«Шарапат» – имандылық отауы

МЫҢ АЙДАН ҚАЙЫРЛЫ ТҮН


Биылғы Рамазан айының 83 жылдан да қайырлы Қадір түні тамыздың 14-інен 15-іне қараған түніне сәйкес келеді. Қадір түні – Қасиетті Құранның жер бетіне түсіріле бастауымен нұрланған кеш. Періштелердің келуімен нұрланған кеш. Мұсылмандарға мейірім нұры жауған кеш. Дәл осы түні таң атқанша Алла Тағаланың рахметі тасып, жалғасты түрде бейбітшілік сәлемі жауын боп жауатындығы ашық түрде баян етілген. Осы түнге арнайы сүре түсірілген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Қадір кешінде қасиетіне сеніп, сауап үміт ете отырып, ғибадат етсе, өткен күнәлары кешіріледі», – деп ескерткен. Айша анамыз Пайғамбардан (с.ғ.с.):

– Уа, Алланың Елшісі! Қадір түнінде не деп дұға етемін? – деп сұрапты. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– «Иә, Аллам! Сен өте кешірімшілсің. Кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіре гөр!» деп тіле, – деген екен.

– Осы түні Алла Тағалаға бүтіндей беріліп, барлық сеніммен Оны көріп тұрғандай құлшылық қылу парыз. Өйткені, біз көре алмасақ та, Алла Тағала бізді көріп тұрғанын естен шығармауымыз керек. Мұны Исламда ихсан атайды. Ислам жеке адам, халық, ұлт, жалпы қоғамның өмірін бір жүйеге келтіреді. Бұл дүниеде де, ақыретте де бақытты болуларына толық мүмкіндік береді.

Қадір түні қайырлы өтсін, жас достар!

ҚҰРАН АҚИҚАТЫ –  ҒЫЛЫМДА

1. Ғалам әуелде газ болған:

Қазіргі заманның ғарыштық құрылғылары көктегі жұлдыздар түтінді еске түсіретін газ күйіндегі заттардан пайда болғандығын дәлелдеді. Бүкіл ғалам содан жаратылған. Осылайша барлық жұлдыздар әдепкіде газ күйіндегі немесе түтін тәріздес заттар болған.

Ал бұдан 1400 жыл бұрын түскен  Қасиетті Құранның «Фуссилат» сүресінің 11-аятында: «Сосын көкке жөнелді. Ол бір түтін еді», – делінген.

2. Ғаламшарлар өз орбиталарында қозғалады:

Құранда келтірілген ақиқат бүгінгі күнде астрономиялық зерттеулер нәтижесінде нақтыланды. Күн көзі Солар Апекс деп аталатын орбита бойымен Вега жұлдызына бағытталып, 720 000 шақырым сағатқа тең орасан зор жылдамдықпен қозғалады. Сондай-ақ, 200 миллиардтан аса галактикадағы ғарыш денелерінің барлығы дерлік нақты белгіленген орбиталар бойымен қозғалуда.

Қасиетті Құранның «Әнбия» сүресінің 33-аятында: «Ол сондай Алла; түнді, күндізді, Күнді және Айды жаратты. Әрқайсысы өз айналасында жүзеді», – делінген.

3. Күн ғаламшары бір орнында тұрмайды:

Қасиетті Құранның «Лұқман» сүресінің 29- аятында: «…Сондай-ақ, Ай мен Күнді бағындырды. Барлығы да белгілі бір мерзімге дейін жүреді», – дейді.

«Ясин» сүресінің 38-аятында: «Сондай-ақ, Күн белгіленген көлемінде жүреді. Міне, осы аса үстем, әр нәрсені білуші Алланың өлшеуі».

4. Жарық беретін тек қана – Күн:

Құран Ай туралы айтқанда – нұр, ал Күн туралы айтқанда – жарық сөздерін қолданады.

«Жүніс» сүресінің 5- аятында: «Ол сондай Алла Күнді жарық, Айды нұр етіп жаратты да, оған (Айға) жылдардың сандарын, есептерін білулерің үшін орындар белгіледі.

РУХ пен ИМАН БЕЛГІСІ


Өткен Астана күнінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Хазірет Сұлтан» мешітінің ашылу рәсіміне қатысты. Бұл мешіт – Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт. Алланың үйі 5 мың адамға арналған. Мұсылман мерекесі күндері оған 10 мыңға дейін адам сияды.

«Хазірет Сұлтан» мешіті  қазақ халқының рухани байлығы мен ұлылығын айшықтайды. Және Елорданың ең соңғы үлгідегі сәулеткерлік ғимараттарының бірі деуге болады. Үш қабаттан тұратын жаңа мешітте клас-сикалық Ислам үлгісі, дәстүрлі қазақ өрнектері және заманауи безендіру үлгілері үйлесім тапқан.

Бірінші қа-батта неке залы мен өзге де қосал-қы бөлмелер бар. Екінші қабатта ерлерге арналған 4 мың адамдық, ал үшінші қабатта әйелдерге арналған мың адамдық намаз залдары бар.

«Хазірет Сұлтан» мешітінің жалпы ауданы – 17 мың шаршы метр. Төрт мұнарасының биіктігі – 77 метр. Бас күмбездің биіктігі – 51 метр, диаметрі – 28 метр. Алдағы уақытта мешіт айналасында 5 субұрқақ орнатылмақ. Оның қабырғаларына  айналаға нұ-рын төгетін әдемі шамдар ор-натылмақ. Кешен маңында 745 көлікке арналған ашық автотұрақ ашылатын болады.

РАМАЗАН АЙЫ – АЙЛАРДЫҢ ТӨРЕСІ

Барлық айдың төресі болып есептелетін Рамазан айы – расында да қадір-қасиеті мол ай. Ораза кезінде үнемі Алланы есімізге ала отырып, жауакершілік сезімін ұғына түсеміз. Сонымен қатар, адам баласы үшін ең маңызды қасиет – сабырды бойымызға дарытамыз. Жәннат табалдырығын аттау үшін ізгі істерге ұмтылып, тозақ отынан сақтану үшін харам дүниелерден тартынып, өзгенің батасын алу үшін жақсы амалдарды іске асырып, қайырымдылық танытып, ауыз бекіткен ағайын-туыс, дос-жаранды  ауызашарға шақырып, бар құлшыныспен Жаратқан Иемізге бір адым болсын жақындай түсеміз.

Мұсылмандық өмір жолы – Жаратқанның бізге сыйлаған ең үлкен бақыты. Аса мейірімді әрі кешірімді Алланың бізге ұсынған жақсылықтарын толықтай түсіну біздің қолымыздан келмесі анық, алайда жүректегі ақиқат тазалығын ұсыну біздің қолымыздан келеді. Жүректегі ақиқат тазалығы –Алладан басқаға махаббаттың болмауы. Ақиқат ағын судың өзін де тоқтатады, ендеше жүрек үнімен келген ақиқат барша мұсылман бауырларымыздың Жаратқан иемізге деген шынайы махаббатты да дәлелдей алады.

Бәрінен бұрын ақиқат тілінде сөйлеушілерді жақын тартатын құдіретті Алла Тағалаға отыз күн бойы құлшылық ету – біздің бір айлық қана өмірімізді емес, өмірлік ұстанымымызды өзгертуге үлкен септігін тигізеді.

Сәния БАЛАБЕКОВА,

М.Мақатаев атындағы №13 орта

мектептің 10-сынып оқушысы.

Өтеген батыр кенті,

Іле ауданы,

Алматы облысы

Бетті әзірлеген Алма Үмбеттегі

(«Ұлан», №32.07.08.2012)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз