«Әрине, нейрохирургия – өте күрделі сала. Медицинаға алғаш барған сәтімнен ми саласына қатты қызықтым. Неврология пәнінен дәрістер ерекше ұнайтын», − дейді Ғалымжан.

Нейрохирургия гректің «жүйке» (neuron) және «хирургия» сөздерінен шыққан. Алғашқы нейрохирургиялық ота туралы Гиппократтың еңбектерінде де айтылған. Бірақ, арнайы ғылым ретінде өткен ғасырдың 20-жылдарынан дами бастады. Қазақстанда нейрохирургия 1959 жылдан арнайы оқытылып келеді. Ал Ғалымжан бұл саланы Қытайда оқып жатыр. Дәрігерлік біліктілігімен қазірдің өзінде-ақ қалың Қытайға танылып үлгерді.

Пекин метросында науқасты қалай аман алып қалды?

Өткенде Қытай баспасөзінен жағымды жаңалық оқыдық. 27 жастағы қазақ баласы Пекин метросында 84 жастағы науқасқа алғашқы көмек көрсетіп, аман алып қалды. Бұл жағдайға куә болғандардың тамсанысы мен ризашылығы бір-ақ сәтте интернетте тарап кетті.

− Күнде жұмысқа метромен барамын. Таңғы 7-де метроға түсіп бара жатып, бір қарт кісінің жерде құлап жатқанын көрдім. Қасында бір қыз жүргіншілерден жәрдем сұрап жатыр. Арқамдағы портфелімді тастай салып, мәселені сұрастырдым. Ол кісінің тынысы байқалмады, ессіз жатты. Содан дереу жүрек массажына кірістім. Сосын жасанды тыныс бердім. Осылай бірнеше мәрте қайталадым. Бір кезде күшім таусылды, бірақ мұндайда массаж бен тыныс беруді тоқтатуға болмайды. Адам миына бір минут ауа жетпей қалса, қиын жағдайға ұшырауы мүмкін. Сол үшін қасымдағы бейтаныс қыздан менің әрекеттерімді қайталап жасауын өтіндім. Сол арада жедел жәрдем де жетіп, ауруханаға алып кетті.

Кейін ол кісі алғысын жеткізу үшін жұмыс орныма іздеп келді. Қытайда 50 жылдан бері қалыптасқан әдемі дәстүр бар. Ол – емделушінің дәрігерге алғыс сезімін білдіру рәсімі. Арнайы кілемшеге пациент үлкен иероглифтермен алғысын жазып, оның кімнен кімге берілетінін көрсетеді. «Сізге алғысым шексіз» деп, қария сондай кілемшені табыстап кетті.

Кентаудағы мектептен Пекиндегі университетке…

− 1990 жылы Алматы қаласында дүниеге келдім. Кентау қаласындағы Қазақ-түрік лицейін бітірдім. Жоғары сыныптарда республикалық, халықаралық ғылыми жобаларға қатысып жүрдім. Сол шақта Еуропаны көріп, алғаш шетелге бардым. Ғылыми конференцияларға қатысушы жастарының біліміне қарап, Корея, Қытай немесе Жапонияға оқуға барсам деген арман пайда болды. Біз бітірерден бір жыл бұрын лицейімізде шетелдік гранттарға мүмкіндіктер пайда бола бастады. Қытайдан келіп оқыған бір шәкірт сондай гранттың біріне жол нұсқады. Содан Қытайға тапсырдым. Мұндай шетелдік гранттарға байқаулар жаңа басталған кезең еді, қазіргідей бәсекелестік жоқ. Ол грант бойынша Қытайға біздің елден 15 талапкер қабылдандық. Оқуға аттанар алдында Қытайда туып-өскен қазақтардан қытай тілінен екі апта сабақ алдым. Пекиндегі алғашқы жылы тіл оқыдық. Ар жағында әркімнің өзі қалаған мамандығын таңдауға мүмкіндігі болды. Бастысы, кейін оқудың ақшасын қайтаруды талап етпейді. Әкем Еуразия Ұлттық университетінде экономика пәнінен дәріс береді. Әкемнің ізімен мен де сол саланы оқиын деп шештім. Сөйтіп, біржылдық тілдік курстан соң, Қытайдың Ұлт университетіне экономика мамандығы бойынша тапсырдым. Бірақ, ол саланы жақын тұта алмадым. Математикалық қабілетім де зор емес. Содан үйдегілердің «дәрігер болсаң қайтеді» деген ақылын тыңдауды жөн көрдім. Қытайдағы медицинаны оқытатын ең үздік деген оқу орнын іздестірдім. Пекин университетіне барып, тағы бір жыл дайындық курсынан өттім. Химия, физика пәндерінен қытай тілінде емтихан тапсырдым. Ата-анамыз бізді жақсырақ біледі ғой, расымен медицина жаныма сондай жақын екенін көп ұзамай-ақ түсіндім. Биыл алтыжылдық медицинаны оқып, диплом алдым. Енді ары қарай осы жерде интернатура мен резидентура бойынша оқуымды жалғастырып жатырмын.

– Медицинаны қытайша оқу қалай екен?

− Қытай тілін үшінші жыл дегенде жетік түсіне бастадым. Екінші курс оқып жүргенде биохимия пәнінен ДНҚ, РНҚ тақырыптарын ә дегеннен түсіне алмай, 15 рет қайталап оқыған шығармын. Ал қазір қытайша еркін сөйлесіп, түсінетін деңгейге жеттім. Біздің елден Қытайда нейрохирургияны оқып, Шанхайда жұмыс істеп жүрген менен басқа бір қазақ қызы ғана бар. Батыс, Қытай медициналары бойынша да, білуімше, 20 шақты студент қана оқып жатыр. Қазақтар Қытайға көбіне экономиканы оқуға келеді.

– Нейрохирург болу үшін…

− Хирургке үш қасиет қажет. Біріншісі – ананың қолындай жұмсақ, икемді қол, екіншісі – арыстанның жүрегіндей жүрек, үшіншіден – үкінің көзіндей көз. Жалпы, хирург атаулы ең алдымен мықты терапевт болуы тиіс. Шетелде бір нейрохирургті дайындауға 10-13 жыл уақыт кетеді. Мен жеті жыл оқыдым, әлі үш жыл оқимын. Ар жағында тағы екі жыл оқуым мүмкін. Сосын оқуды толық тәмамдаған соң, елге ораламын. Қазір қызмет жасап жүрген ауруханаға жетекші ұстазым қабылдаған. Негізінен резиден-турада оқимын. Қазақстандағы дәрігерлер шамамен аптасына 3-4 рет ота жасаса, Қытайда күніне 4-5 ота жасайсың. Адам санының көптігі осындай тәжірибенің артуына да сеп болады. Бұл елде бәсекелестік жоғары. Үлкен орталықтарда оңайлықпен дәрігер бола алмайсың. Ал менің мұндағы өзге әріптестерімнен бір ерекшелігім – олар білмейтін тілдерді білетіндігім.

Бұл жақтағы дәрігерлік шешімнің бір айырмашылығы – ауыр науқастардың өзіне диагнозын ашып айтпау. Сырқаттың жағдайы туралы тек жақын туыстарына ескертіледі. Әсіресе, ауыр дертке шалдыққан ересек кісілер санаулы ай ғана өмірі қалғанын біле бермейді.

– Нейрохирургтердің көмегіне кімдер жүгінеді?

− Біріншіден травматологиялық жағдайларда, екіншіден мидағы түрлі ісіктер жағдайында, үшіншіден жүйке жүйесіндегі жұқпалы инфекцияларда, төртіншіден қарт кісілерде болатын неврологиялық сырқаулар болғанда, бесіншіден 20 жылдай бұрын пайда болған функционалдық нейрохирургия саласына кіретін дерт түрлеріне шалдыққанда.

– Нейрохирургтердің «қолына» түспес үшін…

− Қандағы жоғары холестерин, қанттың жоғары көрсеткіші, артық май мөлшері инсульт дертіне шалдықтырады. Адам бір рет инсультке шалдықса, екінші рет шалдығуы да әбден мүмкін. Оның алдын алудың ең басты жолы – дұрыс тамақтану және спортпен шұғылдану. Өзім де күнұзақ кеңседен шықпаймын, сол үшін аптасына бір рет ұзақ қашықтыққа жүгіріп, футбол ойнап, дене қыздыруға тырысам. Дене қимылынан бөлек, мидың дерттеріне шалдықпаудың бір тиімді жолы – миды үнемі жұмыс істету. Оның жолы көп қой. Қарапайым сканворд шешсеңіз де, миыңыз іске қосылады. Осы орайда Дэниел Дж.Аменнің «Великолепный мозг в любом возрасте» атты кітабын оқып көруді ұсынамын.

Әңгімелескен
Қарлығаш ДОСАНОВА

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз