«Көздеріңе ғашықпын», «Жұлдыз жарығы», «Алтайдың алтын тамыры», «Ұлыстың ұлы күні», «Ақ керуен», «Жаратылыс», «Жүректегі жарылыстар»,  «Заман-ай», «Киіз кітап», «Қара пима», «Ынтық зар», «Әбiлхаят» атты кiтаптары, Таңдамалы шығармаларының  2 томдығы, шығармалар жинағының 6 томдығы жарық көрген қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ұлықбек аталарың ақсақалдық 60 жасқа толды. Балалар, Ұлекеңнің өздеріңе де арналған туындылары мол. Ақын аталарыңды «Балдырғанның» мыңдаған оқырмандарының атынан мерейтойымен құттықтай отырып, бір топ өлеңдері мен жаңылтпаштарын  назарларыңа ұсынамыз.

АЛТАЙ

Сұраймын атамнан,

Сұраймын апамнан:

– Неліктен біздің жер

Кенді Алтай атанған?

– Өлке бұл ырысты:

Алтынды, күмісті,

Титан мен магний,

Қорғасын, мырышты.

Бұларды кен дейді,

Комбинат өңдейді.

Кенді Алтай оттары

Сондықтан сөнбейді.

БҮЛДІРГЕН

Тауда біздің еркелеп

Өскен екен бүлдірген.

Жылдағыдан ертерек

Піскен екен, кім білген.

Жауын жаусын, жел тұрып,

Келе бергім келеді.

Шелегімді толтырып

Тере бергім келеді.

Сұраса атам:

– Қарағым,

Бүлдіргенің қандай?– деп,

Аузына мен саламын:

– Тәттілігі балдай!– деп.

ЕЛІК

Қыстаудан жуықта

Көрдік біз елікті.

Қарны ашып суықта

Табынға келіпті.

Біз аяп тимедік,

Елікке аш-арық.

Жем беріп,

Су беріп,

Қамқорлық жасадық.

ҰШҚЫШ АҒАЛАР

Біз баратын қала көп,

Біз баратын дала көп.

Жеткізеді демде ұшақ,

Десем болды «ала кет».

Мәскеуге де ұшамыз,

Ташкенге де ұшамыз.

Туваға да ұшамыз,

Кубаға да ұшамыз.

Ұшақпенен балалар

Жердің жүзін аралар.

Құтты болсын мереке,

Батыр ұшқыш ағалар!

ТЫРНАЛАР

Жүр едім мен жылқы іздеп,

Қыр үстінде құраулап.

Көктен көрдім бір тізбек

Самғап ұшқан тыраулап.

Жүгірдім мен, тырналар

Жақын жерге қонар деп.

Қонып біздің қырға олар,

Жайылатын болар деп.

Қонбады олар бірақ та,

Ұшып кетті алыстап.

Ал мен болсам қыратта

Қала бердім дауыстап:

– Аспан ашық, дала кең,

Қош болыңдар, тырналар!

Мен сияқты баламен

Дос болыңдар, тырналар!

ЖАҢЫЛТПАШТАР

Гүлжанат қуыршаққа үйірсек,

Нұрғанат құлыншаққа үйірсек.

Гүлжанат Нұрғанатқа

Құлыншағыңды бер дейді,

Нұрғанат Гүлжанатқа

Құлыншағын бермейді.

* * *

Түрі – алабажақ,

Тілі – шалақазақ.

* * *

Ешкіден көсе шықса да, көсем шықпас.

* * *

Қайып Жайықта қайықпен жайын аулады.

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ

(«Балдырған», №4. 2014 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз