МҰҒАЛІМ АҚЫРЫ  МЕКТЕПТЕН КЕТІП ТЫНДЫ
Өткенде газетімізге   «Мұғалімін ұрғызған мұратына жете ме?» деген тақырыпта мақала жазған болатынбыз. Алматы қаласындағы №151 мектептің 6-сынып оқушысы Сәлиманың қыңырлығынан биология пәнінің мұғалімі Асхан Шәметов ата-ана тарапынан соққыға жығылған еді. Екі жақ бірін-бірі сотқа сүйреп, соңы шулы дауға ұласқан.
Жуықта Асханмен қайта байланысқа шықтық. Істің соңы не болыпты?
Асхан Шәметов: Біз екі жақты келісімге келдік. Ата-аналары менен кешірім сұрады, мен кешірім бердім.
Ұлан: Жапа шеккен педагогтың бірісіз. Заң жүзінде мұғалімнің құқығын қорғаудан қандай мәселелер  қамтылу керек?
Асхан Шәметов: Ата-ана  мен мұғалімнің ара қатынасын заң бойынша нақты айқындап беру керек. Мысалы, «Ата-ана мұғаліммен мынадай қатынаста болу керек» деп көрсетсе. Әйтпесе, әр ата-ана мұғалімге келіп, жөн-жосықсыз ұрсып кетеді. «Балаңыздың тәртібі нашар» деген сөзге көп ата-ана бетбақтырмайды. Керісінше, мұғалімнің өзін жазғырып, баласын ақтап алу жолында аузына келгенін оттай береді. Тіпті, мұғалімді жұмыстан шығару үшін директорға, департаментке жүгіретіндер көп. Баланың тәртібі үшін ата-ана мен мұғалім бірігіп жұмыс істемесе, баланың тағдыры не болады? Сол жағын ойлану керек. Бастапқы 3 жылда тәжірибе жинағанша жас маманға қолдау көрсетілсе. Университетті жаңа бітірген 20-22 жастағы жас маманның бірден ортаға сіңісіп кетуі қиын.
Заң бойынша, мектеп жарғысында ата-ананың мектепке рұқсатсыз кіруге құқығы жоқ. Бірақ ата-аналар ол заңға бағынбайды. Кезекшіліктегі мұғалім осы заңды түсіндірсе, аузына келгенін айтатын ата-аналар бар. Жиналысқа шақырсаң, 5-6 ата-ана ғана келеді. Мұндай кездерде неге ата-ананы заң бойынша жауапқа тартпасқа? Мұғалімнің жұмыс жасауына кедергі келтіріп тұрған жоқ па? Бірде оқушылардың әлеуметтік құжатын жасар кезде, ата-аналарды жиналысқа шақырдым. Кейбір ата-аналар келмей, телефонмен хабарласып, балағат сөздер айтып, өзімді жерден алып, жерге салды.
Ұлан: Қазіргі кезде ер мұғалімдердің азайып кету себебі неде?
Асхан Шәметов: Біріншіден, жалақы аз. Екіншіден, ер азаматтардың жүйкесі бұл мамандыққа шыдамайды. Бала тәрбиесімен көбінесе үйде әйел адамдар айналысады. Сондықтан олар мұғаліммен келіп дауласа береді. Заң жүзінде мұғалім мен ата-ананың ара қатынасы көрсетілмегендіктен, екі жақтың дауы бітпейді. Ер мұғалімдер ата-анамен шапылдап ұрсыса бермейді ғой.
Ұлан: Сәлима мектепке келіп жүр ме? Оқушыңызбен қарым-қатынасыңыз қалай?
Асхан Шәметов: Мен қазір мектептен шығып кеткем.
Ұлан: Өз еркіңізбен шықтыңыз ба, әлде шығарды ма?
Асхан Шәметов: Өзімді таяққа жыққан мектепте істегім келмейді. Оқушылардың алдына қалай барам? Сондықтан ол мектепте барудан саналы түрде бас тарттым. Қазір ҚазҰУ-де уақытша жұмыс істеп жатырмын. Өзіме салса, бір-екі жыл өтпей, мектепке барғым жоқ.
Осы сөзден соң «ер мұғалім аз» деп қайтіп базына айтамыз?

(«Ұлан», №15. 17.04.2012)

1 ПІКІР

  1. Қазіргі таңда Шаметов Асхан ағай Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде жұмыс жасап жатыр. Өте білімді, көкірегі ояу ұстаз! Студенттерге әрқашан өз ақылын айтып, өмірге деген қызығушылығын арттырып отырады!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз