aa6b3c419ab978721148980ad2fb7de4_resize_w_520_h_

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының 2016 жылғы əдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру туралы» Жарлыққа осы жылдың 29 қарашасында қол қойды. Жарлық бойынша «Мəңгілік ел» монументін жасағаны үшін Иманғали Тасмағамбетов бастаған авторлар ұжымына, «Əй, дүние-ай» романы үшін жазушы Бексұлтан Нұржекеевке, «Құнанбай» толықметражды көркем фильмі үшін Досхан Жолжақсынов бастаған түсірушілер тобына, «Тəуелсіздікке тарту» жұмыстар циклі үшін суретші Камиль Муллашевқа Мемлекеттік сыйлық берілді.

Біздің бір білгеніміз, Бексұлтан Нұржекеевтің 1974 жылы шыққан «Күтумен өткен ғұмыры» да, 1982 жылы шыққан «Бір ғана махаббаты» да, 1987 жылы шыққан «Ерлі-зайыптылары» да аңыз болған шығармалар. Енді міне, «Əй, дүние-ай» романы да оқырман қолына тиер-тиместен аңызға айналып келе жатыр. Бұл романның көп үміткердің ішінен жеке-дара таңдалып алынып, мəртебелі сыйлыққа ие болғаны əдебиетіміздің бəсін бір биікке көтеріп тастады десек, еш артық айтқандық емес. Əйтпесе, кей жылдары оқырманның бетіне тура қарай алмай қалған кездеріміз де болғанын несіне жасырамыз. Ал, «Əй, дүние-ай» романының Мемлекеттік сыйлыққа көркемдігі де, тақырыбы да, идеясы да, бəрі лайық.

Мемлекеттік сыйлық додасында бұл роман туралы қалам қайраткерлері Дулат Исабеков, Марал Ысқақбай, Төлен Əбдіков, Əнес Сарай, Кəдірбек Сегізбаев, Қуанышбай Құрманғалиев, Мархабат Байғұт, Темірхан Тебегенов, Əлібек Асқаров, Əмірхан Меңдеке санаға сына қаққандай қылып анық та қанық сөздер айтты, мақалалар жазды. Соның ішінде қазір Атырауда тұратын жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Мемлекеттік сыйлықты бір алса Бексұлтан алсын, қалғандары «халтурщиктер» деген сұхбаты қатты шулы болды. «Қарсыластарымның ішіндегі ағамыз Бексұлтан Нұржекеевтің шығармашылығын жəне адамдық жеке қасиетін қатты құрметтеймін. Мемлекеттік сыйлықты бір алса сол кісі алсын, одан өтіп кетсе мен алуға тиістімін. Қалған қатысушыларды қарсылас деп есептемеймін», – деді Рахымжан Отарбаев. Ақыры сол Рахымжанның айтқаны келіп, Бексұлтан Нұржекеев Мемлекеттік сыйлықты жеке-дара қанжығасына бөктерді.


CvrJYFWW8AAu4vn

Рахымжан демекші, біз интернетті ақтарып отырып, Бексұлтан Нұржекеев шығармашылығына қатысты біраз қызықты жайттарға тап болдық. Əуелі айтайын дегеніміз, бір жолы Талдықорғанда абақтыда жатқан бір тəуір азаматтың халін сұрап шыққан едік. Сол азамат түрме кітапханасынан «Ерлі-зайыптылар» романын тауып алғанын, ішіндегі қолмен жазған жазудан кітаптың сау жері қалмағанын, сондағы əйелдер мен еркектер ашық жерлердің бəріне, жол арасына дейін бос орын қалдырмай өз сырларын жаза бергенін айтты. Сондай-ақ, «Ерлі-зайыптылар» романы ел кітапханаларында ең көп оқылатын кітап болғаны да арнайы зерттеудің нəтижесінде анықталды.

1987 жылы жазушы өзі «Бітпейтін сыр» деген естелігінде былай деп жазыпты: «Бір өкініш, бір үміт» романына жақсы пікір де, сын пікір де біраз айтылды. Шыны керек, мақтауы басымдау болды. Бірақ мен сыншыдан, оқырманнан: «Осы жеріме солар не дер екен?» – деп, іштей толқыныспен, мазасыздана күткен тұстарыма олардың ешқайсысы көңіл аудармады. Жерігі қанбаған жүкті əйелдей əлі жүрмін. «Əлде айта алмадым ба?» – деп күдіктенем, айналып келгенде, өзімді кінəлаймын».  Өзіне осындай талап қойып жазған жазушы жаман жазбаса керек. Ол замандастарының сырласына, мұңдасына айналды. Көп халық оны іздеп жүріп оқыды. Нарықтың алғашқы жылдарында шыққан тəуелсіз газеттер сатылымын көбейту үшін оның шығармаларынан үзінділер алып басты. Шыны керек, Шымкенттегі тəуелсіз газеттерде басылған «махаббат хикаяларына» төтеп беріп, солармен бірге үзінділері жарыса басылған бір жазушы болса, ол – Нұржекеев.

Ал, қазіргі жастар қайтеді, жастар оқи ма деген де сұрақ туады. Біз жоғарыда меңзегеніміздей, интернеттен оған да жауап таптық. Бексұлтан Нұржекеевтің кітаптарымен жастар да сырласады екен. Кейбірі жазушының кітаптарынан үзінділер алып, соны ашық талқыға салып жүр екен. Осыған қарағанда мұңы, сыры ішінде жүрген адамдар Нұржекеевтің кітаптарынан бүгін де жауап іздейтіндей көрінеді. Жазған пікірлеріне қарағанда, жауап тауып та жүрген сияқты.  Мысал келтіріп көрейік:

Ғалия Жəкен: «Ол мен құсап сен үшін өзін құрбандыққа қия алмайды, өзін сенен қымбат санайды, ал мен үшін сенен қымбат ештеңе жоқ. Сен мені сұмдық өзгерттің…» Мынау менің жігітімнің айтатын сөздері ғой.

Жаңбырға ғашық жан: Онда сені жігітің сұмдық сүйеді екен.

Ғалия Жəкен: Оны білемін! Рахмет, маған ұнады.

Мейіргүл Оңғарова: Неткен шынайы ойлар!

Жаңбырға ғашық жан: Осы үшін сүйемін ғой осы кітапты..

Айбек Оразғалиұлы: Мына қу басымызға осындай ойларды ойлау бұйырмапты… Ілдəлдасы бар шығар бəлкім… Бірақ оңбаған саусақтарым жазуға еріншек… Гүлжан, керемет ойларды сұрыптапсың, тамаша!

Мақпал Сембай (Мамытбай): «Мүмкін емес секілді. «Жаным!» деп еді ғой бейуақыт кездескенімізде, «жаным!» дегенді де жалған айтуға бола ма? Қалай айтады? Апырмай, таңертең ғана, мен үйден ат əкелуге шыққанда, аспан шайдай ашық еді, қазір де бұлт жоқ, бірақ айналаны аппақ мұнар тұмшалап алыпты. Күн бүгін қандай сүреңсіз еді, тегі. Біреуді қинауға келгенде бұл адамдар қандай шебер! Ешкімге, бар адамға сенбей кетсем де мен саған өлердей сенетінмін». Дөп басады ғой, дөп!!! Рахмет жазбаңа, Гүлжан қыз!

Жаңбырға ғашық жан: Оқыған сізге, кітапты жазған кісіге!

Шерхан Талап: Кітап оқығандардың өстіп ұнаған жерлерін қойын дəптеріне жазып қойғаны жақсы ғой. Оны осылай жария етіп, басқа адамдардың қызығушылығын тудырып жатса жүдə жақсы. Кəдімгідей риза боп отырмын!

Кəусар Мұң: Мен де риза болып отырмын, ұнады! Мына кітапты оқығым келеді, бере тұрасың ба?

Жаңбырға ғашық жан: Шынымен де қызығушылық тудырдым ба? Əрине, алыңыз.

Айкона Н: Ұнады, ойларды жинақтауың да ұнады.

Нұршат Əлімқызы: Əйелдер туралы көп жазғасын əйел затына ұнауы да заңдылық. Талғамға талас жоқ-дағы…

Жаңбырға ғашық жан: Талғамда талас жоқ. Мен оны пиар етіп отырған жоқпын. Оқыған кейбір кітаптардағы ұнаған ойларды жазғанды ұнатамын. Менің сүйікті кітабым не болса да.

Айбек Оразғалиұлы: Əйелдер туралы… Мен де жазар едім, əттең қолымнан келмейді. Қолымнан келген күнде де олардың музасының нотасын дəл басу əсте мүмкін еместей көрінеді. Бұл тұрғыдан келген Бекең көш ілгері ғой…

Есіл еркесі: «…болашағымды ойлауға өзім қорқам».

Гүлбану Алмастайқызы: «Сен мені сұмдық өзгерттің…» Расында шын ғашық болсаң солай өзгересің.

Қарлыға Бүйенбай:  Сен мені сұмдық өзгерттің… – осы сөздерді əйтеуір бір адамға айтарымыз анық…

Jadira Musabai: Жақсы екен, мына жазбадан кейін міндетті түрде күндердің күнінде оқу керек, бірақ қазір емес.

Зеңгір Көк: Гүлжан, сен кітапты күшті оқиды екенсің. Оқығаныңды түртіп алып отырады екенсің. Ал біз сол заматта естен шығарамыз. «Оқығаннан не пайда, егер оны тоқымасаң» деген сөз рас қой деймін! 

 Beksultan-Nurzhekeuly

Міне, Massaget.kz сайтында кітапқұмар жастардың осындай қызғылықты пікірлері бар екен. Интернет парақшаларының тағы бір тұстарынан сырды көзіміз шалды. Жазушының естеліктерін ақтарғанда мұндай жайттардың бұрын да жиі кездесіп тұрғанын аңғардық. Мəселен: «Бірде Қиыр Шығыстағы қазақ жауынгерлерінен хат алдым. Камчаткада əскери міндеттерін атқарып жатқан жігіттер екен. «Бір өкініш, бір үміт» кітабына Ілияс Орынбекұлы, Ілияс Жолдасов, Мырзалы Құлымбетов, Миятбек Дандыбаев, Ермат Салыбаев, Төрехан Аманқұлов, Серік Əбешев, Анарбай Жораев, аға лейтенант Қайрат Ұлтарақов, Əбдіқадыр Елжанов, Бəкір Айтбаев деген жауынгерлердің жеке-жеке пікірлері жазылыпты. Олар бұл пікірлерін кітапханадағы кітаппен бірге журнал ашып, соған жазыпты, соның бəрін қысқаша көшіріп алып, маған жіберіп отырған Ілияс Жолдасов екен. Əлгіні оқығанда мен шексіз қуанышқа бөлендім. Өзіммен өзім оңаша мəз боп, жаныммен қуанып жалғыз мейрамдадым. Ондай мақтанышымды біреуге білдіруге əрі ұялдым, əрі қорық-тым», – депті жазушы.

Пікірлерге қарап отырсақ, оқырман көңілін алған махаббат тақырыбы мен отбасылық сыр екені байқалады. Жоғарыда көрсетілген жастар сайты əдебиетіміздегі махаббат тақырыбына жазылған бес үздік кітапты да анықтап жіберіпті. Олар: Əзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», Сəбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат», Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар», Бексұлтан Нұржекеевтің «Бір өкініш, бір үміт» романдары мен Николай Раевскийдің «Джафар мен Джан» атты повесі деп көрсетіліпті. Иə, ақыл тоқтатқан ерлі-зайыптылар арасындағы махаббат сырын ұрпаққа үлгі ете отырып, шынайы қалпын бұзбай жеткізу Бексұлтан Нұржекеев шығармашылығының оқырман сөзсіз мойындаған басты жетістігі екені рас. Сөйтсе де мына мемлекеттік сыйлыққа ие болып отырған «Əй, дүние-ай» атты романының жолы да, жөні де мүлдем бөлек. Бұл жекелеген адамдардың емес, тұтас ұлттың, халықтың ұлы махаббаты, жер бетіндегі ең ұлы трагедиясы, қайталанбас тағдыр-талайы, айрықша таланы туралы роман дер едік. Он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы жазылған романдағы қиямет күндер қыл көпірдей үзіліп кете жаздап көз алдыңнан тізбелеп өткенде, соны тебірене оқығанда еріксізден еріксіз «Тəуелсіздігім мен азаттығыма мың тəуба!» дейсің.

Иə, қазіргідей тəуелсіз ел болып тұрмасақ, бұл романның мемлекеттік сыйлық алмайтыны айдан анық еді.

«Ақ желкен» журналы, №12

Желтоқсан, 2016

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз