Ізінен аңыз ерген

Жұлдыз әбділда

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВТІҢ «БАРЫ» МЕН «ЖОҒЫ»

«Ізінен аңыз ергеннің» бүгінгі кейіпкеріҒабит Мүсірепов. Жазушы, драматург. Ұлттық Ғылым Академиясының академигі. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. «Социалистік Еңбек Ері» атағының иегері.

Мүсірепов әр жанрда жалпы саны 500-ден астам шығарма жазған. Жазушының шығармалары әлемнің 34 тіліне аударылған. Бірақ, біз бүгін Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығы туралы емес, пендәуи тірлігі, отбасылық өмірі, ғұмырдариясының баянды һәм баянсыз беттері туралы әңгімелеуді жөн көрдік.


ҒАБЕҢНІҢ ТУҒАН ТОПЫРАҒЫ

Ғабит Мүсірепов – қазіргі Солтүстік Қазақстан өңірінің тумасы.

Азан шақырып қойған аты – Ғабде әл-Ғабит. Немесе, кей деректер бойынша, Ғабдул-Ғабит. Араб тілінен аударғанда «Құдайдың құлы» деген мағынаны білдіретін көрінеді. Анасының аты Дина да, әкесінің аты – Махмұт. Отбасында жеті баланың біреуі. Хамит, Сәбит, Баязит, Қажым, Әшім деген бауырлары, Гүлсім есімді жалғыз қарындасы болған.

Үлкен бауыры Хамит ескіше сауат ашып, кейіннен мұғалімдік курста оқып, өзінің зеректігінің арқасында ауылда қырық жылдан астам ұстаздық етіпті. Екінші бауыры Сәбит үйдің шаруасына мығым, онан өзгеде ісі жоқ момын болған көрінеді. Ертерек өтіпті дүниеден. Баязит есімді інісі мұғалім де болған, саяси қызметтер де атқарған, жазу-сызуға да жоқ емес екен. Алты ұлдың ортасындағы жалғыз қыз да мұғалімдік қызмет атқарыпты. Абыройлы ұстаздық еткен Гүлсім апай кезінде КСРО Халық әртісі Ермек Серкебаевты да оқытқан екен. Бір інісі Қажым бес жасында шетінеп кетіпті. Әшім деген інісі денсаулығы дұрыс болмағанымен, керемет ұста болған деседі. Жас күнінде баспада жұмыс істепті.

Жазушының әкесі Махмұт шаруаға мығым, өз ісіне берік жан болған көрінеді. Қиын-қыстау күндерде де тұңғышы Хамитті жалшылыққа бермей, оқытыпты. Бірақ, Ғабең Сәбит ағасымен бірге бір кездері жалданып жұмыс істеп, сиыр баққан екен. Оқуды ауыл молдасының алдынан бастап, одан кейін Орынбор барып, бірнеше оқуды тауысқан.

ҒАБЕҢНІҢ  ЕҢ ҮЛКЕН БАҚЫТЫ

Жазушы Ғабит Мүсіреповтің ең үлкен бақыты, бағы, байлығы не дегенге келсек, әлбетте, қазақ әдебиетінің тарихында мәңгіге алтын әріптермен жазылып қалған есімі дер едік. Артында қалған мәңгі өшпес мұрасы дер едік. Қазақтың ұлы жазушыларының көш басында болуы дер едік. Шыққан биігінен түспеуі, кез келген қызметті абыроймен атқаруы дер едік. Академик атануы, классик жазушы, кемел драматург ретінде танылуы дер ек.

Сонымен бірге, Ғабит Мүсіреповтің ең үлкен бақыты – қылышынан қан тамған сол заманның өзінде «Бейімбет халық жауы болса – мен де халық жауымын» деп қасқайып айта білуі. Сүйікті Би-ағасын ұстап әкетіп бара жатқанда, «мені де алыңдар!» деген ерлікке баруы. Жалпы, Ғабең мен Бейімбет Майлиннің қарым-қатынасы ерекше. Тіпті, жазушының «Екінші Биаға» деген әңгімесі де бар. Ол әңгіменің шығу тарихының өзі қызық. Жазушы Шерхан Мұртазаның естелігіне қарағанда, Ғабит Мүсірепов пен Бейімбет Майлин бірде алыс ауданға сапарлап барыпты. Аудан басшылары жақсылап күтіп, сол күткен жерлерінде қонуға қалдырып кетіпті. Түннің бір жарымында терезе тықылдайды дейді. Жөн сұраса келсе, алыстан арбаменен толғатқан әйелді алып келіпті. Сөйтсе, ауданда мейманхана жоқ болғандықтан, екі жазушыны перзентханаға орналастырған екен. Ғабең мен Би-ағаң әлгі әйелді босандырып алыпты. Нәрестенің атын Биаға деп қойыпты.

Әлбетте, Мүсіреповтің «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» дегені елеусіз қала берді десек, қатты қателесеміз. Керісінше, Ғабең үнемі аңдуда болғаны анық. Тіпті, бірде әйгілі актер Шәкен Аймановты қауіпсіздік қызметкерлері шақырып алып, «Ғабит Мүсіреповтің не істеп, не қойғанын жеткізіп отыруға» жұмсапты. Аузын ашса жүрегі көрінетін Шәкең тыңшы бола алмайтынын кесіп айтыпты. Онымен шектелмей, болған жайтты Ғабеңнің өзіне барып айтып, «бұдан былай маған бағынасың» деп қалжыңдаған көрінеді.

Ғабит Мүсіреповтен бүгінгі күнге дейін жеткен тағы бір сөз бар. Ол «қазақтың жауы – қазақ» деген сөз. Жасында милицияда қызмет еткен, әскери комиссариатта да жұмыс істеген, кейіннен рабфакта оқып, шығармашылық жұмысқа араласқан жазушы өз өмірінде әділетсіздікті, көпе-көрнеу бұрмалаушылықты аз көрмегені айдан анық. Ендеше, «қазақтың жауы – қазақты» да ашынғанда шыққан ащы даусы деп қабылдаған дұрыс.

Ғабит Мүсірепов шығармашылығындағы ең негізгі тақырыптардың бірі – Ана және Әйел тақырыбы. Жазушы Максим Горькийдің шығармаларын ерекше ілтипатпен қабылдағанының дәлелі шығар, «Адамның анасы», «Өлімді жеңген ана», «Ана кесімі айнымайды» деген әңгімелерін қазақ тіліне аударған. Ал өзі «Ұлпанды» айтпағанның өзінде, «Ананың анасы», «Ананың арашасы», «Ашынған ана» сынды кереметтей туындыларды дүниеге алып келді.

Ғабеңнің күнделігінде де әйел заты туралы түртіп қойған жазбалар аз емес көрінеді. Жазушы туралы естеліктерден білгеніміз, «Әйел ашуланса – жеңіледі, еркелесе – жеңеді», «Әйел шынын айтса да себебі бар, өтірік айтса да себебі бар», «Менің байқауымша, сұлу әйелді ит қаппайды. Олай болса, сұлулықты ит те сезінеді», «Әйел асқақтаса жылағаны, еркек асқақтаса – құлағаны» деп түртіп қойған екен.

ҒАБЕҢ МЕН СӘБЕҢНІҢ ДОСТЫҒЫ

Ғабит Мүсірепов жазушы Сәбит Мұқановпен бір топырақтан. Ол аз десеңіз, екеуінің руы да бір. Қос тарланның достығы да ерекше болған көрінеді. Сонау жиырмасыншы жылдардың басында аудандық милицияда жұмыс істеп, қаталдығымен көзге түсіп қалған Ғабеңді Орынборға барып оқуға үгіттеген де Сәбең көрінеді. Айтпақшы, Мұқановтың атын «Сәбит» деп Ғабеңнің аттас бауырының құрметіне қойған екен.

Орынборда екеуі бір пәтерде тұрады. Олардың тұрған пәтері Сәкен Сейфуллиннің үйі екен. Екеуі бір төсекте құшақтасып жатады. Кейін мейманханада да тұрады.

Рулас болғанымен, жеті атаға толғандықтан, Ғабең мен Сәбең қан құда да болады. Мұқановтың Арыстан деген ұлы Мүсіреповтің Ғалия деген қызын алады. Отбасымен араласады. Бірақ, кейіннен достыққа сызат түскендей болыпты…

ҒАБЕҢНІҢ ӘЙЕЛДЕРІ

Жазушының бірінші әйелінің аты – Қаншайым. Ол бір байдың келіні болған көрінеді. Ауылда әскери қызметте жүрген Ғабең Қаншайымды алып қашып, үйіне әкеліп түсірген екен. Көп ұзамай, өзі Орынборға рабфакқа оқуға кетеді де, Қаншайым әке-шешесінің қолында қалады.

Орынборда жүргенінде педагогика институтында оқитын Құсни Яғфарова деген татар қызына ғашық болады. Көп ұзамай екеуі үйленеді. Ғабең Құсни апаймен қырық жыл отасады. Көп сөзі жоқ, ақылына көркі сай, парасаты бір басына жетіп артылатын Құсни әйел ретінде бақытты болды ма, болмады ма, ол жағын тап басып айту қиын. Бірақ, Ғабеңнің барлық еркелігін көтергені – шындық. Жазушыны алақанына салып, аялап өткенін көзкөргендер жыр ғып айтады. Сәбит Мұқановтың үйіндегі Мәриям апайдың сөзімен айтсақ: «Құсни бір аяулы жан еді. Биязы, жібектей есілген, жуас адам еді. Ғабиттің қандай қылығы болса да, үнсіз төзді. Күйеуін балаша мәпелей күтті, бір ауыз қатты сөз айтпады, сөз қайырмады. Тамақты қандай дәмді пісіруші еді, ұстаған дүниесі қандай!.. Жүрген жүрісі білінбейтін, зиянсыз, көнбіс адам болатын. Ғабит не айтса да – заң, түн келе ме, күн келе ме, бір ауыз сөз айтпайтын. Бар дәмдісін аузына тосып, үсті-басын мұнтаздай ғып күтті. Шалбарды үтіктеген кезде су емес, хош иісті әтір құйып үтіктегенді сол Құснидан көрдім».

Құсни апай ақылы да, айласы да бір басына жетіп артылатын парасат иесі болған деп білеміз. Ақын Қадыр Мырза Әли «Иірім» атты естелік-эссесінде де осы Құсни апайдың әйел затының ішіндегі ең бір ақылдысы екенін ашып көрсеткен.

Алайда, жаратылысынан сері, сал Ғабең жас актриса Раиса Мұхамедияроваға ғашық болып қалған. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Раиса – Рая Мұхамедиярова Қызылорда өңірінің тумасы. Әкесі Мәжит төре тұқымынан, ал анасы Меңсұлу татар қызы екен. Маңдайға жазғаннан аспайсың деген рас. Әйтпесе, Рая апай өзі түскен шет тілдер институтын бітіріп, ағылшын тілінің мұғалімі болып шыққанда ұлы жазушымен жолы түйісер ме еді, түйіспес пе еді, кім білсін?! Ұлы жазушы мен талантты актрисаның арасындағы драма 1962 жылдан басталады. Араға екі жыл салып, Ғабеңнің қырық жыл отасқан жары Құсни апай дүние салады. Жылға жетпей Ғабең төсек жаңғыртып, өзінен 37 жас кіші Раиса сұлумен шаңырақ көтереді. Бірақ, екеуінің отбасылық ғұмыры баянды болды деу қиын. Оған арадағы жас айырмашылығы, Раиса апайдың өнерден қол үзгісі келмеуі, ал Ғабеңнің оған қарсы болуы ықпал еткен деп топшылауға болады. Айтпақшы, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің арасының суысып кетуіне Раиса апайдың да аздап қатысы болуы мүмкін. Себебі, Сәбең құдасының Құснидың жылы өтпей төсек жаңғыртуын аса құптамаған көрінеді. Тіпті, Ғабең мен Раиса апайдың үйлену тойына да бармапты (той шағындау өтсе керек – Ж.Ә.). Кейіннен де бірнеше рет сөзге келіп қалып жүрген көрінеді. Отырған жерде іліп-шалып, тиісіп отыратын болыпты. Бірақ, бір-бірінен біржола суысып кетпеген. Тағдыр қосты деген сол шығар, бүгінде Мүсірепов пен Мұқановтың музейіне дейін бірге.

Жазушының төртінші және соңғы әйелі – Ғазиза Бисенова. Мамандығы машинистка. Кезінде Мұхтар Әуезовтің машинисткасы болған, Ғабеңмен де шығармаларын басып беріп жүріп табысқан. Бұлар бас қосқанда Ғазиза апайдың жасы алпыстың ар жақ, бер жағында болған.

Бірақ, бұлардың төртеуі де есіл азаматты ең ұлы мұратқа жеткізбеген…

ҒАБЕҢНІҢ  «БІР КЕМ ДҮНИЕСІ»

Ғабит Мүсірепов Төлебаев пен қазіргі Қарасай батыр көшелерінің қиылысқан тұсында тұрған екен. Сол маңда Димаш Ахметұлы Қонаевтың ескерткіші бар. Классик жазушы сол төңіректе тынығып, демалатын көрінеді. Бірде жазушы Шерхан Мұртаза серуендеп жүріп Ғабит Мүсіреповпен кездесіп қалады. Шер-ағаңның айтуынша, сол жолы жазушы: «Жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны бар. Екі ұлы бардың өкпе-бауыр, жалы бар. Үш ұлы бардың Бұхарада малы бар. Төрт ұлы бардың аспанға салған жолы бар… Менде соның біреуі де жоқ», – деген екен. «Бір кем дүние» демеске амалың жоқ. Бірақ, Құдайға шүкір, жазушының үйінде кестетігерлер аз болмаған.

ҒАБЕҢНІҢ ҰРПАҚТАРЫ

Құсни апайдан Ғалия (Энгелина), Роза, Мара, Райхан деген төрт қызы болған. Марасы ертерек қайтқан. Райхан мен Роза да дүниеден ерте кеткен. Ал Ғалия, бағана айтқанымыздай, Сәбит Мұқановтың келіні.

Раиса Мұхамедияровадан Гаухар, Гүлнәр есімді екі қыз бар. Бұл екі қыздан бүгінде жазушының Аделия, Мәди және өзімен аттас Ғабит есімді немерелері бар.

Жазушының сүт кенжесі Гүлнәр Мүсірепова – әкесінің заңды мұрагері. Біз Гүлнәр апайға осыдан бір ай бұрын әлдебір келісім-шартқа қол қойдыруға барған болатынбыз. Телефон арқылы бірнеше рет тілдескенде байқағаным, өте ашық екен. «Көктем» ықшамауданындағы үйіне барғанымызда, есік ашып, төрге оздырды. «Шәй ішесіз бе, әлде шырын берейін бе?» деп қонақжайлылық танытты. Адаммен тез шүйіркелесіп кететін, мінезі ашық, қарапайым әрі кішіпейіл, аурасы жақсы адам екен.

Біздің білуімізше, Гүлнәр апайдың анасы Раиса Мұхамедиярованы Құсни апайдың қыздары өзекке теппеген. Бәлкім, іштей аналарының орнын басқанын қаламаған да шығар, бірақ ақылды, парасатты қыздар онысын анық білдірмепті. Керісінше, Рая апай Ғабеңмен ренжісіп қалғанда немесе Ғабең үйге үлкен-кішіні жинап алып, преферанс сызатын кездерде Райхан мен Розаның үйіне кетіп қалады екен. Қыздар кезек-кезек қонаққа да шақырып тұрыпты. Білетіндердің айтуына қарағанда, Ғабең дүние салғаннан кейін артында қалған мұрасы біраз талас-тартысқа, дау-дамайға арқау болыпты. Ал бүгінгі күні ұлы жазушының ұрпақтарының ауызбіршілігі қандай екен? Бұл жөнінде Гүлнәр Мүсірепова бізге берген жауабында былай дейді: «Өкінішке қарай, үлкен әпкелеріміз дүниеден өтіп кетті. Бірақ, Гаухар әпкем екеуіміз Роза, Райхан апаларымыздың балалары Сәуле, Жанат, Бекетпен және олардың балаларымен араласып тұрамыз, біздердің балаларымыз да араласады. Отбасылық мейрамдарды, балалардың туған күндерін, тойларын бірге атап өтеміз. Былтыр бәріміз әкемнің туған жеріне, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының аумағындағы Жаңажол ауылына барып, 110 жылдығын өткізіп қайттық».

1983 жылы 83 жасқа қараған шағында Ғабең артында қалған мұрасының кімдерге тиесілі екенін тәптіштеп жазып, өсиетнама қалдырған екен. Онда жазушы өзінің мұрагерлерінің тізімін былайша түзіпті:

«1.Әйелім Ғазиза Нұрғалиқызы Бисенова.

2.Әлі оқып жүрген кіші қыздарым – Гауһар мен Гүлнәр Мүсіреповалар.

3.Ең үлкен қыздарым – Энгелина мен Роза Мүсіреповалар.

4.Роза Мүсірепованың тұңғыш қызы Динаны менің қайтыс болған бірінші әйелім Құсни Яғфарқызы бауырына салған еді.

5.Менің қайтыс болған қызым Райханның жалғыз ұлы Бекет Мүсірепов.

6.Менің қайтыс болған ағамның баласы Екпін Махмұтов.

7.Менің қайтыс болған інім Әшім Махмұтов.

8.Менің қайтыс болған Баязит інімнің әйелі Шәмеш Махмұтова. Барлық алыс-жақындарым осылар».

Жазушы бұлардың қайсысына қанша дүние тиесілі екенін тәптіштеп жазып, қаржыға байланысты барлық жұмысты композитор Еркеғали Рахмадиев пен ғалым Манаш Қозыбаевқа аманат еткен. Сонымен бірге, театрдан, баспа орындарынан, басқа да мекемелерден түсетін қаламақының Гауһар Мүсіреповаға, Гүлнәр Мүсіреповаға және Бекет Мүсіреповке теңдей тиюін аманат етіп қалдырған.

Ғабең бәрін тәптіштеп түсіндіріп, жазып кеткеніне қарамастан, көзі кеткеннен кейін артында қалған мұрасы біраз шуға арқау болған.

Мәриям апай Мұқанова өз естеліктерінде: «Ғабит отбасына көп көңіл бөлмейтін сал-серінің өмірін кешті. Қара жер хабар айтпасын, семьялық өмірдің бақыты бұйырмаған адам болды. Өзі қайтыс болып, артында қалған мұрасы талан-таражға ұшырап, әлдекімдердің қолында кеткенін естігенде, жаным ашыды», – деп жазады.

Ауыр да болса, «Әкеңіздің бағы мен соры неде деп ойлайсыз?» деген сауалды Гүлнәр апайға қойған едік. «Әкемнің бақыты, әлбетте, оның әдебиеттегі алар орны, тума таланты, еңбекқорлығы, мінез-құлқының мызғымас беріктігі, адамдармен тез тіл табыса білетін ерек қасиеті және көп адамның бойынан табыла бермейтін өзіндік сүйкімі дер едім. Әкем ғибратты ғұмыр кешті. Оның айналасында әрдайым талантты, парасатты адамдар жүрді. Өнер мен мәдениеттің майталмандарымен етене араласты. Артында қыруар еңбек қалдырды. Ғылыми жұмыспен де айналысты, қоғамдық жұмыстан да тыс қалған жоқ. Әкем сүйікті болды. Өзі де сүйе білді. Мұндай адамдардың бақытсыз болуы мүмкін емес», – деп жауап берді жазушының қызы.

Гүлнәр Мүсірепова да әкесі сияқты әділеттілік үшін жанын құрбан етуге даяр. Ер мінезді және адал жан. «Бұл қасиеттер маған әкемнен берілді деп ойлаймын. Білгеніммен шектелмей, үнемі оқығанды, білімімді тереңдетуді жақсы көремін. Алдыма қандай да бір мақсат қойсам, соған жетпей тынбайтын табандылығым бар. Мұқтаж адамдарға титтей де болсын көмегім тисе, қатты қуанамын», – дейді Гүлнәр апай.

«Мүсірепова» деген фамилияның өзі мойынға артылған аса үлкен жауапкершілік екені даусыз. Осы жауапкершілікті Гүлнәр Мүсірепова қалай сезінеді? Жалпы, аты аңызға айналған жазушының ұрпағы болу Гүлнәр апайға не берді? Бұл жөнінде жазушының қызы бізге берген жауабында былай деді: «Әрине, үлкен жауапкершілік. Ол жауапкершілікті мен де сезінемін, менің балаларым да, әкемнің фамилиясын арқалап жүрген біздің отбасының барлық мүшесі де терең сезінеді. Жауапкершілік деген не? Әкемнің атына лайық болсам, ең үлкен жауапкершілік сол деп ойлаймын. Соған лайық өмір сүргім келеді. Әкем білімді, ақылды, еңбекқор адамдарды жақсы көретін. Табанды, өзіндік мақсат-мұраты бар, кез келген істі үлкен ілтипатпен істейтін адамдарды құрметтейтін. Мен де солай өмір сүруге талпынамын. «Мүсірепова» деген фамилия маған көп нәрсе берді. Әкемді де, анамды да мақтан тұтамын, сондай адамдардың ұрпағы болғаныма мақтанамын. Әкем мен анамның шығармашылығымен таныс жандар оларға деген құрмет-ілтипатын біздерге де білдіріп жатады. Осының өзі кейде жанға жағымды әсер сыйлайды».

Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқановтың туған құда екенін айттық қой. Немерелер дүниеге келгеннен кейін бұрынғы барыс-келіс тіптен жандана түскенге ұқсайды. Бірақ, өмірлік серігі Мәриям апайдың айтуына қарағанда, Сәбит Мұқанов қызғаншақтау адам болыпты. Немерелерін Ғабеңнің үйіне көп жібергісі келмейді екен. Тіпті, бара қалса, шыдамай, трамвайға отыра сала, өзі барып алып қайтатын көрінеді. Мұндайда ақылды Құсни апай дым да ренжімейді екен. Керісінше, күле қарсы алып, «Бәсе, Сәбит қалайша шыдап отыр деп ойлап едім», – деп күледі екен. Ғабеңнің күнделіктерінде жазатын ақылды әйелі нақ осы Құсни апай демей көріңіз енді!

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ ПЕН МҰХТАР ӘУЕЗОВ

Ғабең мен Мұхаңның қарым-қатынасы жөнінде де әрқилы пікір бар. Екі ұлы тұлғаның арасындағы кейбір келіспеушіліктер мен түсініспеушіліктер, бәлкім, түймедей-ақ шығар. Бірақ, оны түйедей қылатындар болмай қалған жоқ. Араларына сына қаққысы келгендер де табылды. Бірақ, Мүсіреповтің де, Әуезовтің де ұлылығы сонда, олардың екеуі де бір-бірінен біржола безіп кеткен жоқ. Бір-бірінің шығармашылығын аса жоғары бағалады. Бір-бірін қатты сыйлады, құрметтеді. Шын талант ретінде мойындады. Арадағы азғантай салқындыққа қарамастан, Мұхаң Ғабеңді төбесіне көтере күтеді екен. Үйіне қонақ шақырғанда басқалары бір төбе екен де, Ғабең өзінше бір төбе екен. «Ғабең келіп дастархан басына жайғасқанға дейін Мұхаңның мазасы қашып, көңіл-күйі болмай, тек сол кісі келгеннен кейін ғана көңілі орнына түскеніне куә болғанмын», – дейді Талапбек аға Әкімов. Талапбек ақсақал 1964 жылы ашылған Халық университетінде жұмыс істеген, Мұхтар Әуезовтің мұражайында еңбек еткен. Ұлы жазушының елу томдығын баспаға дайындаған адам. Талапбек ағаның айтуына қарағанда, екі ұлы жазушының арасындағы аздаған сызат болмашы нәрседен туған. Бірақ, оны әрі қарай қоздата түсуге мүдделілер аз болмаған көрінеді. Бір ғажабы, екеуі кейін емеурінмен-ақ түсінісіп кете барыпты.

Ғабит Мүсірепов Халық университетінде сабақ та берген екен. Алғашқы лекциясында әдебиет мен мәдениеттің төңірегінде сөйлейді. Екінші рет шығармашылық шеберханасынан сыр шертеді. Бірақ, көп ұзамай, науқастанып қалады да, сол күйі Халық университетіне қайтып келе алмайды.

«Лекция аяқталғаннан кейін шәй беретін дәстүр бар еді. Ғабеңді де шақырдық, қуана-қуана келісті. Сол жолы өзі бір ерекше шабытпен көсіліп әңгіме айтты. Сол жолы Мұхаңмен арадағы жағдай туралы да сөз болды. Шәй үстінде мен Ғабеңе сұрақ қойдым. Мұхаңның 20 томдығын дайындап жатқанымызды алға тартып, екеуінің бірігіп жазған шығармасы, яки «Ақан-Зайра» туралы әңгімелеуін өтіндім. Сол шығарманы 20 томдыққа беруін сұрадым. «Ол шығарманы жазуын жаздық. Бірақ, Мұхтармен бірігіп шығарма жазамын деп әбден қиыншылыққа қалдым. Түнгі үш пе, төрт пе, таңғы бес пе, телефон соғады. «Қалай, шығарма дұрыс жүріп жатыр ма?» деп сұрайды. Мен ұйқыдан тұрып келгенімді білдірмей, «Ой, Мұха, қатырып жатырмын» деп қоямын. Қатырып жатқан түгім жоқ, демалып жатам. Менің жазғаным жәй әншейін дүние болып қалды, көп кәдеге жараған жоқ. Сол еңбекте мен Мұхаңмен соавтор болып қалдым», – деді Ғабең ағынан жарылып.

Екі ұлы жазушының арасындағы сызаттың неден пайда болғанын сұрағанымызда, Талапбек ақсақал «болмашы нәрседен» екенін айтты. «1947 жылы Орталық Комитеттің Қазақ әдебиетінің ахуалы туралы қаулысы шықты. Әуезов ол уақытта қазақ әдебиетінің тарихы туралы еңбегін дайындап жатқан. Қаулы шыққаннан кейін әртүрлі сын болған, Одақ пен Комитет бірігіп, түрлі жиындар өткізген. Сондай жиындардың бірінде Әуезовке де баяндама жасатқан. Сонда Мұхаң: «Маған жұмыс істеуге мүмкіндік берсеңіздер, әртүрлі интригаларға тартпасаңыздар», – деп айтқан. Жалпы, Мұхаңның артық нәрсеге уақыты болмаған. Оның үстіне, артық қимылдан қорыққан да. Себебі, қырағы бақылауда болған. Ежов екеуі 1918 жылы бірге жұмыс істеп, соның арқасында аман қалған бұл кісі», – дейді Талапбек аға.

Бір айта кетерлік жайт, «Әлемдік әдебиет кітапханасы» деп аталатын 200 томдыққа қазақ жазушыларынан енгені Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов қана. Бұл жинаққа Мұхаңның «Абай жолы» эпопеясы мен Ғабеңнің «Этнографиялық әңгімесі» кірген.

ТҮЙІН: Ғабит Мүсіреповтің жазушылық қыры, адамгершілік келбеті мен адамдық болмысы туралы әңгіме бір мақаланың аясына сыймайтыны айдан анық. Десе де, біз бұл материалда жазушының кейбір жұртқа мәлім де беймәлім құпияларын қамтуға тырыстық.

ҒАБЕҢНІҢ  ОҚШАУ ОЙЛАРЫ

• Жұртқа жұмыс істеуді үйретуден гөрі, жұмыс істеуіне бөгет жасамауды үйрену керек.

Бізде жұқпалы ауруға айналған бір кесел мінез бар: оның аты – мәнсапқорлық. Тек қана бастық болғысы келеді. Тіпті әйтеуір монша, не бір ұсақ мекеме болса да, соны басқарсам дейді. Жай дәрігер немесе қарапайым инженер болғысы жоқ. Тек бас дәрігерлік, әйтпесе директорлық керек. Ең сұмдық дерт бұл. Құрт ауруы сияқты әлеуметтік кесел…

• Әр кезде қоғам тіршілігі өнімсіздікке ұшырап, іштей жұтай бастағанда заман әуеніне қарай не дінге, не саясатқа қамшы басады. Осы екеуінің қайсысына болса да қамшы басқан елде ішкі жегі құрт бар дей беріңіз. Көбінесе сол жұтаудың себепкері – басқарушылар, басшылар болып шығады…

Сурет сыры


Алпысбай Қазығұлов, суретші:

–…Иә, менде Раиса Мұхамедиярованың портреті бар. Оны салған –

Гүлфайруз Исмайылова. Портретті бір адамнан сатып алғанмын. Көзі тірісінде Гүлфайруз Мансұрқызына арнайы барып: «Сіздің сол портретіңіз қазір менің қолымда, коллекциямда тұр», – деп айттым. Апамыз жылап жібере жаздады. «Талай жылдан бері тағдырын біле алмай, қайда қалды екен деп ойлап жүр едім», – деп, ризашылығын білдірді.

Портрет 1964 жылы салыныпты. Гүлфайруз апайдың айтуына қарағанда, Ғабит Мүсірепов Раиса Мұхамедиярованы арнайы алып келіп, тапсырыспен салдырған екен. Автордан бұл картинаны Суретшілер одағының қорына сатып алған. Тоқсаныншы жылдары Суретшілер одағының қорындағы дүние талан-таражға түскен. Суреттер мектептерге, балабақшаларға таратылған, жеке адамдардың да қолына өтіп кеткен. «Раиса Мұхамедиярованы» Кошкин деген белгілі коллекционер сатып алып, біреуге сатқан. Ол кісіге кейіннен қажеті болмай қалған. Сөйтіп, маған сатты. Қазір менің қолымда.

Бұл картинаның бағасын ешкім нақты айта алмайды, мен де айта алмаймын. Ол сатып алушыға, жағдайға байланысты. Өз ойым, жеке адамдарға емес, музейге сату. Өйткені, жеке адамға оның қажеті бола қоймас деп ойлаймын. Ұрпақтарына беру мәселесіне келсек, бұдан біраз жыл бұрын Раиса Мұхамедиярованың менде бар әдемі полиграфиялық суретін баласына берген едім. «Кейін кітап, альбом шығарсаңдар керек болады. Көшіріп алып, қайтып әкеп берерсің», – деп аманаттаған болатынмын. Бірақ, «жоғалтып алдым» деп, қайтарып бермеді. Аманатыма қиянат жасады…

Біздің анықтама

www.online-art-shop.com сайтында Гүлфайруз Исмайылова салған Раиса Мұхамедиярованың портретіне қатысты мынадай мәлімет берілген:

1964 жылы салынған, көлемі 180х140, кенеп, майлы бояу.

Бағасы: 80.000 АҚШ доллары

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз