Ахметов (бүгінгі Үкімет басшысы), Ұлытаудың әкімі болған Берік Әбдіғали, Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған азаматтар, Сейіт Қасқабасов, Әбдімәлік Нысанбаев, Кенжеғали Сағадиев сынды ғалымдар бір кісідей атсалысты. Сәтбаевты зерттеуші Медеу Сәрсеке мен Әлішер Сәтбаевтың өзі өлшеусіз үлес қосты. Алғашқы қарлығаш болғаннан кейін кейбір кемшіліктер де кеткен болар, оларды болашақта түзетеміз. Енді осы энциклопедияны орыс тілінде шығаруға күш салмақшымыз.

Сонымен бірге, Сәтбаевтың өзі жазған әйгілі «Алгебрасы» бар. Орыстың, шетелдің алгебра оқулықтарын қарап, зерттеп, қазақша алгебра жазған. Бұл – әлемдік дәрежедегі «Алгебра» оқулығы. Оны Қанекең көзі тірісінде шығара алмаған. Студент кезінде жазып, Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынборға алып барып, министрлікте қызмет жасайтын Ахмет Байтұрсынұлына тапсырған. Баспа автор ретінде Қаныш Имантайұлына алғашқы төлемақысын да төлеген көрінеді. Бірақ, дәл сол кезде арабшадан латын қарпіне көшіп жатады да, баспаның оны басып шығара қоятын мүмкіндігі болмайды. Екінші рет қолға алғанда, керісінше, латыншадан кирилшеге көшіп жатады. Сол күйі қалып қойған екен. Білім және ғылым министрі болған Жақсыбек Құлекеевке мың алғыс, сол «Алгебра» жарыққа шықты. Министрдің тапсыруымен Еуразия университеті тамаша етіп шығарып берді, мұны да зор табысымыз деп есептеймін. Басқа да біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Соның ішінде Қаныш Сәтбаевтың шәкірттері туралы кітап әзірленіп жатыр. Келесі жылы Жезқазған қаласына алпыс жыл болады, бұл кітап соған орай жарық көреді деп отырмыз. Жеке өз басым министрлікте жүргенінде Ерлан Арын деген жігітпен бірігіп, «Қаныш және музыка» деген кітапша шығарғанбыз. Онда Қанекеңнің Затаевичке өз аузымен айтып берген әндерін жинап, нотаға түсіргенбіз. Ол сол уақытта тарап кеткен. Енді соны толықтырып, «Қаныш және қазақ музыкасы» деген атпен жарыққа шығармақпыз. Оған Қаныш Сәтбаевқа арнап шығарылған әндер мен Қаныш Имантайұлының өзінің сүйікті әндерін де қоспақпыз. Бұйырса, жылдың аяғына дейін шығып қалады деп отырмыз.

P.S.: Қанышқазақ, кенішқазақ десек, бұл ұйқас үшін тақпақтап айтыла салған сөз болмайды. Бір замандарда шетелдіктерге қазақ Қаныштай болып елестегені шындық. Егер сол кезде қазақ жерінің байлығын Қаныш Сәтбаев тауып ашпағанда, басқалар келіп ашар еді. Қаныш Сәтбаевтың арқасында осы саладағы өз ғылымымызға өзіміз ие болып қалдық. Қазақша айтқанда, өз байлығымызға өз мөрімізді бастық. Бүгінгі күннің биігінен қарағанда, енді сол байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуге тиіс. Қаныш-қазақтың кейінгіге қалдырған аманаты да осы болса керек.

1 ПІКІР

  1. Қанекең Жезқазған өңірінде кенорын тапқан да таза геологиялық ғылымға сүйенгенімен,қазақи болжамға(біреулер көріпкелдік қасиеті барын да айтады)көп назар аударған.Бірде дейді геолог атамыз кеш құрым қойшы қойын айдап келе жатса бір сайдан асқан кезде отар қойдың түсі өзгеріп кетеді дейді!Бұл жағдай күнде қайталанған.Сонымен,күман тудырған жерге Сәтбаев бұрғылау жұмыстарын жүргізген.Нәтижесінде сол жерде жақсы анализ берген екен сынамадан(проба)қәзір сол жер ірі шахта!!!қазақи болжамға да Сәтбаев та орыстар да көп назар аударған…Ерқанат геолог

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз