b8fdfcd3-c909-4e34-843c-d180c46f51a9_tv_w640_r1

Қазақ киносына əлем жұртшылығының назары ауа бастады. Киногерлеріміз халықаралық беделді фестивальдерден жүлделі оралып жатыр. Жақында ғана Елзат Ескендірдің «Өліара» атты қысқаметражды фильмі халықаралық Пусан кинофестивалінде топ жарып, бас жүлдені иемденіп қайтты. Біз қазіргі қазақ киносының тынысын білу мақсатында Елзат Ескендірді сұхбатқа шақырдық.

Музыкасыз кино бола ма?

– Фильмнің түсірілімі қай кезде болды?

– Екі жыл бұрын, яғни 2014 жылдың қоңыр күзінде түсірілді. Қысқаметражды фильм болса да сценарийі жеті айдай жазылды. Өміржан Əбдіхалық екеуміз бірге жаздық. Тура сол кезде қаржы жағы да оңай шешіліп кетті. Бірден кірістік те, бір ай бойына дайындық кезеңін жүргіздік. Фильмнің табиғатына күздің қамырықты атмосферасы керек болды. Сөйтіп, қыркүйектің аяғы мен қазанның басында он күннің ішінде түсірілім жұмысын толық аяқтадық. Монтажын екі айда бітірдік. Сценарий жазу жеті айға созылған себебі, əрбір мизансценаны, əрбір кадрды түгел қағазға түсіріп отырдым. Объективпен қай ракурстан келу, қай нүктеден қай нүктеге дейін қозғалу, бəрін санамда əбден пісірдім. Сондықтан болар, түсірілімді он күннің ішінде аяқтап үлгергеніміз. Оператордың, дыбыс режиссерінің жұмысын өте мұқият қадағалап отырдым. Көптеген режиссерлер дыбыс жағына, оның драматургиядағы рөліне аса мəн бермей жатады. Ал, мен бұл жағына мұқият қарадым. Монтаж кезінде көп қиналмағаным да соның арқасы. Ал, музыка жағынан біраз қиналдық. Фильмнің мінезін аша алатын музыка табу, анығы, композитор табу қиынға соқты. Біз бір талантты жас музыкантпен келіскен болатынбыз. Ол бір ай бойына музыкасын өңдеп əкеліп тұрды. Бірақ, көңілге қонбай қойды. Себебі, маған адамның терең рухани болмысына үңілетін діни əуезі бар музыка керек болды. Əрі, дала күйі де сезіліп тұруы да тиіс-тұғын. Нəтижеде, ол мен қалаған музыканы тудыра алмады. Бұлай болуына, біріншіден, оның жанына діни күйдің алыс екендігі, екіншіден, дала баласы емес, қала баласы болғандығы əсер етті-ау деп ойлаймын. Содан кейін, амал жоқ, онымен жұмысты тоқтаттық та, Қуат Шілдебаевқа ұсыныс жасадық. Қуат аға үш күнде алғашқы нұсқасын көрсетті. Бірден көкейіме қона кетті. Менің іздегенім осы еді. Тағы екі-үш күнде толық өңдеп əкелді. Болды, нағыз керегі сол. Бір ай таппаған музыкамызды Қуат Шілдебаев бір аптада дайын қылды.

56CF45ED-C078-4DEE-A24E-C2A1F2153CC7_w987_r1_s

– Фильмге музыканың қажеті қанша деген пікір бар киногерлердің арасында…

– Мұндай көзқарастың бар екені рас. Бұл фильмнің табиғатына байланысты. Кинематографтар киноны əртүрлі жанрларға бөліп жатады. Өз басым мынадай көзқарастағы киногерлермен пікірлеспін: 1. Авторлық-интеллектуалдық фильмдер; 2. Ойын-сауық фильмдері; 3. Идеологиялық фильмдер. Кино осы үш жанрда түсіріледі. Авторлық-интеллектуалдық фильмді музыканы пайдаланбай түсірсең болады, ондай режиссерлер баршылық. Дегенмен, музыканы түбегейлі пайдалануға болмайды дегенге келіспеймін. Егер музыкасыз түсіре алсаңыз, ол ғажап. Белгілі дəрежеде шеберлікке жете алғаныңыз. Жасаған туындыңыздың болмысына үйлесімді болса, музыка қажет деп тапсаңыз пайдалана беріңіз. Француз киносы жаңа толқынының өкілі Эрик Ромер фильмдерін музыкасыз түсірген. Звягинцев бір сұхбатында: «Эрик Ромер секілді музыкасыз фильмдер түсіргім келеді. Бірақ, ол деңгейге əлі жете қойғам жоқ», – дейді. Одан Звягинцевтің фильмдерінің көркемдігі төмендеген жоқ. Əрине, музыкасыз да кино түсіруге болады. Ол жағы режиссердің талғамына, тəжірибесіне, шеберлігіне байланысты.

Өнердің мақсаты – ұятты түрту

 – Идея авторы өзіңіз. Не мазалады сізді, не айтқыңыз келді көрерменге?

– Фильмді көрген кісілер түсінді ғой деп ойлаймын. Көрермендердің арасындағы белгілі бір аудиторияға бұл фильмнің нені меңзейтіні жұмбақ емес екеніне сенемін. Маңыздысы, мен көрермендермен тілдесе алдым ба? Біреу түсінді, біреу түсінбеді. Түсінгендердің өзі өз санасымен өздерінше ой түйді. Драматургиясын əдейі осылай жасағанбыз. Соңғы шешімді көрерменге қалдырдық. Мен ешкімнің талғамына жауап бере алмаймын. Егер өнердің қандай да бір қуаты болатын болса, онда өнердің бір ғана мақсаты бар. Ол – ұятты түрту. Мызғып бара жатқан арды ояту. Ұятты ояту арқылы ойға əсер ету. Абайдың «Жүректе қайрат болмаса, ұйықтаған ойды кім түртпек» дейтіні бар еді ғой. Ситуациямен танысқан көрерменнің өзді-өзіне сұрақ қойғыза алсам, менің мақсатым орындалды. Автор өз туындысына түсінік беруге міндетті емес. Айтқым келгеннің бəрі фильмде.

– Фестивальге қатыстырылған фильмдермен таныса алдыңыз ба?

– Өзім қатысқан қысқаметражды фильмдер номинациясына ұсынылған дүниелердің барлығымен мұқият танысып шықтым. Бəрінің дерлік көтерген жүгі ауыр, салмақты фильмдер. Индонезиялық режиссер Kamila Andini «Memory» («Естелік») деген фильм ұсынған, сол ерекше əсер сыйлады. Мұнда Индонезиядағы азамат соғысы жылдарында қарсы жақтың əскерлерінен зорлық-зомбылық көрген əйелдің естелігі, қартайса да сол зорлықты ұмыта алмауы баяндалады. Жүрегінде жара қалған əйелдің тағдырына құрылған фильм – өзінің режиссерлік көзқарасы, уақиғаға келуі,  баяндау стилі, айтар ойы тұрғысынан тəнті етті. Сонымен қатар, бұл фильмнен бүгінгі таңда əлемге танымал тайландтық режиссер Апичатпонг Вирасетакулдың əсерін, қолтаңбасын байқадым. Əке-шешесі қайтыс боп жетім қалғандықтан көршілерімен шалғай провинцияда тұратын он төрт-он бес жасар баланың ішкі жан-дүниесін суреттейтін қытайлық режиссер Li Yujian-ның «Pain in silens» («Тыныштықтағы жан жарасы»)  фильмі де өзіндік баяндау тəсілдерімен көкейде қалды. Филиппиннен, Индиядан келген режиссерлердің де ізденістері көп екен. Қазақстанның атынан менімен қатар Əзіз Жанбакиев қатысты. Əзіз 2013 жылы Эмир Байғазиннің «Үндестік сабақтары» фильмімен Берлин фестивалінде «Ең үздік оператор» номинациясы бойынша «Күміс аю» сыйлығын жеңіп алған болатын. Биылғы Пусан фестиваліне режиссер ретіндегі дебюттік «Түнгі көбелек» қысқаметражды фильмін алып барыпты. Фильм жоғарғы деңгейде түсірілген. Техникалық тұрғыдан фестиваль барысындағы ең сапалы туындылардың бірі болды.

bUhOoNr6LQc

Толықметражды фильмдермен де таныстым. Биылғы толықметражды фильмдердің жүлдесі қытайлық режиссерлердің қанжығасында кетті. Қытай режиссерлерінің «Донор», «Су астындағы пышақ» секілді көркем фильмдері расымен де тиісті бағасын алғанына келісемін. Бұйырған шығар, қазылар қысқаметражды фильмдер жүлдесіне «Өліараны» лайық деп тауыпты.

Жаңа толқынды неге түсінбедік?

– Кино саласында енді қандай жаңалық күтеміз сізден?

– Бас-аяғы толық төрт жоба дайын тұр. Қазір тағы бір сценарий жазып жатырмын. Дайын тұрған сценарийлердің бірімен белгілі бір продюсермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Егер келісіп жатсақ, жуық уақытта бұл жобаға да кірісіп кетуге əзірмін. Сол төрт сценарийдің бірі «Əбіл» деп аталады. Əбіл, аты айтып тұрғандай Əбіл мен Қабыл сюжетінің желісімен жазылған. Ұлттық əрі адамзаттық тақырып. Сондықтан, «Қазақфильм» тарапынан қолдау табуы тиіс деп ойлаймын. Бұл сценарийді өткен жылы «Қазақфильм» редакциялық алқасы талқылап, бірауыздан қабылдап, өздеріне сатып алған. Осы жылдың жоспарына да енгізген еді. Бірақ, неге екені белгісіз, əзірге одан əрі жылжымай тұрған жайы бар. Дей тұрғанмен, үмітім зор. «Қазақфильм» шынымен де ұлттық киноны қолдаса, ұлттық киноны жасайтын жастарды қолдаса, солардың бірі менмін, ендеше, мені қолдауы керек деген ойдамын.  Ал, қалған сценарийлерді де түрлі продюсерлерге ұсынып жатырмын. Тынбай əрекеттеніп жатқанымыз  – бір есік қолдамаса, бір есік қолдайды деген сенім. Өз басым моральдық, рухани, психологиялық тұрғыдан қазір түсірілімді бастап кетуге дайынмын. Пусан фестиваліне биыл қатысқанмен  «Өліара» екі жыл бұрын түсірілген. Одан бері  тынбай жұмыс жасадым, іздендім. Бір айта кететіні, «Өліара» маған көп нəрсе үйретті. Сценарий жазудан бастап, түсірілім, оны жарыққа шығару, фестивальге қатыстыруға дейін ұңғыл-шұңғылымен қоса өз тəжірибемнен өткіздім. Алдағы жобаларға əлдеқайда тың серпінмен кірісетініме сенімім мол.

– Кинематография маманы ретінде айтыңызшы, тоқсаныншы жылдарда келген «жаңа толқын» қазақ киносына не берді? Кейінгі сіздердің буын қай бағытта ізденіп жатыр?

– О баста Абдолла Қарсақбаев, Шəкен Аймановтар кеңестік идеологияның қыспағында отырса да қазақтың болмысын, бет-бейнесін экранға таспалап, мейлінше, əлемге таныстыруға ұмтылды. Одан кейін Тəуелсіздікпен бірге келген жаңа толқын: Дəрежан Өмірбаев, Серік Апрымов, Əмір Қарақұлов, Рашид Нұғманов сынды режиссерлер аты айтып тұрғандай қазақ киносына жаңа леппен, жаңа көзқараспен араласа бастады. Бұлар шығармаларында өздері өмір сүріп жатқан қоғамды, ауыспалы кезеңдегі қайшылықтарды, тоқсаныншы жылдардағы адамдардың жандүниесін, арман-мұратын, таным-түйсігін, мұңы мен қайғысын еш боямасыз көрсетуге тырысты əрі бұл қолдарынан келді де. Дəрежанның «Қайрат», «Кардиограмма», «Киллер» сынды туындыларын қараңыз. Мəселен, «Киллерде» тоқсаныншы жылдардың деректі бейнесі тұр. Жұмысындағы берекесіздік, босанғалы жүрген жас əйелінің жай-күйі, төңірегіндегі адамдардың қатыгездігі кейіпкерді киллер болуға итермелейді. Тоқсаныншы жылдардың шынайы келбеті бар мұнда. Əмір Қарақұловтың «Разлучница» фильмін алыңыз, өзінің замандастарының боямасыз өмірі. Серік Апрымовтың «Ақсуат», «Қиян» фильмдері сол кездегі ауыл тіршілігін қандай шынайы бейнеледі. Италиядағы неореализм, Франциядағы «жаңа толқын» неден пайда болды? Олар өздерінің айналасынан шынайы өмірді көргісі келді жəне өздері таныған шындықты көрсеткісі келді. Италиялық неореалистер Роберто Росселлини, Федерико Феллини, Витторио де Сика, Микеланджело Антонионилар өз заманының фильмдерінен соғыстан кейінгі өз өмірлерін көре алмады. Керісінше, голливудтық стильдегі шытырман уақиғалы кинолардың адам тағдырынан, қоғам шындығынан алыс екенін көрді. Сөйтті де, кинематографияда өз көзқарастарымен өз бағыттарын қалыптастырды.

UU7G8ZLlQio

Біздегі жаңа толқын да дəл солай дүниеге келді. Олар да өздері көріп отырған өмірді суреттеді. Өмірдің шын келбеті, адам жанының қатпарлары қашанда маңызды. Біздің қоғам жаңа толқынды бірден қабылдай алмады. Оларға қатысты əртүрлі пікірлер туды. Біреулер оң бағасын берсе, енді біреулер: «Қазақты неге осынша бейшара, жұпыны қылып көрсетеді?» – деп дабыра қылды. Себебі, ол көрермендер басқа кино көріп үйреніп қалған еді. Өздері күнделікті көріп жүрген шын өмірді кинодан көріп еді, кірпідей жиырылып қалды, қабылдай алмады. Ал, ол кезде бұл фильмдер əлемдік деңгейдегі фестивальдерге қатысып жатты, əлем сыншыларынан жақсы бағалар алып жатты. Біздікілер комплекс ұстап қалды. Бұл – кеңестік жүйеден қалған комплекс. «Біз соғыста жеңдік. Біз бірінші ғарышқа ұштық. Бізде кемшілік жоқ» деген сынды кембағал комплекс жаңа толқындықтар келгенде əлі тірі болатын. Біз əңгімелеп отырған авторлар бұның бəрі өтірік екенін түсінді, жалған мақтаныштан шаршады. Сосын өз көзқарастарын киноға алып келгісі келді. Комплекстік санаға əбден қатып қалған көрермен бұл шындықты көре алмады.

Əділхан Ержановтың, Эмир Байғазиннің қазіргі қоғамдағы санқилы ситуацияларды баяндайтын фильмдеріне өре тұрып қарсы болатын адамдар жетерлік. «Неге олар сыйлық алады?!» – дейді. Олар сыйлық алу үшін емес, өз қоғамын өзіне көрсету үшін киноға келген адамдар. Тіпті, менің осы қысқаметражды фильмімнің көрсетілімінде: «Қазақты неге жұпыны көрсетесіз?» – деген сұрақ болды. Менің мақсатым қазақты жұпыны, кембағал көрсету емес. Əлемдегі ешбір елдің «қазақ жұпыны халық екен» дейтіндей халі жоқ. Тінту керек болса, кез келген дамыған мемлекеттің кембағалдықта ғұмыр кешіп жатқан бөлігі бар. Менің картинамдағы кейіпкер  – қойшы. Қойшының тіршілігі қанша жерден боямаласаңыз да, қарабайыр, бірқалыпты фонда өтеді. Оның аты – тіршілік!..

Жаңалықты жастардан күту керек

– Қазіргі киногерлердің ізденістері жайлы айтып берсеңіз…

– Қазақ киносында қазір түрлі-түрлі бағытта жұмыс  жүріп жатыр. Əділхан Ержанов, Эмир Байғазиндер қоғам келбетін шынайы суреттейтін, адамның ішкі сезімдерін, психологиялық шиеленістерін шын кейіптейтін ракурстан келсе, Асқар Бисембин, Асқар Ұзабаевтар ойын-сауықтық фильмдер түсірумен айналысып жүр. Рүстем Əбдіраш, Ақан Сатаевтар тарихи жобалармен жұмыс жасауда. Сіз қайсысының көрерменісіз, өз еркіңізде. Көрермен көпшілік деген ғой. Ал, көпшіліктің талғамы əрқалай. Сондықтан, түрлі жанрдағы фильмдер болуы заңдылық. Біреуге мақтаныш тудыратын, енді біреуге көңіл көтеретін, тағы біреуге ойландыратын фильмдер ұнайды. Өз басым ойландыратын, өз өзіңе сұрақ қойғызатын фильмдердің көрерменімін. Түсіргім келетіні де сондай фильмдер. Микеланджело Антонионидің 1960 жылы түсірілген «Приключение» деген, Канн фестивалінде арнайы сыйлық алған фильмі бар. Андрей Звягинцев тоқсаныншы жылы Петербургта жүргенде кино музейінен сол фильмді тауып алып көреді. Кейін бір сұхбатында: «Сол фильмді көргенде жандүниемде қопарылыс болды. Осылай да кино түсіруге болады екен ғой. Бұл неткен ғажап деген ой туды санамда. Бүгінгі таңда мұндай фильмдер аз.

Сондықтан, мен бүгін осындай кинолар түсіріп жүрмін», – дейді күле қалжыңдап. Біз əлем киносымен қатар, тоқсаныншы жылдардағы жаңа толқынның фильмдерін мұқият көрдік. Тапқан, сіңірген дүниелеріміз қаншама. Мойындауымыз керек, жаңа толқын қазақ киносын үлкен деңгейге көтерді. Кейінгі буын соны ары қарай жалғастырып, дамытуға мүдделіміз. Пусанда жүргенде шет елдерден келген режиссерлерден қазақтан кімді танитындарын сұрадым. Олар Дəрежанды, Апрымовты, Эмир Байғазинді айтты. Осы авторлар расында да, кино арқылы қазақтың жанын əлемге танытты, танытып жүр. Жаңа толқыннан соң 2000 жылдан бастап оншақты жыл тыныштық орнап қалды. Дегенмен, түсіріліп жатты. Ұлттық аудитория дедік те, «Мұстафа Шоқай», «Құрақ көрпе» сынды бірнеше дүние жасадық. Бұлар кішігірім фестивальдерге барып қайтты. Бірақ, əлемдік деңгейде таныла алмады. Үлкен деңгейдегі фестивальге жарып шыққан 2013 жылғы Эмирдің дебюттік фильмі «Үйлесімділік сабақтары» болды. Канн фестиваліне конкурстан тыс бағдарламада Əділхан Ержановтың «Қожайындар» фильмі барып қайтты. Былтыр Пусанға Ерлан Нұрмұхамедов толықметражды «Жаңғақ тал» фильмін алып барып New Currents  («Жаңа ағым») номинациясы бойынша бас жүлдені иеленді. Қазақ киносына кəсіби деңгейде ойлай алатын сауатты жастар келіп жатыр. Енді осы жастарға мүмкіндік беру керек. Ермек Аманшаев «Қазақфильмнің» президенті болып тұрған кезде жас кинематографистерге біршама жақсы қолдау көрсетілген еді. Əділхандар, Эмирлер, Жасұлан Пошановтар сол кезде шықты. Қазір «Қазақфильмнен» өндіріске жіберіліп жатқан жаңа есімдер жоқ. Тағы да қайталап айтам, қазақ киносы дамысын десек, жастарды, жас таланттарды, жаңа есімдерді қолдау керек. Себебі, қазақ киносының болашағы солар. Күзде қамбаға барам десең, көктемде егін сал. Қалыптасып қалғандарға ғана емес, жастарға да көңіл бөлінсін.

– Кино мен əдебиетті байланыстыратындарға не айтасыз?

– Дəл осыдан шатасуға болмайды. Кино мен əдебиет мүлде басқа əлем. Мен үшін кино не десеңіз, Альфред Хичкоктың сөзімен жауап берейін: «Кино дегеніңіз мен үшін монтаждалған өмір, өмір дегеніңіз – монтаждалмаған кино». Кино мен əдебиеттің жасалу жолдары да, табиғаты да екі бөлек. Кейде көркем шығармадағы психологиямен сіздің ойыңыздың ұштасып қалатын кезі болады. Бірақ, киногер ретінде не айтқыңыз келетінін білуге тиіссіз. Мен де Оралхан Бөкейдің «Өліарасының» негізінде жасадым ғой өз жұмысымды. Байқап қараңыз, Оралханның «Өліарасы» бөлек, менің «Өліарам» бөлек. Көп режиссерлер əйгілі шығармаларды киноға алып келем деп драматургиялық тұрғыда қателіктерге жол беріп жатады. Көркем шығарманы киноға айналдырам деп түсірілген фильмдердің дені сəтсіз шыққан. Өйткені, екеуінің драматургиясы мүлде сəйкеспейді. Адамдар «мына шығарма дайын тұрған сценарий ғой» дейтінін көп естимін. Мен бұған түбегейлі қарсымын. Ешуақта да əдеби шығарма дайын тұрған сценарий емес. Кино сюжет деп ойламаңыз, кино – драматургия.

2xXiUtuyVpU

– Қай режиссерлерді үлгі тұтасыз?

– Осыған дейінгі кино мектептердің бəрінен үлгі алып келем. Микеланджело Антониони, Федерико Феллини, Андрей Тарковский, Робер Брессон,

Сатьяджит Рей, Витторио де Сиканың бірнеше шығармасы, одан кейінгі Трюффо, Годар, Əке-Алексей Герман, бергі Андрей Звягинцев, Нури Билге Джейлан, қытайлық Цзя Чжанкэ, австриялық Михаэль Ханеке, ирандық Асгар Фархади, бельгиялық ағайынды Дарденндер, ресейлік Алексей Германдардан сіңірген, үйренген əрі үйренер дүниелерім көп. Автор өзінен кейінгі өсіп келе жатқан жас таланттардың эстетикасына, көзқарасына əсер ететінін ұмытпауы лəзім. Бұл үлкен жауапкершілік. Алда əлі талай үлкен үзденіс жолы, ізденісті тəжірибеге ұластыратын шыңдалу шыңы тұр. Тек, талмау керек!

– Əңгімеңізге рахмет…

 P.S. Елзаттың кейбір журналистерге айтар базынасы бар екен: «Кез келген саланың маманымен сөйлеспес бұрын, сол салаға қатысты жүйелі білігі болуы керек қой. Режиссермен сұхбаттаса ма, демек, оның

фильмдері қай бағытта, қай мектептің элементтерін бойына сіңірген, ол айтып отырған фильмдердің ерекшелігі неде екенін там-тұмдап болса да білмеу əбестік.

 

Үсен ТОРТАЙ

«Ақ желкен» журналы, №11

(қараша, 2016)

 

Кино саласына қадам басу үшін әлемдік кинематографиядағы мектептер мен әртүрлі бағыттағы режиссерлерден кімдерді білу қажет? Төменде Елзат Ескендір жасаған тізімді назарға ұсынып отырмыз.

 

 

Фильмдер тізімі:

 

Андрей Тарковский «Андрей Рублев», «Ностальгия», «Зеркало»,

«Сталкер», «Солярист», «Жертвоприношение»

Микеланджело Антониони «Приключение», «Ночь», «Затмение», «Blowup» («Фотоувеличение»)

Федерико Феллини «Сладкая жизнь», «Восьем с половиной»

Робер Брессон «Приговоренный к смерти бежал», «Дневник сельского священника», «Наудачу, Бальтазар», «Процесс Жанны Д`Арк», «Мушетт», «Карманник», «Деньги», «Четыре ночи мечтателя», «Возможно, дьявол»

Витторие Де Сика «Похитители велосипедов», «Умберто Д»

Сатьяджит Рей «Песнь дороги», «Непокоренный», «Мир Апу»

Ясудзиро Одзу «Ранняя весна», «Токийский повесть»

Акира Куросава «Семь самураев», «Расёмон», «Телохранитель», «Трон в крови», «Красная борода», «Ран»

Михаил Калатозов «Летят журавли», «Я – Куба»

Луис Бунюэль «Дневная красавица», «Скромное обаяние буржуазии»

Ингмар Бергман «Персона», «Молчание»

Эрик Ромер «Моя ночь у Мод»

Жан Виго «Аталанта»

Эрмано Ольми «Дерево для башмаков», «Вакантное место»

Орсон Уэллс «Процесс»

Пьер Паоло Пазоллини «Мама Рома», «Аккатоне»

Питер Богданович «Бумажный солдат», «Последний киносеанс»

Жан-Люк Годар «На последнем дыхании»

Франсуа Трюффо «400 ударов», «Стреляйте пианиста»

Стенли Кубрик «Барри Линдон», «Одиссея ХХI века», «Тропы славы»

Альфред Хичкок  «Головокружение»

Фридрих В. Мурнау «Восход солнца»

Годфри Реджио «Коянискацци»

Алексей Герман (әкесі) «Седьмой спутник», «Проверка на дорогах», «20 дней без войны», «Мой друг Иван Лапшин», «Хрусталев, машину!», «Трудно быть богом»

Алексей Герман (баласы) «Последний поезд», «Гарпастум», «Бумажный солдат», «Ким» (қысқаметражды), «Из Токио» (қысқаметражды), «Под электрическими облаками»

Андрей Звягинцев «Возвращение», «Изгнание», «Апокриф» (қысқаметражды), «Тайны» (қысқаметражды), «Елена», «Левиафан»

Никита Михалков «Урга: территория любви», «Утомленный солнцем-1», «12»

Сергей Лозница «Счастье мое», «В тумане»

Братья Дарденн «Обещание», «Сын», «Дитя», «Розетта», «Молчание Лорны», «Мальчик с велосипедом», «Неизвестная»

Теренс Малик «Древо жизни», «Новый Свет», «Дни жатвы», «Тонкая красная линия»

Жак Одиар «Пророк», «Дипан»

Бруно Дюмон «Жизнь Иисуса», «Человечность», «Фландрия», «29 пальм», «Вне Сатаны»

Отар Иоселиани «Листопад», «Жил певчий дрозд», «Пастораль», «Утро понедельника»

Абдолла Қарсақбаев «Қилы заман», «Даладағы қуғын»

Шәкен Айманов «Атамекен», «Атаманның ақыры»

Мәжит Бегалин «Тұлпардың ізі»

Сұлтан Қожықов «Қыз-Жібек»

Дарежан Өмірбаев «Шілде» (қысқаметражды), «Қайрат», «Кардиограмма», «Киллер»

Сатыбалды Нарымбетов «Көзімнің қарасы», «Қыз жылаған»

Ардақ Әмірқұлов «Отырардың күйреуі», «Абай»

Серік Апрымов «Ақсуат», «Соңғы аялдама»

Әмір Қарақұлов «Разлучница»

Рүстем Әбдірашев «Қаладан келген қыз», «Құрақ көрпе»

Ермек Тұрсынов «Келін»

Эмир Байғазин «Уроки гармонии»

Әділхан Ержанов «Хозяева»

Джим Джармуш «Вне закона», «Страннее, чем рай», «Мистический поезд»

Вим Вендерс «Париж-Техас»,  «Алиса в городах», «Небо над Берлином» (1-2)

Ларс фон Триер «Рассекая волны», «Танцующая в комнате»,  «Мандерлей», «Догвилль», «Меланхолия»

Михаэль Ханеке «Пианистка», «Белая лента», «Любовь»

Чжан Имоу «Красный гаолян», «Подними красный фонарь», «Цзюй Доу», «Цю Цзю идет в суд», «Шанхайская триада», «Ни на одного меньше», «Герой», «Дом летающих кинжалов»

Вонг Кар-Вай «Дикие дни», «Чунгинкский экспресс», «Прах времен», «Падшие ангелы», «Счастливы вместе»,  «Любовное настроение», «2046», «Мой чернишные ночи», «Великие мастера»

Энг Ли «Крадущийся тигр, затаившийся дракон», «Вожделение»

Цзя Чжанке «Платформа», «Неизведанные радости», «Мир», «Натюрморт», «Прикосновение греха»

Ван Сяошуай «Бродяги», «Пекинский велосипед», «Шанхайские мечты», «Вера в любовь»

Ван Цюйанань «Свадьба Туи»

Ли Юй «Потерянное в Пекине»

Чуан Лу «Кекексили: горный патруль», «Город жизни и смерти»

Ким Ки Дук «Остров», «Натянутая тетива», «Пустой дом», «Время», «Весна, лето, осень, зима… и снова весна»

Цай Мин Лян «Да здравствует любовь», «Дыра», «Река», «А у вас который час?», «Бродячие псы»

Апичатпонг Вирасетакул «Дядушка Бунми, который помнит свои прошлые жизни», «Кладбише блеска»

Такеши Китано «Сонатина», «Затойчи», «Куклы», «Фейерверк», «Брат якудзы», «Беспредел», «Полный беспредел»

Эмир Курстурица «Время цыган», «Папа в командировке», «Андерграунд», «Черная кошка, белый кот», «Аризонская мечта», «Жизнь как чудо», «Завет»

Кристиан Мунджиу «4 месяца, 3 недели, 2 дня», «За холмами», «Выпускной»

Кристи Пую «Смерть господина Лазареску»,

Нури Бильге Джейлан «Отчуждение», «Времена года», «Три обезьяны» «Однажды в Анатолии», «Зимняя спячка»

Семих Капланоглу «Молоко», «Яйца», «Мед»

Айда Бегич «Снег», «Дети Сараево»

Маджид Маджиди «Дети небес»

Аббас Киаростами «Вкус вишни»

Джафар Панахи «Багровые золото», «Такси»

Асгар Фархади «Фейерверки по средам», «История Элли», «Развод Надера и Семин», «Секреты прошлого», «Коммивояжер»

Бахман Гобади «Полумесяц»

Махамат-Салех Харун «Человек, который кричит», «Григри»

Вимикту Яясундари «Потерянное земля»

Мартин Скорсезе «Таксист»,  «Бешенный Бык», «Славные парни», «Казино», «Авиатор», «Отступники», «Остров проклятых», «Волк с Уолл-Стрит»

Стивен Спилберг «Список Шиндлера», «Спасти рядового Райана», «Мюнхен»

Ридли Скот «Гангстер», «Гладиатор», «Царство небесное»

Вуди Аллен  “Манхэттен”, “Энни Холл”, «Жасмин», «Полночь в Париже»

Алехандро Иньярриту Гонсалес «Сука любовь», «21 грамм», «Вавилон», «Бьютифул», «Бердмэн»

Мишель Франко «После Люси»

Жозе Падильи «Элитный отряд» (1,2)

Бела Тарр «Проклятие», “Сатантанго» «Гармонии Веркмейстера», «Человек из Лондона», «Туринский лошадь»

Бернардо Бертолуччи «Последнее танго в Париже», «Дватцатый век», «Последний император»

Валерио Дзурлини “Пустыня Тартари”

Хероси Тесигахара «Женщина в песках»

Луи Маль «Любовники»

Жак Риветт «Прекрасная спорщица»

Сэм Мендес «Красота по-американски»

Братья Коэны «Фарго», «Старикам тут не место», «Внутри Льюина Дэвиса»

 Шмуэль Маоз «Ливан»

Иосиф Седар «Бофор»

Райнер Вернер Фассбиндер «Почему господина Р. охватило безумие»

Карлос Рейгадас «Безмолвный свет»

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз