Жас тілшілеріміз форумға келгенде тележүргізуші Бейсен Құранбек: «Екі қызым бар. Үлкені 13-те, кішісі 10 жаста. Баланы жақсы көрдім екен деп, үнемі оның жағдайын жасай бермеймін. Үлкен қызым жарысқа қатысып, орын алып келді. Сыныптастары: «Сенің орныңда болсам, папама айфон әпер деп айтар едім», – депті. Балаларыма қазір айфон алып бермеймін. Бағасы 10 мың теңгеден аспайтын телефондары бар. Бірақ, сабақ кезінде ешқашан қоспайды. Ұялы телефонның радиациясы балаларға өте зиян. Ғалымдар белсіздіктің 70 пайызы ұялы телефонның салдарынан болатынын айтып отыр. Неге мен ондай зиянды нәрсемен өз баламның денсаулығын құртуым керек?», – деді. Бейсен ағаның бұл әңгімесін жастар «біртүрлі» қабылдады. Көпшілігінің көзінде «не деген артта қалған адам» дегендей ой тұрды.  Балалар газетінде қызмет істегесін балалардың ортасында жиі боламыз. Бүгінгі балалардың мінез-құлқына, өмір сүру салтына байланысты біздер үшін де «біртүрлі» жағдайлар көп.

Ілгеріде мектеп оқушыларымен бірге «Жүздесу» деген бағдарламаға қатыстық. Бағдарлама қонағы ақын Темірхан Медетбек ағамыз болатын. Оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарын  қойып, ақынмен еркін сұхбаттасты. Түсірілім біткесін бір оқушы ақынның жанына келіп: «Темірхан аға, мен сіздің тақпақтарыңызды сүйіп оқимын» дегені. Өлең мен тақпақты ажырата білмейтінін өзі аңғарар емес. Ішіміз қылп ете қалсын. Темірхан аға шамданып қалар ма екен деп қорқып тұрғанбыз. Сөйтсек, еститін сұмдығымыз әлі алда екен…

– Аға, мен де кітабымды шығармақшы едім. Кітабымды шығарып беріңізші. Соған көмектесе аласыз ба?

– Балам, қай сыныпта оқисың?

– Биыл 10-сыныпта.

– Өлең жазасың ба?

– Иә.

– Алдымен өлеңдеріңді алып келе ғой, оқып шығайын. Жақсы болса, жолсапар жазып, газет-журналдарға ұсынайын. Кітап шығаруға саған әлі ертерек.

– Жоқ, мен газеттерге шығып жүрмін. Маған кітабымды шығару керек. Көмектесе аласыз ба, жоқ па? Нақты айтыңызшы… – Оқушы бала осылай өжектеп қоймайды. Қарап тұрып біз ұялдық. Бірдеңе десе түсінбейтініне көзі жетті ме, Темірхан аға үндемей тұрған.

– Аға, нөміріңізді айтыңызшы. Жазып алайын… – Оқушының ыңғайсыздау әңгімесіне араласуымызға тура келді: – Балақай, Темірхан ағаның уақытын алмайық… Кәне, студияны босатамыз…

– Біріншіден, мен балақай емеспін!..

– Студияны босатамыз…

– «Балақай» деп, жерге ұрдыңыз ғой тегі. – Оқушы осылай бұрқылдап бара жатты… Үлкен ақынның алдында әдепсіздік жасадым деген ой миына кіріп-шығар емес.

***

Жазушы Дулат Исабеков ағамызбен Алматыдағы мектептердің біріне кездесуге бардық. Кездесу аяқталған соң оқушылар жазушыдан қолтаңба сұрады. Анель, Алина, Даяна, Марлен, Дияр, Диас… Оқушылардың көпшілігінің есімі  осындай «заманауи» есімдер екен. «Ойпыр-ай, қазақ мектебіне келген сияқты едім ғой» деп қойып, жазушы қолтаңба беріп жатыр.

Тағы бір оқушы қойын дәптерін ұсынды.

– Атың кім, қызым?!

– Ванесса!  – Екінші буындағы «е»-ні ерекше созып тұрып, оқушы қыз есімін мақтаныңқырап айтты. Есімі өзіне ұнайтыны білінеді. Бәріміздің аузымыз ашылып қалсын. Үнсіздіктен Дулат ағамыздың өзі құтқарды. «Ванесса-а… Онда сені есімі «в» әрпінен басталатын тұңғыш қазақ дейміз бе?!»

Оқушы қыз үндемеді…

***

М.Әуезов атындағы драма театрда «Таңсұлу» драмасы жүріп жатыр. Намыс – өлімнен күшті. Таңсұлу жау қолына түссе де, ұлын өлімнен аман алып қалды. Қазақтың ән-жырын құлағына құйып, ұлын батыр қылып өсірді. Сахнада әйелдік, аналық ар туралы қойылым жүріп жатыр. Бізбен бірге бір қатарда кілең оқушылар отыр.  «Ау, айналайындар, сезім деген елпең ете қалу емес» дегенді ұғындыратын қойылымды қыбырламай отырып тамашалар деп ойлағанбыз.  Қателесіппіз… Оқушылар театрда емес, ватсапта отыр.  Телефондарын қазір көргендей, тіпті. Одан қалса, жырқ-жырқ күлкі. Алдыңғы қатарда отырған бір апайдың: «Балалар, тыныш отырсаңдаршы. Театрға телефонды өшіріп кіру керек. Сахнада күлетін емес, қаралы оқиға жүріп жатыр ғой» дегеніне де құлақ аспады. Театрға адам рухани демалу үшін барушы еді. Кейбір оқушылар үшін олай емес екен…

Қарлыға ИБРАГИМОВА

(«Ұлан», №16. 22.04.2014)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз