Бұл қандай шығарма?

Жадыра НАРМАХАНОВА

САУ-СӘЛЕМЕТПІСІЗ, ЛИРА ҚОНЫС?..

Саусәлеметпісіз, Лира Қоныс?.. Сіздің мәртебелі прозаңызды оқып, хат жазып отырған оқырманыңызбыз ғой. Біздің пікірімізді түсініп оқып шығарсыз деген үміттеміз. Сонымен, бірінші адамдығыңыздан бастасақ

Лира Қоныс екеуміз бір облыстанбыз. Қай аудан екенін білмеймін, бірақ. Әйтеуір Түркістанда бір университетте оқыдық. Ол журналистикадан дәріс оқыған ағайымыз Сейдолла Садықұлының сүйікті шәкірті болды. Мен де. Біз оқуға түскен кезде журналистикада Лира Қоныс пен Айгүл Сейілованың (ақын қыз) атағы аспандап тұр екен. Қыркүйек айында-ақ кітапханада қырылып қала жаздап, Лираның «Сізге ғашық қызына» кезекке тұрдық. Сол кезде еліктеу ме, солықтау ма, Түркістандағы журналистикаға түскен «балмұздақтың» барлығы Лира сияқты жазғысы, Лира сияқты болғысы келетін. Несін айтасыз, студенттік газет түгілі, республикалық газеттерде жазғанда, Лирадай бір шыбықпен айдап салатын «батыр» жоқтай көрінетін бізге.

Қазір де бұл пікірден алыстай қойғам жоқ. Лираны біртүрлі жақсы көремін. Дәу де болса, «не жазады екен, не жазып жүр екен?» деген сауалым Лираны да төңіректеп жүреді. Бұл енді жерлестікке салып, бүйрегімнің бұрып тұратындығында емес (олай болғанда, қай ауылдан екенін жатқа соғар ем). Тіпті, өмірімде көрмегем, бірге отырып шай ішпегем. Бар болғаны – виртуалды жүйеде әңгімеміз жарасып тұрады. Лираның адам ретіндегі бір қасиетін айта кетейінші. Біздің ХҚТУ-дан мен сияқты талай қыз оқу бітіріп, Алматыға жұмыс істеуге келгенде, Лира сүйеніш болған. Лира жататын орын тауып беріп, шамасы келсе, жұмыс жайын да қарастырған. ХҚТУ-лік қыздарды өзі пәтерде жүріп, қолдан ұзатқан. Бір сөзбен айтқанда, Тереза шешей. Мұнысын сырттан естіп сүйсінгем. Лираның осы қасиетін білетін қыздар жалпы ауылдан келген іні-сіңліге (тек оңтүстік емес) әпше болуға тырысады. Соңынан осындай әдемі «дәстүр» қалыптастырған Лираны адам ретінде бағалауым осы. Хош, өткеннен бүгінге оралсақ.

«Ақ желкенге» «Кім плагиаттық жасаған? Олар қандай жазушылар?» деген мақала жаздық. Шығармашылық мүмкіндігін хал-қадірінше көрсетіп, дәлелдеп келе жатқан Мадина Омар мен Лира Қоныс жайында. Екі әпкем де өзгелердей «басқа шауып, төске өрлеген» жоқ. Керісінше, виртуалды жүйеде дым болмағандай, аспан түнермегендей, жауын жаумағандай сөйлесіп кеттік. Бұрынғыдан гөрі жақынырақ. Бәлкім, бұл екі қыздың да биіктігі болар. Лира ғана «Ақ желкеннің» сайтының соңына: «Бұл түсініктеменің иесі басқа біреудің атынан жаза салатын әлдебіреу емес, жоғарыда шығармашылығы сөз болған автордың өзі.
Мен осы мақаладан кейін екі әңгімені салыстыра тағы бір көз жүгіртіп шықтым. «Мадинаны баураған оймен мен де «ауырып» қалған шығармын» деп қанымда жоқ пәлсапашылыққа бармай-ақ қояйын, аталған әңгіме туралы пікірімді бір кездері «Қазақ әдебиетінің» бетінде айтқанмын. Аталған сюжетті шынымен ұрлап та алған шығармын… Әлдебір дарынсыз, не жазып, не қойып жүргенін ешкім білмейтін жазушылардан ұрлауға арланамын-ау… Бірақ, нардай Мадинадан ұрласам бетім еш қызармас еді(!). Мүмкін, жоғарыда айтылғандай «Жас Алаштан» көшіріп алған да болармын, қайдан алғаным тап қазір маңызды емес, қазіргі маңыздысы – шығарманың өз орынын таба білуі деп білемін. Бастысы – көлемі шағын осы екі әнгіме де өз оқырманын таба алды ғой. Оқырман жинай алғандығынан да осындай талқыға түсіп отыр. Әлем әдебиетінде бір сюжетке үш, төрт жазушының қалам тартқаны немесе бір әнгімені төрт, бес адамның бірігіп жазып шыққаны туралы да деректер кездеседі емес пе? Біздің ауыр ұйқыдан оянбай жатқан әдеби ортаны осындай шабына ши жүгіртер, «бәле іздеген» мақалалар ғана оята алатын сияқты. Соны тап басып көре білген Жадыраға рахмет!
» – деп пікір қалдырды.

Бірде ғаламторда отырғанымда Лира «әзірге мендегі жаңалық осы» деп суретті файл жіберді. Ашып қалсам, «Құлпынай қосылған балмұздақ» деп құйтақандай сары қыз тұр. «Роман» деген жазуы бар. Құтты болсын айтып, журналымызға сүйіншілеп беріп жібердік. Сонда оқырмандардан мынадай хаттар алдық:

«Айлин:

Осы Лира Қоныс қияли. Адамның ойына келмейтин нәрсені қалай табады екен? Шамасы, сериалды кө-ө-өп көреді-ау деймін…

Асыл:

Лира Қоныстың тұрақты оқырманымын. Бірақ бұным – ол менің сүйікті жазушым дегенім емес. Әдеби процессті үнемі қадағалап отырамын, сондықтан оқимын оны. Ол әпкеміздің еңбекқорлығы, ізденісі үлгі аларлықтай. Прозасы әлі балауса болса да, Лира құмырсқа өлермендігімен болашақта биік шыңдарды бағындырады деп сенемін. Жоғарыдағы үш қызға айтарым, біреудің сыртынан осылай қара пиар жасауды қою керек. Тақырыпты айқайлатып қоясыздар, жеме-жемге келгенде мақалаларыңыздан (егер оны мақала деп атауға тұрса!)тұщынып оқитын дәнеме таппай сипаланып қаламыз. «Лира Қоныс пен оның замандастары көсегемізді көгерте ме?» деп қарабайыр дүниені сүйкей салу оңай, ал шығармасын таныту, асылы мен жасығын айыру қиынның қиыны.

Дүйсенбиев Алмас:

Лира… Лира… Шығармаларының тақырыптары қызық-ақ! Оқисың, жымиясың, қуанасың… Тек, өте қысқа жазады. Көлемі көп болу керек. Бұл дәл қазіргі кезде Лираға ғана қатысты дүние емес, барша жас қаламгерлерге тиісті».

Жоғарыда Асыл деген оқырманымыздың назынан кейін Лираның «Құлпынай қосылған балмұздағын» Астанадан әупірімдеп жүріп алдырдық. «Ақ желкенді» оқығаннан кейін көпшілік оқырман Лираның романын шарқ ұрып іздеп кеткенінін де айта кетейін. Бұл да болса, Лираның сұраныстағы жазушы болып қалыптасып келе жатқанын көрсетсе керек.

Соныман «Құлпынай қосылған балмұздақты» қолға алдық. Бір байқағаным, оны оқу үшін «дайындығы бар» бас керек екен. Әйтпесе, алған жерден түсіне кету қиын. Лираның біраз әңгімесі осы романға кірігіп те кеткен. Жә, мен бұл жолы үндемей-ақ қояйыншы, Лираның өзге оқырмандары сөйлесін. Бағаласын. Жақсысы мен жасығын айқындасын.

ДАҚПЫРТ ДАҢҚ ЕМЕС

Лира Қоныс. Бұл қаламгерді біреулер асыра сілтеп мадақтап жатса, біреулер оны жоққа шығарады. Себебі, оқығанынан тек жақсылықты ғана көруге тырысатын ақпейіл оқырман болады, ақ пен қара бояудың қатар жүретіні секілді тырнақ астынан кір іздейтіндер де кездеседі. Десе де Лираның «Құлпынай қосылған балмұздағы» – мен ойлағандай тәтті емес екен. Кітаптың соңына жеткенше, балмұздақ еріп, құлпынай солып қалды.

Кітаптың басындағы анықтамалығында – «Роман тәуелсіздігіміз туындатқан жаңа әдебиеттің белгілерін танытады» дегенді оқып, қуанғанмын. Бірақ, ерте қуаныппын. Жаңа әдебиеттің белгілерін таппадым.

Қиялдың шым-шытырық байланыстарын сәнге айналдырған фантазиясының ұшығына жете алмадым. Себебі, әдебиет – бүгінгі тіршілікті ертеңге сыбырлап жеткізетін «өсекші» ғой.

Лира Қоныстың шығармасының прологы тым ұзақ, қажетсіз, «қаңғыбастардың» ішіп алып, мыжитынындай (Лираша).

Ол диалогта адамды I жақта сөйлетеді де, кімнің сұрақ, кімнің жауап беріп отырғанын білмей қаласың. Мысалы:

«– Саған әу баста тышқан аулап жеп үйрену керек еді, өмір сүруге қабілетсіз екенімді білесің ғой, – деп ренжідім. Бірақ, бес қабатты тас үйде тышқан қайдан болсын, бұл тышқанның сықпытын да танымайды.

– Онда далаға шығып күн көрсең қайтеді, жұрттың мысығы тамағын көшеден табады, – дедім.

Немесе,

Ол төмен қарап тұрды. Оған қарап күрсініп алдым.

–Ешбір өзгеріс жоқ, әлі көше кезіп жүрмін, – дедім.

Бір ғана өзгеріс бар… Абайды түсінгендей болдым, – дедім.

– …

Сен оны қайтадан тағы бір рет оқып көрші, – деп жалынышты көзбен қарадым: – Көріп тұрсың ғой, әлі де екеуміздің айырмамыз жоқ, тек Абайды ұққаным болмаса…

Мен жүрейін, – дедім».

Лираның шығармасын оқығанда көп кібіртіктейсің. Өйткені, ол сөздерді бұзып қолданады, емлені елемейді. Бұлай жазу оқиға сюжетіне кесірін тигізеді. Мәселенки, «Пендеуи әлемнен оны мың есе жоғары тұр деп пайымдадым, оны жібергім келмеген, жанымда мәңгілік қалғанын тілеп, кітапхана ақтарғам, жаза бергем, сөйткен сүйікті прозаға да дауыс көтердім бе деп налыды», – деген сөйлем сізге түсінікті ме?

Мұндай стильдік қателер емлелік қателерді өзімен бірге ертіп, кітаптың соңына дейін бір-бірінен ажырамайды.

Алмагүл кейіпкер реалистік «тірі» адам кейпіне ене алмай жатқанда, «көкіректі кермек кернеткізіп» деп айтып салады. Қай қазақ «кермек кернеткізіп» деп сөйлейді?!

Лира Қоныс «бейшара», «арсыз», «қаңғыбас» деген сөздерді көп қолданады. Жастардың тілдеріне өзек болады деп қорықпай ма?! Анасы мен әжесінен айырылған, енді кітаптан жылу іздеп, талай парақты тоздырған бейкүнә қызға қаратпаларды жөнсіз қолданады: «Бұл арсыздың Маркиз де Садты талай парақтағанын білемін» немесе «Сен бейшара көше кезіп әлі жүрмісің?»

Көркем туындының мазмұны емес, сыртқы түрі құндылық деп қабылданып отырғандай. Иә, шығарма сезім бейнесінің айнасы. Алайда бұл ассосацияға құрылған роман – сезімдердің өзгерісі емес, сезім көлеңкесі ғана.

Прозадан қанша кешірім сұраса да, оны әлі кешірмеген тәрізді. Өйткені, көркем туындының кейіпкерлері қырсығып, шындыққа жанаспайтын ессіздіктер өріп жүр. Бірақ, мұндай жағдайлардың шешімі кітаптағыдай болып шықпайды. Бәрі бұдан әлдеқайда күрделірек.

Әрине, жазушы кейіпкерлерін қалай жазамын десе де, ол оның құқы, еркі. Ал оқырманның талап ететіні не? Ол – сол қаламгер қалай болса, солай суреттеген кейіпкер қылығының нанымды болуы.

Ойды қорытсақ, автор талантты болар, бірақ өмірден емес, кітаптан үйренген!

Жәнібек ҚОЙТАЙ,

№130 гимназияның 10-сынып оқушысы.

Алматы қаласы.

«ҚҰЛПЫНАЙ ҚОСЫЛҒАН БАЛМҰЗДАҚТЫҢ»

ДӘМІН ТАТТЫҚ…

Ең алдымен, қазіргідей интернеттің құдайы беріп тұрған кезде жаңа шыққан әдеби кітаптарды, жас қаламгерлерді насихаттауға бет бұрған «Ақ желкен» журналының шығармашылық ұжымына ризалығымды білдіргім келеді. Бір әдеби кеңістікте өмір сүріп жатқандықтан, Лира Қоныстың жазған шағын әңгімелерін, оған қатысты әр түрлі пікірлерді ара-тұра қазақ басылымдарынан оқып жүретінмін.

Өзіне тән философиялық ойлары бар, жұрттың таптауырын болған жолымен жүруден қашып, жаңа формалар іздестіріп жүретін Лира Қоныстың отызға толар-толмастан оқырман қауымға ұсынған «ҚҰЛПЫНАЙ ҚОСЫЛҒАН БАЛМҰЗДАҚ» атты тұңғыш романы ерекше қызығушылығымды туғызды. Өйткені, Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқышында» (1926, 2003) романды «ұлы әңгіме» деп атап, ал «ұлы әңгіме жазуға үлкен шеберлік керек» екенін айрықша көрсеткен еді. Роман жазуға кез келгеннің тәуекел етпесі айтпасақ та, түсінікті жайт. Романның ерекше үлгілерін Англияда Ч.Диккенс, В.Скотт, АҚШ-та Дж. Лондон, М.Твен, Францияда Г.Флобер, А.Стендаль, О.Бальзак, Ж.Санд, Германияда Т.Манн, Г.Манн, Ресейде И.С.Тургенев, Л.Н.Толстой, Ф.М.Достоевский, тағы басқалары жасағаны белгілі. Бала кезден солардың романдарын оқып өстік.

Қазақ әдебиетінде бұл жанр Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік», С.Көбеевтің «Қалың мал»,

С. Торайғыровтың «Қамар сұлу», М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» шығармаларынан бастау алды. Кейін М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Х.Есенжанов, Ә.Нұрпейісов, І.Есенберлин, Т.Ахтанов, Ә.Кекілбай, Ә. Әлімжанов, М.Мағауин, Т.Сәукетаев сынды жазушыларымыз қазақ романын жаңа белестерге көтерді.

Сол алдыңғы буын ағалар көшіне көз тігіп, іздеріне еруге ниеттенген жас қаламгердің өзінің айтуынша, ол ойында жүрген осы бір шығарманы қағазға түсіру үшін айдан астам уақыт толғаныпты. Әрине, роман жазу оңай іс емес. И.Гете әйгілі «Фаустын» 60 жылға таяу, М. Шолохов «Олар Отан үшін шайқасты» деген романын 20 жылдан астам уақыт жазыпты. Өзіміздің ұлы суреткеріміз Мұхтар Әуезов «Абай жолын» жазуға жарты ғұмырын арнаса, Ә.Нұрпейісов «Қан мен терін» қанша жылдан бері қайта-қайта өңдеп, түзетумен келеді. Бұл – қаламгерлердің оқырман алдындағы жауапкершілігінің жоғарылығын, талғамының тереңдігін, өзіне деген қатаң талап қоятындығын көрсетсе керек.

Лира өз романының прологында: «Шимақтамаққа ниеттенгеніммен де мандытпадым, бақандай төрт рет жазып, төрт рет жырттым. Басымнан өткергенім ұзақ оқиға еді, бірақ, қарыстай ғана көлемге сыйдырғым келді, күрделі дүниеден түйгенім титімдей тәмсіл еді, тырнақтай түсініктің түйедей құны бар еді, сондықтан шығармамды роман деп атағым келді. Бұл-дағы шатпағым роман болсын деп тұжырған соң да сүйкеп жарытпадым, сайтан сезім ары да, бері де сүйреп, жазу үстеліне жолатпай, екі тәулікті босқа өткіздім» деп бастап, бұл шығармасының өмірге қандай қиындықтармен келгенін ерінбей жазыпты: «…Арпалыспен үш күн өтті. Бұл жолы проза да, мен де комедиялық рөлде ойнадық (?), ол ойына келген озбырлығын (?) көрсетті, мен барлық ережелерді(?) сақтап ойнадым. Шығарманың жазылуы жазбагердің еркінен тыс өрбитінін елемеппін, проза көкірегімде күмбірледі, құлағыма кеп сыбырлады, елемедім, енді ол мені түн баласына аңдитынды шығарды: Әр түні түсімде көктен түсіп келе жатқан үзік-үзік шығарма мәтіндерін көрдім… », «Сұмдықтар таң атқанша азабынан босатпады, көзім ілінулі болғаныммен, миымның тынымсыз жұмыс істегенін аңғардым, мәтіндер миымда жазылып жатты. Екі күн өтіп, үшінші күн жеткенде, асырағаныма жыл толған мысығымды қалай шақыратынымды есіме түсіре алмадым. Ұзақ ойланып отырып:

– Сенің атың кім еді, айтып жіберші? – дедім. Мынадай еді ғой деп айта қоярға тілі жоқ мақұлық тынымсыз мияулай берді. Елуге дейін жаңылмай санадым да, ары қарай дамытуға мұршам болмады. Сосын терезенің алдына тақап келіп, көкке қарадым.

– Мені неге қинай бересің? Қолыма қалам ұстай алар халде емеспін, үш тәулік бойы ұйқы көрмеген мимен қалай жазбақпын?– дедім» – деген жолдарды оқып отырып, іштей зәрең ұшады… Бірақ, «көктем көзінде көл-көсір мұңы бар сары қыз жайлы шығарманы» жазуға бел буған автор: «Мұны жазу маған қорқынышты емес, сен туралы жазбақ ем деп әлдекімді мазаламаймын, қиыннан қиыстырамын деп зорықпаймын, бар болғаны өткен жылдарыма қарай саяхат жасасам жетіп жатыр» деп дереу оқырманды жұбата қояды… Не де болса, жақсыны көрмек үшін деп, кітапты бастан-аяқ оқып шығуға бел будым.

Бұрын-соңды біз оқыған романдар бірнеше тараулардан тұратын, ал жаны нәзік, көкірегінде көзі бар Лираның роман деп айдар таққан бұл кітабы «Келіншектал», «Алма ағашының құдайы», «Әже», «Құлпынай қосылған балмұздақ», «Жаңбырлы күні», «Ажал екінші рет қашан қайта айналып соғар екен?..», «Қош, Күнекей!», «Құлпынай қосылған балмұздақ 2», «Уақыт», «Уақыт 2», «Су перісінің зираты», «Махаббат туралы роман», «Сәкө, су және Андерсеннің ертегісі», «Отыз үш тал раушан», «Мамыр айының тоғызы» деген бірнеше шағын тақырыптан тұрады екен. Әрқайсысы жеке-жеке шағын әңгіме, немесе новелланың жүгін көтеріп тұр. Бәріне ортақ бір кейіпкер – ол Төле би мен Байзақтың Исасы атындағы көшелер қиылысындағы көп қабатты үйде тұратын сары қыз. Бәріне ортақ желі – автордың келмеске кеткен балалық шағын сағынуы, әсіресе, жаз айларында балмұздақ сатуға ақ “москвичпен” қаладан келіп, жіпси бастаған балмұздақтарын балаларға кетерде тегін таратып кететін Вера тәтейін аңсауы…

«Келіншектал» дегенінде шешесінен жастай айырып алып, өзінің бауырына басқан әжесі өлген соң “мөлдір шыныдан соққан көрікті әлемі қаусап түскен” басты кейіпкер қыздың жанының жалғыздығы сипатталады. Әжесі өмірден кеткелі ертегіге сенбейтін ол екі аяғы жоқ, көйлегінің етегі жер сызып, ауада қалықтайтын, ғасырға жуық уақыт бұрын өлген қыздың әруағымен кездесіп, оған қалай бақытты болудың жолын үйретеді: «Мен саған бақытты болудың жолын айтайын ба? Сұқ саусағыңды жала да, мұрныңа үш рет тигіз, табан астында бақытты болып кетесің!- дедім… » Автордың айтпақ ойы түсініксіз…

«Алма ағашының құдайында» кейіпкер қыз тау ішінде жалғыз шешесімен тұратын, «табиғатқа, әдемілікке және қорғансыз (?) мөлдірлікке ғашық» кісікиік бір жігітпен кездейсоқ танысады. Ол жігіт алма ағашының кесілген түбірлерін көргенде өксіп, жайқалған бұталарды көргенде айналып ән салған Алмагүл есімді бейтаныс қызға ғашық болады. Ол жігіттің шешесі айтқандай, кісі қолынан өлген қыздың әруағы да емес, көрші бағбанның соқыр қызы да емес, алма ағашының құдайы – Алмагүл екен. Автордың негізгі идеясы – Іле Алатауының баурайынан жоғалған алманың қасиеті, киесі бар дегенге саяды… «Бұл қаланың аты Алматы екен, бұл қыздың аты Алмагүл екен» деген сөздер бірнеше жерде қайталанатын осынау әңгімесі әп-әдемі жазылған дүние екен. Әттең, кейбір сөйлемдерінің ойпыл-тойпылы болмаса. Сөзім жалаң болмас үшін бірер мысал келтіре кетейін:

«Үлкен кісінің тоқтағанын пайдаланып есікті ашып, баспалдақтармен жүрді деуден гөрі жүгірді деуге көбірек жақындайтын жылдамдықпен сыртқа шықтым» (26-бет), «Баласы жылдамдатуды көліктің дабылын безілдете басып ескертті» (27- бет), «Меншігім саналатын жалғыз бөлмелі үйде мен ғана тұрмайтындықтан, 42 деген саннан басталатын қара телефонның маңдайындағы нөмірі қала тұрғындарының барлығына белгілі болмаса да, біршамасына аян еді, сондықтан несіне пәлсінейін, баяндадым да түсіп қалдым…» (28-бет) Қазақша ойлап, қазақша сөйлейтін қаламгердің сөзінен гөрі, орыс тілінен тікелей аударылған тәржіма сияқты көңілге қонбайды.

«Әже» деген бөлімінде жасы он беске келген кезінде әжесі қайтыс болған қыздың арада жеті жыл өтсе де оны әлі өлімге қимай күтіп жүргенін, сағынышы мен аңсауын автор тартымды бере білген.

«Сәкө, су және Андерсеннің ертегісі» бөлімінде Айсәуле атты ару қыздың мектеп бітірген соң ауылда трактор айдауға қалғанын, оның сүйген жары бір кездері суға батып өлген жігіт боп шығып, ақыр соңында жазылмас дертке шалдығуын автор әңгіме арқауы етіп алған. Ауыл адамдарының психологиясы, отызға келсе де ертегіге сеніп, балалармен ойнап жүрген бақытсыз қыздың ауыр тағдыры сипатталады. Жүректі шым еткізетін мұңлы дүние.

Кітаптың ішіндегі маған ең ұнағаны – «Мамыр айының тоғызында» аталатын бөлім. Онда автор көктем мен күзде – құс келіп, құс кеткен кезде басы ауыратын, ауыл тұрғындарымен «О, леди, амансыз ба?», «Рахмет, мырза, мархабат етіңіз» деп сөйлесетін, білімді бақташы жігіт Жеңісбектің образын нанымды тілмен, шебер жеткізе білген.

Кей бөлімдерде автор байыппен қараса, өзін-өзі қайталауға ұрынғанын пайымдар еді. «Махаббат туралы роман» деген бөлімі, роман ішіндегі не ғылған роман дегендей ойға қалдырады. Кітапханада жүрген өлген қыздың әруағының махаббат туралы кітаптарға құмарлығын тілге тиек етіпті. Жасандылық бар. Оралымсыз сөздер жиі кездеседі… Мәселен: «Атын әлем білетін авторлар мен үшін құдыретті болған жоқ., шын мәнінде олардың жан тебірентер шығармашылық әлеміне түкіргенім бар еді, тек олардың томдықтарын әлдекімдерді сүріндіру үшін парақтадым ба деймін, білімімнің көптігімен әлдекімдердің төбесінен қарау үшін оқи бердім бе деймін, нәтижесінде көзі қарақаттай арулар жерге қарап, сол мөлдір жанардан мөлдір тамшылар үзіліп түскенде айызымның қанатынын түсіндім… » (100-бет)

Лира Қоныстың әдеби көркем сөзге керемет ғашық жан екенін жазған дүниелерінен айқын аңғаруға болады. Оның өзі де кітабының басында: «Жарық дүниеге адамдармен бірге болуға емес, прозамен жақындасу, етене күнелту (?) үшін келгенмін. Бұл өмірге проза үшін жіберілдім деп ойлаймын, тек қана ойламаймын, сол болжамға бар болмысыммен сенемін», – деген екен. Жасқа тән албырттықпен артық-кем айтылған сөз болса да, дәні барына іштей сенесіз.

Дегенмен, Ян Парандовскийдің «Алхимия слова» деген кітабындағы: «Поэзия открывается в том периоде жизни, когда чувства еще свежи, очарование миром всего сильнее, когда все представляется новым и необычайным… Иное дело проза: она требует – зрелости. Недостаточно вздыханий, восторгов, метафор. Надо вникнуть в жизнь, научиться многому, и прежде всего самому искусству прозы» деген сөзі ойға оралады. Иә, Диккенс те, Горкий де өмірдің талай қиындықтарын бастан өткеріп, өз шығармаларына құнды материалдарды солардан алды.

Кезінде Сағат Әшімбаев ағамыз: «Роман егер бейнелеп айтсақ, өте «киелі» жанр. Сондықтан оған қалай болса, солай, жаны ашымастың көзімен, малтабардың пиғылымен қарауға болмайды. …Шекесіне он жерден ойып отырып, роман деп айғайлата айдар таққаныңызбен, егер ол романның талабына татымаса, онымен оқушыны алдай алмайсың» деген екен.

Шынында да… Егер біреу мысығын «Мынау жолбарыс!» деп жұртқа жар салғанымен, есі дұрыс адам оның мысық екенін көріп тұрып, «Иә, рас, мынауың нағыз жолбарыс қой!» – деп басын изеп, құптай кетпейді ғой… Жас қаламгер осы кітабын роман демей, әңгімелер жинағы десе, мүмкін оған романға қойылар талап тұрғысынан қарамас па едік. Өйткені роман жанрында: заманның әлеуметтік шындығы, адам мен қоғам арасындағы терең тамырлы байланыстар, жалқының тағдыры арқылы жалпының өмірі мен адамдық болмысы сипатталады; бір-біріне параллель ондаған сюжеттік жағдайлар іштей сабақтасып, динамикалық даму үстінде бір арнаға тоғысады.

Әрине, қазір кейбір шетелдік әдебиетшілер зымыран заманның адамдары жанталас тіршілікте том-том кітаптарды оқымайды, тіпті оқуға уақыттары да жоқ, сондықтан роман дегендерді қысқартып, көлемдерін ықшамдап беру керек дегенді де айтуда. Оған келісу де, келіспеу де қиын… Бірақ қалай болғанда да, сол “заманауи” шығармалардың тілі мүкіс, композициясы қарабайыр, айтар ойы үстірт, идеясы бұлыңғыр болса, онсызда кітап оқудан қол үзіп бара жатқан оқырмандарды үркітіп алмай ма?!.

Әрине, «Біткен іске сыншы көп, піскен асқа жеуші көп» екенін білемін. Менің мақсатым тырнақ астынан кір іздеп, жаңа кітапты бас-көз жоқ төпелей сынау емес, өзім байқаған кейбір кемшіліктерді жанашыр көңілмен ортаға салу. Оны құп алу, құп алмау автордың өз еркінде.

Заря ЖҰМАНОВА,

жазушы, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі.

«Құлпынай қосылған балмұздақтың» мұңы басым

«Ақ желкеннен» жарнамасын оқып алып, көптен бері іздеп жүргем бұл кітапты… Лира Қоныстың «Құлпынай қосылған балмұздақ» романын… Аудандық кітапханаға да бас сұққам, аталған кітапты іздеп. Бірақ ондағы апайлар «жоқ» деп жылы шығарып салды. Лениндік дәуірден мұра болып қалған ескі кітапханада су жаңа туындылар қайдан болсын?.. Бұл шығарманың таралымы да аз екен, естуімше.

Қош, «Құлпынай қосылған балмұздақ» қолыма түсті бір күні… Дұрысы, «Ақ желкендегі» апайлардан кітаптың электронды нұсқасын алдым.

Лира әпкем бұрынғы шабысынан жаңылысқан ба, әлде менің әдебиеттегі мұндай «жаңалықты» қабылдауға өрем жетпеді ме, романды оқуды қолға алып, бірақ кіресе алмадым, тосырқадым. Сосын өзімді күштеп оқыдым. Әдеби эксперимент болса, қарайып қалмай оқып көрейік деп өзімді-өзім қамшыладым. Бірақ менің шақшадай басым «әдебиет оқырманға түсінікті болу керек» деп ойлайды. Бұл тұрғыдан келгенде, біз «жай» оқырман болсақ та, мен өзім үшін бірдеңе түсінгім келді. Түсінгенім, түйгенім мынау болды:

Лира Қоныс ә дегеннен романды жазу алдындағы шалқар шабыттың шырмауында қалған сезімін тізбелепті. «Құлпынай қосылған балмұздақтың» прологында. Өзі айтқандай, «аса мәртебелі прозаның» өміріндегі ерекше орнын баса көрсетуге тырысыпты. Маған алдымен жазушының өз өмірінен, балалығынан алған естеліктермен жазылған мазмұны ұнады. Шынайы, сезімге бай. Жазу тілі жаттанды,таптауырын болған кітаби сөздердей емес. Туындының тілі де Лира Қоныстың стилін айқындап тұрғандай. «Келіншектал», «Алма ағашының құдайы», «Әже», «Құлпынай қосылған балмұздақ», «Жаңбырлы күні»… осылай роман ішіне топтасқан хикаяттар кете береді. Ерекше ұнағандарын айта кетейін: Маған қатты әсер еткен «Әже» әңгімесі. Оқып отырып осыдан сегіз жыл бұрын дүниеден өткен Жәмиға әжемді еске алдым. Ол кісі өмірден өткенде мен небәрі 10 жасқа енді қадам басқанмын. Мен де «мені тастап кетпеші, әже» деп қыстығып жылағам… Бірақ, сұм ажалға кім араша болар дейсіз?! Менің әжем де келместің кемесіне мініп кетті… Мына сөздерге назар аударыңызшы: «Ең соңында жалғыз жанашырын өлді дегенге ешқашан сенбейтінін, оның өмірден қайтқанын әлі де мойындамайтынын ұқты, бұл жаманатқа көнбеймін, әжем өлмеген екен, бар болғаны екеуміз бір-бірімізден адасып қаппыз, бір күні кездесерміз деп болжады». Дәл осы күй маған да таныс еді. Осы жолдар менің жүрегімнің түкпірінде жатқан ақ әжеме деген сағынышымды оятты. Бірақ, мен сары қыз сияқты «әжем келіп қалады-ау» деген үмітпен өмір сүрмеймін. Өмір бар жерде ,өлімнің де боларын сонда түсінгем…

Ал, «Құлпынай қосылған балмұздақты» оқи бастағанда балмұздақтың дәмін татқандай болдым. Бұл жазушының шынайылығы, бәлкім… Біздің ауылға сары қыздың ауылындағыдай Шымқаладан құлпынай қосылған балмұздақ келмейтін. Бүйірінде Карлсон бейнеленген ақ «Москвич» те біздің ауылға ат ізін салмайтын… Оқып отырып, сары қыздан балмұздақты қызғандым. Шіркін, бізге де балмұздағын арқалап Вера тәтей келер ме еді деп қиялдап кеттім.

«Бір шаңырақта бес-алты бала бар. Оның біреуі ғана атасының еншісіндегі немере, біреуі ғана әжесінің кенжесі. Өзгелерінің езуіне балмұздақ тимей қалатын кезі де мол. Сондықтан Вера тәтейдің жарнамасы дәйім қуанышқа кенелтеді дей алмаймын, Карлсон бейнеленген ақ көліктің себебінен балалардың бетін талай мөлдір тамшы жуып еді. Қатты қағазға оралған, сыртында бір түйір құлпынайдың суреті бар уылжыған балмұздақ жылатпасыңа қоя ма?». Дәстүрлі прозаға тән әдемі сурет. Жымиып қойдым… Талай іні-сіңілілерімнің «балмұздақ әперші» деп жылағандары есіме түсті

Жүрегіме жылулық берген тағы бір хикаят: «Жаңбырлы күні» деп аталады. Ұнады. Ұнағаны – кейіпкерлері емес, сары қыздың санаңа жарық берер «ақылды сөздері» дер едім. Мына сөйлемдерде мен іздеп жүрген шындық бар: …«Бiздiң тағдырымыз – тәңiр сызған бiр-бiр чертеждер едi. Бiз сол сызба, шеңберден ары аттап өте алмаймыз. Өйткенi, МАҢДАЙЫМЫЗҒА ЖАЗЫЛҒАН». Осы әңгімені оқып отырып, талай күйге ендім: бірде мұңайдым, бірде еріксіз езу тарттым.

Қай ақынның өлеңі екені есімде жоқ: «Жанымды үнсіз жаралап, жарасын өзін таңасың» деген өлең жолы ойыма орала берді… Сондай тәтті. Қандай тәтті болса, соншалық ащы екен бұл хикая. Жалпы «Құлпынай қосылған балмұздақ» романының да сипаты осы тектес. Күлдіре отырып жылатады, өмірге құштарлығыңды оятып, әп-сәтте бес күндік пәниден жерітіп-ақ жібереді. Мүмкін маған сондай сиқырымен ұнаған да болар… Жаныма жаққан жерлерін түгендеп болдым, енді менің оқырман көзіме ұнамағандарын сараласам.

Білесіз бе, кейде романнан жалығып кетіп, жаба салған кезім де болды. Кейбір әңгімелерін оқығанда, тым-тым аурасы ауыр ма деп қалдым. Әрі романның реңін ашатын кейіпкерлері бақытсыз жандар сияқты көрінді маған. Кіл «сүрініп кетіп, жығылып жүрген тағдыр» иелері. Сол жағы аздап ұнаңқырамады. Күреңтөбел тіршіліктің қайғысынан шаршағанда, кітапты қолға алғанда тек қана жайдары, өмірге ғашық кейіпкерді сағынасың. Онсыз да өмір өкінішті, өткінші. Құрығанда кітапта бақытты жандар болса екен деп парақтайсың. «Құлпынай қосылған балмұздақ». Қандай тәтті еді… Ал оқығанда балмен бірге у да жегендей болдым. Атына заты сай туынды болғанда ғой деген тілек көкейімде қалды…

Лира Қоныстың баспасөздегі қолтаңбасына қанықпын. Жазушының алғаш рет көлемді туындысын оқып шыққаным осы. Өзіндік стиль мен өзгеше жанрда жазылған жап-жақсы шығарма екеніне дау жоқ. «Құлпынай қосылған балмұздақ» романы қазіргі Лира әпкенің қатарластарының да шабытын оятсын дейміз. Кейінгі толқын аға-апалардан сүбелі еңбектер күтеміз.

Алтынгүл САНСЫЗБАЙ,

мектеп түлегі.

Әйтеке би кенті,

Қазалы ауданы,

Қызылорда облысы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз