“Толағай” спорт клубы

Саңлақ

Әсет Мәмбетов:

Інілеріме  мақсаткерлік  және шыдамдылық  тілеймін

Грек-рим  күресінен  Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Әсет Мәмбетовтің спорттан қол үзгені туралы сөз шыққан-ды. Биылғы Лондон олимпиадасына қатысуды мақсат етіп жүрген балуанның мұндай шешім қабылдауына не себеп болды екен?  Көкейіміздегі  сұрақтарға Әсеттің өзі жауап берді.

– Иә, 2011 жылдың қараша айында Семейде Б.Тұрлыхановты еске түсіруге арналған жарыста, Қазақстан кубогында мені спорттан шығарып салу рәсімі өткізілді, – дейді Әсет. –  Өткен жылы тіземнің айқасқан байламдарына (крест тәрізді байланыстырушы сіңірлер) жасалған отадан кейін қатты күш түсіру мүмкін болмай қалды. Сәл күштесем, қайта асқынатын сұры бар. Жалпы дәл осы тіземе отаны 4 рет жасаттым. Бейжің олимпиадасынан кейін шамадан тыс жаттығып, ауыртып алған едім, содан қалпына келмеді. Сөйтіп, «Лондонға қатыссам, алтынға қол созсам» деген мақсатыммен қоштасуға тура келді.

Ұлан: Үлкен мақсатқа жете алмай спорттан қол үзу қаншалықты қиын?

Әсет Мәмбетов: Әрине, оңай емес. Дегенмен Аллаға шүкір, спортта жақсы табыстарға жеттім. Олимпиада медалін иелендім. Елге танылдым. Спортқа басыбүтін арнаған уақытыма еш өкпем жоқ. Бейжің олимпиадасында бастапқы белдесуде менен айласын асырған Асланбек Хуштов (Ресей) әлі күресіп жүр. Әуелде содан есе қайыруды ойлап едім, енді бұл мақсатты ізбасарларыма тапсырған жайым бар.

Ұлан: Сіз күрескен 96 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасында талантты бал-уандар бар ғой?

Әсет Мәмбетов: Шүкір, бар. Белгілі балуан Марғұлан Әсембеков, есімдері жаңа естіле бастаған Ерлан Ысқақов, Жасұлан Садықов, т.б. жігіттер бар. Олар қазақ күресінің туын түсірмейді. Лондон олимпиадасында бұрынғы командаластарымды жеңіс тұғырынан көрсем, өз табысымнан кем қуанбас-пын.

Ұлан: Өміріңіз енді қандай бағыт алады? Бапкерлікке бет бұрасыз ба?

Әсет Мәмбетов: Жоқ, бапкерлікке әзірше ықыласым жоқ. Басқа саладан несібе бұйырып тұрған сияқты. Жаңа жұмысқа тұрғанда, міндетті түрде оқырмандарыңызды хабардар етемін.

Ұлан: Спортты серік еткісі келетін, зор табыстарға жеткісі келетін іні-қарындастарыңызға нені тілек етесіз?

Әсет Мәмбетов: Адам спортпен айналыссын-айналыспасын, бәрібір өзінің адамдық қалпынан ажырамауы керек. Іні-қарындастарым темекі шекпесін, арақ ішпесін, денсаулығын күтсін. Ертең өздері де ата-ана болады, сонда бәрін түсінеді. Сондықтан қазірден алға үлкен мақсат қойып, соған жетуге талпынған жөн. Мақсатқа өрлеу жолында түрлі қиындықтар жолығады, оған мойымай, шыдамдылық танытуы керек. Менің өмірден алған сабағым осы.

Әсет Мәмбетов, балуан

1982 жылдың 10 маусымында Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында туған.

96 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті.

Еңбек сіңірген спорт шебері Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері

Азия ойындарының күміс жүлдегері Азия чемпионы

Көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы «Құрмет» орденінің иегері

(“Ұлан”, №. 10.01.2011)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз