Жаздыгүн шілде болғанда

МАҢЫРАҚ ТАУЫНЫҢ БАУРАЙЫНДА

Пай, пай, киелі неткен жер,

Бабалар дүрілдеп өткен жер.

Бас иіп, иіскеп топырағын,

Тағзым жасамай өтпеңдер,

деп, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, туған өлкеміздің әсем табиғатымен көз тартар, киелі тарихымен сыр шертер «Сеңгір» лагеріне имене басып, табан тіредік. Ел аузындағы аңыз бойынша жаугершілік замандарда Қандысу бойынан «Сеңгір» таулы үстіртіне дейін қалың тоғай болған. Сол қалың тоғайдан өту батырлар үшін қиямет-қайымға айналған. Қандысудың екпіні қатты дүлей жел іспеттес. Өзеннің арғы бетіне өтемін деушілердің көпшілігі суға кеткен. Содан Қандысу аталса керек. Аман өтіп, қатары азайған жауынгерлерді тоғайға тығылған жау әскері  үнемі қырғынға ұшыратқан. Батырларымыз осы тоғайға келгенде жүрексініп, «сен кір, сен кір» деп бір-біріне жол беріскен деседі, осыдан барып бұл өңір «Сеңгір» аталған. Бұл күнде Қандысу бойында ғана жағалай өскен тоғайлар қалған.       Біз «Сеңгірге» келгенде күн ұясынан шығып, арайлы шапағымен сүйсіндіріп, Қандысудың сыңғыры балалардың тәтті күлкісіндей естіліп жатты. «Сеңгір» лагеріндегі үйлердің шатырлары көзге бірден түсіп, көк күмбездей жарқырап, мұнда жөндеу жұмыстары жүргендігін байқатып тұр. Онсыз да сұлу табиғаттың ажарын ашып, сұлулыққа сұлулық қосқандай. Қаз-қатар тізілген балалар сап түзеп таңғы жаттығуға кіріскен. Балалық шағымыз еске оралып, балалардан көз алмай тамсана қарап қалдық. Жаттығу аяқталысымен тәрбиешінің таңғы асқа шақырған жұмсақ дауысы тәтті қиялдан ажыратып алды. Тәрбиешіні сөзге тарттық.

– Балалардың жазғы демалысын көңілді де, қызықты ұйымдастыру жағы аудандық білім беру бөлімі тарапынан жақсы қолға алынған. Лагерь маусым айының он төртінде ашылды. Әр маусым бойы қырық баладан дем алып қайтады. Аудандық бюджеттен 1,6 миллион теңге бөлініп, алты маусым бойы балалардың алаңсыз демалуына барлық жағдай жасалған, – деп лагерь бастығы Қыдырбек Биқа лагерь туралы мәлімет беруде.

− Жылма-жыл әр ауысым бойынша ауданымыздағы мектептерден жетім және жартылай жетім, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балалары лагерьдегі кестеге сай демалады. Бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізу үшін күнделікті әр түрлі шаралар өтіп тұрады. Атап айтар болсақ, «Сеңгір әншісі», «Біз бақытты баламыз» сурет конкурсы, «Би құдіреті – вальс», «Дебат», «Астана – жас қала», концерттік бағдарлама, «Пікірлесу алаңы», «Сеңгір бишісі» сайыстары өтсе, әлі алда балаларды «Нептун күні», «Сеңгір сұлтаны», «Жас ақындар жырлайды», «Сеңгір аруы», «Менің өлкем», Маңырақ тауына саяхат, КТК, алау жағу т.б. көптеген шаралар күтіп тұр. Сонымен қоса, шахмат, дойбы, қол күресі, стол теннисі, волейбол, футбол, эстафеталық сайыстар денешынықтыру пәні мұғалімінің жетекшілігімен өтіп тұрады. Астана күні мерекесіне орай Маңырақ ауылының әкімі Әбілқайыр Қожахметовтың ұйымдастыруымен Сеңгірдегі демалушы балаларға ауыл өнерпаздарының концерті қойылып, балаларды бір серпілтіп тастады. Биылғы маусымның басты ерекшелігі – психолог мамандар жұмыс атқарып, балалармен жекелей де, топтық түрде де жұмыс жүргізіп жүр. Балаларды таза ауада шынықтырып қана қоймай, туған өлкеміздің ғажап табиғатымен және де тамыры терең тарихымен таныстырып, адамгершілік қасиеттерді бойларына сіңіре отырып тәрбиелеу басты мақсатымыз, – деді аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Нұргүл Құрманғалиева.

Жарыса жүгірген топ бала келіп амандасып жатыр. Өздері мәз. Есімдерін жарыса атап, өздерін таныстырды. «Сеңгір» демалыс лагері бізге қатты ұнады. Мұнда бірінші рет келдік, жаңа достар таптық. Әр күніміз қуанышқа толы, – деп Дана, Әсел есімді қыздар көңіл-күйлерін жеткізді.

Балалардың әр күнін көңілді өткізуге атсалысып жүрген тәлімгер Мақпал Оралбекова, музыкант Нұргүл Құжабаева, денешынықтыру пәні мұғалімі Саят Наурызбаев, медбике Раушан Омарова, шаруашылық меңгерушісі Болатбек Мәубәкімов, аспазшы Әйкен Темірғалиевалардың еңбегі зор екендігі анық.

Маңырақ тауының саясында, жасыл желек аясында, Қандысу өзенінің жағасында орналасқан «Сеңгір» жазғы демалыс лагерінен біз де бақытты балалық шағымыз артта қалып бара жатқандай, қимастықпен үнсіз кетіп бара жаттық.

Ержан АМАНГЕЛДІ,

М. Әуезов атындағы

орта мектептің мұғалімі,

Ақжар ауылы,

Тарбағатай ауданы,

Шығыс Қазақстан облысы

(«Ұлан», №32.07.08.2012)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз