51-52 _03

«Ұланның» штаттағы журналистерінен тыс, арнайы қызметкерлері бар. Олардың міндеті – газеттің əр нөмірін қызықты етіп шығаруға тырысу. Бұл міндетті өзіне жүктеп алған тұрақты оқырмандар да бар. Олар үнемі хат жолдап тұрады. Олардың жазғандарын да асыға күтіп жүретін оқырмандар бар. Сол үшін біз жылдың соңында «Ұлан» газетінің «Жас тілшілерін» анықтап, жариялап отырамыз. Қазіргі мүйізі қарағайдай журналистердің көбі өз заманында «Ұланның» жас тілшісі» атанғанын үнемі мақтанышпен үлгі қылып айтып жүреміз. Ендеше, «Ұланның» жас тілшісі куəлігін иелену болашаққа басқан қадамның алғашқы жеңісі болмақ.

2016 жылдың жас тілшілері атанған кімдер екен, бірге саралайық…

 

«Ұлан» арқылы алыстан тапқан жақын достар

Назым Сапарованың есімін тұрақты оқырмандарымыз əбден танып алған шығар. Себебі, Назымның əртүрлі тақырыптағы қызықты мақала, сұхбаттары жыл бойы дүркін-дүркін жарияланып тұрды. Назым алдыңғы жылы да жақсы жазып жүрді. Ал биыл жазу машығын əжептəуір үйренді десек болады. Мысалы, «Ұмытылып қалған ұлттық тағамдар» мақаласынан  Төп, Бөртпе, Бүркеме сынды ұлттық тағамдарымыздың бар екенін білдік. «Тоқшылықтың жыртығы», «Башқұрт қызы өзге ұлтқа қазақ тілін үйреткісі келеді» секілді мақалалары мен сұхбаттары жиі жарық көрді. Назым тек жазып қана қоймайды, «Ұланның» шын жанашыры да. Хат жазып, тапсырма сұрайды. Өз мектебінде үнемі «Ұланды» насихаттап жүреді екен. Жақсы мақалалармен қатар өлеңді де тəуір жазады. Назымның болашағына редакция алқасы үлкен үмітпен қарайды. Ол Ақмола облысы, Зеренді ауданындағы М.Ғабдуллин атындағы мектептің 11-сынып оқушысы.

Абай атындағы №26 мектептің 11-сынып оқушысы (Тараз қаласы, Жамбыл облысы) Аят Асқарбекұлы да өте ізденімпаз, жауапкершілікті қазірден-ақ сезіне алады. Аят «Ұланға» былтырдан бері жазып келеді. Əуелі тек өлеңдерін ғана жолдап жүрген Аятқа замандастарының мақалалары шабыт берсе керек, журналистика мамандығына біржола бет бұрғандай. Биыл өлеңнен гөрі мақала мен сұхбаттарды жиі жолдап тұрды. Былтыр əлеуметтік желіде көп отыратын Аятты биыл тек «Ұланның» поштасынан ғана көретін болдық. Биыл мектеп бітіретін Аят сабаққа көп көңіл бөліп жүрсе де, «Ұланнан» қол үзген жоқ. «24 келі гір тасын көтеріп, шиша мен шегенің үстінде еркін жүреді», «Əнші Нұрай» секілді қызықты сұхбаттары басқаларға да шабыт беретіндей. Аят та «Ұланның» жанашыры, жақында ғана өзі оқитын мектепте оқушылардың «Ұланмен» бірге болуы үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіпті. Бұл игі іске Назым Сапарова екеуі ақылдасып барса керек. Екеуі екі өңірде тұрса да, жақсы дос. «Тəуелсіздік құрдастары тəуелсіз елге не берді?» деген Аят пен Назымның бірлесіп жасаған сауалнамасы өте қызықты болды. Екі досқа журналистика əлемінде үзеңгілес жүйрік əріптес болуды тілейміз!

Бір мектептің қос қуанышы

 «Ұланның» тарихында бір мектептен екі немесе одан да көп жас тілші атанғандар аз емес. Биыл да бұл дəстүр өз жолынан жаңылмапты. Бір емес, екі мектептің оқушыларына қос-қостан «Жас тілші» куəлігін бермекпіз. Ол қай мектептер дейсіздер ме?!

Жылдың басында жарық көрген «Бəрі бірдей ғаламторға байланып отырған жоқ», «Қазақстан» шоколадын көргенде не істейсің?», «Арман мен мақсат деген не?», «Уақытымызды қалай қайтарамыз?» деген уытты мақалалардың иесі – Бұлбұл Мəулетқажина. Бұлбұл – Алматы қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың 11-сынып оқушысы. Байқасақ, жас тілші атанып отырған оқушыларымыздың жазулары да, тақырыптары да əртүрлі. Мысалы, Бұлбұлдың мақалаларынан үнемі отансүйгіштік сезімінің лебі еседі. «Қазақстан» шоколадын жеп болған соң, оның қағазының жерде тапталып жататынын, ал онда көк туымыздың бейнесі барын Бұлбұл жақсы байқапты. Бұл басқаларға ескерту əрі жақсы үлгі болғанына шүбəміз жоқ. Бұл мектеп қазақ тілі мен əдебиеті пəнін тереңдете оқытады. Сондықтан «Ұланның» жас тілшілері де осы мектептен жиі шығады. Биыл бұл мектептен жиі хат келсе де, көбінен жас тілші атануға деген жалын байқай алмадық. Есесіне, биыл ғана осы мектептің оқушысы атанған Ерболат Байрамбаевқа «Жас тілші» куəлігін бермеске болмайтын еді. Жыл басынан бері Ерболаттың бар аңсары – «Ұлан» газеті. Бұйырса, Ерболаттан жақсы ақын шығады. Қазірдің өзінде Алматыдағы жас ақындар үйірмесінің белді мүшесі атанып үлгерді. Ол үйірмеде негізінен студенттер қамтылған. Ал Ерболат небары 8-сыныптың оқушысы болса да, талабы тас жарардай. Оның «Ұланға» «Көк таяқ» əңгімесімен қоса бірнеше өлеңі жарық көрді. Ерболат та үнемі тапсырма сұрап, хат жазып тұрады. Ерболатты бұған баулып келе жатқан өзінің анасы. «Баласы бəйгеге шапса, анасы тақымын қысар» дегенді Ерболат пен оның анасына қаратып айтсақ адаспаймыз. «Ұланның» жаз айында өткен «Жарқын жаз-2016» жобасына сонау қаланың шетінен күн сайын ерінбей келіп тұрған болатын. Ерболаттан болашақта үлкен үміт күтеміз.

IMG_8259

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Əйтеке би кентінен екі оқушыға сүйіншіміз бар. Екеуі де 11-сыныптың оқушылары. Бірі – Нұрбол Шыныбай. Нұрболдың «Кейкі батыр туралы не білеміз?», «Туған ба, туылған ба?» секілді тартымды мақалалары көп жарияланды. Екінші оқушымыз – Гүлбаршын Аманкелді. Гүлбаршынның «Тіл үйренудің жеті жолы», «Журналистика өнер ме?» секілді мақалалары «Жас тілші» атануына сеп болды. Оның «Өмір жаныңды бақытқа бөлейтін сəттермен өлшенеді» эссесін оқушылар арасында жоғарғы деңгейде бағаладық. Қаламы да, ойы жүйрік Гүлбаршынның журналистикамен қатар үлкен жазушы болатынына зор үмітпен қараймыз.

«Ұланның» арқасында арман орындалды

«Ұланның» жас тілшілеріне қараймын да, таңдай қағамын. Армандаймын. Арманның бəрі тəтті ғой. Сол тəтті армандарымды үзбей жариялап тұрасыздар деген үміттемін. Келер жылы мектеп бітіремін. Өзім тіл маманы болсам деймін. Осы аяулы армандарыма «Ұланмен» бірге жетсем деймін».

Бұл – Қ.Сəтбаев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы (Есік қаласы, Алматы облысы) Ақмарал Каналдың жылдың басында жазған хаты болатын. Міне, жылдың аяғында Ақмарал арманына жетті! «Ұланның» жас тілшісі атану – біреуге арман, біреуге мақсат қана. Ақмаралды «Ұланның» жас тілшісі атануымен əрі арманына жетуімен құттықтаймыз! «Көне Элладаның жеті данышпаны», «Атасын сыйлаған абыройға бөленер», «Дегене» деген не?» атты қызықты да танымдық мақалалары арманға жетуіне сеп болды. Міне, енді бұл куəлік Ақмаралдың жоғары оқу орнына, оның ішінде тіл саласына түсуге көп көмегін тигізер құнды билеті болмақ.

Алматы қаласындағы №147 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Ақерке Қасымбекті де «Ұланның» жас тілшісі атануымен құттықтаймыз. «Анардың ойыншықтары Еуропаны шарлап, Африка асты», «Көңіл-күйің жоқ кезде кемпірқосақтың суретін салу керек» сияқты Ақеркенің қызықты мақалалары «Ұланның» шырайын келтірді. Тіпті, Ақеркенің бұл мақалаларын басқа да басылымдар көшіріп басып, сүйіншілеп əкеткенін мақтанышпен айтамыз.

№30 орта мектептің 11-сынып оқушысы (Орал қаласы, Батыс Қазақстан облысы) Ерасыл Бөкенбай да енді «Ұланның» жас тілшісі!». Елге белгілі болмаса да өз өңірінің тұлғасына айналған, аты өңір тарихында қалған жандар туралы «Күйеуі қудаланғанда қасында бірге жүрген», «Мұхтар Əуезовтің шəкірті», «Сиыр табынындағы ғылым» сияқты мақалалар жазды. Бұл – «Ұлан» газеті үшін тың сүрлеу. Ерасылдың осы ізденісін басқа да хат жазып жүрген оқырмандарымыздан көргіміз келеді. Қазақтың тарихында мұндай тұлғалардың көп болғанын газетіміз арқылы үнемі насихаттап отыруымыз лəзім. Ерасыл биыл мектеп бітіреді. Сол үшін енді мұндай қызықты мақалаларды басқа оқырмандарымыздан да алып тұрамыз деген сенімдеміз. Мұны жас тілші атанғысы келетін оқушылар тапсырма ретінде қабылдаса дейміз.

Міне, биылғы «Жас тілші» мəртебесінің иегерлері осылай болды. Бұған газетіміздің тұрақты оқырмандарынан ешбір дау айтылмайды деп ойлаймыз. Келер жылдың жас тілшісі атанып қала-тұғын оқырмандарымыз көп. Олардан үздік хаттар ғана күтеміз. Іске сəт! Жаңа жыл жақсылық əкелсін!

Асылан ТІЛЕГЕНОВ

«Ұлан», №51-52

20 желтоқсан, 2016

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз