Сауалнама

Қандай басылымға жазылдың?

М-агент деген үлкенге де, кішіге де жақсы болды ғой, әйтеуір. Ыбырай атам айтқандай «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғыздының» нақ өзі. Бір күні ұландық Мейірман достығын ұсынды. Екеуміз тез тіл табысып кеттік. Әрине, әңгімеміздің арқауы –«Ұлан» мен «Ақ желкен». Бүгінгі таңдағы жастардың басылымға жазылуы, қазақ әдебиеті, қазақ журналистикасы жайында ой бөлісеміз. Әңгімеден әңгіме туындап, Қазақстанның екі шетінде тұратындықтан, мектеп оқушыларына сауалнама жүргізуді жөн көрдік. Сонымен, «қазіргі мектеп жасындағы балалардың басылымға жазылу қарқыны қандай? Жалпы оқырман сұранысын өтей алатын басылым қандай болуы керек? Баспасөзге жазылудың екінші науқанында қандай басылымға жазылдың? Немесе қандай кітап оқисың?» деген сұрақтарды Ақтөбе облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысы оқушыларына қойған едік.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН, «Қоғам» атындағы мектептiң оқушысы (Қоғам ауылы, Отырар ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы): «Егемен Қазақстан», «Оңтүстiк Қазақстан», «Жаңалықтар», «Дөңгеленген дүние», «Отырар алқабы» (аудандық газет), балаларға арналған «Ұлан» газетін, «Айгөлек», «Жұлдыздар отбасы», «Жалын», «Ақ желкен» журналдарын алып, үзбей оқып тұрамын. Кеңес дәуiрiндегi ақын-жазушыларымыздың жазған шығармалары және шетел  әдебиетi, әсiресе, ағылшын, орыс, француз  әдебиеттерi ұнайды. Ал бүгiнгi кiтаптарға қызығушылығым аз.

15000 оқырманы, 82 жылдық тарихы бар, берері мол “Ұлан” газетiне биыл ғана жазылдым. Көп балалар мұндай газеттiң барынан хабарсыз. Демек, мерзімді баспасөз құралдарын республика деңгейінде насихаттау жетiспейтiн секiлдi.

Жұлдызай ҚАЛДЫБАЙ, Т.Ибрагимов атындағы мектептiң 10-оқушысы (М.Шойманов ауылы, Отырар ауданы, Оңтүстiк Қа-зақстан облысы): 2012 жылдың екiншi жарты жылдығына жазылу науқанында достарымның айтуымен «Ұлан» газетiне жазылдым. Газет-журнал оқып өскен баланың ешқашан қор болмайтыны белгiлi.

Нұрсәуле  ЖАҚСЫБЕКҚЫЗЫ, М.Х.Дулати атындағы мектептiң 10-сынып оқушысы (Ықыластемiр ауылы, Ордабасы ауданы, Оңтүстiк Қазақстан облысы): Қазiргi таңда басылымдарға жазылып, газет-жyрналдарды сүйсiнiп оқитын қатарластарымды көп кезiктiрмеймiн. Дегенмен сұраныс мүлде жоқ деуге де болмайды. Менің ортам «Алтын сандық», «Ұлан» газеттерiне, «Ақ желкен» жyрналына  жазылып, тұрақты оқиды Ал кiтаптарға келер болсақ, «кiтапсыз бiр күнiм өтпейдi» десем, артық айтқаным емес. Әдеби кiтаптарды көп оқимын. Сонымен қатар, әлемнiң түкпiр-түкпiрiндегi адамзатқа белгiсiз жерлер тyралы окығанды ұнатамын.

Алтынай БОРАНБЕКҚЫЗЫ, Абай атындағы мектептiң oқушысы, (Шәмшi ауылы, Отырар ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы): Арпа iшiнде бiр бидай бoлмаса, қазiргi таңда басылымға жазылып жүрген жастардың қарасы көп емес. Мұны мен қызығушылықтың жоқтығы деп айта алмаймын. «Ұлан», «Балдәурен», «Айгөлек», «Балдырған», «Ақ желкен» сынды газет-журналдардан талантты жастардың аз емес екендігі байқалады. Басылымға жазылып, оқымайтын жастарға қайран қаламын.

Ақмейiрiм ҚУАШБАЕВА, Шымкент қаласындағы №26 Ж.Жабаев атындағы лингвистикалық мектеп-гим-назияның 10-сынып оқушысы: Мен осы жылдың екiншi жарты жылдығына жазылу науқанында республикалық бiрқатар журналдарға жазылдым. Мәселен, «Жас ғалым», «Үркер», «Жұлдыздар отбасы». Сондай-ақ, «Жас Алаш» газетiне жазылуды да ұмыт қалдырмадым. Кiтапханадан «Қазақ әдебиетiн» алып, үзбей қараймын. Ал әдебиеттен поэзия оқығанды ерекше ұнатамын.

Феруза ӘШIРБАЙ, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептің 2-сынып оқушысы, (Қайнар ауылы, Ордабасы ауданы, Оңтүстiк Қазақстан облысы): Бiздiң үйге аптасына бiрнеше рет құшақ-құшақ болып газет-журнал келедi.  Ол газет-журналдарды әке-шешем мен атам жаздырып, оқиды. Олардың iшiнде менiң жасыма сай басылым жоқ. Алла қаласа, жаңа оқу жылы басталғанда ата-анама бiрқатар балаларға арналған басылымдарға жаздырып беруiн өтiнемiн. Маған жалпы газет-журнал оқыған ұнайды. Оған қоса шағын әңгiме, хикаяттар, ертегiлердi үзбей оқып тұрамын.

Фариза ЖАМБЫЛ, М.Х.Дулати атындағы мектептiң 10-сынып оқушысы (Ықыластемiр ауылы, Ордабасы ауданы, Оңтүстiк Қазақстан облысы): Меніңше, қазіргі жастар газет-журналдарды көп оқымайды. Әрине, бәрі емес. Қолым қалт етсе, қызықты басылымдарды оқуға тырысамын. Әсіресе, «Ұлан» газетін сүйіп оқимын. Сонымен қатар «Ақ желкен», «Ислам және Өркениет», «Жұлдыздар отбасы»,  т.б. оқып тұрамын. Кітап оқығанды ерекше ұнатамын. Шытырман оқиғалы кітаптардан өзгеше бір әсер аламын. Менің ойымша, адам рухани тұрғыда мол азық алуы керек. Ал бұл азықтың көзі газет-журналдар мен кітаптарда екені сөзсіз.

Мөлдір БАШИМОВА, №1 мектептің 9-сынып оқушысы (Шалқар ауданы, Ақтөбе облысы): Қазіргі таңда балалардың газет-журналға жазылу қарқыны төмен. Жастар техника, технологияға қызығады. Он адам болса, соның үшеуі жазылар. «Таңшолпан», «Жыл он екі ай» журналдарын окығанды жақсы көремін. Барлық оқырманға қажет газет-журнал бала кезден қартайғанға дейінгі кезеңнің бәрін қамтитын болуы керек.

Нұрсұлтан КЕНЖЕҒАЛИЕВ, ГКС-12 орта мектебінің 8-сынып оқушысы (Қауылжыр ауылы, Шалқар ауданы, Ақтөбе облысы): Басылымға жазылу ауылдық жердің өзінде өте аз. Мен газет-журнал оқығанды ұнатамын. Мысалы, менің ең сүйіктілерім «Ақтөбе» газеті, «Жұлдыздар отбасы»  газет –журналдарын оқып тұрамын. Достарымнан кімнін не оқитынын білмейді екем.

Шынар ҚҰДАСОВА, ГКС-12 орта мектебінің 2-сынып оқушысы (Қауылжыр ауылы, Шалқар ауданы, Ақтөбе облысы): Мен «Айгөлекті» сүйіп оқимын. «Ақ желкенге» сабақ басталған соң жазыламын. Демалыста балаларға арналған журналдарды оқимын. Достарымның көбісі «Ұланға» жазылған.

Ақгүл САБЫРОВА, №3 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы (Қандағаш қаласы, Ақтөбе облысы): Біздің қала жастарының газет-журнал оқуға құштарлығы жоқ сияқты. Мен «Жалынды» оқимын. Және «Көшпенділер» кітабын оқып жүрмін. Үйдегі сіңілім «Балапан», «Айгөлекті» оқиды.

Нұршат БАҚЫТЖАНОВА, №4 мектептің 5-сынып оқушысы (Шалқар ауданы, Ақтөбе облысы): Мен «Айгөлек», «Жас Алаш», «Қазақстан әйелдері», «Ақтөбені» оқимын. Біз сыныпта оқыған кітаптарымызды ортаға салып, талқылаймыз. Кітап оқу – сүйікті ісім. «Абылай хан», «Алпамыс батыр», «Золушка», «Теремок», «Алладиннің шамы» деген кітаптарды оқып, ерекше әсер алдым.

Ернұр ЖАДЫРАСЫН, ГКС-12 орта мектебінің 5-сынып оқушысы (Қауылжыр ауылы, Шалқар ауданы, Ақтөбе облысы): Қолым жеткен  барлық кітапты оқи беремін. Бірақ газет-журналдарды сирек оқимын. Олардың ішінен «Балдырған», «Асыл сөз», «Айгөлек», «Жұлдыздар отбасы», «Алашты»  ерекше сүйіп оқимын. «Ұланмен» байланысымды жаңа оқу жылында жалғастырмақпын. Достарым «Ақ желкен», «Ұлан», «Балдырған» журналдарын оқиды.

Мейрамгүл ТӨЛЕУБАЙ, ГКС-12 орта мектебінің 10-сынып оқушысы  Қауылжыр ауылы, Шалқар ауданы, Ақтөбе облысы): Қазіргі балалардың газетке жазылуы сирек, өзім бiлетін балалардың ешбірінің үйінен балалар басылымдарын көрмедім. Негізі, қазіргі таңда жарық көріп жүрген басылымдарға жақсы баға беруге болады. Сондықтан көпшілік газет-журналдарды оқи беремін, кітаптарды да солай. Ал, «бәрі оқитын басылымдар көпшілікке ортақ мәселені жазатын болуы керек» деп ойлаймын.

Сауалнаманы жүргізгендер:

Хорлан Сейлхан,

«Ақ желкен» журналының жас тілшісі.

Қауылжыр ауылы,

Шалқар ауданы,

Ақтөбе облысы

Мейірман Қалдыбекұлы,

10-сынып оқушысы.

Ықыластемір ауылы,

Ордабасы ауданы,

Оңтүстік Қазақстан облысы

(“Ұлан”, №25. 19.06.2012)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз