15252626_1792665597673878_2059332781994459642_o

Бала кезімде дирижердің қызметін түк түсінбейтінмін. Алдарында нота тұр, дирижер қолын əрі-бері сермеп тұрмаса, өздігінен тарта алмай ма екен деп ойлайтынмын…

Жуырда Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінде қонақта болдым. Бас дирижері  –  Арман Жүдебаев. Жасы отызда. Үлкен ұжымның бас пультін ұстағанына  екі жылдан асқан. Мені оркестрдің қарашаңырағына жетелеп əкелген де осы дирижердің өнері. Youtube желісінен қазақты əлемге танымал еткен видеоларды қарап шыққан едім. Сонда шетелдіктердің Құрманғазы оркестрінің өнеріне тамсанып отырғанын көріп, кеудемді мақтаныш кернеді. «Оркестрлер айтысы» рухыңды көтеріп жібереді. Тыңдағанда бір орында отыра алмай қомпаңдап, бір қызынып, бір суынасың.

Ана тілін ұмытып, еті өліп бара жатқандарға көшпенді қазақ екенін қайта есіне салатындай.

Ұлттық оркестрге осындай «ноу-хау» жасаған дирижер туралы білгіміз келді. Бұрын-соңды берген сұхбаттарын іздеп ем, таппадым. Есесіне, телефон нөмірін оңай таптық. Хабарласқанымызда, үнемі қолы бос болмады. Бір күні «10.45-тегі үзілісте келе аласыз ба?» деген хабарламасын алдық. Айтқан уақытында жетіп бардық.

Түс ауғанша Құрманғазы оркестрімен бірге «жұмыс істедім». Жұмыс тəртіптері қатаң екен. Таңғы 10-нан бастап, 45  минут дайындық жасап, 15 минуттық үзіліске шығады. Сосын қайтадан дайындық, қайтадан үзіліс. Үзіліс уақытында тура мектептегідей қоңырау соғылады. Біз кейіпкерімізбен əр 45 минут сайын 15 минуттық үзілісте ғана сұхбаттасып тұрдық…

Үзілісте Арман Жүдебаевтан не сұрадық, ендеше?

01_7715

– Кейіпкеріңе сұхбатқа келерде міндетті түрде бұрын шыққан сұхбаттарын іздеп оқисың. Бірақ, сіздің сұхбаттарыңызды көп кезіктірмедім. Сұхбатқа сұранбайтын адамсыз ба, əлде сізден сұхбат алмай ма?

– Сұхбат аламын деген кісінің бетін қайтарған емеспін. Жақында ғана сіз секілді газет журналисінің сұрақтарына жауап бердім. Менің сұхбатым – Құрманғазы оркестрінің насихаты. Ұлттық өнерді насихаттау əрқашан өзекті.

– Шетелдіктер қазақ өнері туралы дерек іздегенде, алдымен осы оркестрдің өнерін тамашалайды. Қазақ халқы туралықызығып іздеушілерге қызықсыздар. Ал, қазіргі қазақтың өзіне сондай қызықсыздар ма?

– ХХІ ғасыртехниканың тілін меңгергендер мен ғаламтордың ғасыры. Кезінде Ахмет Жұбанов, Шамғон Қажығалиев ағаларымыздың мүмкіндігі аз болды. Бірақ, соның өзінде олар осы оркестрді биікке көтерді. Тап қазіргі кезде жеке сайтымызды аштық, əлеуметтік желілерде парақшамызды жүргізіп жатырмыз. Əртістер туралы жазамыз. Концерттік бағдарламамыздан үзінділер əлеуметтік желілер арқылы таратылып жатыр. Құдайға шүкір, Құрманғазы оркестрін елімізде де, шетелде де жақсы қабылдайды. Оған қаншама ағаларымыз еңбек етті. Бірақ, жаңа ғасырда жаңашылдыққа бейімделу керек. «Біздің концертке көрермен келмеді,  біздің өнерпаздардың өнерін бағаламайды» деп айтудан аулақпыз. Ең алдымен өзіміз қазіргі көрерменге бейімделіп жұмыс істеуіміз керек. Дəстүрлі музыкаға деген сұраныс бар, бірақ өте аз. Бір бейнебаян түсіріп, бір концерт өткізіп «жұлдыз» боп кететін эстрадник емеспіз. «Мынау қазақтың ұлттық аспабы. Ол аспаптарды Құрманғазы оркестрі арқылы тыңдай аласың» деп баланың санасына кішкентайынан құю керек. Əлем өнерімізді тек ұлттық үн арқылы ғана таниды.

– Жеке өміріңіз туралы дерек іздегенде Жұбанов атындағы музыка мектеп-интернатында оқығаныңызды  білдік. Өзіңіз туралы айтыңызшы…

– Əке-шешем Алматы облысының Жетіген деген жерінен. Өзім Қапшағайда дүниеге келгем. Алғаш мектеп табалдырығын да сонда аттадым. Шынымды айтсам, бала кезде менде өнерге деген құштарлық болмады. Спортты жақсы көрдім. Футбол ойнадым. Бір күні анам: «Сабақтан келген соң  доп теуіп босқа жүресіңдер. Сабақтан басқа тындырып жат-қан түктерің жоқ. Ең болмаса, домбыраға қатысыңдар», – деді. Əпкем балаларға арналған музыка мектебіне қоярда қоймай «қатысайық» деп ертіп апарды. Бірақ, қазір əпкем өзі өнер жолынан қалып қойды. Сол мектепте мен əншілік сыныпта оқыдым. Домбыра тартып, халық əндерін айтуды үйрендім. Өнерге қызығушылығы жоқ бала сахнаға шыққанда арқаланып, басқалардан қалыспауға тырысты. Сонда жүргенде Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебі бар екенін естідім. Бар ойым – сол мектепте оқу деген арманға ұласты. Басқа музыка мектептерін айтса, баспаймын. «Тек Жұбановқа түсем» деп қатып қалғам. Ол мектепке барсам, əншілерді дайындамайды екен, күйшілер сыныбы бар екен. Дауысымды естіп: «Дауысы бар, талантты бала екен», – деді. Анам: «Əншілік болмаса, домбыра сыныбына алыңыздаршы», –  деп өтінді. Есімде қалғаны, сол кезде Нұрғиса Тілендиевтің «Аққуын» орындап бердім. Жылап жүріп, Гүлперизат Елеусізқызының сыныбына қабылдандым. Бірге оқитын балалар конкурстарға барып, лауреат болып қайтады. Сосын алдыма «қайтсем де жанымдағылардан озам» деген мақсат қойдым. Ол кезде алтыншы сыныпта оқитын едім. Күні-түні дайындалам. Қарауыл ағаймен келісіп алып, түнімен домбыра тартам. Күніне 12-13 сағатым дайындыққа кететін. Нəтижесінде республикалық конкурстан гран-при алдым. Дирижерлікке де мектепте оқып жүргенде қызықтым. Оркестрде отырғанда дирижердің қол сермегенінен көз алмайтынмын. «Былай істесе дұрыс болады» деп іштей өзім де дирижерлік жасап отыратынмын.

10863975_767079170037325_1381432887909811968_o

12-сыныпта дирижерліктен емтихан тапсырдық. Республикалық комиссияның өкілі болып Алдаберген Мырзабеков келді. Менің дирижерлігімді көрді де: «Мына бала дирижер болады. Сен ертең консерваторияға түскенде, екі мамандыққа түс. Табиғатыңда дирижерлік бар. Домбыраңды да тастама», –  деді. Бірінші жылы домбыра сыныбына түстім, екінші жылы дирижерлікке түсіп алдым. 4-курс оқып жүргеннен бастап 5 жыл студенттік оркестрді басқардым. Шамғон ағамыздың дирижерлігін, шетелдің əйгілі дирижерлерінің өнерін архивтерден қарап, кітаптардан оқып жүріп, өзімізді тəрбиеледік. Ең алғашқы гастролім Түркияның  5 қаласында өтті. Сонда жұлдызымыз жанды. Ұстазым Айтқали Жайымовтан көп дүние үйрендім. 2014 жылы Құрманғазы оркестріне бас дирижер болып келдім.

– Жас маман қалайша Құрманғазы оркестріне бас дирижер болып кетті?

– Қай дирижердің болсын арманы  – ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері болу. Мен де армандадым. 3-курстан бастап осы оркестрде домбырашы қызметін атқардым. Министрлік жас мамандарды қолдау керектігі жөнінде арнайы тапсырмалар беріпті. Сол кезде мені Құрманғазы оркестріне бас дирижерлікке шақырды. Ол кезде 26 жаста едім. Мүмкін сол кезде креативті ойлайтын жастар керек болған шығар. Өйткені, мен консерваторияда жүргенде «айтыста ақындар айтысады, күйшілер күй тартыс жасайды, неге оркестрлер айтысын жасап көрмеске?!» деген ой айтып, оркестрлер шеруін жасадым. Бұл идея көпшілікке ұнады. Тыңдарман жақсы қабылдады.

– Оркестрде қай аспаппен жұмыс істеу қиын?

– Қобызшылар тобымен жұмыс істеу қиын. Қазір прима қобыз дамып кеткен, скрипка сияқты. Бірақ, скрипканы етпен ойнайды. Ал қобыздың ішектерін тырнақтың астына кіргізіп ойнайды. Кейде ойнап отырғанда қобызшының тырнағы қанап кетеді. Оны домбыра сияқты денеңе жақын ұстамайсың, арақашықтық сақтау керек. Сондықтан да интонация, тазалық жағынан қобызшылардың жұмысын қалт жібермей отыру керек.

– Өзіңіз бала кезден домбыра тарттыңыз. Домбыра тарту бала денсаулығына пайдалы деп жатады…

– Кез келген музыкалық аспапта ойнау бала психологиясының мықты болуына əсер етеді. Əсіресе, домбыра сияқты ішекті аспаптарда ойнау жүйке жүйесінің жұмысын реттейді. Домбыра тартқан бала тез ашуланбайды, сабырлы келеді. Қазір де  үйге шаршап барғанда, қолыма домбыра аламын. Алпыс екі тамырым иіп, терлеп, бүкіл буыным босап кетеді. Күй арқылы шаршағанымды басамын, өзімді емдеймін.

– Құрманғазы оркестрінің репертуары қалай таңдалады?

– Арнайы көркемдік кеңесте қаралады.

– Қазіргі кезде оркестрде қанша музыкант бар?

– 80 музыкант бар. Бір құрамда жұмыс істейміз.

– Шетелге жиі шығасыздар ғой?

– Иə, Құдайға шүкір. Шетелге де шығамыз, шетелден келетін делегаттардың алдында өнер көрсетуге де бізді шақырады. Шетелге шыққанда қазақтың күйлерін орындаймыз. Құрманғазыны Бетховен, Моцарттан кем қабылдамайды. Əсіресе, Құрманғазының «Сарыарқасын» орындасақ, бүкіл көрермен аяғынан тік тұрады. Бірде АҚШ-қа барғанымызда сол жақтың азаматы: «Сарыарқаны» тыңдап, көшпенділердің бүкіл тыныс-тіршілігі көз алдымызға келді. Не деген құдіретті музыка!» – деп ризашылығын білдірді. Сонда көзімізге жас келді. Құрманғазы мен Дəулеткерейдің əр күйі жеке бір симфониялық шығарма.

 

P.S. Осы бір азын-аулақ сұхбатымыздың өзін үш бөліп алдық. Оркестрдегі 80 адамды күттіріп қоюға мен де ұялдым. Себебі, маэстро күттірмейді. 83 жылдық тарихында оркестр əлемнің 80-ге жуық елінде өнер көрсетіпті.

Репертуарында отандық жəне шетелдік 4 мыңнан астам туынды бар. Өткен жылы алғаш рет Республика сарайында жеке концертін берді. Бас дирижер алдағы уақытта оркестрдің жеке концертін үлкен стадиондарда беретін жоспары бар екенін де жасырмады. Иə, маэстро айтпақшы, «Құрманғазы оркестрі  – ұлттық өнердің бренді». Айтпақшы, бала кездегі ойым қате екен. Дирижер болмаса, оркестр де жоқ екен. 80 музыкант дирижерсіз  бір мезетте не істер еді?..

Жадыра НАРМАХАНОВА

 «Ұлан», №1

3 қаңтар, 2017 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз