Ізінен аңыз ерген

Жадыра НАРМАХАНОВА

СҮЙЕ БІЛСЕҢ, СҮЙДІРЕ БІЛСЕҢ…

Мен өткенде «Титаниктегі» Розаның әже кейпіндегі бейнесінің қазақы прототипімен жолықтым… Біз оқушы кезде әйгілі «Титаник» фильмі шыққан. Алып лайнердегі Джек пен Розаның махаббаты аяулы, һәм аянышты… Шашы әппақ қудай әженің баяндаған махаббат хикаяты бізді әліге дейін тамсандырып, көзімізді телеэкранның алдына байлап қоятынын несіне жасырайық…

Махаббат деген – кинода махаббат, ал өмірде ол жоқ… Көпшілігіміз солай ойлаймыз. Өйткені, өмірде сүйген жүректер қосылып, шаңырақ көтеріп, бала-шағаны жетілдіруі керек. Қосылған қос жүрек бірін-бірі толықтырғанда, ауырмайды да, сыздамайды да. Кәдімгі күйбең тірлікпен жан бағып, тіршілік жалғаса береді. Бұл – отбасылық қалыпты жағдай сияқты. Ал махаббат деген – бір-біріне қолы жетпей сағынысу, аңсау, қысқасы, өткен күннің тәтті естеліктерімен өмір сүретін сезім сияқты көрінеді көпшілігімізге. Әйтеуір қол жетпей қалғандар мен болмай қалған баянсыздықтың бәрі махаббатқа ұқсайды кейде…

Ол Алматы қаласында, Панфилов көшесіндегі №126 үйдің отызыншы пәтерінде тұрады. Роза әжейдің немере қызы отырушы еді ғой жанында. Есіңізде болса, кемпірдің айтқанын сценаристер, режиссерлар, операторлар таспаға түсіріп алатын. Біздің күй де сол болды. 30-пәтердің қоңырауын басқанымда, сол кинодағыдай мен іздеген апаның қызы есікті ашты. Ол отырған бөлмеге бастап барды. Шашының бір тал қарасы жоқ қария орындықта отыр. Қарсы алдында жап-жас жігіттің портреті. Портреттегі бейне 30-35 жастамын дейді көрген көзге. Ал оған тамсанып, табынып отырған бейне 89 жаста! Бірақ, оларды «Титаник» секілді алып лайнер үлкен мұхитқа лақтырып сынамады. Оларға «Титаниктегіден» мың есе ауыр жүк артты тағдыр. Қазақ деген тәлейлі ұлттың болашағы жолында көрмегенді көрсетті. Біз кездескен қария әйгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың ошағының отын өшірмей отырған Халима Бекмұхамедова еді…

Мен енді сол кісімен бірге өткен күндерді еске аламын… Өткен уақыт пен бүгінгі күннің арасында «елші» болам… Менімен бірге «Махаббат деген не? Аңыз махаббат қандай болады?» деген сұраққа жауап іздеп көрерсіз, бәлкім…

ОЙЫ БҰЛДЫРАМАПТЫ…

Халима апаның қолында қағаз, айналасы толған кітап. Қағазға күйеуі туралы айтпақ ойын қазақшалап түсіріп алыпты. Ал кітаптардың не кітап екенін сіз де іштей сезіп отырсыз. Иә, күйеуінің жазған еңбектері, күйеуі туралы жинақталған деректер…

«Жадыра қызым, Ерекеңнің заманында көбіне лекцияларды орысша оқитын еді ғой, кейде арасында қазақша дәріс оқып қалады. Сондай кезде үйге ерекше қуанып келетін: «Біздің қазақтың балалары білімге, ғылымға ұмтыла бастады. Бұл деген қазақтың болашағы бар деген сөз», – дейтін. Аталарыңның аманаты бойынша үш немерем де Алматыдағы №12 және №159 қазақ мектептерін бітірді. Қазақтың баласын басқа тілді мектепке берудің қажеті жоқ екен. Мысалы, Ерекең ауылдан шыққан нағыз қазақтың жігіті еді. Қазақтың атын әлемдік деңгейде асқақтатқан Қаныш Сәтбаев та, Мұхтар Әуезов те өз ана тілінде оқып, ешкімнен кем болған жоқ, керісінше, ұлтының атын асқақтатты. Заман орыстыкі болған соң, біздің балалардың барлығы орысша оқыды», – деп күрсініп алды әжей. Дауысы саңқылдап тұр, тың. Мен атымның кім екенін осы кездесуден 4 күн бұрын телефон арқылы айтқам. Ұмытпапты. Осынысынан-ақ ойының бұлдырамағанына кәміл сеніңіз.

Әрі қарайғы әңгімені Халима апа өзі баяндасын.

«АЙТТЫМ СӘЛЕМ, ҚАЛАМҚАСПЕН» СӨЗ САЛЫПТЫ…

1946 жылдың мамыр айы. Тәшкендегі Әлішер Науайы атындағы кітапхана. Дипломдық жұмыс жазып жүрген кезім. Ермұхан докторлық жұмысымен ізденіп жүр екен. Ол кезде оның жасы отызда. Бірақ ол өз жасынан әлдеқайда жас көрінді. Орта бойлы, денесі тіп-тік, ойлы көзі мені өзіне бірден баурап алды. Оны көрген кез келген қыздың ғашық болмауы мүмкін еместей көрінді. Өте сымбатты болатын. Әйгілі композитор Евгений Брусиловский: «Ермұхан кинода ойнайтындай көрікті азамат», – деп тамсанып отыратын. Ерекеңнің сыртқы сымбатынан бөлек, оның «Туркестанские сборникиді» оқитыны қатты қызықтырды. Кітапханада ылғи оның не оқып жүргенін бақылап жүретінмін.

Ерекең де маған ғашық болды. Біріншіден, мен жаспын, ол менен он жас үлкен. Екіншіден, мен оның жанын түсіндім, айтқанын екі етпейтінмін.

Бір күні ол мені кездесуге шақырды. Мен кешігіп қалдым. Ол мені күтпей, кітапханаға іздеп келіпті. Ренішін, уәдеде тұрмайтын адамдарды ұнатпайтынын жеткізді. Сосын екеуміз бірге театрға бардық. Антрактіде тысқа шықтық. Сөмкесінен кітап алып, маған сыйлады. Алғаш басылған Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы екен. Кітапты беріп тұрып, Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін ақырын орындап берді. Қазақстанда оқыған адамдар арасында бұл әннің тап сол кезде кеңінен айтыла бастағанын айтты. Содан бастап Абайдың әні біздің махаббатымыздың символына айналды. Ал Ермұханның алғаш сыйлаған сол кітабы әліге дейін өзімде сақтаулы тұр.

ҮСТЕЛДІҢ ҮСТІНДЕГІ БАУЫРСАҚТАР МЕН БӘЛІШТЕР…

Мені бірінші рет мейрамханаға шақырған жігіт те Ермұхан болды. Оған дейін ешқашан мейрамханаға барып көрмеппін. Қатты толқыдым. Сол сәтте не ішіп, не жегенімізге дейін әлі есімде. Ерекең мені Мәскеуде болатын диссертациялық жұмысын қорғауға қатысуға шақырды. Біздің енді жолымыздың екіге айырылмайтынын, мәңгілік бірге болатынымызды, өзін күтуімді өтінді. Қайтар жолда ол кісі тұратын қонақүйге соқтық. Бөлмесіне кіре сала көргенім – үстелдің үстіндегі Алматыдан әкелінген бауырсақтар мен бәліштер. Сол кезде ғана оның отбасылы адам екенін сездім… Сонда да оны шексіз жақсы көре бердім. Миымнан, жүрегімнен бір сәтке де жұлып алып тастай алмадым…

Өзімнің жаңа танысым туралы анама айттым. Ол кісі бірден үйге шақырды. Анам мен сіңлім Хадиша Ерекеңді асыға күтті. Үйге келгенде ол анаммен ұзақ сөйлесті. Шешем өзінің зайсандық көпес Пидахметтің қызы екенінен бастап, «халық жауының» әйелі ретінде Тәшкенге бас сауғалап келгенін, алашордашы әкем Адамбектің өмірден өткенін, бәрін-бәрін жылағандай болып баяндап берді. Екеуінің әңгімесі жарасып кетті. Анама оның оқығандығы, қазақ зиялыларын білетіндігі қатты ұнады. Ал ол менің текті жерден шыққаныма көз жеткізгендей болды… Апамның сондағы бар ойы – мені өзбек жігітіне тұрмысқа бермеу еді.

Мәскеуде жүрген кездерімізде Ермұхан букинистік дүкендерді жиі аралап, кітаптар сатып алатын. Ол жерде күні бойы жүре беруге бар. Бірде ол Шоқан Уәлихановтың 1904 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген шығармалар жинағын тауып алды. Шоқанды оқыған Ермұхан оны пір тұтты. Шоқан туралы үлкен еңбек жазғысы келді. Өзін де Шоқан сезініп, еліктеді.

ҚАНЫШ СӘТБАЕВ БАНКЕТ ЖАСАП БЕРІПТІ…

1946 жылдың 14 қазанында Ерекең диссертациялық жұмысын Мәскеуде қорғады. Қорғауға қазақтың зиялы азаматтарының біразы қатысты. Әйгілі биолог Кәрім Мыңбаев, химик Ерден Әзербаев, жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлы, академияның президенті Қаныш Имантайұлы секілді қазақтың аяулы азаматтары Ерекеңнің еңбегіне ерекше ықылас білдірді. Бірақ қорғау өте қызу пікірталаспен өтті. Әлі есімде, сол кезде мәскеулік ғалымдарға арналған дастарханның ақшасын Қаныш Сәтбаев өз қалтасынан шығарған. Бірақ мен ол банкетке қатыспадым. Өйткені, ол жерге баратындардың көбі Ерекеңнің бірінші әйелін танитын еді. Сол кезде банкетке бармай қалғаныма жаным ауырды… Қанша жерден қамықсам да, сыртқа шығарғаным жоқ. Ермұхан кейіннен мені құрбыларыммен бірге «Москва» мейрамханасына апарып, арнайы дастархан жайды. Бірақ, қорғаудан соң Ерекең ашуланып жүрді. Себебі, диссертациялық жұмыстан бөлек оның жеке өмірін де сөз қылып, талқылағандар көп болған. Екі әйел алғаны үшін жерден алып, жерге салған ғой, қысқасы. Ол кезде маған да оңай болған жоқ. Өз тағдырыма риза болмай, қанша түнді жылаумен өткіздім. Біздің бір-бірімізге деген сезімімізді, ынтызарлығымызды өзгеге түсіндіру мүмкін еместей еді.

ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДОВПЕН КЕЗДЕСУІ…

Воронежда оқып жүргенде жатақханада тұрған. Жуынатын бөлмеден терезеге қараса, ылғи таңертеңгілік уақытта жатақхананың алдынан бір қазақ өтеді. Содан бір күні Ермұхан әлгі қазақпен арнайы барып танысады. Сөйтсе, ол Халел Досмұхамедов болып шығады. Халел дәрігер болса да, қазақтың әдебиеті мен тарихына бей-жай қарамаған кісі. Негізі Ерекеңе Кенесары туралы жазуды Досмұхамедов айтқан. Әйтпесе, Ресейде орыс тарихын оқып жүрген жігіт оған дейін Кенесары туралы ештеңе білмеген екен. Міне, бұл –

сол кездегі қазақ зиялыларының мықтылығы. «Мен медицинаны біліп, адам емдесем болды» деп жүре бермеген. Кейіннен Халелдің қызы Қарашашпен сөйлестім. Ол үйлеріне Ермұханның жиі келіп, әкесімен пікірлесіп тұрғанын айтты.

ПРОФЕССОРДЫ АУЫЛ МЕКТЕБІНЕ ЖҰМЫСҚА ӘРЕҢ ҚАБЫЛДАҒАН

Бас қосқан бастапқы жылдарымыздан бастап-ақ қиындыққа тап болдық. Ерекеңнің докторлығының мәселесі екі жылдай қаралды. Ермұхан үйде өзінің ғылыми жұмысын достарымен талқылап, қызылкеңірдек болып отыратын. 1947 жылы «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» атты монографиясы алғаш басылып шықты. Кітап шыққаннан бастап біздің басымызға қара бұлт үйірілді. «Феодалдық жүйені көксейді, Кенесарыны идеал ретінде көрсетеді, ұлтшыл» деген айыптар тағылды.

Ермұхан қарапайым ауыл мектебінде сабақ беруге рұқсатты әрең алған. Әйтпесе, білдей профессор деген атағы бар ғой. Әуелі оны Алматы облысындағы Нарынқол ауданының мектебіне жіберді. Бірақ оқу тоқсаны аяқталмай жатып, Жамбыл облысы Шу ауданы Новотроицк ауылындағы Горький атындағы мектепке ауыстырды. Себебі, Нарынқол шекаралы өңір болғандықтан, Қытайға қашып кетуі мүмкін екен. Бірақ Ермұхан мойымады. Жазғы каникул кезінде «Қазақстанның Ресейге қосылуы» атты жаңа монографиясына материалдар жинау үшін ғалымдармен ақылдасып, кітапханалар мен архивтерде жұмыс істеуге Мәскеуге барды. Бұл сапардан кәдімгідей рухтанып келді. Өйткені, ғылыми жұмысына қатысты біраз деректер тапқан еді.

1950 жылы қыркүйек айында Ермұханды тұтқындады. Үйімізде тінту жүрді. Бүкіл кітап-қағаздарымызды шашып-төгіп, үйдің астан-кестеңін шығарды. Тергеу кезінде Ерекеңе әбден қоқан-лоққы көрсеткен. Өзінің айтуынша, «жансыздар» Әуезов пен Сәтбаевты Ерекең арқылы жазалағысы келген. Бірақ Ермұхан қадірлі азаматтар туралы тіс жармады. Үш ай бойы тергеу жүргізді. 4 желтоқсанда соттың шешімі шықты. Ерекеңді 25 жылға бас бостандығынан айыруға шешім қабылдады. Соттың үкімі оқылғанда, менен көз алмай қарап отырған асыл азаматым еріксіз жылап жіберді. Сондағы жанымның ауырғаны-ай…

«АҚ ЖАУЛЫҚ» ТА СЫНАЛАР КҮН…

Мені «халық жауының» әйелі ретінде түртпектейтінін сездім. Сосын Алматыдан кетуге шешім қабылдадым. Сол кезде үш жерде жұмыс істейтінмін: ЖенПИ-де, №12 мектепте, құрылыс техникумында. Үшеуінен де өз еркіммен жұмыстан шықтым. Сөйтіп күйеуімнің ісін қайта қарау жөнінде арыз жазып, Мәскеуге бардым. Онда Ермұханды сыйлайтындар маған ақша беріп, жұмыстар ұсынды. Бірақ олардың көмегінен бас тартып, Тәшкенге кеттім. Институтқа жұмысқа орналасатын болдым. Бастапқыда жұмысқа қабылдауға келісім берген кафедра меңгерушісі ертесі өз шешімінен айнып қалыпты. Сөйтсек, жоғарыдан қоңырау түсіпті. «Халық жауының» әйеліне жұмыс істеуге болмайды екен. Алайда, біз заң жүзінде некелеспеген едік. Балаларымыз Ермұхан мен Сермұхан да менің фамилиямда болатын. Сегіз жыл бойы ажырасуға рұқсат бермеген Ерекеңнің бірінші әйелі Әмина 1953 жылы өз еркімен сотқа арызданып, заңды некелерін бұзды. Себебі, әкелерінің аты қыздарының болашағына зиян тигізуі мүмкін екен…

Рона деген құрбымның арқасында Тәшкендегі қыздар педучилищесіне жұмысқа орналастым. Сонда жүріп Алматыда қалған отбасымды асырадым.

Сталин өмірден өтіп, Хрущев билікке келгенде ғана Ермұханның ісі ақталды. Ермұханнан білместік үшін кешірім сұрады. Бірақ Сібірдің суығы Ерекеңнің өкпесінен өтіп кетіпті…

Ол мұғалім болып жұмыс істеді ғой. Сосын ба, балалардың болашағын көп ойлайтын. «Тарихты жазғанда, ең бірінші кішкентай балалар түсінуі керек. Сонда ғана еңбегіңнің ақталғаны», – дейтін. Ауылды жерде мұғалім болса да, өте сәнді киінетін. Тіпті шұлығы мен бет орамалының да үйлесіп тұруына мән беретін.

БЕКМАХАНОВ ӨЗІН БАЛАЛАРЫНЫҢ КӨЗ ЖАСЫНА ҚАЛДЫМ ДЕП ЖАЗҒЫРЫПТЫ…

Жиырма жыл отасқанымызда Ерекең мені бірде-бір рет алдаған емес. Тіпті ұрсысып та көрмеппіз. Ол кісіге «сен» деп емес, «сіз» деп сөйледім. Егер шын сүйсең, екінші жартыңның жанын ауыртып алмауды ойлайды екенсің. Ерекең екеуміз бір-біріміздің қас-қабағымызға қарап жүретінбіз. «Мен қиындық көрсем көрейін, тек оның жаны ауырмаса екен», – деп тілейтінмін.

Бірінші әйелі татар ұлтының қызы еді. Мінезі адуындау болған екен. Ерекең ауырып, қайтыс болар кезінде: «Ешкімге жамандық жасамап едім. Осындай күйге душар болуым қыздарымның көз жасы шығар», – деді. Ол өзіне осылай сын көзбен қарай алған азамат.

Ол бірінші отбасынан ешқашан қол үзген жоқ, араласып тұрды. 7200 сом айлық алатын. Соны екі отбасына теңдей бөлетін. Жиырма жылда ешқашан ақшаны сөз қылмадық. «Ақшасын санап, мынадай асыл азаматтың басын қорламауым керек» деп ойладым. Жазған мақалаларының, кітаптарының қаламақысын бәйбіше алып отырды.

Ғылымда да, тұрмыста да қиыншылықты көп көрді. Біз айлықтан-айлыққа үнемшілдікпен әрең жеттік. Бірге санаторийге бара алмайтынбыз. «Елдің бәрі демалыс орнына әйелімен барады. Келесі жылы бірге барайық», – дейтін. Бірақ, келесі жылы да бірге баруға мүмкіндік болмайтын. Кейде жұмыстарында бірдеңелерге ақша жинайды ғой. Сонда: «Менің қалтамда тиын-тебен болмай, ұялып қалдым», – деп келіп отыратын үйге.

«10 МАМЫРҒА ДЕЙІН ЖАНЫМДЫ САҚТАЙ ТҰРЫҢЫЗДАРШЫ» ДЕПТІ…

Ол кісімен кездеспесем, қарапайым мұғалім болар едім. Ерекеңнің қамшылауымен аспирантураны бітіріп, Мәлік Ғабдуллин басқарған кезден бастап 40 жыл бойы Абай атындағы ҚазҰПУ-да жұмыс істедім. Күйеуімнің арқасында диссертация жаздым. Ерекең жиырма аспирант шығарса, мен 19 аспирант дайындадым, оның ішінде төртеуі ғылым докторы болды. Ерекең жазғандарымды үстінен түзеп беретін. «Сен қалайда ғылыми жұмысыңды қорғауың керек. Сонда ғана мен кеткенде балаларды жетілдіре аласың», – дейтін. Ауырып жатқанда дәрігерлерге: «Менің жанымды 10 мамырға дейін сақтай тұрыңыздаршы», – депті. Өйткені, 10 мамырда менің қорғауым еді. Бірақ, Ерекең 1966 жылдың 6 мамыры күні үзілді. Жетісіне жер қойнына тапсырдық. Оны күні бар күшімді жинап, жасымды тыйып, қорғауға бардым. Себебі, ғылыми жұмысымды қорғап, балаларды жетілдіру ол кісінің соңғы аманаты еді.

СЕНЕН ДЕ БАСҚА  ӘЙЕЛДЕРІ БАР ДЕП АЗҒЫРЫПТЫ…

Ерекең абақтыда жатқанда маған бүркеншік атпен талай хаттар келді. Онда: «Мен Ермұханның Ферғанадағы әйелімін», – деп, балаларына жәрдемақы бермей жүргенін жазатын. Кейіннен бәрін Ерекеңе көрсеттім. Бірақ ондай хаттардың біріне де сенбеп едім. Мен тек күйеуіме, оның адамгершілігіне, адалдығына ғана сендім. Өзі өжет еді. Бастықтардың кабинетінің алдында ешқашан күтіп отырмайтын, тіке кіріп кететін. Қанша жерден ер мінезді болса да, ол романтик болды. Театрға барғанды, қыдырғанды жақсы көретін. Өзімді өте бақытты әйел санаймын. Себебі, сондай қиыншылықта мен оның жанында жиырма жыл бірге өмір сүрдім.

КҮЙЕУІНЕН ҚАЛҒАН АСТЫ ІШІПТІ…

Ермұхан қомағай емес еді. Қазақтың етін асып берсең, одан артық ештеңенің керегі жоқ. Екеуміз мейрамханаға барғанда мен оған: «Сіз қалағаныңызды алыңыз», – деп өзім ешқандай тамаққа тапсырыс бермейтінмін. Күйеуімнен бәрібір тамақ артылып қалады. Мен соны жей салатынмын. Ол кісінің өкпесі ауырды ғой. Бірақ, мен сол үшін одан жиіркенбеуші ем. Өйткені, ол асыл жігіт қой, бармағынан башпайының қара тырнағына дейін қасиетті болатын.

54 ХАТ САҚТАЛЫПТЫ…

«Ерекең өте ұқыпты болды. Абақтыда жатқанда екеуміз де бір-бірімізге жазған хаттарды сақтадық. Кейін санап қарасам, 54 хат бар екен. Екеуміздің жазған хаттарымызды «үш әріптің» адамдары оқиды ғой. Бірақ, Ерекең хаттарды сондай шеберлікпен, қайсарлықпен жазады. Өзінің ақ екенін, ешкімді сатпағанын әдемі жеткізетін. Әйтпесе, Ерекең сияқты адамдардың қаншасы абақтыда асылып қалды».

Халима апа айтқан хаттарды түгел оқып шықтық. Бекмахановтың абақтыдан аман шығуына сеп болған – ең алдымен әйелі екеуі арасындағы хаттар сияқты. Үмітке, сенімге, сүйеуге толы хаттар… «Сүйікті Галочка!» деп басталған хаттарда сағыныш сезімімен қатар, Бекмаханов әйеліне ылғи өтініш айтып отырған. Бірде жылы киім керек десе, бірде жейтін ас-ауқат, бірде ақша сұрайды. Тіпті түрмеге газет-журналдар жаздырып беріп, жаңадан шыққан кітаптарды жіберіп тұрыпты. Әйелі күйеуінің бірде-бір хатын жауапсыз қалдырмаған. Айтқандарының бәрін орындаған. Мысалы, бір хатында: «Галочка, жанымдағы қазақтар менімен бірге тамақ ішпейтін болды. Өйткені, олар менің салы жейтінімді біліп қойып, менен теріс айналды. Бір жағынан ас-ауқатыма ортақтаспағандары да жақсы болды», – дейді. Бекмахановтың өкпесі ауырғандықтан, дәрігерлер оған әлгіндей майлы тағамдарды көбірек жеу керек деген. Жөтел жанын жеп бара жатқасын амалсыздан салы жеуге мәжбүр болыпты.

АТТАС ҰЛЫ ӘКЕСІНІҢ АРТЫНАН КЕТТІ…

«Біздің үлкен ұлымыздың аты да – Ермұхан. Негізі қазақтарда әкесінің атын баласына қою деген дәстүр жоқ қой. Бірақ, Ерекең бірінші әйеліндегі үш қызынан кейін ұлды болуын қатты қалады. Аяғым ауыр кезде іштегі баламызды «Кішкентай Ермұхан» деп еркелетіп, сөйлесетін. Құрсақта қойылған атын туылғанда өзгерткісі келмей: «Мен ұзақ өмір сүрмеймін. Менің қалған ғұмырымды балама берсін», – деді.

Ермұханнан кейін Сермұхан мен Қарлығаш дүниеге келді. Ерекеңнің соңында қалған 5 баласы да қазір аман-есен, бір-бірімен араласып тұрады. Тек өзімен аттас ұлы 57 жасында әкесінің артынан кетіп қалды… Соңында ұрпағы қалмады. Мәңгіге ұйықтап кетсем, баламның аты аталмай қала ма деп те қорқамын. Өзінің мамандығы математик болатын. Бірақ кино саласында ұзақ жылдар еңбек етті. Өте зерек бала болған. Кішкентай кезінде көпқабатты үйлердегі жарықты үнемдеу үшін күндіз подъездегі жарықты сөндіріп қоятын құрылғы ойлап тапқан. Сөйтіп, Алматыдағы біраз үйлердің жарығын үнемдейтін. Ерекеңнің кітабы алғаш басылғанда, кітапханалардан қайта жинатып, өртеп тастаған. Сонда ұлым Ермұхан әкесінің кітабын сақтап қойыпты. Соның арқасында тарихшы Бекмахановтың жазғандары бүгінгі ұрпаққа жетті», – дейді баласы мен жан жарын сағынған апа. «Күйеуімнің 100 жылдық мерейтойын өзім басы-қасында жүріп ұйымдастырсам арманым жоқ еді. Бір жыл шыдасам болды. Кітаптарын тағы да бастырып шығарсам», – деп қалған мұрасын буып-түйіп отыр.

Құдай-ау, адамның жасы тоқсанға келсе де, жанары жанып кетеді екен ғой. «Асыл ерім» деп елжірегенде, Халима апаның екі көзінде нұр ойнайды. Әлі ғашық. Әйтпесе, ол әйел ретінде күйеуінен кітаптан өзге сыйлық алып көрмеген. Керісінше, күйеуінен көбірек жұмыс істеп, отбасының негізгі асыраушысы болған. Бірінші әйелі қаламақыны сыпырып алып кетсе де үндемеген. «Жаспын, екі ұл таптым» деп міндетсімеген. Араларына басқа әйелдер киліксе де, күйеуінің айтқанына ғана сенген.

Халима апаның үйінен келгендегі әсерімді бір заманқұрбыға айта қойып едім, түсінбеді. «Мейрамханада күйеуінен қалған тамақты ішу – күйеуінің әйелін сыйламағаны ғой», – дейді. Бәлкім, адами құндылықтар арзандап кеткен қазіргі көзқараспен солай шығар. Бірақ күйеуінің қара тырнағына дейін қадір тұтқан әйел оның аты жаман ауруға шалдыққанын білдіргісі келмеген, «өлсем бірге өлейін» деген ғой. Егер қара басын ойласа, одан қалған ас-ауқатты ішпес еді. Абақтыдағы ауру күйеуін күтпей, жаңа өмір бастап кетіп жатса, оған кім қой деп жатыр. Өйткені, оқыған қыздың айналасында қаншама «менмін» деген жігіт жүрді емес пе? Егер басқа әйел болғанда, қырық жасында жесір қалса, қылық ашып, екінші рет тұрмыс құрар ма еді, кім білсін? Егер шын сүймесе, мұның біріне төтеп бермес еді… Егер Бекмахановтың сүйегі асыл болмағанда, Халима апа оны сонша құлай сүймес те еді-ау… Жігіттердің төресі ғана шынайы махаббатқа, құрметке лайық емес пе?!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз