Көрген-білген, ойға түйген

Не үшін?

Тамыздың соңғы түні Алматыдағы «Прайм-Плаза» сауда орта-лығында танымал әнші Қайрат Нұртастың қатысуымен өткен концерт жаппай тәртіпсіздікке ұласты.

Ар жағы сендерге мәлім… Ғаламтор сол түні-ақ жарыла жаздады. Сауда орталығындағы сойқан бұқаралық ақпарат құралдарындағы №1 жаңалыққа айналды.

Сонда не болды? Концерт өтетін алаңның астаң-кестеңі шықты. Сахнаның сау тамтығы қалмады. Аппаратура қирады. Терезе шағылды. Автокөліктер аударылды…

Бас жарылды. Мұрын қанады…

Жүзге жуық, кейбір деректер бойынша, жүзден астам адам қамауға алынды.

Бұған кім кінәлі? Қайрат Нұртас пен анасы ұйымдастырушыларды айыптайды. Ұйымдастырушылар бар кінәні әншіге артады.

Қоғам да екіге жарылды. Біреулер «қашып кетті, фанаттарын сатып кетті» деп Қайратты даттайды. Біреулер жақтайды…

«Прайм-Плаза» басшылығын оңдырып жатқан ешкім жоқ…

Есесіне, елірген жастарды айыптаудан аулақпыз. Олардың еш жазығы жоқ секілді…

«Олар жас қой!» дейміз шетімізден.

«Жас кезінде бәрі сондай болады!» дейміз тағы да.

«Қазақ жастары сүйікті әншісі үшін бәріне баратындарын дәлелді» дегендер де табылды.

Рас, сол күні концертке барғандардың дені жастар болатын. Дәлірек айтсақ, 80 пайызға жуығы. «Бүлік шығарды» деп айыпталып жатқан алтаудың үшеуі 18-20 аралығындағылар. Тағы үшеуі кәмелеттік жасқа толмағандар.

Бірақ бәрін жастыққа жаба салуға бола ма? Жастық деген мастық па? Жауапсыздық, парықсыздық па? Әрбірден соң, жан-жағын жайпайтын жауыздық па?

Жоқ, олай емес қой!

«Ақыл жас ұланнан, жүйрік тай-құнаннан» дейді дана халқымыз.

…Көздерінде от ойнар,

Сөздерінде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемін! – демей ме Мағжан аталарың?!.

Абылай бабамыз қалмақ батыры Шарышпен жекпе-жекке шыққанда небәрі 20 жаста еді.

Әлия Молдағұлова апаларың небәрі 18 жасында өшпес ерлік жасады.

Қаһарман ағаларың Қайрат Рысқұлбеков ше? Небәрі 20 жасында Қызыл империяның озбыр саясатына қасқайып қарсы тұрған жоқ па?! Небәрі 22 жасында шейіт болды. Ұлтының намысы үшін. Елінің азаттығы үшін.

Бүгінде кейбір жастарымыз сол Ер Қайратты біле бермейді екен.

Анау жылы «Алматы» арнасының тілшісі дәл Тәуелсіздік мерекесі күні, дәл Тәуелсіздік монументі қасында тұрып, ары-бері өткен жастар арасында сауалнама жүргізді. Журналист оларға Қайрат Нұртастың, Қайрат Түнтековтың және Қайрат Рысқұлбековтың суреттерін көрсетіп: «Мына кісілерді танисыңдар ма?» деп сұрады. Сонда қос «жұлдызды» жазбай танығандар қаһарман Қайратты танымады. Танымағандары былай тұрсын, «Бұл өзі қандай ән айтушы еді?» деді ғой шіркіндер шімірікпестен.

Батыр Қайратты танымайтын, әнші Қайратқа шексіз табынатын жастарымыз ай мен күннің аманында бүлік шығарды. Тасыр мінез танытты. Ешкімнен ұялмады. Ештеңеден тайынбады. Өздерін де, өзгені де аямады.

Не үшін?..

Бағдат Мәжитов

(«Ұлан», №36, 10.09.2013)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз