Муканов3

Алматыда Сәбит Мұқанов атындағы көше бар, көше бойындағы шағын саябақта жазушыға орнатылған әжептәуір биік ескерткіш бар. Бір жолы бір орыс кемпір сатымен шығып, сол ескерткішті басынан бастап сусабынды көпіршітіп тұрып жуып жатыпты. Жазушы етті еріндері түріліңкіреп, тақиясы төбесіне қарай ысырылыңқырап, кең маңдайы күн көзіне төселе жарқырап, ақ көбікке көміліпті де қалыпты. Өмірдегі қарапайымдылық пен дарқандық тас тұғырға бар болмысымен молынан көше қалғандай әсер беріп тұрса керек. Соны көрген бір ағамыз: «Қап, фотоаппаратымның болмай қалғанын қарашы, суретке түсіріп алатын едім», – деп келді. Шынында да ел барып көрмесе, кейінгі ұрпақ тәлім алмаса ескерткіш орнатып, мұражай ашып керегі не?

Журналымыздың өткен желтоқсан айындағы санында Мұхтар Әуезовтің музей-үйінде болып, «Әуезовтің қарашаңырағы, екі түп жаңғақ ағашы және біз» атты мақала жазып жариялаған едік. Әуезов айтылған жерде Сәбит Мұқанов та айтылады, Сәбит Мұқановтың музей-үйі де Алматыдағы М.Төлебаев көшесінде орналасқан. Екі музейдің арасы бір-ақ көше, Мұқановтікі Қонаевтың үйінің қасында. Екі музей-үйде де, Әуезов пен Мұқанов барлық әдебиет пен тіл оқулықтарында жүрсе де, табалдырық тоздырып келіп-кетіп жатқан оқушыны көрмедік. Бармаса, көрмесе, «Ақ желкеннен» оқысын ендеше!

 «ҮЛГІЛІ БАЛАДАН» ШӘКӘРІМНІҢ ХАТЫНА ДЕЙІН

 Сәбит Мұқановтың музей-үйіне кіріп барсаңыз, алдыңызда жазушының «келдіңдер ме?» дегендей жайдары сомдалған мүсіні тұрады. «Жол таптым әр қазақтың жүрегіне, осы да жетті деген тілегіне» деген көрнекі сөзіне бірден көзіңіз түседі. 1976 жылы үкімет қаулысы шығыпты да, музей 1978 жылдан бастап жұмыс істей бастапты.

Сәбит Мұқанов. Орынбор. 1923ж.

Сәбит Мұқанов осы музей-үйінде 1965 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін, яғни 1973 жылға дейін тұрған екен. Дінмұхамед Қонаевқа: «Бала-шағам, немерелерім көп. Үлкен үй беруіңізді өтінемін», – деп хат жазыпты. Содан бір қабаттағы екі пәтерді қосып, алты бөлмелі үй беріпті. Қазір алты бөлмелі үйдің үш бөлмесі әдеби бөлім, келесі үш бөлмесі мемориалдық бөлім деп аталады. Мұқановтың үйі Әуезовтің үйіндей дүние-мүлікке толып тұрған жоқ, бірақ. Музей-үйді көруге барған жұрт алдымен жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы молырақ мәлімет алады.

«Сәбит Мұқанов 1900 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген. Әкесі – Мұқан, анасы – Балсары. Отбасында бірінен кейін бірі қыз балалар дүниеге келе беріп, Мұқан ұл баладан күдерін үзе бастаған екен. Бір күні «ұлды болдың» деп сүйінші сұрап келген адамға аяғындағы жалғыз етігін шешіп беріп, жалаңаяқ қалыпты», – деді музей қызметкері Балнұр Манатбекова. Сәбит Мұқанов 1955 жылы ауылына арнайы барып, ата-анасының басына құлпытас орнатады. Құлпытасты суретке түсіріп, музейге іліп қойыпты. Төменгі жағында әке-шешесінің бейітінен алып, үйінде сақтап келген бір уыс топырақ салынған құты тұр. Суреттің астында: «Әр өсімдік тартады ұрығына, Көз тіксең менің мінез-қылығыма, Аумаған әкем жалшы болып жүріп, Кеудесін бастырмаған бай ұлына», – деген жазу бар. «Әкем кеудесін ешкімге бастырмаған еді, оның ұрпағы мен де сондаймын» деген астар жатқаны айдан анық.

«Шешем марқұм Балсары әнші еді,

Бұлбұлдай қапастағы мұң-зар төккен.

Көзінен сорғалаған тамшы-легі,

Санама сәби кезден сіңіп кеткен», – деп өлең жазыпты анасы туралы. Бір шумақпен анасының талайлы тағдырын ұқтырғандай…

Муканов7

  • Сәбит Мұқановтың ең алғашқы ұстаздары Шәйін Тілегенов пен Хамит Махмұтовтың фотосуреттері ілініпті. Астына «Өмір мектебінен» алынған: «Мұғалім Хамит Махмұтов мені оқуға алды. «Зарқұм», «Салсал», «Ләйлі-Мәжнүн», «Бәдіғұл-Жамал», «Ер Тарғын», талай қиссаларды жаттадым», – деген сөзі жазылыпты.
  • Бөлмеден екі үлкен картина көрдік. Біреуі Бейсенбинаның «Жылқышы» атты туындысы. Мұқановтың Мақан Қажыбаев деген досымен жылқы бағып жүрген кезі суреттелген. «Міне, мен бақыршы баламын. Өлеңді маған ғана айттырып қоймайды, өзі де айтады. Жақсы көретін жыры – «Көрұғлы», – деген үзіндіні оқыдық. Екіншісі Кузнецованың «Дос» деген картинасы. Бұл картинада Сәбит Мұқановтың балалық шағы мен ауылдастары бейнеленген. Бұл да Мұқановтың өмірінен алынған туынды. Сондай-ақ, Мұқановтың туған үйінің макетін музей арнайы тапсырыс беріп жасатыпты. Оны да көрдік. Кәдімгі қоржын тамнан үлкендеу үй. Есігінің алдына атарба мен қазан-ошағы бейнеленген. Осыдан кейін Мұқановтың балалық шағы алақаныңдағыдай көрінеді екен.
  • Сәбит Мұқанов жастайынан Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұсаның ән-күйлерін жаттап өскендіктен, олардың да фотосуреттері қойылыпты. Спандияр Көбеевтің фотосуреті мен «Үлгілі бала» атты шығармасының бірінші беті тұр. Спандияр Көбеев Сәбитке: «Мына кітапты оқып көрші, бала», – деп, сумкасынан жұқалау кітапты алып көрсетті. Кітаптың аты «Үлгілі бала» екен» деген сөз жазылыпты астына.
  • «Ақан қазақ музыкасының ірі классиктерінің бірі. Балалық шағымда өнеріне қатты қызыққан, осындай болсам-ау деп арман еткен адамымның бірі – Үкілі Ыбырай», – депті Сәбит Мұқанов. Сол Үкілі Ыбырайдың да суретін көрдік. Оның астында татардың белгілі ақыны Ғабдулла Тоқайдың 1914 жылы шыққан «Ашари» кітабы тұр.
  • Алаш ардақтылары қос-қосынан жайғастырылған бұл бөлмеден Абай Құнанбаевқа орын табылмауы мүмкін емес. Сәбит Мұқанов Баймағамбет Ізтөлин деген қаламдас досының айтуымен Абай туралы 1919 жылы естіп біледі. Баймағамбет Ізтөлин Абайдың 1909 жылы шыққан өлеңдер жинағын Сәбитке сыйға беріпті. Кейін кітапты 1945 жылы Жидебайдағы музейге өз қолымен тапсырған екен. «Жұқалау бір кітап менің көзімді ерекше тарта жөнелді. Оның аты Ибраһим (Абай) Құнанбайұғлының өләңләрі. Оқыған сайын сусындай бердім», – дейді Сәбит Мұқанов. Ал Баймағамбет Ізтөлин небары 22 жыл өмір сүрген екен. «Абайдың өлеңдер жинағының бір данасы, егер қолыма түсіп, өзіме ұнаса, саған қолдан көшірсем де жеткізем. Сәлеммен Баймағамбет!» деп жазған хаты сақталыпты. Досқа, әдебиетке адалдық та үлгі, керек десеңіз.
  • Сәбит Мұқановтың өмірінде ерекше орын алған Абдолла Асылбеков пен Сәкен Сейфуллиннің фотосуреттері ілініпті.Сәбиттің орысшасы жетік болмай, Орынбордағы рабфакқа оқуға түсуге Абдолла мен Сәкен көп көмектеседі. Бөлмеде «Теміртас» және «Есіл» романдарының алғашқы шыққан нұсқалары тұр. Екі роман да екінші рет қайталап жарыққа шықпаған және сол кездегі жазумен, латын қарпімен сақталған. Заман, уақыт көріністері еріксіз көз алдыңа келеді.
  • Шәкәрім Құдайбердіұлының Сәбит Мұқановқа жазған хаты әйнектің астында жатыр. Хатты: «Ардақты, Сәбит бауырым», – деп бастапты. Қысқаша мазмұны мынандай: «Менің саған хат жолдап отырған себебім, мен өзімнің еңбектерімді саған бердім. Сен оны баспа бетіне шығарып берсең… Егерде баспа бетіне шығып жатса, оны маған өзіме беріп жібер. Өзім шығарайын десем, әзірге қаражатым жеткіліксіз. Егер маған беріп жіберсең, ауылдастарыма, достарыма берер едім. Мен діни тақырыпта көп жазамын. Діни адамдардың айтқандарына ғана сүйенбей, өз ой-пікірімді де қалдырамын. Менің атымды Шәкәрім деп емес, «Мұтылған» деп жазуды ұмытпа. Менің қай жазбам басылса да басылысымен баспахана қаражатымен маған әрқайсысынан 50 дана жіберсеңіз екен. Балаларыма, достарыма мирас етіп беру үшін» дейді». Ал, тебіренбей көріңіз!

 Жетімнің жай-күйін Сәбит Мұқановтай кім түсінсін?..

  • Сәбит Мұқанов өмір жолында көп көмегі тиген адамдардың бірде-біреуін назарынан тыс қалдырмаған адам деседі. Музейінің тең жартысына сондай адамдардың суреттері ілініпті. Дінмұхаммед Қонаевтың, Сырбай Мәуленовтің фотосуреттері, сондай-ақ, осы музейді ашуға көмектескен Өзбекәлі Жәнібековтің, Қаныш Сәтбаевтың фотосуреттері бір керегені алып тұр.
  • 1922 жылы оқыған Орынбордағы рабфактың сыртқы көрінісінің суреті де тұр. «Оқуға ынтасы бар балаларды біз Қызылжарға дейін жинастыра жүрдік», – деген өз сөзі жазылыпты астына. Одан кейін Сәбит Мұқановтың 1923 жылы Омбы қаласында мұғалімдер курсын оқып жатқан кезіндегі суреті қойылған. Жазушының өнегелі өмірі оқу мен өнер-білімге құштарлықтан басталғанын аңғарасыз.
  • Сәбит Мұқановтың бір топ баламен бірге түскен суретіне көзіміз түсті. Орынбордағы рабфакта оқып жүргенде, Петропавл қаласына барып, бүкіл жетім балаларды жинап алып, оқуға шақырыпты, оқуға түсуге көп көмектесіпті. Олармен естелік ретінде суретке түсуді де ұмытпапты. Жетімнің жай-күйін Сәбит Мұқановтай кім түсінсін?..
  • Александр Затаевичтің де фотосуретін көрдік. Мұқанов Орынборда оқып жүргенде Затаевич сабақтан көп сұрап алып, қазақтың ән-күйлерін айтқызып, нотаға түсірген екен. Бозбала Сәбиттің аузынан 30-ға таяу ән-күй естіп, оның жартысынан астамын нотаға түсірген деген деректер бар.

Сәбең отбасымен. 1950ж.

Сәбит Мұқанов пен Мәриям Қожахметқызының неке куәлігі көзімізге оттай басылды, бұл сірә жазушының жары туралы көп жақсы әңгіме естігенімізден шығар. Қасына үлкен ұлы Арыстанмен түскен суреті қойылыпты. Сәбит Мұқанов екі рет үйленген. Бірінші әйелі Рахима деген кісімен бір жылдан аса тұрған. Одан Арыстан деген ұлы болған. Бірақ, ол баласы кішкентай кезінде шетінеп кеткен. Одан кейін Мәриям Қожахметқызына үйленген. Мәриям апайдан төрт ұл, екі қызы болған. Төрт ұлдың ішінде қолына қалам ұстап, әкесінің жолын қуған баласы Марат болатын. Тарих ғылымдарының докторы, Орта жүздің шежіресін жазуға қатысты көп еңбек сіңіреді. Әкесінің ақыл-кеңесімен этнографиялық дүниелер жазған. Үлкен ұлы Арыстан өнертапқыш болыпты. Мамандығы – инженер. Алтай деген ұлы әскери адам, отставкадағы полковник болыпты. Әкесінің 100 жылдық мерейтойына осы Алтай ғана қатысыпты. Ботажан деген ұлы биолог еді, бірақ, өмірден ерте кетіпті. Қыздары Баян мен Жаннаның біреуі – биолог, біреуі – химик. Біреуі жетпісте, біреуі жетпіс бесте. 16 немере, 3 шөбересі болыпты, ана бір жылы түгендегенде. Одан бері бірқанша уақыт өтті, өсіп-өніп жатқан шығар…

 «ӨМІР МЕКТЕБІ» – ЖАЗБАША ЕСКЕРТКІШ

  • Қажымұқан Мұңайтпасовтың суреті де көзімізге жылы ұшырай кетті. Сәбит Мұқановтың Қажымұқанмен талай сапарларда бірге болғанын естеліктерінен жақсы білеміз. Сәбит Мұқанов Орынбордағы рабфакты бітіргеннен кейін «Бостандық туы» және «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан газеті) газеттерінде жұмыс істеген. Сол кездегі редколлегия мүшелерімен түскен суреті де осында.
  • Фотоколлаждың ортасындағы Сәбит Мұқановтың үлкен суреті, ашық-жарқын жүзі, нұрлы көздері бірден баурайды. Айналасына Сәкен Сейфуллинмен, Жамбыл Жабаевпен, Кенен Әзірбаевпен түскен суреттері жапсырылыпты. Қандай дулы-думанда ортада өмір сүрген деп қызыға тамашалайсыз. Мәриям апай екеуінің некесін қиған Абылай қажының суретіне де ықыласыңыз ауады.
  • Жазушының «Өмір мектебі» трилогиясы барлық кемшіліктерімен қоса алғанда да, замандастарына жазбаша қойған ескерткішпен пара-пар. Ондағы суреттелген белгілі тұлғаларда есеп жоқ сияқты елестейді. Трилогия кейіпкерлерімен түскен сурет те бар екен бұл жерде. Жазушы ақындар айтысын ұйымдастыруға белсене араласқан. Естелік ретінде айтыс ақындарымен түскен суретті де көрдік.
  • Сәбит Мұқанов Ленинградта оқып жүргенде, Әлкей Марғұланның қамқорлығын көп көреді. Ол өзінің жалдап тұрған пәтерінің бір бөлмесіне Сәбитті тұрғызған екен. «Келе қалсаң, менің пәтеріме түс» деп, адресін берді», – деп жазыпты фотосуреттің астына. Әнші Тайжан Қалмағамбетұлының суреті де біраз мағлұмат беріп тұр. Мұқановпен талай сапарларда бірге жүріпті. «Тайжан атақты Ыбырай ақын Сандыбаевтың туған жиені болып шықты», – деп жазғанын оқыдық. Сәбит Тайжан Қалмағамбетұлы туралы «Таусылмайтын жыр қоймасы» деген пікір қалдырыпты.
  • «1944 жылы Сәбит Мұқанов тілші ретінде соғысқа аттанады. Соғыста жүргенде Мәлік Ғабдуллин мен Хәкім Бекішовтен сұхбат алады (Хәкім Бекішов музей-үйдің ең алғашқы директоры). Осы сапардан кейін «Мәлік Ғабдуллин» атты очерк жазады. Сол кезде майданда пайдаланған дәптері, сызған схемасы музейге қойылған. Әр жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған кезде ұстаған депутаттық билеттері бір сөреге ұқыптылықпен жиналыпты. Екі мәрте Қызыл ту орденін, екі мәрте Ленин орденін алған кездегі марапаттары да осы сөреге қойылыпты.
  • Бөлменің шыға беріс тұсына жазушының 72 жасында түскен суреті ілініпті. «Жазушы Сәбит Мұқанов «Халық мұрасы» атты шежіресін аяқтады. «Аққу әні» жазушы қаламынан шыққан ең соңғы көркем очерк. Бұл Совет Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің өмірнамасы. «Аққан жұлдыз» романының үшінші кітабына кіріскен шақта халық перзентінің үлкен жүрегі соғуын тоқтатты», – деп жазылған қазанамаға бір көз тастап, бөлме есігін жаптық.

 «ӘДЕБИЕТ ҮШІН ЖЫҒЫЛСАМ ДА, ТҰРЫП КЕТЕТІН ШАМАМ БАР»

Муканов4

Музей-үйдің екінші бөлмесі тұтастай жазушы шығармашылығына арналыпты. «Сәбит ағамыз бір жиналыстан шығып келе жатып, байқаусызда жалтыр мұзда тайып жығылыпты. Сонда «әдебиет үшін жығылсам да, тұрып кететін шамам бар» депті. Міне, бар өмірін әдебиет үшін күреске арнаған жазушының әр жылдары жарық көрген кітаптары түгелімен осы бөлмеде сақтаулы тұр.

  • «Мирзоянның менің өзіме алып келген игілікті хабары «Сұлушаш» поэмасының француз тіліне аударылып, бір баспада шығуы», – деп жазыпты «Сұлушаш» поэмасының астыңғы жағына. «Сұлушаш» жазушының ең алғашқы шығармаларының қатарына жатады және қазақ жазушыларының ішінде тұңғыш шет тіліне аударылған шығарма көрінеді. 1935 жылы француз тіліне аударылып, Париж қаласында жеке кітап болып шыққан. Поэманың прототипі өзінің жары Мәриям Қожахметқызы.
  • «Шыңнан шыңға», «Алдабергеновтер туралы аңыз» секілді өлең түрінде жазылған әңгімелері ең алғашқы жинағына кіреді. Жалпы, Сәбит қара сөзге де, өлең сөзге де шебер талант. Әйгілі «Қазақ вальсі» мұнда неғып тұр?» деп ешкім айтпайды. «Қазақ вальсінің» мәтінін Сәбит Мұқанов жазған. Иса Байзақов, Нартай Бекежанов үшеуі түскен сурет Сәбеңнің өнердің қызыл қырманынан алыс жүрмегенін аңғартады. Осындағы «Алатаудың алыбы» деген ең алғашқы өлеңдер жинағының астына «Жетім қыз» өлеңінің қолжазбасы қойылыпты. Сәбит Мұқанов жетім-жесірді жебеп, кедей-кепшікке көмектесіп өткен адам. Ол ешкімді де өнерден кенде қалдырғысы келмеген.М.Ғабдуллин мен С.Мұқанов. 1943ж.
  • «Адасқандар» романының әр жылдарда, әртүрлі атпен шыққан нұсқалары шығармашылық жолындағы тынымсыз еңбектен хабар аңдатады. Сондай-ақ, «Адасқандар» романының бас кейіпкері Сұлтанбектің күнделігі тұр. Арасына «Адасқан – Сұлтанбек, опасыз – Бәтес» деп жазылыпты. Сәбит Мұқанов: «Бұл күнделікті Сұлтанбектің өз қолынан алдым, түрмеде жатқан кезде», – деп ескертіпті. Сұлтанбек пен Бәтестің фотосуреттері қатар қойылыпты. 1935 жылы «Адасқандар» романы орысшаға аударылып, «Сын бая» деген атаумен жарыққа шығады. Көп жылдан кейін Сәбит Мұқанов Бәтеспен кездесіп, өмірін, басынан өткен оқиғасы шын болған ба, соның бәрін сұрап біліпті. «Адасқандардың» «Мөлдір махаббат» болып қайта басылып шыққанын көзіқарақты оқырман біледі. Орысшасы «Светлая любовь» деп аталыпты. Ол да осы жерден орын тауыпты.
  • 2000 жылы суретші Бақытхан Мырзахметов музей-үйге сыйға тартқан, майлы боямен салынған «Балалық шақ» картинасында Сәбит Мұқановтың бала кезі бейнеленіпті.
  • Алғашқы атауы «Жұмбақ жалау» болып, кейіннен «Ботагөз» деген атпен шыққан кітабының қасында көбірек аялдадық. Мектептен оқып өскен, бәрімізге көзтаныс кітап. 1954 жылы романының желісі бойынша кино түсірілген. Оны да экраннан талай көрдік. Теледидардан қайталап көрсеткенде, үлкендер жағы елеңдесіп қалады. Басты рөлді атақты суретші Гүлфайруз Исмайылова ойнаған. Гүлфайруз Исмайылованың кинодағы фотосуреті қойылыпты.
  • «Балуан Шолақ» туралы еңбегі және оның қолдан салынған суреті тұр. Бірақ, ол суретті кім салғаны туралы дерек жоқ. Балуан Шолақтың ғашығы Ғалияның да фотосуретін көрдік. 1999 жылы «Балуан Шолақ» еңбегі Қытайдың «Шыңжаң» баспасында араб қарпімен жарық көрген.
  • Қазір айтылмайтын, қайта басылып шықпаған «Сырдария» еңбегі осында тұр. Ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаев туралы жазылған. Бұл еңбекті жазып жүргенде Қызылордаға көп барған екен. Ыбырай Жақаевтың отбасымен түскен фотосуреті соның айғағы болса керек.
  • 1954 жылы тың туралы қалам тербейді. Сол кезде «Туған жердің тыңында», «Тыңға тұнған байлық» атты кітаптары жарыққа шығады. Өзінің «Победа» автомобилімен талай жерге саяхат жасап, жүретін жолын схема ретінде сызып алып отырған екен. Сол схемасы жоғарыда аталған екі кітаппен бірге тұр. «Алыптың адамдары» деген кітабы да тұр. Қытайға саяхаттап барғаннан кейін жазған шығармасы.
  • Сәбит Мұқановтың еңбектерін зерттеген Темірғали Нұртазин, Тұрсынбек Кәкішев, Құлбек Ергөбектің суреттері мұнда жайдан-жай қойылмаған. Сәбит Мұқанов айналасына көп шәкірт топтастыра алған қаламгер. Талай талапкерге шапағаты тиген. Соның бірі – бүгіндегі ең атақты жазушымыз Әбдіжәмил Нұрпейісов.
  • Сәбит Мұқановтың «Қашқар қызы», «Сәкен Сейфуллин», «Шоқан Уәлиханов» атты пьесалары бар. Сол пьеса қойылған кездегі түсірілген фотосуреттерден біраз өнер майталмандарының бейнесін кезіктірдік. Шоқан Уәлиханов демекші, Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романы ағартушы-ғалым туралы дерек там-тұм кезде қызықты оқылған. Шоқанның өмірін, шығармашылығын ұзақ жылдар бойы зерттеп, жазған кітабы алғаш «Жарқын жұлдыздар» деген атпан жарық көрген. Бұл еңбегі үшін 1967 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болады. Сыйлықтың берілгені туралы сертификат сол қалпы сақталған.
  • «Халық мұрасы» деген зерттеу еңбегі мол мағлұмат жинақтауымен ерекшеленеді. Бұл кітап туралы көпшілік: «1974 жылы шыққан деп жазылыпты. Сонда бұл Сәбит Мұқанов қайтыс болғаннан кейін шыққан ба?» – деп сұрайды екен. Кезінде бұл кітап «Қазақ қауымы» деген атаумен шыққан. Кейіннен талай өзгеріске ұшырап, алынатын жерлері алынып тасталып, «Халық мұрасы» деген атпен қайта басылыпты. Бұл туралы Сәбит Мұқанов өзі: «Мен бұл еңбекті жазу барысында, тек өз ойыма ғана сүйенген жоқпын. Басқа еңбектерді де пайдаландым», – депті. Кітаптың мазмұны, аты айтып тұрғандай, халықтың салт-дәстүріне, өнері мен мәдени мұрасына арналған.

 ШОҚАННЫҢ БӘКІСІ ҚАЙДАН КЕЛГЕН?

Сәкен Сейфуллинмен. Қызылорда. 10.06.1928ж.

25 жыл бойы жеке хатшылық қызмет атқарған Майра Жансаева деген хатшысына: «Мен келгенше теріп қоярсың», – деп тапсырып жүрген қолжазбаларына да көз қанықтырдық. Сәбит Мұқанов аса көп еңбектенген, көп жазған жазушы. «Өзін-өзі қайталап кететін тұстары да бар» деседі. Кітаптарының кейбірі қатты өзгеріске ұшыраған, көп қысқарған, аттары да өзгертілген.

  • 1932 жылы шыққан атышулы «20 ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» еңбегінің қасында сәл аялдамай өте алмайсыз. Бұл еңбегі үшін талай оқырманынан айырылған. Себебі, онда Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытұлы, тағы да басқа Алаш ақын-жазушыларының шығармаларына сыни көзқарас білдірген, сондай-ақ, алашордашылардың өмірінен толықтай хабар берген кітап болды бұл. Алашордашылардың өмірі мен шығармашылығы туралы оқырмандар ең алғаш осы кітаптан оқып, біліпті.
  • «Қазақтың 18-19 ғасырлардағы әдеби тарихының очерктері» атты еңбегі, Ісмет Кеңесбаев, Зейін Шашкин және Мұхамеджан Қаратаевпен түскен фотосуреттері, «Жұлдыз» журналы сыйға берген мөр, қалам, ескерткіш заттар, бәрі бір турникетте орналасыпты.
  • «Өмір мектебі» атты атақты трилогиясының бір нұсқасы осында тұр. Алғаш «Менің мектептерім» деген атпен шыққан. Сосын «Мои мектебы» деп, содан кейін «Өмір мектебі» деп ауысқан. Трилогияның астына Мұхамеджан Қаратаев сыйға берген диктофон тұр. Диктофонды екі жыл пайдаланыпты…
  • Сәбит Мұқановтың портретіне тағы да көзіміз түсті. 2000 жылы суретші Бақытхан Сейдахметов музейге сыйға берген екен. Шоқан Уәлиханов туралы жазған «Аққан жұлдыз» еңбегін тағы да көрдік. Шоқанды 30 жыл бойы зерттеп, содан кейін барып қағазға түсіргенін жоғарыда айтып кеттік. Уәлиханов туралы төрт кітап жазбақшы болады. Бірінші кітабы 1967 жылы басылған. Екінші кітабы 1970 жылы жарыққа шығады. Үшінші кітабының бірінші беті жазу үстелінде қалыпты. Яғни, Мұқановтың аяқталмай қалған еңбегі. «Аққан жұлдыз» кітабының жанына Шоқан Уәлиханов ескерткішінің қасында тұрған Сәбит Мұқановтың өзінің фотосуреті қойылыпты. Шоқанның жіңішкелеу келген қайқы пышағы тұр. «Пышақ» деп жазғанмен, бәкіге ұқсайды. 1978 жылы белгілі архитектор Шот-Аман Уәлиханов Сәбит Мұқановқа сыйға беріпті. Сосын жазушының ұшына алтын жалатылған, күмістен жасалған, өмірінің соңғы жылында емханада жатқанда ұстаған қаламы да сақталыпты.

 «ҚАНТТАН ЖАСАЛҒАН АПАЙДЫҢ МҮСІНІН БАЛАЛАР ЖЕП ҚОЙЫПТЫ»

  • Сәбит Мұқановқа берілген сый-сыяпаттарға да назарымыз ауды. Қанттан жасалған аппақ мүсіні тұр. Жетісулықтар 70 жылдығына сыйға беріпті, салмағы 20 келі болады екен… Мәриям апайдың да қанттан жасалған дәл осындай мүсіні болған екен. Балалары жалап жеп қойғандықтан, сақталмапты. Мұқановтың мүсінін әйнекпен қаптап сақтап қойыпты. Пілдің екі түрлі мүсіні, кісе белдік, қамшы, желпуіш, мамонттың бір тұтам жүнін көзіміз шалды. Мамонттың жүнін якут жазушысы Габышев сыйға беріпті. Алтай өңірінен табылған екен.
  • Сәбит Мұқановтың күріштен жасалған портретін көріп, «күріштен де портрет жасайды екен» деп таңғалдық. Қызылордалықтар 70 жылдық мерейтойына сыйға тартыпты. Жазушы 70 жасқа толған кезде жетпістен астам шапан киіпті. Өзбектің, қырғыздың бас киімдері көзімізге түсті. 104 тастан тұратын тасбихты араб еліне барғанда өзі алып келіпті.
  • Аймауытұлы туралы: «Жүсіпбек Аймауытовтың соңғы кезде шыққан күрделі еңбектері «Ақбілек» дейтін ұзақ романы мен «Күнекейдің жазығы» деген ұзақ әңгімесі. «Ақбілек» ерте кезде «Әйел теңдігі» журналында басылып жүрді. Бірақ, түгел басылған жоқ. Әйткенмен оның толығын мен Жүсіпбектің өзінен оқыған едім», – деген сөзі жазушының басын көп даудан арашалап тұр. Бұдан соң: «Сәбит Мұқанов Мағжандармен бірге Аймауытұлын да ұнатпапты» деген сөзді қалай айтасыз?

Microsoft Word - Äîêóìåíò1

Бөлмеден шыға беріс тұсқа Сәбит Мұқанов дүниеден өткенде Ғабит Мүсірепов пен Мұқағали Мақатаевтың айтқан сөздері ілініпті. Бұл да Сәбит Мұқановты қатарластары мен замандастарының қалай қадірлегенінің айқын белгісі болса керек.

 ТАБАНҒА ТАПТАЛҒАН АЮ ТЕРІСІ

Әдеби бөлімді аяқтап, мемориалдық бөлімге кірдік. Мемориалдық бөлім үш бөлмеден тұрады екен. Зал, жатын бөлмесі және жұмыс кабинеті. Музейде сегіз мыңға жуық экспонат бар болса, оның төрт мыңға жуығы кітаптар болып шықты. Бір сөрені өзі оқыған, пайдаланған кітаптары алып тұр. Әр кітапқа бетбелгі салыныпты. Яғни, жазушы барлық кітапты оқып, ашып көрген деген сөз.

  • Залдан Мұқанов өмірлік жары екеуі бейнеленген жібек тоқыманы көрдік. Анна және Григорий Аткниндер әулеті сыйға беріпті. Бір көзін тоқудың өзіне бір аптадай уақыт кеткен екен. Мұқановтар әулеті талай-талай марғасқаларды қонақ еткенде дастарханның сән-салтанатын арттырған самауырды да көзімізбен бір аймалап өттік. 1949 жылы Мәриям апай мен Ғабит Мүсіреповтің үйіндегі Құсни апай екеуі дүкен аралап жүрген кезде сатып алыпты. Мұндай самауыр Ғабит Мүсіреповтің үйінде де бар көрінеді. 1965 жылы осы үйге көшіп келген кезде өз қолымен ілген чех люстрасы жарқырап жанып тұр. Бөлмеде тұрған құмыралардың барлығы 100 жылдық мерейтойына келген сыйлықтар. Кіші, үлкен радио, шахмат, дойбы, бәрі Сәбит Мұқановтың жеке мүлкі. Радионың үстіне қытай елінен алып келген ұйқыда жатқан қытай ойшылының мүсіні тұр.
  • Бұл бөлмеде көзімізге ерекше түскен зат домбыра болды. Шанағы мен сағағы ою-өрнекке толы домбыраны 1958 жылы қарағандылық шебер Темірхан Дыбысов сыйға беріпті. Мұндай домбыра болса, тек Мұқановта ғана болған шығар дерліктей.Михаил Шолохов Сәбит Мұқанов Иван Шухов Пресновка. 24.09.1954ж.
  • Керегеге Мәриям апайдың 1931 жылы Мәскеуде түскен үлкен суреті ілініпті. Тізесіне түсетін ұзын шашын екіге жарып, әрі жайып жіберіп түсіпті. Ол кезде 21 жаста, екі баланың анасы. Сәбит Мұқановтың өзі осылай түскенін қалапты. Керегеде ілініп тұрған кілемді В.Терешкова атындағы кілем фабрикасы (қазіргі «Алматы кілем) сыйға беріпті. 23 күннің ішінде бес қыз қолдан тоқыпты. 1935 жылы сатып алынған, уағында Мұқановтың өзі мен кіші баласы Ботажан ойнаған пианино да бұл отбасының өнерді аса қадір тұтқан бекзат отбасы болғанын білдіріп тұр.
  • Еденде жатқан аюдың терісіне назар салмайтын адам жоқ шығар. Бұл аю терісінің тарихы былай болған екен. 1950 жылы Сәбит Мұқанов Тарбағатайға жұмыс сапарымен барғанда бір шопан жігіт аюдың терісін береді. Шопан жігіттің әйелін аяғы ауыр кезде осы аю жарып өлтірген екен. Шопан жігіт аюды аңдып жүріп, өлтіріп, терісін сыпырып алады. Сәбит Мұқановтың келгенін естіп, теріні кенеп қапқа салып, әкеп беріпті. Ол кезде көзі, тұмсығы, болған екен. «Менің үйіме адамдар көп келе бермейді. Сіздің үйіңізге адамдар көп келеді ғой. Сіздің аяғыңыздың астында жатса және адамдардың аяғының астында көп тапталып жатса менің кегімнің қайтқаны болар еді», – деген екен.
  • Жұмыс кабинетін айналдыра кітаппен көркемдепті. Мұнда да бір домбыра тұр. Атақты шебер Қамар Қасым сыйлапты. Кітаптар тұрған шкафты арнайы тапсырыспен жасатыпты. Бұл шкафта күнделікті пайдаланатын кітаптары тұрған. Барлық дүние-мүлкі ешқандай өзгеріске ұшырамай, көзінің тірісіндегідей сақталған. Жазу үстелінің үстінде пайдаланған телефоны, машинкасы, «Аққан жұлдыздың» үшінші кітабының бірінші парағы сол күйі қалған. Кондиционері де болған екен. Сыйлыққа берілген заттары түгел сақтаулы тұр. Өзінің еңбектері де бір шкафқа әрең сыйып тұр. Жатын бөлмесіндегі төсек орны иесі жаңа ғана тұрып кеткендей, киген киімдері, аяқ киімдері, бас киімдері кеше ғана шешіп қойғандай әсер береді. Жеке мүлкінің бәрі көзінің тірісіндегідей сақталғаны көңілімізден шықты.

 «МҰҚАНОВТЫҢ МУЗЕЙІНЕ КЕЛІҢІЗ»

Untitled-1 copyӘділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориал­дық мұражай кешенінің директоры:

Былтыр музейлердің қатысуымен халықаралық конференция өткенде біздің «Мұқанов естелігі» деген жобамыз бас жүлдені ұтып алды. Сәбит Мұқанов 1930 жылдан бастап, өмірінің аяғына дейін Алматыда тұрды. Алматымен бүкіл өмірі байланысты. Сондықтан, біз Сәбит Мұқанов жүріп өткен, жиі барған, алақанының табы қалған жерлерден 14 нысанды таңдап алдық. Жазушылар одағынан бастап, Ғылым академиясы, Ұлттық кітапхана, №2 көпсалалы гимназияға дейін. Қонаев пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында, тротуардың  ортасында екі адам құшақтаса, құшағы жетпейтін үлкен ағаш тұр. Ол ағаш кезінде Сәкен Сейфуллиннің ауласында өсіп тұрған ағаш деседі. Оған Сәкен қолжуғышты іліп қояды екен. Ол қолжуғышқа Мағжан, Сәбит, Ғабит, барлығы қолдарын жуады екен. Біз ол жерге торғайдың ұясын жасап, анықтама тақта іліп, «бұл қарағаштың осындай тарихы бар» деп мәтін жазып, аяқ жағына «Музейге келіңіздер» деп, музейдің мекен-жайын көрсетіп қойдық. Жаңа айтқан 14 мекен-жайдың бәріне тақта қойып шықтық. Мысалы, Шевченко көшесінде тұшпарахана бар. Бір кездері Сәбең сонда барып, тұшпара жегенді ұнатады екен. Үйдегі Мәриям апайға мақтап келеді екен. Ол жерге де тақта іліп қойдық.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

(«Ақ желкен», №4. 2015 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз