89696Кішкентай Дәулет базар қайдасың деп ұшып келеді. Мақсаты – соңғы сәтке болса да үлгеру. Ал көңілінде кезектескен бір үміт, бір күдік. Үміті – жанқалтасындағы үш жүз теңге. Ал күдігі – қажетті ақша толық емес, тек жартысынан әрең асады. Күте тұру керек еді, бірақ оған тағаты жетпеді. Өйткені ертең – жарыс. Оған қатысам деп уәде беріп қойған. Одан қалу – жұртта қалу деген сөз. Соны ойлап, не де болса барып көрейін деп күннің кешкіргеніне қарамай зытып келеді. Шамалауынша, базар енді-енді жабылуға тиіс. Міне, екі аяғы жерге тимей ұшып келеді. Жүрегінде ептеген қобалжу бар. Тез жетпесе, керекті затын біреу келіп алып кететіндей. Тіпті, алып кеткен болуы да мүмкін. Ойда жоқта көріп, «алам» деп бекінгені қашан. Онда базарда апасымен жүрген болатын.Жаңағы зат көзіне бірден түсті. Жақындап барып қарап еді, астындағы қатты қағазда бағасы жазулы тұр екен. Бес жүз теңге. Сұмдық көп ақша. Оншақты нанның құны. Алғашқы қуанышы су сепкендей басыла берді. Мынандай ақша жию үшін аз дегенде бір ай керек. Апасы нан әкел деп беретін ақшадан ары кетсе 15-20 теңге үнемдеуі мүмкін. Одан көп ешқашан бола қоймайды.
«Апама айтып көрсем бе екен» деп бір оқталды артынша. Бірақ ол ойынан тез айныды. Кейде мектепке керек екі жүз теңгенің өзін әрең тауып беретін адамда қайдағы артық ақша. Соны еске алып, салы суға кеткендей болды. Ұзап кеткен анасының артынан тұра жүгірді.
Содан бері ойында бес жүз теңге. Күндіз есінен, түнде түсінен шықпайды. Талай рет арманына қол жеткізді ғой. Бірақ онысы түсі болып шығып, жер сипап қалып жүрді.
258836893Сөйтіп жүрген күндердің бірінде бес жүз теңге табудың жолы өзі табылды. Ауылға өмірі келмейтін бөтелке жинаушы келді. Дауыс күшейткішпен айқайлап көше-көшені басына көтерді. Не айтып жатқанын бір түсініп, бір түсінбейсің. Сол сөздердің арасынан «бутылка» деген сөзді құлағы шалғанда қуа¬нып кетті. Әнеугүні есегін іздеп жүріп ауыл шетіндегі сайдың ішінен үйіліп жатқан шыны ыдыстарды көрген. Біреу машинамен әкеліп аударып тастаған сияқты. Бірден сонда тартты. Бөтелкелердің көбі сынып кетіпті. Бұл үйіндіні араластырып отырып қырық шақты сау бөтелке тауып алды. Оларды қасындағы арықтың суына жақсылап жуды. Екі қапқа бөліп салып, әупірімдеп есегіне артып, бөтелке алушыға алып келді. Бірақ оның беретін ақшасы мардымсыз екен. Бөтелкелер бар-жоғы үш жүз теңге болды. Үш жүз теңгелік сылдыр етіп алақанына түскенде аса шаттана қойған жоқ. Тағы да бөтелке іздеуге уақыт жоқ – күн кешкіріп барады. Керекті дүниесін бүгін барып алмаса, ертең кеш. Таң атса – жарыс. Көп ойланып тұрған жоқ, базар қайдасың деп тартып отырды. Содан келе жатқан беті осы. Көңілінде бір үміт, бір күдік.
Базарға таяп қалғанда күдігі күшейіп кетті. Көңілі қобалжып, қаймыға берді. Бірақ сонда да тоқтамады. Жүгіре берді. Жоқ, көрген заты орнында екен. Алыстан көріп, кәдімгідей қуанып қалғанымен, бағасы жазылған қағаздың орнында жоғын көргенде жүрегі бір аунап түсті. «Қымбаттап кетті ме екен?» деген қорқыныш еді онысы. «Бір тілегімді бере көр!» деді ішінен. Жақындап келіп сатушыдан жаңағы заттың бағасын сұрады. «Бес жүз теңгеге сатқамын. Соңғысы қалды. Саған үш жүз теңгеге берейін» деді сатушы. Дүние нұрланып жүре берді. Сол сәт көзі суланып кеткенін артынан білді. Дереу қолындағы ақшаны сатушыға ұстата қойды да, затқа жармасты. «Рақмет, апай!» деп бірнеше рет қайталап, артқа бұрыла берді. Сол сәт жер бетінде одан бақытты адам жоқ еді…

Серік ҮСЕНҰЛЫ
(«Балдырған», №6. 2014 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз