4rAIJ_1iWrE

Ережесіз жекпе-жек – спорттың ең көп көрермен жинайтын түрі. Спорттың бұл түрін серік еткен жастарымыз еліміздің намысын əлемдік аренада лайықты қорғап жүр. Жақында ғана панкратионнан Италияда өткен əлем чемпионатында еліміздің намысын абыроймен қорғаған спортшымыз Мырза Еркенбаевпен əңгімелескен едік. Оғланымыз елдің атынан жалғыз өзі барып, бірден 5 медальға қол жеткізіп қайтқан болатын…

– Мырза, жуырда ғана ММА-дан, яғни аралас жекпе-жектен (панкратион) Италияда өткен əлем чемпионатында топ жардың. Жеңісің құтты болсын, жарыстың деңгейі қандай дəрежеде өтті?

– Рахмет. Жарыстың болатыны туралы біз небəрі үш апта қалған-да естідік. Содан бапкерім бірден жарысқа қатысу туралы өтініш білдірді. Екі күннен кейін бізге шақырту келді. Бұл додада 52 мемлекеттің спортшылары жекпе-жектің 5 түрі бойынша бақ сынады. Яғни, панкратионның семи-контакт жəне фул-контакт деген түрлерінен, кикбоксинг, грэпплинг, сонымен қоса, ММА сияқты қоян-қолтық төбелестің алуан түрі болды. Əр сайыстың өзіндік ережелері мен қағидалары бар. Мысалы, семи-контакттың ережесіне сəйкес бастан ұруға тыйым салынған. Италияның Эболи қаласына Мəскеу, Рим арқылы баратындықтан, Мəскеуəуежайынан  аттанатын ұшағымыз кедергіге ұшырап, салмақ өлшеу рəсіміне екі сағат қалғанда кешігіпжеттік. Сөйтіп, өзімнің салмағымнан жоғары салмақта өнер көрсетуіме тура келді. Салмаққа түсіп болған соң, бізден жекпе-жектің қай түрінен шығатынымызды сұрады. Белді бекем буып, барлық түрінен шығамын деп шешім қабылдадым.

6JKza5FeObc

– Екі күнде 15 жекпе-жек өткіздің. Қай елдің спортшыларымен сынға түскен  қиын болды?

– Жарыстың алғашқы күні жекпе-жектің екі түрінен сайысқа түстім. Бірінші панкратионның семи-контакт тұжырымы бойынша шайқастым. 78 келі дəрежесінде он бес спортшы  үш кездесуден өткіздік. Алғашқы кездесуімді италиялыққа қарсы өткізіп, қылқындыру əдісімен айламды асы-рып кеттім. Екінші жекпе-жегім румыниялық спортшымен болды. Негізгі уақытта ұпайымыз тең түсіп, төрешілер қосымша бір минут берді. Қарсыласыма күрестің əдісін жасап, белдесуіміз төрттағанға ауысады. Румын спортшысы төрттағандағы мүмкіндігін сəтті пайдалып, қолыма ауырту əдісін жасайды. Кілемді ұрып, жеңілісті мойын-дауға намысым жібермеді. Жиырма секундтай қарсыласып, əупіріммен əдістен сытылып шықтым. Бірақ, осы əдістен кейін қолымды көтере алмай қалдым, қатты зақым келіпті. Ақыры румын жігітіне ұпай санымен есе жібердім. Румыния елінің өкілі ақтық сынға шығып, маған қола медаль үшін айқасуға мүмкіндік туды. Қола жүлде үшін де жергілікті Неаполь қаласының спортшысымен жолығып, аса қиындықсыз жеңіске жеттім. Бұл жарысымыз түнгі сағат он екіде аяқталғанына қарамастан, артынан іле-шала кикбоксингтен жарысымыз басталды. Кикбокстан да алғашқы айналымда италиялық жігітпен қолғап түйістіріп, екі раундта ұпай санымен басым түстім. Жартылай финалда ресейлік спортшы жолымды бөгеді. Сөйтіп, тағы да қола жүлдеге таласатын болдым. Қола жүлде үшін айқаста Канада елінің спортшысы жарақатына байланысты жекпе-жектен бас тартты. Осылай жарыстың бірінші күні екі қола жүлдені қанжығама бөктердім.

CtBAWWGWbC4

Екінші күні шаршы алаңға жекпе-жектің қалған үш түрінен шықтым. Алдымен грэпплингтен басталды. Бірінші белдесуімде канадалық балуанмен күресіп, 5 ұпай басымдығымен ұттым. Екінші айналымда Грекияның спортшысымен шықтым. Грек балуанына жасаған 3 балдық əдісімді төрешілер тек бір ұпаймен бағалады. Төрешілердің грекиялық балуанға бүйрегі бұрғанын бірденсездім. Ендігі əдісімді  қазылардың дəл алдына əкеп бұрқ еткізіп тастадым. Қарсыласым кілемнен шығып, жерге омақаса құлады. Төрешілер тағы да маған ұпай бермей, ескерту жасап, қарсыласыма бір ұпай берді. Соңғы секундтарда грек балуаны дəл мен сияқтыəдіс жасады. Ал, төрешілер бұл əдісті екі ұпайға бағалайды.  Жеңіп тұрсам да, төрешілердің қарсыласыма жығып берген қиянаты қынжылтты. Төрешілермен келіспей, біраз уақыт бозкілемнен кетпей қойдым. Бəрібір менің жанайқайымды елеусіз қалдырып, қарсыласымның қолын көтерді. Соңынан төрешінің де Грекия елінің тумасы екенін білдім. Алтыннан қағылып, қола жүлдеге таласатын болдым. Қола жүлде үшін белдесуде тағы да Канада елінің спортшысымен күрестім. Қарсыласыма 30 секунд қалғанда əдіс жасап, үшінші қола жүлдені еншіледім. Келесі жарысымыз панкратионның фул-контакт деген түрінен өтті. Австралия мен Германия елінің спортшыларын уақытынан бұрын жеңіп, финалға жолдама алдым. Финалда Омар деген Əзірбайжан елінің өкілімен кездестім. Алғашқы минуттардан басымдық танытып, ұпай санымен алға шықтым. Біраз босаңсып, қарсыласты менсінбеушілік пайда болды. Ақыр соңында 16-11 ұпай санымен қарсыласым жеңіске жетті. Ең соңғы сайысымыз өзім машықтанып жүрген жекпе-жектің түрі – ММА-дан өтті. Алғашқы жекпе-жегімде Грекияның спортшысымен шайқасқа түсіп, қылқын-дыру əдісімен жеңіске жеттім. Екінші айналымда, яғни жартылай финалда Кипр елінің өренімен кездестім. Бұл спортшыға да қылқындыру əдісін жасап, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтадым. Бір қызығы, жоғарыда есе жіберген əзірбайжандық спортшымен ақтық сында жолым түйісті. Алғашқы жекпе-жекте жіберген қателіктерді қайталамай, ұтуға бекініп шықтым. Жекпе-жектің бітуіне бір жарым минут қалғанда айқын басымдықпен жеңіске жеттім. Жарыстың соңғы күнінде қазағымның көк байрағын желбіретіп, əлем чемпионы атағын жеңіп алдым.

– Жарыстың қорытындысы бойынша үздік спортшы атағын  жеңіп алыпсың…

– Осы жарысқа бір апта қалғанда, жаттығу барысында қолымнан жарақат алған едім. Румын спортшысымен болған жекпе-жекте де дəл сол жарақат алған қолымды зақымдап алдым. Жарақатымның ауырлығына қарамастан, барлық жекпе-жегімде сыр бермей, қазақтың қайсар мінезін көрсеткім келді. Жергілікті дəрігерлер қолынан келгенше ем-домын жасады. Солардың арқасында жарақатымнан əдеуір айығып, жарысты жалғастырдым. Негізінен жекпе-жектің барлық түрінен мен ғана сайысқа түстім. Бұл да бір шетінен əсер етті деп ойлаймын. Өйткені, қалған спортшылар ең көбі үш түрінен ғана жекпе-жекке шықты. Жарыстың барлығы аяқталған соң, аудармашылар арқылы төрешілермен жарыстағы келеңсіз жайттар туралы сөйлестік. Сол кезде жанымызға панкратионның президенті келді. «Жақсы төбелестің, намысқой жігіт екенсің, жарыстың үздік спортшысы болуға бірден-бір лайықсың», – деп арқамнан қақты.

YvXa_Hw4GXI

– Қандай да бір сыйақы немесе бағалы сыйлық берді ме?

– Ешқандай ақшалай сыйлық болған жоқ. Тек медаль мен марапаттау қағазы, сонымен қатар «халықаралық дəрежедегі спорт шебері» атағын берді. Дегенмен, бұл жайт көңіліме қаяу түсірмейді. Өйткені, əлем чемпионы атану – əр спортшының арманы, алға қойған мақсаты. Бастысы, елімнің намысын абыроймен қорғап, Қазақстанның даңқын арттыруға үлес қосқаныма қуаныштымын.

 – Спортпен неше жасыңнан бастап айналысып жүрсің?

– 7-сыныптан бастап еркін күреспен шұғылдандым. 9-сыныпты бітірген соң қалалық дарынды балаларға арналған спорт интернатына оқуға түстім. Мектепті бітіргеннен кейін Спорт жəне туризм академиясына қабылдандым. Еркін күрестен халықаралық турнирлерде жүлделі орындардан көрініп жүрдім. Бірақ, ересектер сапына өткенде күресім жүрмей, ешбір жарыста жүлдеге іліне алмадым. Содан мені Айбек Нұрсейіт деген бауырым өзі жаттығатын «Алем файтерс» кəсіпқой спорт клубына шақырды. Қазіргі уақытта осы клубтың атынан сынға түсіп жүрмін. Жаттықтырушым Бейбіт Назаров жекпе-жектің барлық қыр-сырын, айла-əдістерін, құпияларын үйретті. Ал, Ардақ ағамыз жаттығудан бөлек ұлтты сүюге, тіліміз бен дінімізді, əдет-ғұрып, салт-дəстүрді қастерлеуге тəрбиелейді.

– Отбасың туралы айта кетсең..

– Отбасында үш ағайындымыз. Əкемнің есімі – Болат, анам – Замира. Қарындасым Əсем мен інім Райымбек Шоқан Уəлиханов атындағы №12 мектепте білім алады.

 

Əңгімелескен

Дəурен ТҮЛКІБАЙ

«Ұлан», №49

(06.12.2016)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз