Робототехника үйірмесінде екі оқушы әлденені құрастырып отыр екен. Қоңырау соғылса да, сыртқа шығуға асықпады. Мұғалімі келіп: «Қазыбек! Ғабит! Сабақ аяқталды ғой» демесе, отыра беретіндей.

– Робототехника үйірмесіне 6-сыныптан бастап қатыстық. Осы уақыттың ішінде бірнеше жоба жасап, жарысқа қатысып, жеңімпаз атандық. Қазан айында робот құрастырушы оқушылар арасында «Робокон» сайысы болады. Соған дайындалып жүрміз, – деді Ғабит.

Ғабит Қырқынбек пен Қазыбек Танабай 8-сыныпта оқиды. Екеуі де оқу озаты. Бос уақытында футбол ойнап, қыдырғанды жақсы көреді.

– Біздің бірінші жобамыз – электронды автотұрақ. Үлкен қалаларда автотұрақ мәселесі қиын. Осы тығырықтан шығудың жолын қарастырдық. Сөйтіп, жер астынан автотұрақ салуды ұсындық. Бұл жоба арзан әрі үнемді. Тұраққа келгенде экраннан бос орынды көрсетіп тұрады әрі күн энергиясынан қуат алады. Автотұрақ жұмыс істеу үшін де белгілі бір электр энергиясын жұмсайды. Экранға жарық түсіруге қажетті энергияны күн көзінен алады. Яғни, күн сәулесін электр энергиясына айналдырып, автотұрақты балама энергиямен қамтамасыз етеді. Жобаны басқа оқушыларға таныстыру үшін шеберлік сабағын өткізгеніміз бар. Екінші жобамыз – ауа құрамын анықтайтын құрылғы. Ресейдің Мәскеу, Петербург сынды қалаларында ауаны зерттейтін стационарлық посттар бар. Бірақ аз. Ал біздің Алматыда жоқ. Құрылғының көлемі шағын. Адам денсаулығына зиянды газды табады. Әсіресе, көміртегі зиян. Қаладағы зауыттарға, сыныпқа қойсақ дейміз. Сыныпта ауа қай кезде ластанады? Таза ауаны қалай алсақ болады? Сыныптағы ауа құрамы қалыпқа сай ма, сай емес пе? Өзімізді мазалаған сұрақтарға жауап берсек дедік, – деді Қазыбек.

Екеуі бір үйдің баласындай. Екеуі де көзілдірік тағады екен. Бір-бірін толықтырып отыр. «Құрылғының ең тиімді жерін айтшы», – деді Қазыбек.

– Алматының ауа райын болжап болмайсың. Күн ашық болып тұрып та нөсер жаңбыр құйып кетеді. Кейде демалыс күндері тауға шыққанда жаңбыр жауады. Таулы аймақ болғасын жер жиі сілкінеді. Өкініштісі, жер сілкінісі туралы ескертуді тым кеш естиміз. Ал біз құрастырған құрылғы жаңбыр жауатынын, жер сілкінетінін алдын ала ескертіп, белгі береді.

Әділет ағаймен бірге балалардың әңгімесін үнсіз тыңдадық. Бала болса да, «халқыма пайдам тисе» деген ниетіне қалай риза болмайсың?! Ауа құрамын анықтайтын құрылғыны «Атамекен» стартап жобасына жолдамақшы екен. Егер құрылғы көптің көңілінен шықса, қолданысқа енбек.

Ғабит үшінші жобасы – Робот-көкпар туралы айтқанда, ойнағым кеп, қызығып кеттім.

– Негізі Робот-көкпарды басқа балалар құрастырған. Біз жобаны одан әрі дамыттық. Қазақтың ұлттық ойыны көкпарды робот етіп құрастырдық. Балалар ұлттық ойынды біле бермейді. Көп уақытын телефонда, компьютер алдында өткізеді. Ұлттық ойындар арқылы тарихын, мәдениетін білсін дедік. Алаңға екі дөңгелекті қазандық ретінде орнаттық. Ешкі терісінен қуыршақ тіктік.  Қуыршақты дөңгелекке салу керек. Екі топта үш робот болады. Біреуі негізгі, қалған екеуі көмекші рөлді атқарады. Бірі қазандықты қорғаса, енді бірі жол ашып беріп отырады. Көкпарды сегіз адам ойнайды. Өте қызық ойын.  Бізге Әділет ағай көп көмектеседі. Кейде интернет сайттардан қараймыз, – деді Ғабит. Жарысқа барған сайын білмейтін нәрсеміз көп екенін түсінеміз. Бізбен бірге үш жыл сайысқа қатар түскен балаларды білеміз. Олар да автотұрақ жасаған. Бір ерекшелігі, автотұрақ «Ақылды үй» сияқты жұмыс істейді. Бір жобаны үш жыл дамытты. Болашақта не істейтінін сұрағанымызда, берген жауаптарына таңғалдық.

Үлкен кісілер дәріні жиі қабылдайды. Кейде дәрісін ішуді ұмытып кетеді. Әлгі балалар адамның бойына арнайы құрылғы орнатпақшы екен. Егер қарт кісінің қан қысымы төмендеп, дене қызуы көтерілсе, туыстарына «сіздің әжеңіз немесе атаңыз дәрісін ұмытып кетіп, ыстығы көтерілуде» деп хабар береді. Егер жауап болмаса, жедел жәрдем шақырады. Сосын тағы бір оқушының жобасына қызықтым. Ол зағип жандарға арнап білезік жасапты. Білезік адамға жолдағы кедіргіні қоңырау арқылы білдіреді. Автоматты түрде жұмыс істейтін киіз үйді де көрдік. Есік-терезесі өздігінен ашылады,  – дейді Қазыбек.

Әділет ҚАЛЫБЕКОВ, робототехника үйірмесінің жетекшісі:

Балалардың қиялына шектеу қоймаймыз

– Республикалық робототехника байқауына үш жарым мың өнертапқыш қатысты. Біздің мектептің екі оқушысы 2-орын алды. Тез жылдамдықта белгіленген сызық бойынша жүретін робот жасады. Қараша айында IT университеті, Білім және ғылым министрлігі мен «Шеврон» компаниясының қолдауымен робототехника жарысы өтеді. Жарыс отыз команда арасында өтпек. Жеңімпаз топта жеті оқушы болса, барлығына тегін грант беріледі. Бұл байқауға қатысушыны мектептегі он үш оқушының ішінен таңдап аламыз. Үйірмеге қажетті материалдарды мектеп береді.

Біз ЛЕГО бағдарламасымен жұмыс істемейміз. Өйткені, жарыстарда алып тастады. «Робокон геймс» ойындарында Легоның детальдарын қолдансақ, жарысқа қатыстырмайды. Лего – ойын роботтары. Біз робот жасаумен қатар логикалық амалдарды ойластырамыз. Бағдарламалау тілін үйренеміз. 3D принтер арқылы қажетті детальдарды жасаймыз.

Назарбаев зияткерлік мектептерімен бір бағдарламада жұмыс істейміз. Үйірменің жетістігі – әр баланың ынтасы, ойлау қабілетіне байланысты. Баланың ойлау қабілетіне шектеу қоя алмаймыз. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары химия-биология және физика математика бағытында алдыңғы орында. Мирас мектебінің оқушылары да үздік.

Біздің мектепте ерекше балалар көп. Райымбек деген оқушым ұшақ жасағанды жақсы көретін. Бірде белгілі әуе компаниясының ұшқыштары шеберлік сабағын ұйымдастырды. Сабақ үстінде Райымбек ұшқыштармен тең сөйлесіп отырды. Ол әлемде жоқ ұшақ жасауға ұмтылатын.

Кез келген роботты жасағанда логикалық жағынан мән береміз. Пультпен басқарыла ма? Қалай жалғанады?  Барлығын балалар шешеді. Өйткені, идея авторлары өздері. Роботты бір оқушы төрт айда, енді бірі бір жылда құрастыруы мүмкін.

Мектеп Шымбұлаққа жақын орналасқан. Қыдырып барғымыз келді. Таудағы ауа райын білу үшін Қазгидрометтің сайтын қарадық. Бірақ өзімізіге қажетті ақпаратты ала алмадық. Бұл ақпарат бәріне жеткілікті болуы керек. Ресейдің бірнеше қаласында ауа райы туралы ақпарат береді. Стационар пост әрбір ауданда болуы керек. Шымбұлақта ауа температурасы қандай? Барлығы картада көрсетіліп тұруы керек.

Ауа құрамын анықтайтын жобаны дамытуға жеке тұлғалардан ұсыныс түсіп жатыр. ҚазҰУ ғимаратына, «Халық арена» спорт кешеніне құрылғыны қойып, тәжірибе жасадық. Біз тек ақпарат таратамыз. Құрылғы төрт түрлі газды: алкоголь, бензол, аммиак, көміртек қана анықтайды. Газ мөлшері қалыпты жағдайда қандай болу керегін құрылғыға енгіздік. Егер бензол мөлшерден тыс жоғарылайтын болса, бірден белгі береді.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан газеті», №39
25 қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз