1. ТҮЙЕ

– Төрт түліктің біріміз,

Түйе деген түріміз.

Желеп-жебеп жүретін

«Ойсылқара» –

Піріміз.

Ерте кезден,

Мұқымнан,

Адамға бас тұқырған,

Небір күшті

Атандар

Шыққан біздің тұқымнан.

Біз атқарып жатқан іс –

Өзімізге

Мақтаныш.

Пайдалы боп халыққа,

Өстіп жөнін тапқамыз…

2. ЖЫЛҚЫ

– Төрт түліктің біріміз,

Жылқы деген түріміз.

Желеп-жебеп жүретін

«Қамбар ата» –

Піріміз.

О заманнан,

Мұқымнан,

Оза шауып жұтынған,

Небір жүйрік,

Сайгүлік

Шыққан біздің тұқымнан.

3. СИЫР

– Төрт түліктің біріміз,

Сиыр деген түріміз.

Желеп-жебеп жүретін

«Зеңгібаба» –

Піріміз.

Баяғыдан,

Мұқымнан,

Сүтін ішіп тұтынған,

Небір сауын сиырлар

Шыққан біздің тұқымнан.

Жадыңызға сақтаңыз,

Сиырға сол –

Мақтаныш.

Халыққа өте керегі,

Біз атқарып жатқан іс…

4. ҚОЙ

– Төрт түліктің біріміз,

Қой деген біз түріміз.

Желеп-жебеп жүретін

«Қамбар ата» –

Піріміз.

Сонау шақтан,

Мұқымнан,

«Папаха» жасап тұтынған,

Елтіріні Кавказда

Алар біздің тұқымнан.

5. ЕШКІ

– Төрт түліктің біріміз,

Ешкі деген түріміз.

Желеп-жебеп жүретін

«Сексек ата» –

Піріміз.

Атамзаман,

Мұқымнан

Сеңсең бөрік тұтынған,

Түрікмендер теріні

Алар біздің тұқымнан.

Қойлар үшін

Мақтаныш,

Бұл – бір жөнін тапқан іс,

Елтіріміз бұп-бұйра

«Папаха» боп жатқан іс…

Ешкі үшін бұл –

Мақтаныш,

Өз орайын тапқан іс,

Түрікмендер киетін

Тымақ толып жатқан –

Біз…

Ескен ЕЛУБАЕВ

(«Балдырған», №2. 2014 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз