– Əлемнің жарығын,

Сыйладың сен маған.

Даланың əр гүлін,

Жинадың сен маған, – деп əндетіп келемін. Шəмші атамыздың əні бүкіл аналарға арналған ескерткіш сынды. Ал осы əннің сөзін жазған ақын Ғафу Қайырбековты білесіңдер ме? Ақын атамыздың өмірден озғанына да жиырма жылдан асты. Бүгінде түтінін түтетіп Бəдеш апамыз отыр. Аналар мерекесі қарсаңында апамызды құттықтап барған едік.

– Аталарың кеткелі 20 жыл өтті. Осы уақыт аралығында жиырма шақты кітабы шықты. Оның ішінде өлеңдер жинағы да бар. Енді прозасын жинақтап отырмын. Аталарың жақсылық жасаудан жалықпайтын. Өлең жазатын өнері бар жастарды жанынан тастамайтын. Артында бір ұл, екі қыз қалды. Отбасында тату-тəтті өмір сүрдік.

Ұлан: Атамызбен қалай танысып едіңіз?

Бəдеш апа: Мен Қостанайдың өзіненмін. Ал Ғафу Торғайдан. Екеуміз оқуға келе жатқанда пойызда таныстық. Аталарың ізімнен қалмай қойды. Өзім жетім өскен баламын. Əкем 1937 жылы қайтыс болды. Мектепте үздік оқып, қыздар институтына түстім. Ғафу қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-да оқыды. Ол кезде ақын екенін білмеймін. Өзім сабақты жақсы оқимын, белсендімін. Газет шығарамын, оның редакторымын. Құрбыларым Ғафуды ұната қоймайтын. Содан бір күні анаммен таныстырдым. «Сенетін адамың жоқ. Əкең де жанымызда жоқ. Өзің жақсы көрсең болды», – деп батасын берді. Анаммен бірге тұрдық. Жақсы өмір сүрдік.

Ұлан: Атамыз балалық шағы туралы не айтушы еді?

Бəдеш апа: Əкесі ерте қайтыс болған. Торғай деген қазақы жер. Ағайын-туыстың арқасында ержеткенін айтатын. Алматының «Тастақ» ықшамауданында тұрдық. Үйден қонақ үзілмейтін. Одан жаман болған жоқпыз. Шаңырағымызда ақын да, жазушы да, əртіс те қонақта болды. Мұхтар Əуезов қана үйімізде болған жоқ. Қалам ұстаған ағалары Ғафудың талантына риза болып, келешегінен үміт күтетіндерін айтатын. Сол үмітті ақтап, халық жазушысы атанды.

Ұлан: Кімді үлгі тұтушы еді?

Бəдеш апа: Қасым Аманжоловқа берілген адам еді. Қазір де отбасымен араласып тұрамыз. Ол кісіні ұстаз тұтты. Өлеңдерін жатқа оқитын.

Ұлан: Жазу үстелі қандай еді?

Бəдеш апа: Бір қызығы, аталарың «маған бүгін тапсырыс берді» деп үстеліне

отыра қалатын. Мен ол кісінің жазғандарын теремін. Ең алғашқы оқырманымын. Кейде өлеңдерін өңдеп те беретінмін. Бір-бірімізге осылай көмектесе білдік.

Ұлан: Ақынның жары болу қиын дейді…

Бəдеш апа: Осындай сөзді неге айтады? Ғафудың ұсынысына бірден келіспедім. Соңымнан ұзақ жүрді. Жанында жүріп, сөзін тыңдағанды жақсы көретінмін. Өзім де оқыған адаммын. Адамды сөйлеген сөзінен-ақ тануға болады. «Ғафу мен Бəдештен үлгі алмайсыңдар ма?» деп жұрт айтады екен. 7 сыныптық біліммен оқу орнын үздік оқыдым. Институтта оқытушылыққа қалдым. Бірақ, факультет жабылып қалды да, мені академияға ауыстырды. Ғылым жолына түсу ойымда болды. Архаизм деген тақырыпта ғылыми жұмыс жазғым келген. Бірақ, «Ғафу жазып берген» деген сөзден қорықтым. Сол себепті де алға ұмтылмадым. Бізде намыс өте күшті еді.

Ұлан: Қазір өкінбейсіз ба?

Бəдеш апа: Жоқ, өкінбеймін.

Ұлан: Атамыз бала тəрбиесіне қатал болды ма?

Бəдеш апа: Балаларды менің анам тəрбиеледі. Екеуміз жұмыста болып, балаларға алаңдамадық. Аналар мерекесінде тыным болмайды. Жан-жақтан балалар құттықтайды.

Ұлан: Атамыздың аудармалары туралы айтыңызшы…

Бəдеш апа: Аудармасы өз алдына бөлек əңгіме. Əрқайсысы жеке кітап. Байроннан бастап аударды. Ол жұмыстан қалған емес. «Жазушы» баспасында поэзия редакциясының меңгерушісі болды. Өмір бойы жазған адам. Орын, уақыт талғамайтын. «Демалсаңшы» десем, «енді тапсырыс берді ғой» дейтін. Маған арнаған өлеңдерін жеке кітап етіп шығарамын дейтін. Өкініштісі, ол арманы орындалмады. Ол кезде талап қатал. Менсіз күні жоқ еді. Жұмыстан кешіксем, «қайда жүр?» деп есіктің алдында күтіп тұратын. «Əкемізді күттіріп қойдың» деп балалар ренжитін. Шүкір, балалардың жаман атын естіген емес. Өздері оқуға түсіп, жұмысқа кірді.

Ұлан: Балаларыңыз қайда тұрады?

Бəдеш апа: Бəрі елде, осы Алматыда тұрады. Тұңғышым Бақыт сабақты өте жақсы оқыды. Мəскеуде оқыды. Əкесі жайлы кітап жазды. Қазақ тіліне аударма жасайды. Бүгінде «Қазақфильм» киностудиясын басқарады. Үлкен қызым философия ғылымдарының профессоры. Кіші қызым Ғафура əкімшілікте қызмет істейді. Балалық қамқорлықтарын көрсетіп, мені демалысқа жіберіп тұрады.

Ұлан: Атамыз денсаулығын қалай күтуші еді?

Бəдеш апа: Ауылдың баласы ғой, денсаулығын күтпейтін. Оның үстіне əкеден жетім қалған. Жанталасып жұмыс істеді. Екеуміз де ерте есейдік. Мен орыс мектебінде қазақ тілінен сабақ бердім.

Ұлан: Атамыз «Ана туралы жыр» əнін сіздің анаңызға арнаған деп естідік…

Бəдеш апа: Ол жағын нақты білмеймін. Бірақ, бір нəрсе болса «мамаммен ақылдасайық» дейтін. Анам өте ажарлы кісі еді. Күйеуден ерте айырылды. Үйге келген ақын-жазушылар анамның əңгімесін тыңдайтын.

Ұлан: Бұл əн қалай жазылды? Есіңізде бар ма?

Бəдеш апа: Шəмшінің бізден жасы кіші, өзі бір қызық жігіт болатын. Ана туралы əніне сөз жазатын ақын іздесе керек. Біреулер «Ғафу жазады» депті. Шəмші үйге келді. «Отыр» деп отырғызып қойды да, əннің сөзін жазып берді.

Ұлан: Атамыз өмірден ерте кетті ғой…

Бəдеш апа: 66 жасында қайтыс болды. Жүректен кетті. Көп ауырмады да. Бізге бейнет бермеді, сөйлеп отырып кетті.

Ұлан: Нені жақсы көруші еді?

Бəдеш апа: Тазалықты жақсы көретін. Екеуміз қосылып əн айтатынбыз. Жиі сапарға шығып, демалатынбыз. Қандай киімі бар екенін білмейтін. «О, менде мынадай жейде бар ма еді?» деп сұрайтын. Маған сыйлыққа гүл əкеледі. Өзінше көршілерден ұялған болып, оны костюмінің төс қалтасына салады. Үйге келгесін гүлді ұмытып кетеді. Кейін қалтасынан сынықтарын тауып алатынмын.

Ұлан: Бүгінгі балаларға қандай бата бересіз?

Бəдеш апа: Құдай бұйырса, келесі жылы 90 жасқа келемін. Менің жасымды берсін. Əке-шешені тыңдаңдар. Үйдегі тəрбие дұрыс болса, өмірден таяқ жемейсіңдер. Біз жетім өсіп, жан-жағымызға қарап, жанталастық. Сендер бейбіт заманда, дамыған қоғамда өмір сүресіңдер. Сол себепті де жаман болуға хақыларың жоқ.

Ғафу атамыз «Алматыда көшесі бар Гогольдің» əнін тектен-текке жазбағанын білдік. Бəдеш апамыздың əлі де ажары таймапты. Ойы жүйрік, сөзі анық. Десе де, атамыз жайлы көп сұрақ ішімізде қалды.

«Сенің нəзік үніңдей,

Дүниеде үн бар ма?

Сенің аяқ басқаның,

Дыбысындай бұлақтың…» деп еркелетуші еді деп кемсең-деді апамыз…

 

Қызы ƏЛИМА ҚАЙЫРБЕКОВА:

ӘКЕМ ЖАҚСЫ ӘНШІ ЕДІ…

– Мен өмірге келгенде əкем Байронды аударыпты. Əкемнің сыйлығы осы болыпты.

– Көктемде тудың,

Гүлімісің қызым.

Бағайын сені

Баптайын сені, – деген маған арнаған əні бар. Сөзін де, əнін де өзі жазған.

Əкем оңай жазатын. Таңғы 5-те оянады. Біз сағат 8-де сабаққа барамыз. Осы екі сағатта жұмысын бітіретін. «Менің Дағыстанымды» бір айда, Байронды үш айда аударған. Қолжазбасының өзі тап-таза болатын. Асты сызылып, шимайланған сөз болмайтын. Балажан еді. Көршінің балаларымен ойнап, жағдайларын сұрап, тəтті беретін. Əкемді бір рет ренжіткенім есімде. Жоғары оқу орнына түскенде төмен балл жинап қалдым. Сонда өкпелеп: «Үй сыпырасың, машинистка боласың», – дегені есімде. Əкем тіл маманы болғанымды қалады. Ал мен ешкімге білдірмей философия факультетіне түстім. Ағам Бақыт апасының баласы болды. Ал сіңлім Ғафура екеумізді əкем ерекше жақсы көрді. Қыдырып кетсек, алаңдайтын. Үйге келгесін: «Қызым, жолдастарың жақсы ма? Қайда бардың?» – деп бала сияқты сұрап отыратын. Əкем жақсы əнші еді. Өкініштісі, даусы сақталмады. Əкенің қадірін енді білдік. Жазғандарын оқып, тау тұлғалы азаматтың баласы болғаныма мақтанамын. Осы күнге дейін бірнеше жерде қызмет істедім. Əкемнің есімін естігенде, үлкен кісілер жол беретін. Əкем туралы жаман пікір естіген емеспін.

Әңгімелесекен Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан», №10

7 наурыз, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз