IMG-20161122-WA0000 (1)

Жуырда Американың Лас-Вегас қаласында балалар арасында «Memoriad Las-Vegas-2016» (WORLD KIDS CUP) халықаралық олимпиадасы өтті. Осы бəсекеде ойша есептеуден арифметиканың алтын медалін 9 жасар Мəди Ердəулет есімді бүлдіршініміз иеленіп қайтты.

Арифметиканың не екенін, оның балаға қандай пайдасы барын білгіңіз келсе, Мəди мен оның анасының айтқан əңгімесіне құлақасып көріңіз…

 

Мəди ЕРДƏУЛЕТ, арифметикадан əлем чемпионы:

Бір жылдан бері қатысып келемін

Ұлан: Мəди батыр, жеңісің құтты болсын! Білуімізше, Қазақстан мұндай жарысқа бірінші рет қатысып отыр екен, солай ма?

М.Ердəулет: Рахмет! Иə, дəл солай. Мен де мұндай үлкен жарысқа бірінші рет қатысып отырмын.

Ұлан: Бəрекелді! Мəди, əуелі өзіңмен асықпай танысып алайықшы…

М.Ердəулет: Мен 9 жастамын. Астана қаласында тұрамын. №54 мектеп-лицейдің 4 «Ғ» сыныбында оқимын.

Ұлан: Демек, астаналықсың ғой? Сонда өмірге келдің бе?

М.Ердəулет: І-і-і, білмеймін.

Мəдидің шыншылдығына риза болып, бір күліп алдық.

Ұлан: Ал, жарайды. Енді арифметика туралы айтайық…

М.Ердəулет: Мега арифметикаға қатысып жатқаныма бір жыл болды. Мен осындай дəрежеге жеткеніме өте қуаныштымын. Бұл жарыста балалар арасында 1-орынды алдым. Одан кейін үлкендер арасындағы жарысқа қосылдым. Ол жерде 2-орын алдым. Үшінші орынды Франция, бірінші орынды Корея алды. Екінші орын Қазақстанға бұйырды.

Ұлан: Үлкендер дегеніміз ересек балалар ма? Қай жастағылар?

М.Ердəулет: Жоқ, балалар емес, үлкен кісілер. Бірінші орын 53 жастағы апаға, үшінші орын 45 жастағы апаға бұйырды.

Ұлан: Ой, бəрекелді! Бұған қатысып жатқаныма бір жыл ғана болды дедің. Аз уақытта қалай үйреніп алдың?

М.Ердəулет: Басында оңай жолдарын үйретті. Одан кейін қосу мен азайту амалдарын өттік. Содан кейін қосу амалының олимпиадасына, азайту амалының олимпиадасына барып, орын алдым. Одан кейін республикалық олимпиадаға шақырды. Оған 150 бала қатысты. Əр бала өзі қатарлылармен жарысты. 12 жасқа дейінгі балалар қатысты. Мен 1-орын алдым. «Абсолютті чемпион категориясы» деген республикалық олимпиада болды. Онда 3-орын алдым. Осыдан кейін біз Америкаға жолдама алдық.

IMG-20161112-WA0000

Ұлан: Яғни, берген тапсырмаларды қалдырмай, уақытында орындап тұрдың ғой?

М.Ердəулет: Иə, ешқандай тапсырманы кейінге қалдырмадым. Сабақты да қатар алып жүрмін.

Ұлан: Арифметиканың əртүрлі деңгейі бар ғой. Сен қай деңгейдесің?

М.Ердəулет: Мен қазір бірінші деңгейдемін. Қосу мен азайтуды біттім. Азайту амалынан бір рет қана жарыс болды. Бірақ ол республикалық емес. Екінші деңгей көбейту мен азайту амалын үйретеді. Бірақ олардан олимпиада болмайды. Республикалық, халықаралық олимпиадалардың бəрі көбінесе қосу амалынан болады. Біз қатысқан олимпиада 4 жыл сайын болып тұрады. Келесі олимпиада 2020 жылы Дубайда өтеді. 2024 жылғы олимпиада Астанада немесе Ақтауда болады. Яғни, Қазақстанда өтеді.

Ұлан: Тез үйренуге орай өзіндік əдістерің бар ма?

М.Ердəулет: Ұстаздар маған санаудың үш түрін үйретті. Қазір екі түрін ғана дамытып жатырмыз. «Сорабан жүйесі керек емес» деді апайымыз.

Ұлан: Шетелдің балаларын көріп қайттың ғой. Олар мықты ма екен?

М.Ердəулет: Өте көп бала қатысты. Санамадым. Əйтеуір, 27 елден келді. Мен ең жоғары балл жинадым.

Ұлан: Арифметикаға дайындалуға күніне қанша сағат жұмсайсың?

М.Ердəулет: Күн сайын дайындаламын. Америкаға барғанда да тек мегамен айналыстым. Жанбота, Мөлдір, Ардақ деген үш апайдан тəлім алдым.

Ұлан: Қазір қанша таңбалы сандарды есептей аласың?

М.Ердəулет: 1, 2, 3, 4 таңбалы сандарды есептей аламын.5 таңбалыны кішкене ғана есептей аламын. Олимпиадада 5 таңбалыға 0,5 секунд береді. 4, 6, 8, 10 операция орындау керек.

Ұлан: Басқа қандай үйірмелерге қатысасың?

М.Ердəулет: Ағылшын тілі үйірмесіне қатысамын. Көп уақытты мега арифметикаға жұмсаймын. Алдағы уақытта футболға қатысқым келеді. Футбол ойнағанды жақсы көремін.

Ұлан: Қай команданың жан-күйерісің?

М.Ердəулет: Реал Мадрид.

Ұлан: Бəрекелді, Мəдижан! Ал арманың қандай?

М.Ердəулет: Менің арманым – ғарышкер болу жəне əкем мен анамды қуанту.

IMG-20161122-WA0003

Гүлзада ОРАЗОВА, Мəдидің анасы:

Ұйымдастырушылар мұндай жылдамдыққа сеніңкіремей…

 

Г.Оразова: Қазақстан бұл олимпиадаға бірінші рет қатысып отыр. Баланың бір жылдық дайындығы жоғары деңгейде болды. Тіпті, екінші турдан кейін америкалық ұйымдастырушылар сеніңкіремеді. «Бұл бала мынадай жоғары балды өзі алды ма, əлде басқалай көмек боп жатыр ма?» деп сенбей, екінші турды бітіргенше баланың қасында отырды. Сосын барып мұндай нəтижемен Гиннестің рекордтар кітабына кіруі мүмкін екенін айтты. Оны қосымша хабарлаймыз деді. Өйткені, негізгі ұйымдастырушылар Түркия елінен екен.

27 елден 44 қатысушы бақ сынады. Бұл категорияда Мəди 29 500 балл жинады. Осы уақытқа дейін балалардың рекордтық балы 22 000 шамасында екен. Бірақ алдыңғы олимпиадада 16 000 балдан аспапты. Өз қатарында мұндай жоғары балды ешкім алған жоқ. Сол себепті Мəдиді ересектер тобына қосты. Дайындықта 30 000 балдан асып жүретін. Ол жақта көп нəрсе басқаша, компьютер де үйреншікті емес. Соның бəрі əсер етеді. Осы уақытқа дейінгі олимпиадаларда Үндістан мен Түркияның қатысушылары бəйгенің басын бермейді екен. Бұл жолы Қазақстан алғанына шын қуандық. Біздің елден үш бала барды. Мəди ғана орын алды. Бір баламыз ондыққа кірді, үшіншіміз 21-орында. Үлкен абыроймен қайттық деп айта аламыз. Арифметиканың балаға əсері, пайдасы қандай екенін біраз іздендім. Ана ретінде де, ұстаз ретінде де жан-жақты қарастырдым. Рас, есептеу жағынан да, тез шешім шығару жағынан да көп пайдасы бар екен. Мұндай дəрежеге жеткеннен кейін енді басқа да категорияларды көрсек деген ойдамыз. 4 жылдан кейін Дубайда өтетін олимпиадаға міндетті түрде қатыссақ дейміз, Алла жазса. Бір жылда мынадай балл көрсетсе, 4 жылда одан да жоғары нəтижеге қол жеткізеді деп ойлаймын.

IMG-20161122-WA0004

Ұлан: Олимпиада есептерін қандай амалдармен шығарды?

Г.Оразова: Тек қана қосу амалымен. Өте аз уақытта, яғни 0,6 секундқа дейін шығарып үлгеру керек.

Ұлан: Бұның балаға берер тағы қандай пайдасы бар?

Г.Оразова: Ең алдымен, есте сақтау қабілетін жақсартады. Жинақылыққа, тез шешім шығарып, тез жауап беруге үйретеді. Есеп болған соң математикаға да жақын. 5-12 жас аралығындағы баланың даму қабілетін арттыратын жақсы жүйе деп ойлаймын. Баламды осыған бергеніме еш өкінбеймін. Тек мұнымен ғана шектелгіміз келмейді. Баламды спортқа да берсем деймін.

Ұлан: Өзіңіз математика саласындасыз ба?

Г.Оразова: Жоқ, ол саланың адамы емеспін. 4 жыл бұрын Астана қаласында «Білім – 2050» шығармашыл педагогтар одағын құрғанмын. Аылшын тілін үйрететін курсым бар. Талантты балаларды қолдау, жағдайы төмен балаларға қолұшын беру, шығармашыл педагогтардың жұмысын нығайту, қазақ мектептерін дамыту  мақсатында жұмыс жасап жатырмыз.

Ұлан: Əңгімелеріңізге көп рахмет, Гүлзада апай! Жеңістеріңіз көп болғай!

Əңгімелескен

Асылан ТІЛЕГЕНОВ

vk.com/ulan_unparagi

 «Ұлан», №48

29.11.2016

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз