cloud-watch

Байқадыңыз ба, қазіргі адамдар «уақыт жоқ» дегенді жиі айтады.

– Театрға барасың ба?

– Жоқ.

– Неге?

– Уақыт жоқ.

– Кітап оқисың ба?

– Уақыт жоқ.

– Табиғат аясына шығып тұрасың ба?

– Қайдағы! Уақыт жоқ.

Осындай əңгімеге құлақ үйренгелі қай заман?! Қым-қуыт тіршіліктің иіріміне тартылып, ештеңеге үлгерместей, сарсаңға түсіп күн кешіп жатқандаймыз. Əйтеуір, уақыт жоқ…

Кейде мəселенің мəнісіне үңілесің де, ойланасың. Шынымен-ақ, бізге уақыт жетпей ме? Əлде, «уақыт жоқ» деген əншейін сылтау ғана ма? Бəлкім, өзіміздің сылбыр, енжар, еріншек екенімізді ұмытып, бар кінəні уақыттың тапшылығына артып жүрген шығармыз? Осындайда мына бір əфсана ойға оралады екен.

Ертеде бір данышпан шəкірттерін үйіне шақырып, дастархан басына жинапты. Ауқаттанып болған соң, данышпан шəкірттеріне анадайда тұрған бос құмыраны көрсетіп:

–  Даладан тас теріп əкеліп, мынаны толтырыңдар, –  дейді.Ұстаздарының айтқанын екі етпейтін шəкірттер əп-сəтте құмыраны тасқа толтырыпты. Олар қайта-қайта сыртқа шығып жүрмеу үшін ең ірі деген тастарды таңдап алған екен.

551

Тас толы құмыраға бір сəт үңілген данышпан:

–  Бұған тағы бірдеңе салуға бола ма? –  деп сұрапты.

–  Болмайды! –  дейді шəкірттері.

–  Құмыра тасқа толды ғой!

Сонда данышпан сыртқа өзі шығып, бір уыс ұсақ тас алып келеді. Қиыршық тас құмырадағы үлкен тастың арасынан оп-оңай өтіп, тырсылдап төменге түсіпті.

–  Енді ше? Құмыраға бірдеңе салуға бола ма? –  дейді данышпан.

–  Қайдам! –  дейді шəкірттері. –  Енді ештеңе сыймайтын шығар?

Данышпан қайтадан сыртқа шығып, бір уыс құм алып келеді. Оны да құмыраға төгеді. Сусылдаған құм тастың арасынан емін-еркін өтіп кетіпті. Құмыра лық толады.

–  Енді не істеуге болады? Құмыраның ішінде орын қалды ма? –  дейді данышпан.

–  Жоқ! –  дейді шəкірттері. –  Енді бірдеңе салу мүмкін емес.

Сол сəтте данышпан құмыраға бір кесе су құйып жіберіпті.

–  Бұл тəжірибеден не ұқтыңдар? Мəнісі неде? –  дейді данышпан.

–  Мен түсіндім! –  дейді шəкірттердің бірі. –  Сіз бізге уақытты мысалға келтірдіңіз. Əншейінде уақыт жетпейтіндей көрінетіні алдамшы екен. Егер ретін келтірсе, уақыт бəріне жетеді екен.

–  Дұрыс! Уақыт бəріне жетеді. Уақытын дұрыс жоспарлаған адам ғана өмірде бəріне үлгереді, –  депті данышпан.

Бажайлап қарасақ, осы аңыздың артында ақиқат бар.  Уақытты тиімді пайдаланған адамның алатын еншісі де орасан. Жоспарлы еңбектің пайдасы  келешекті де қамтиды. Сондықтан адамзат ойшылдары уақытты алтынға теңеген.

Данышпан Абай атамыздың сөзіне құлақ түрейікші. «Сағаттың шықылдауы емес ермек» дейді. Санасы бар əрбір жан осы дыбыстың өзін түсінуге тырысады. Себебі, əр сəт – қайтып оралмайтын сəт. Оны дұрыс бағалағандар ешқашан ұтылмақ емес. Абай өмір тəжірибесінен өзі ұққан осындай қағидаларды ұрпағына өсиет етті. «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деуінде де үлкен мəн бар. Қандай нəрсе болсын, оның қадір-қасиетін дəл бүгін танып, дəл бүгін ажырата алғанға не жетсін!

18455741-Hand-writing-Time-Management-concept-with-red-marker-on-transparent--Stock-Photo

Ұлы адамдардың ғұмырнамасына көз жіберсек, олардың алтын уақытты барынша бағалап, барынша тиімді пайдалануға тырысқандарын көреміз. Мысалы, Италияның ұлы суретшісі, əйгіліөнертапқыш Леонардо да Винчи ерекше жұмыс кестесін қолданыпты. Ол жұмыс күнін 4 сағаттан бөліп, арасында 15 минут сайын көз шырымын алып отырған. Ұлы композитор Вольфганг Амадей Моцарт 6 жасынан бастап əуен шығара бастаған. Небəрі 35 жыл өмір сүрсе де, артына өлмес мұра – 626 ғажайып туынды қалдырып кеткен. Моцарт өте еңбекқор адам болған. Сөйте тұрып, оның үнемі сергек жүргенін, шаршауды білмегенін замандастары жазып қалдырған. «Мұның сыры неде?» дерсіз. Ешқандай құпиясы жоқ. Моцарт күн тəртібіне бағынған адам болыпты. Ол күнделікті сағат таңғы 6-да оянып, таңғы 9-ға дейін шығармашылықпен айналысқан. Қалған уақытын оқытушылық қызметке арнап, арасында концерттер өткізген. Кешкі сағат 6-да қайтадан шығармашылыққа ден қойып, тура сағат түнгі 1-де ұйқыға кеткен.

Тағы бір ескеретін жайт, Моцарт əрдайым қолына кітап ұстап жүріпті. Қолы қалт еткенде кітап оқыған.Ұлы физик Эйнштейннің тек бір үлгідегі киім кигені əмбеге аян. Бұл «əпенделіктің» артында алтын уақытты үнемдеу жатыр. Эйнштейн киім таңдап, «мынау маған жарасады, мынау жараспайды» дегенге бас қатырғысы келмеген. Оған кететін уақытын аяған. Дəл осындай киім талғамаудың мысалын айфонның «атасы» Стив Джобстың да, фейсбукты ойлап тапқан Марк Цукербергтің де бойынан байқауға болады. Мұны бір жағынан қарапайымдылық десеңіз, екінші жағы, сол баяғы, уақытты зая кетірмеу екені түсінікті жайт. Майкрософт компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтсті білмейтіндер кемде-кем. Бүгінде əлемдегі ең бай адам саналатын Гейтс аз ғана уақытта жетістікке жеткен жоқ. Гейтс феноменінің артында табиғи дарын, ұшан-теңіз білім, қажырлы еңбек тұр. Сонымен қатар, ол – уақытын бағалаған жандардың бірі. Ол жастайынан-ақ, күн тəртібін түзіп, не істеп, не қоятынын алдын ала жоспарлап отыруға дағдыланған екен. Студент кезінен бойына қалыптасқан əдеттердің бірі – үйден тамақ ішпейді. Өйткені, тамақ жасауды уақытты текке сарп ету деп ұққан. Миллиардер Гейтс сол əдетімен күні бүгінге дейін үйінде аспаз ұстамай, көшеден тамақтанады екен.

Уақытты үнемдеп, тиімді пайдалану Батыс елдерінде əлдеқашан арнайы ілімге, өмір салтына, тіпті өзіндік өнерге айналып кеткен. Ол – Тайм-менеджмент немесе уақытты басқару туралы ілім. ХХ ғасырдың аяғында пайда болып, қазіргі кезде жан-жақты жетіліп, сан салаға бөліне бастаған бұл ілімнің қазіргі заман адамына ауадай қажет екенін айтады мамандар.

Шағын мақалада тайм-менедж-ментті түгелдей талдау, қағидаттарын тəптіштеп түсіндіру мүмкін емес. Десек те, оның бүгінгі күні аса танымал болып отырған қарапайым əдістерімен таныстыра кетейік.

  1. «Қызанақ» немесе «таймер» əдісі. Бұл əдісті италиялық студент Франческо Чирилло ойлап тауыпты. Ол емтиханға дайындалғанда таймерді 25 минутқа қойып, лекцияларды зырылдатып оқыған. Сосын 5 минут демалып, ойын басқаға аударып барып, қайтадан таймерді іске қосқан. Осылай 4 «таймер» өткізіп барып, 35-30 минуттық үзіліс жариялап отырған. Бұл əдістің тиімділігі неде? Физиологтардың айтуынша, əрбір адам бір іспен 25-30 минуттай беріле айналысуға қабілетті екен. Содан соң миы шаршай бастайды. 5 минуттық үзіліс осы ми жұмысын тез арада қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Яғни, бұл əдіс – адам ағзасының биоритмдеріне негізделген əдіс. «Таймер» əдісін қолдана отырып, кезек күттірмейтін маңызды істерді тез арада атқаруға болады екен.
  2. «Бақа өлтіру» əдісі. Əдетте əр адамның істегісі келе бермейтін, бірақ істеуге тиісті жұмыстары болады. Кейде аса жақтыра бермейтін адамға хабарласуға тура келеді. Кейде барғың келмейтін жаққа барып, кірмейтін есікке кіруге мəжбүр боласың. Тайм-менеджментте мұндай сүйкімсіз істердің бəрін «бақа» деп атайды. Осы «бақаларды» бірінші кезекте өлтіріп отыру керек. Басқаша айтқанда, осы жұмыстарды бірінші кезекте бітіріп, олардан құтылып алу керек.

Time-Management

Бұл əдістің тиімділігі. Психологтардың айтуынша, істегің келмейтін жұмыс бітпейінше көңіл-күйің орнықты болмайды екен. Егер олар істелмесе, адамның күні бойы еңсесі түсіп, мазасы қашып жүретін көрінеді. Ал «бақаларды» бірінші кезекте «өлтіріп» тастаған жағдайда басқа жұмысқа ынтаң артып, өнімді жұмыс істеуге мүмкіндік туады.

  1. «Піл» əдісі. Тайм-менеджментте біршама уақытты қажет ететін үлкен жұмыстарды «піл» деп атайды. Мысалы, ол дипломдық жұмыс, диссертация немесе үйдің құрылысы болуы мүмкін. Мұндай жұмыстарды кезеңдерге бөліп тастау керек екен. Жəне шама-шарқыңды ескере отырып, бүге-шүгесіне дейін жоспарлап алған ұтымды болмақ. Сонда біртіндеп отырып, денесі зор «пілдің» өзін «жеуге» болады екен.

Тиімділігі. Кез келген үлкен жұмыс адамға қорқынышты көрі-неді. Ал егер күндерге, айларға бөліп, нақты жоспар құрып алсаң, оны оңай еңсеруге мүмкіндік аласың.

Уақыт жайлы айтылған мынадай қанатты сөз де еріксіз өзіне назар аудартады. «Жеңіс пен жеңілістің арасында бір ғана кедергі бар. Ол – «уақыт жоқ» деген ұғым ғана» (Франклин Филд). Иə, солай! Зымырандай зулаған уақыт ешкімді де аямайды. Егер «ертең істеймінмен» күніңді өткізіп, уақыттың көшінен қалып қойсаң, опық жеп өкінерің анық. Керісінше, атқарылуға тиісті жұмысты күнделікті еңсеріп отырсаң, уақыттың да салмағы білінбек емес. Кешкісін қылаулап жауған қарды көресің де, елемейсің. Ал таңертең аулаға шыққан кезде ол тізеден келіп тұрады. Уақытты игерудің заңдылығы да тура осындай. Тұрақты жұмыс кестесінен жаңылмаған адам біраздан соң қыруар істі тындырып тас-тағанын байқайды. Тіпті, «осыны мен істедім бе?» деп өзіне-өзі таңғалады. Уақытпен бағындырудың бар құпиясы да осында. Ал уақытты бағындырған адам, сөзсіз, жетістікке жетеді.

 

Бағдат МƏЖИТОВ

«Ақ желкен» журналы, №12

Желтоқсан, 2016

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз