Игнат-4

Раллиге қызығатындарың көп шығар, иә? Тау мен тасты басып өтіп, өркеш-өркеш өрлеуіт жолдарды еңсеретін көліктерді көргенде, шынымен-ақ делебең қозады. Көлікті қойшы, темір ғой. Сол темірді тұсаулап, қиындықтарға келгенде қыңқ еткізбейтін қайсар штурмандарды айтсайшы. Автоспорттан хабары барлар «AstanaMotorsports» командасын жақсы білуі керек. Бұл – біздің отандық құрама. Ондағы пилот ағаларың маусым сайын әртүрлі әлемдік додаларға қатысып, жүлде алып жүр. Жақында ғана олар Италияда өткен Әлем кубогінің бесінші кезеңінде күміс медаль олжалады. Елге оралған соң, шабандоздардың бірі Игнат Фальковпен кездесудің сәті түскен еді. «Ұланның» оқырмандары үшін бұл спорттың қыр-сыры жайлы бастан-аяқ баяндап берді.

Ұлан: Жүлделеріңіз құтты болсын! Жарыс қалай өтті?

Игнат: Рахмет. Бір ғана кезеңнің медалін емес, Әлем кубогін елімізге әкелу – біздің басты мақсатымыз. Бұл жарысқа біз «NissanPatrol» автокөлігімен шықтық. Бұрын мінбеген машинамыз болғандықтан, жаңа көлікке жол барысында үйренуге тура келді. Алғашқы күні оны басқаруды, құрылғыларын реттеуді, мотордың жұмысын, басқа да бөлшектерін зерттеп-білдік. Екінші күні тәп-тәуір «достасып»,  бірте-бірте жылдамдығымызды арттырдық.

Ұлан: Жолай қандай қиындықтарға тап болдыңыздар?

Игнат-3Игнат: Раллидегі кез келген жарыс көп кедергілерге толы. Мұнда ағза мен техникаға бірдей күш түседі. Жарыс басталар алдында Италияда өте қатты ыстық болды. Қапырық әрі ылғалды ауа райында, тіпті, кабинаның ішінде отыру аса қиын. Бағытымыз – өзеннің тасты аңғары мен орман арасындағы жалғыз ғана машина сыятын жол арқылы өтті. Сондай-ақ, жергілікті фермерлердің рұқсатымен жүзім плантацияларын да басып өттік. Бұл – өте әдемі әрі қауіпті жол. Өйткені, ені тым тар. Жарыстың үшінші күні жаңбыр басталып, бүкіл трассаны тайғақ қылып тастады. Экипажымыздың пилоты Денис Березовскийдің арқасында бұл қиындықты да еңсердік.

Ұлан: Жарыс басталарда сіздерді допингке тексере ме?

Игнат: Өз басым ешқандай тексерістен өтпеппін және қандай да бір препарат қолданған пилоттар жайлы да естімеппін. Ал автомобильдерімізді әр сайыс алдында FIA-ның (Халықаралық автоспорт ұйымы) ережелеріне сай қатаң бақылаудан өткізеді. Өйткені көліктің бір жерінде ақау болуы мүмкін, кей  жағдайларда жүргізушілер жүрісті жақсартатын қосымша құрылғылар орнатып қояды. Мұндай заңсыздық үшін команданы ұзақ жылға лицензиясынан айыруы мүмкін.

Ұлан: Білуімше, былтыр Әбу-Дабиде өткен жарыста сіздер мәреге бірінші болып келдіңіздер. Бірақ көліктеріңіздегі бір ақау үшін сіздерге 1-орынды бермеді. Бұл қаншалықты әділетті?

ИгнатИгнат: Иә, біз Әбу-Дабидегі жеңіс үшін көп еңбек сіңірген едік. Бірақ спорттың аты – спорт, мұнда ереже бәріне ортақ. Біздің автомобильді егжей-тегжейлі тексерістен өткізді және техникалық регламентке сай келмейтін бір детальді тапты. Ал ол  көлік шығарған зауыттың қатесі болатын. Сайып келгенде, ол қате тек біздің көлікте емес, сол модельдегі барлық машиналарда қайталанған. Сондықтан «NissanPatrol Y61» автомобилін мінген кез келген экипажды жарыс жолынан шеттетуге болатын-ды.

Ұлан: Ралли – қауіпті спорт па? Тәжірибелі штурман болу үшін не керек?

Игнат: Ралли – спорттың ең қауіпті техникалық түрлерінің бірі. Орта есеппен жыл сайын ралли жарысында 5 адам қаза табады. Мұнда экипаждың барлық қауіпсіздік деңгейіне баса мән беріледі. Борттағы өрт сөндіру жүйесі, спорттық орындықтар, қауіпсіздік белдіктері, байланыс пен бағдарлауды қамтамасыз ететін спутниктік құралдар, арнайы комбинезондар мен шлемдердің ешбірінде ақау болмауы керек. Ең алғаш мен штурман ретінде карьерамды бастағанымда, пилот Денис Березовский кәсіби бағыт-бағдар берді. Екеуміз оқу-жаттығу трассаларында дайындалдық, жергілікті жарыстарға қатыстық, экипаж бен техника арасындағы байланыстың бүге-шігесіне дейін оқып-білдік. Меніңше, дәл осы теориялардың жетіспеуі жол барысында көптеген кедергілерге ұшыратады. Жалпы, көлік жүргізе алатын кез келген кісі пилот не штурман болып кетеді деп айта алмас едім. Өйткені бұл спортқа махаббат, құштарлық керек. Ол үшін ақшаңды да, уақытыңды да, денсаулығыңды да аямай жұмсайсың. Әрине, теледидардан тамашалағанда қызық. Бірақ шынайы өмірде ралли – тек қана шоу емес, үлкен еңбекті талап ететін ауыр спорт.

Ұлан: Жарыста сіз күтпеген тосын жайттар жиі бола ма?

Игнат: Өте жиі деп айтар едім. Бұралаң-бұралаң тау жолында келе жатып, көліктің доңғалағы ұшып кететін кездер болады. Сағатына 130 шақырым жылдамдықпен кетіп бара жатқанда, талай рет жарық сөніп қалған. Әсіресе, марафондық жарыстарда ондай оқиғалар көп. Есімде қалғаны – былтырғы Дакар додасы. 14 күнде 9000 шақырымнан аса жол жүргенбіз. Мәреге 20 шақырым қалғанда, бізді басқа көлік басып озады. Бұрылыстан өтіп бара жатқанда әлгі көлік аударылып, бүкіл жолды бөгеп тастады. Жолға жалғыз ғана көлік сыяды ғой. Біз дереу көліктен түсіп, қарсыласымызды машина ішінен шығарып алдық. Көлікті алып кетуге тікұшақ шақырттық. Әйтеуір, пилот аман екен. Қатты қуандым. Бір жағынан, планетадағы ең қиын ралли жарысында оған бар-жоғы 20-ақ шақырымның жетпей қалғанына жаным ашыды.

Ұлан: Басты қарсыластарыңыз кімдер?

Игнат: Ливандық пилот Эмиль Кнейссер мен Алексей Кузьмич, катарлық Хамад Еид әл-Тани мен Феррас Алуа – өте мықты қарсыластар. Олар құмды жолда жақсы жүреді. Ресей-Беларусь экипажы Максим Кирпилев пен Андрей Руднитский де «Land Cruiser-200» автокөлігімен керемет көрсеткіштер көрсетіп жүр. Бұлардың әрқайсысы – биылғы Әлем кубогіне үміткер.

Ұлан: Әңгімеңізге рахмет.Алдағы сайыстарға сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан Ботакөз ИКРАМОВА

(«Ұлан», №29, 21 шілде 2015 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз