Сыр-сұхбат

Нұрлан ӘЛІМЖАН, актер, әнші әрі сазгер, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты:

МЕНІ БАЛА КҮНІМДЕ «БОРСЫҚ» ДЕП АТАЙТЫН

Достар, өздеріңе уәде еткеніміздей, өткен аптада әнші-актер Нұрлан Әлімжан ағаларыңмен сұхбат өткіздік. Хабарландыру жарияланған сәттен бастап, поштамызға сан түрлі сауалдар толассыз жіберілді. Кейбір сұрақтардың мазмұны ұқсас болғандықтан, ішінара іріктеп алдық. Бұл шақта Нұрлан ағаларың туған жері Көкшетау өңірінде қыдырып жүр екен. Уақытын бөліп, «ұландықтардың» сауалдарына жауап беруден бас тартпады.

Нұрлан аға, қандай бала болдыңыз?

Меруерт ҚҰСАЙЫН,

оқушы.

Нұрлан Әлімжан: Өте салмақты бала болдым. Кішкентайымнан үлкен ағалардың әңгімесін тыңдап өстім. Қиялшыл едім. Толық бала болған соң, мені бәрі «борсық» деп атайтын. Менің туып-өскен жерім – Көкшетау облысы (қазіргі Ақмола облысы), Еңбекшілдер ауданы, Кеңащы ауылы. 9-сыныптан кейін Көкшетау қаласындағы №3 М.Ғабдуллин атындағы гуманитарлық мектепте оқып, орта мектепті тәмамдадым. Еркелігім де болды, бірақ, тым ерке емес едім. Ғарышкер, ұшқыш болуды армандайтынмын. Өсе келе өнерге бет бұра бастадым.

Сізді актер болуға жетелеген не нәрсе, кім себепкер болған еді?

Қалдарбек Кенже, 8-сынып оқушысы.

(Қызылорда облысы)

Нұрлан Әлімжан: Мені актер болуға жетелеген нәрсе – арман. Негізгі себепкер болған адам – әкем. Бала күнімнен әр алуан фильмдерді көріп, сондағы кейіпкерлерге қатты қызығатынмын. Ван Дамм, Брюс Ли, Джеки Чан, Митхун Чакраборти сынды актерлар ойнайтын кинофильмдерді сүйсіне тамашалайтынмын. «Мен де солар сияқты актер болсам» деген арман пайда болды. Содан 2001 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының актерлік факультетіне оқуға түстім.

Еңбек жолын алғаш қай театрдан бастадыңыз?

Арайлым Рамазан, 11-сынып оқушысы.

(Жамбыл облысы)

Нұрлан Әлімжан: Еңбек жолымды алғаш рет Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы академия-лық Жасөспірімдер мен балалар театрынан бастадым. Алғашқы ойнаған спектаклім «Қыз Жібек» болатын. Қойылымда Төлегеннің рөлін сомдадым. Ол кезде II курс-тың студенті едім.

Сіздің арнайы музыкалық біліміңіз бар ма?

Өркен Әбдіров, 10-сынып оқушысы.

(Оңтүстік Қазақстан облысы)

Нұрлан Әлімжан: Өнер академиясында төрт жыл бойына актерлік шеберлікке үйренумен қатар, вокалдан да сабақ алдық. Вокалдан бізге марқұм ағамыз, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Амангелді Сембин дәріс берді.

Қазақ эстрадасынан кімдерді тыңдайсыз?

Нұрлан Әлімжан: Мен Бекболат Тілеуханов ағамыздың өнерін ерекше бағалаймын. Рамазан Стамғазиев ағамыздың орындауындағы әндер неткен тамаша! Қытайдан келген Оралхан Еңсехан ағамыздың орындау мәнерін ұнатамын. Индира Расылхан, Ардақ Балажановаларды сүйсініп тыңдаймын.

Біреуге еліктеушілік дегенге пікіріңіз қандай?

Нұрлан Әлімжан: Адам баласы алдындағы үлкендерге қарап өседі. Менің де еліктеген адамдарым көп болды. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, әкеме, ұстаздарым Айдос Бектеміровке, марқұм Жайлау Жабағин ағаларыма еліктейтінмін. Көптеген танымал актерларға қызығып, соларға еліктеп өстім. Сол адамдардың жақсы қасиеттерін үйреніп, «болмасақ та, ұқсап бағуға» тырыстық, әрине. Еліктеу дегенде біржола сол адамның көшірмесі болмау керек. Ешкімді қайталамау керек. Өзіндік «меніңді» жоғалтпау қажет, балалар. Өйткені, Жаратқанның шеберлігі сол, өмірде ешбір адамды, ешнәрсені бірдей етіп жаратпаған. Бірақ, бала күніңде жақсы адамдарды танып, солардың өнерін үлгі тұту деген жақсы қасиет. Танымал адамдардың, өнер иелерінің өмірбаянын оқып, араласқаның жақсы әсерін тигізеді. Өз басым кішкентай күнімнен үлкен актерлармен, түрлі өнер адамдарымен араласып, болашақ мамандығыма қатысты ақыл-кеңестер алуға тырысатынмын.

Әртіс болу үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы тиіс?

Таңшолпан Бегалықызы, 11-сынып оқушысы.

(Оңтүстік Қазақстан облысы)

Нұрлан Әлімжан: Әртіс болу үшін ең алдымен адамның бойында дарыны болу керек. Жауыр болған сөз болса да айтайын, дарын 1 пайызды алса, қалған 99 пайызды талап пен еңбек құрауы тиіс. Еңбексіз ешнәрсе өнбейді. Ізденімпаз бола біліңдер. Өз-өзіңді тәрбиелеп, тынымсыз жұмыс жасауың керек. Ең бастысы, адамгершілік қасиеттеріңді өсіріңдер. Ой-өрістеріңді дамытыңдар. Рухани биіктік бар жерде, өнер өлмейді.

Бүгінгі қазақ фильмдеріне кейде көрермендердің көңілі толмайды. Сіздіңше, қазіргі қазақ киносының аяқ алысы қандай?

Нұрлан Әлімжан: Бес саусақ бірдей емес қой. Қазір түсіріліп жатқан қазақ киносын бірыңғай мақтамаймын да, даттамаймын да. Киноның өзі бәйгеге қосқан тұлпар тәрізді. Бұл саланың да өз тұлпарлары мен шабандоздары болады. Қазір қазақ киносы жақсы дамып келеді. Талантты режиссерлер де, актерлар да жоқ емес. Жақсы туындылар түсіріліп жатыр. Бір кездері жабылып, ешбір фильм түсірілмей кеткен жоқшылық, таршылық заман да бастан өтті ғой. Осы тұрғыдан алғанда  барымызға тәубе дей білу керек. Режиссерлерден Ақан Сатаевты, Рүстем Әбдірәшті, Сатыбалды Нарымбетов пен Асқар Ұзабаевты құрмет тұтамын. Өзім түскен «Ағайындылар», «Жаужүрек мың бала» фильмдері – тек маған ғана емес, көпшілік көрерменнің көзайымына айналған туындылар. Ақан Сатаевтың «Адасқандар» атты фильмі қатты ұнады. Жақында көрерменге жол тартқан Ермек Тұрсыновтың «Шал» атты туындысы да өте сәтті шыққан. Осындай-осындай жақсы кинофильмдеріміз бар да, қалайша кинодағы аяқ алысымызды жаман демекпіз.

Берілген рөлді сомдай алмай, режиссер көңілінен шықпаған кезіңіз болды ма?

Нұрлан Әлімжан: Құдай сақтасын, осы күнге дейін актерлік шеберлігіме қатысты сөгіс естіген емеспін. Ондай жайсыздық болмай-ақ та қойсын. Қандай рөл тапсырылса да, жан-тәніммен сол образға енуге тырысамын.

Кино саласында қандай адамның рөлін ойнауды армандайсыз?

Нұрлан Әлімжан: Наурыз-бай, Ағыбай, Қабанбай сынды қазақтың батырлары туралы фильмдер түсірсе деген ішкі арман-тілектерім бар. Жалпы, тарихи тұлғаларды сомдау – әр актер үшін жауапты іс, ондай рөлдерді әрбір актер ойнауды арман етеді.

Өзіңізге ұнамайтын, түзей алмай жүрген қандай мінезіңіз бар?

Нұрлан Акперов, 9-сынып окушысы.

(Талдықорған қаласы)

Нұрлан Әлімжан: Кейде эмоциямды жеңе алмай қалатыным бар. Қызбалығым мен шыдамсыздығым бар. Көпшіліктің алдында үнемі жымиып жүргеніммен, кей-кейдегі қызбалығым мен ашуымды тек жақын адамдарым ғана байқап қалады. Асығыс қимылдайтыным бар, сосын өзіммен қоса қасымдағы жандардың да «жанын алам». «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, қазір өзімді сабырлы болуға тәрбиелеп жүрмін.

Өткенде «Хабар» арнасындағы «Бiз» бағдарламасында әншiлерiмiздiң, актерлерiмiздiң, жалпы, «жұлдыздарымыздың» интеллектiсi төмен, газет-журнал, кітап парақтамайды, саяси жаңалықтардан хабарсыз» деген пікірлер айтылды. Бұл мәселе турасында сіз қалайсыз?

Мейірман Лес, 11-сынып оқушысы.

(Оңтүстік Қазақстан облысы)

Нұрлан Әлімжан: Қазір білгенімнен білмегенім көп, көргенімнен көрмегенім көп. «Толдым, толыстым» деу – адамның жаңылысқаны. Қазақ елінің бір азаматы, оқыған, көзі ашық адам ретінде еліміз бен әлемдегі күнделікті жаңалықтарды қадағалап отырамын. Саяси-қоғамдық басылымдарға да шолу жасап отыратын әдетім бар. Өнер мен мәдениетте нендей өзгерістер, жаңалықтар болып жатқанына да құлақ түре жүремін. Бала кезімнен тарихи, көркем шығармаларды сүйіп оқитынмын. Жалпы, интеллектуалдық білім актер үшін үлкен рөл ойнайды.

Кинодағы бағыңызды ашқан қай рөлiңiз?

Нұрлан Әлімжан: Мені актер ретінде көпшілікке танытқан «Ағайындылар» фильмі еді. Сосын Елбасының рөлі де шығармашылығымды жандандыра түсті деп есептеймін. «Жаужүрек мың баладағы» Қасым рөлін сомдауым да халықтың көңілінен шықты деп ойлаймын.

Сізді қазіргі қоғамдағы қандай мәселе алаңдатады?

Нұрлан Әлімжан: Мені қазақ тілінің қазіргі жай-күйі алаңдатады. Еліміздегі әр азамат көптеген әлемдік тілдерді меңгерсе, өзге жұрттың да өнерін, тарихын үйренсе деп тілеймін. Әйткенмен, өз ана тіліне құрмет қарауды естен шығармаса екен. Қазақтың ұл-қыздары өзара орысша шүлдірлеп отырғанын байқасам, «әттеген-ай» деп, қынжылып қаламын. Қазағымның жастарында намыс болса деймін.

Cіздің телеарналық әншілер байқауларына қатысқаныңызды көрмеппіз, не себепті қатыспайсыз? Мәселен, «Екі жұлдыз», «Саз әлеміне» қатысып, бағыңызды неге сынап көрмеске?

Айзада Болатқызы, студент.

(Алматы қаласы)

Нұрлан Әлімжан: Негізі «Екі жұлдызға» да, «Саз әлеміне» де қатысуға шақырту алғанмын. Бірақ, дәл сол кезеңдерде кинотүсірілімдерде жүріп, қолым тимей қалып жатады.

Қазір «сахналық имидж» деген түсінік бар. Ал сіз өзіңізді стильді әртістердің қатарына жатқызасыз ба?

Кәмшат Серікжанқызы, студент.

(Алматы облысы)

Нұрлан Әлімжан: Сәнқойлықты мен де жақсы көремін. Бірақ, батыстық стильдегі алба-жұлба киім-кешек киінуден аулақпын. Заманауи классиканы құптаймын. Бастысы, киген киімің өзіңе қонымды әрі ықшам, ыңғайлы болғанын жөн көремін. Бір ғана фирманың киімдерін киінемін демеймін. Жарасқанына қарай таңдаймын.

Коллекция жинайсыз ба?

Нұрлан Әлімжан: Үй-де лицензиялы әр алуан фильмдердің дискісін жинаймын. Сондай киноманмын (күліп). Өзім кино актері болғандықтан ба екен, әйтеуір үйдегі бір бөлмемнің қабырғасын дискілермен толтырып тастадым. Елдер кітап жинайды ғой, менде де көптеген кітаптар бар. Бірақ, кинофильмдердің дискілері одан гөрі көбірек. Тіпті, саны неше екенін де білмеймін, шамалауымша бірнеше жүзге тартады.

Өмірдегі басты мақсатыңыз қандай?

Аяулым Иманқұл,оқушы.

Нұрлан Әлімжан: Ең алдымен, өмірге адам болып келгесін, адам боп өту. Бұл ұғымның ішіне көп нәрсе кіреді: ата-анамның қолын жылы суға малу, жарымды бақытты ету, бала-шағамды бағып, солардың тілеуін тілеп, аяғынан тұрғызу. Бұл отбасына қатысты болса, өнердегі мақсатым – халыққа пайдалы еңбек ету, ел мәдениетінде өзіндік қолтаңбамды қалдыру.

Нұрлан аға, жеке концертіңізді қашан бересіз?

Сымбат Ибрагимова, 8-сынып оқушысы.

(Алматы қаласы)

Нұрлан Әлімжан: Жеке концерттерімді еліміздің әртүрлі аймақтарында өткізіп жүрмін. Алла қаласа, алдағы уақытта Астана мен Алматы қалаларында үлкен шығармашылық кешімді өткізсем деген жоспарым бар.

Елбасының рөлін сомдау сізге қиынға соққан жоқ па?

Секер Кушкинова, 10-сынып оқушысы.

(Батыс Қазақстан облысы)

Нұрлан Әлімжан: Аса қиналдым дей алмаймын. Фильмге түсу барысында үлкен жауапкершілікті сезіндім. Нұрағаңа еліктеп, құрметтеп өскен жастардың бірімін ғой. Рөлге дайындық кезінде өзі туралы, әсіресе балалық шағы туралы кітаптарды оқып шықтым. Ол кісінің ауылдастарымен әңгімелестім. Сегіз қырлы, бір сырлы, сымбатты, білімді, ақжарқын Сұлтанға қыздардың бәрі ғашық болыпты. Өз бойымнан ол кісіге ұқсас қасиеттерді іздестіріп, тауып та отырдым. Нұрағаңның тектілігін, тәрбиелілігін барынша сомдауға тырыстым. «Балалық шағымның аспаны» фильмін көпшілік көріп, өз бағаларын беріп те үлгерген болар.

Сіздің әкеңіз Баянғали Әлімжанов кезінде танымал айтыскер ақын болған екен. Ал сіздің ақындық, суырып салмалық қасиеттеріңіз бар ма?

Ерасыл Тасболат, оқушы.

(Алматы қаласы)

Нұрлан Әлімжан: Ақындық, суырыпсалмалық қасиеттерім жоқ. Жалпы, поэзияға деген сүйіспеншілігім зор. Әкемнің өнері маған ақындық емес, композиторлық қасиеті жағынан дарыған.

Сазгерлігіңізді де білеміз. Көбінесе қандай ақындардың өлеңдеріне ән жазасыз?

Нұрлан Әлімжан: Көптеген әндерімді қазақ эстрадасының танымал әншілері орындап келеді. Қазіргі таңда Қайрат Нұртас «Ол сен емес» деген әнімді орындап жүр. Өзімнің орындауымда «Ақ құсым», «Бағыңды бағала» атты әндерім бар. «Қайта оралшы», «Көзіңе қарай бердім», «Өткенді салма есіме» деген әндерім де өз тыңдармандарын тапқан туындылар қатарында деп білем. Әкем Баянғали Әлімжан, Бақыт Беделхан, Қайрат Ағыберген деген ақындардың өлеңдеріне бірнеше ән шығарған екенмін. Бір ғана ақынға байланып қалу деген қағида жоқ қой, Сондықтан болашақта көптеген қаламгерлермен бірлесіп, тамаша әндерді жарыққа шығарамыз деп сенемін.

Әлемнің қандай қалаларын көргіңіз келеді?

Нұрлан Әлімжан: Мүмкіндік болса, әлемнің бар қаласын көруге әзірмін. Дүниежүзінің бар тау-тасын, өзен-көлін, тарихи, мәдени орталықтарын көруді армандаймын. Кейде бала сияқты қиялдап кетіп, «шіркін-ай, әлемді еркін аралар ма едім» дейтін кездерім болады. Өмірге бір келгенде біраз нәрсені біліп, талай жерді көргенге не жетсін!

Нұрлан аға, сізді көп жастар үлгі тұтып, кумирім деп санайды. Өзіңіздің кумиріңіз бар ма?

Тоғжан Кенже, 11-сынып оқушысы.

(Қызылорда облысы)

Нұрлан Әлімжан: Кумир деген адамда тек біреу болады ғой. Ал, мен бір адамды ғана үлгі тұтамын дей алмаймын. Құрмет тұтатын, бағалайтын адамдарым көп. Ата-аналарым-ды, ұстаздарымды өте қатты сыйлаймын, өзіме үлгі көремін. Досхан Жолжақсынов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Асанәлі Әшімовтерді ерекше ардақ тұтамын. Сондай-ақ, ресейлік Сергей Безруков, алыс шетелден Брэд Питті атар едім. Қарап отырсақ, әр адамның өзіндік жақсы қасиеті болады, сол жақсы қасиеттерінен үлгі алуға тырысамын. Бір адаммен шектеліп, тек бір ғана жанды кумир тұтуды дұрыс деп есептемеймін. Адамның неғұрлым үлгі тұтар жақсы адамы көп болса, соғұрлым рухани байи түседі. Жан-жақты, сан қырлы болуға тырысыңдар.

Отбасыңыз жайлы толық ашып айтпайсыз, ал біздің білгіміз келеді…

Нұрлан Әлімжан: Әкем Баянғали – жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Анам Әлия – дәрігер, үйде немерелерінің аяулы әжесі. Жарымның есімі – Жансая. Ғабдолла, Нұрмұхамед, Томирис есімді балалардың әкесімін.

Сізді Қытай режиссерінің фильміне түскен алғашқы қазақ актеры деп естігем, сол рас па?

Құралай Шаяхмет, 7-сынып оқушысы.

(Алматы облысы)

Нұрлан Әлімжан: Рас. 2009 жылы қытайлық Гон Фу есімді режиссердің «Ақсарбас» атты фильміне түсіп қайтқанмын. Ол фильмде сал-серінің жиынтық образын ойнадым.

Сізді «Ағайындылар» фильмінен жақсы білеміз. Ал, өмірде неше ағайындысыз?

Алмабек Ибрайымов, 7-сынып оқушысы.

(Алматы облысы)

Нұрлан Әлімжан: Мен отбасымның жалғыз ұлымын.

Киноға түсу барысындағы қызық оқиғаларыңызды айтып берсеңіз?

Нұрлан Әлімжан: Қызықтар көп. Қазір есіме біреуі түсіп тұр. Қытайда «Ақсарбас» фильміне түсіп жүрген алғашқы күндер мен үшін ауыр болды. Себебі, қытайлар екі-үш сағат қана ұйықтап, бір жұмыртқаны азық етіп жүре береді екен. Еш шаршамайды. Ал менің бұлардың мәзірінен 2-3 күннен кейін басым айнала бастады. Сосын режиссерлерге: «Менен сері шықпайды. Серінің көзінде нұр ойнап тұруы керек. Ал қазақтардың көзіне нұр тек ет арқылы келеді», – дедім. Сол сөзімнен кейін түсіру алаңында күнде мен үшін арнайы қой сойылатын болды.

Қолыңыз қалт еткенде қандай шаруалармен айналысқанды жақсы көресіз?

Ақерке Бақытқызы, оқушы.

(Талғар қаласы)

Нұрлан Әлімжан: Кинотеатрға барғанды жақсы көремін. Спортпен шұғылданам, кітап оқимын. Ал кейде дос-жарандармен әңгіме-дүкен құрып, көңіл сергітуді қалаймын. Атпен шапқанды ұнатамын.

Сұхбатты жүргізген Қарлығаш ДОСАНОВА

(«Ұлан», №51,18.12.2012)

1 ПІКІР

  1. Бірде ҚАЗАҚТЫҢ ТӨБЕ БИІ атанған Төле би былай деген екен:
    Адамның басшысы – ақыл,
    Шолушысы – ой,
    Жетекшісі – талап,
    Жеткізбейтіні – арман,
    Сыншысы – халық,
    Қорғаушысы – сабыр…
    Сол демекші Нұрлан аға бойыңызда осындай қасиеттердің бары анық екен. Өнеріңіз өрлей берсін деген тілек білдіремін!!!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз