1264663074

Қыздар әкесіне етене жақын болады. Бұл сөзді  қарсымда отырған кісі де растай түседі.  Кабинеттің іші тым-тырыс. Терезеден сыртқа қарадық. Сырттағы жаңбыр көзге бір көрініп, бір көрінбейді. Кейде жерге шашылып түскен моншақтай терезені тысырлатып ұрғылайды. Ал мына кісінің жүзінде бір жылылық, бір қаталдық бар. Оңай өмір сүрмегені анық…

– Әкем туралы не білесің? Айтшы…

Емтихан тапсырғандай білгенімнің бәрін айтып жатырмын. Үнсіз тыңдады.

– Орыстілді үлкен газеттен бір әріптесің келді. Саған қойған сұрақты оған да қойдым. «Әкеңіздің өлеңдерін оқығанмын» дейді. «Тым болмаса, google-ға кірмейсің бе келмес бұрын? Кейіпкерің туралы дым білмейсің!» – деп кабинеттен қуып шықтым. Соңынан ойланып, қайта шақырып алдым. Білмесе, білгенімді айтып берейін дедім. Айналайын, сен не сұрайсың менен?

– Айтылмай жүрген әңгімелеріңізді…

Ол әкесі туралы аңызын ақырын бастады. Кейбір тұстарына  келгенде жанарым даладағы жауын-мен жарысып қоя берді. Жақсы адамдар туралы естісем, өститінім бар… Бәлкім, бәріңіз де сөйтетін шығарсыздар. Сіздер де жақсы адамдар туралы ести бергілеріңіз келетін шығар… Ендеше, тағы да жақсы адамның адами болмысына үңіліп көрейік. Шынында да, қарсы алдымдағы 74 жастағы апаның әкесі ұлы адам еді!

«ТЕКТЕРІҢЕ КІР КЕЛТІРМЕҢДЕР!»

4338

«Әкем бізге аманат қалдырды: «Менің арманым – ешқашан да біздің ұрпақ туралы ешкім «анандай адам, мынандай адам» деп жаман сөз айтпасын. Тектеріңе кір келтірмей жүріңдер!» – деді өмірден өтер кездегі соңғы сөзінде», – деді ол. Сосын «нағыз әке деген атқа лайық жандар не істеуі керек, тектілік дегеніміз не, ұлт үшін қызмет етудің қуанышы мен қасіреті қандай болады?» деген сұраққа бірге жауап іздедік. Қазақ музыкасының Әуезові, академик Ахмет Жұбановтың қызы Ажар бізбен осылай сырласуын бастады. Сонымен:

Ақтөбе облысында Патша өкіметі кезінде жер аударылып келген орыстар көп болған. Содан да әкем балалайка, мандолинаны кішкентайынан тартып өскен. Қуан атамыз орысша хат таныған кісі болыпты. Атамыз Орынборға барып, рұқсат сұрап, ауылымыздан мектеп ашыпты. Оған дейін үйінің жанында ескіше хат танытатын молда ұстаған кісі екен. Әкем арабша да оқыпты. Кейіннен Орынбордан оқу бітіріп келген екі қазақ жігітінен дәріс алыпты. Екеуі де музыкаға жақын жандар екен. Әкемді кішкентайынан өнерлі бала деп, той-томалақтан қалдырмапты. Бірақ, әкем он үшке келгенде Қуан атамыз қайтыс болыпты. Әжеміз Құдайберген, Жұбан, Мұхамедия деген үш ұлы мен қыздарын құшақтап жесір  қалыпты. Үлкен ағасы оқуға кетіп, әкем он үш жасында ауылдық әкімшілікте хатшы болып, жер жыртып, отбасын асырайды. Комсомолдық курс оқу үшін Ақтөбеге барыпты. Сонда дыбыссыз киноларға скрипкамен музыка тартып отыратын Чернюк деген музыкантпен танысады. Чернюк әкемді скрипка тартуға үйретіп, Затаевичтің кітабын сыйлайды. Әкем де сол театрда үнсіз киноларға музыка тартқан. Кейіннен мектепте сабақ та береді. Ал ол кезде ағасы Құдайберген Ленинградта оқып жүрген. Қазақтың әйгілі лингвист ғалымы ғой. Ғылыми түрде 18-ге жуық тілді біліпті. Әкем  екеуінің жас айырмасы 7 жыл болыпты. Ағасы әкемнің рухани жетілуіне көп ықпал еткен екен.  Інісіне: «Үйдің тірегі сен. Мен оқуда жүргенде, бас-көз болатын сенсің», –  деп сенім білдірген. Кейіннен әкемді де өзімен бірге Ленинградқа апарып оқытқан. Ол кезде екеуі де отбасылы еді. 1937 жылы Құдайберген атамыз «халық жауы» ретінде ұсталып, 1938 жылы ақпанда атылады. Соңында аңырап алты баласы қалады. Біздің үйде де алтаумыз. Тап сол кезде әкем қазіргі Жамбыл атындағы филармонияны құрған кезі еді. Бірақ, ағасы ұсталған күннің ертесіне әкемді жұмыстан шығарып жіберді. «Халық жауының туысы» деген «айып» тағылды. Содан әкем Құдайберген атамыздың отбасын ауылға жіберді, аман алып қалу үшін. Кейіннен әкем бауырының барлық балаларын Алматыға шақырып, оқытты. Әжеміз шүйкедей кемпір болса да, мықты еді. Ұлдарының ұрпағын тентіретпей, бір үйде тату өсуіне ықпал етті. Әкемнің Мұхамедия деген бауыры да ертерек қайтыс болып кетті. Сонда үш отбасының балалары бірге өстік. Келіндердің арасында алауыздық болмауы да, сол әжемнің арқасы деп ойлаймын.

 БІР КӨЗІНЕ БІЗ КІРГЕН…

Әкемнің етікші жездесі болыпты. Ойнап жүрген кішкентай Ахметтің көзіне  етікшінің бізі кіріп, жанары ағып кеткен екен. Бір көзінің мүкісі болғандықтан, әкем суретке үнемі бір жанымен түсетін. Көзінің кемтарлығына қарамастан, машинаны өзі айдады өмір бойы. Жалғыз көзімен-ақ қазақ музыкасының кәсіби бағдарын қалыптастырып кетті.

Әкемнің бір аспиранты мынадай оқиға айтып еді: Әкем Құдайберген атамды қаралап, атылып кетуіне себепкер болған адамды көргенде, дым болмағандай емен-жарқын амандасады екен. Сонда шәкірті әкеме: «Аға, сіз қызық екенсіз. Өз ағаңыздың атылуына себепкер болған адаммен де сөйлесесіз бе?» – депті. Әкем болса: «Білесің бе, ағамды жазықсыз  ұстап берген адам мені көргенде, бір өліп-тіріледі», – деген екен. Міне, қазақта «таспен атқанды аспен ат» деген осындайға қарап айтылса керек.

«ҚҰРМАНҒАЗЫ» ОРКЕСТРІН ҚҰРҒАН…

18

Әкем жиырма алты жасында Ленинградта консерваторияны бітіріп келген тұңғыш қазақ. Орыстардың халық аспаптары оркестрін көрген ол «қазақтың да осындай оркестрі болса» деп, қатты қызығыпты. Домбыраның түрін, қалай жасалатынын бәрі біледі. Оны шеберлер ағаштан жасайды. Мысалы, екі домбыра да бірдей ағаштан жасалды дейік, бірақ  батыс пен оңтүстіктің домбырасының  дауысы екі бөлек болады. Ол табиғаттың ерекшелігіне байланысты өзгереді. Осындай дүниелердің бәрін әкем зерттеп, зерделейді. Оның үстіне, қазақтың күйлері домбырашыларға есту арқылы жеткен. Сондықтан әркім бір күйді әрқалай орындайды. Қазақтың 1000 әні  мен 500 күйін жинаған Затаевичті көруді, онымен сұхбаттасуды армандапты. Сөйтіп Ленинградтан Мәскеуге қазақтың әндерін жинақтап жүрген Затаевичті іздеп барады. Ол кісі өзінің ән-күйлерін жоқтап жүрген осындай қазақ жігітінің барына қуаныпты. Затаевичтің көмегімен фонографқа ән-күйлерді қалай жазуды үйреніпті. Сөйтіп, әкем де қазақ даласын шарлап, біраз ән-күйді жазып алған.

Ленинградта аспирантураға қалам дегенінде, елден шақырту түсіпті. Содан елге келіп музыкалық училище ашуға көмектеседі. Өзімен бірге оқыған Евгений Брусиловкийді, аспаптар жасаудың шебері, ағайынды Романенколарды ала келеді.

Халық аспаптары оркестрін құрарда әбден қиналыпты. Жан-жақтан күйшілер шақырады. Жасы кеп қалған адамдар жиырма алтыдан енді асқан жігіттің айтқанына бағынғысы келмейді. Әрқайсысы өздерін мықты күйші санайды. Бірақ, әкем жоқтан бар жасайды. 1936 жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне халық аспаптары оркестрін алып барады. Мәскеу басылымдары сонда: «Қазақтың халық аспаптарымен «Сарыарқа» күйін орындағанда, отырған орнымыздан секіріп кете жаздадық. Қазақ даласын көріп, атпен дүбірлетіп шапқандай әсерде болдық», – деп жазыпты. Тап сол кезде әкемнің жасы отызда екен.

АХМЕТТІҢ ҰРПАҚТАРЫ…

 

Біздің үйдің үлкені – Ғазиза. Сосын Болат, Қайыр, Роза және мен аман-есен жетілдік. Сәуле деген әпкем бала кезінде шетінеп кеткен. Қазір аман жүрген Қайыр ағам бар. Жасы сексенге келіп қалды. Көзі көрмейді. Болат ағамның қызынан туылған біздің үйдің шөбересі әлемдік музыкада есімі танымал – Алан Бөрібаев. Яғни, Алан – әкемнің тікелей жиені.

Отбасында екі ағам химик, мен биохимик болдым. Өйткені, әкем ағасы екеуі көрген қорлықтан кейін: «Ешкім гуманитарлық мамандыққа бармайды. Оқысаңдар, жаратылыстануды оқыңдар. Гуманитарияға саясат араласып кетеді», – деді.

13

Әкем 1968 жылдың 30 мамырында қайтыс болған. Арада біраз жыл өткен соң  30 мамырда әкемнің жолын қуған Алан Бөрібаев өмірге келді. Үлкен ағам Болат химик дедім ғой. Сол Болаттың Шолпан деген қызы бар. Ол пианинода ойнаған. Күйеуі Асқар Бөрібаев көп жыл вице-министр болған. Қазір Абай атындағы опера және балет театрының директоры. Ал екеуінің баласы Аланды жоғарыда айттым. Астана театрының бас дирижері. Шетелде де көп жүреді. Ирландия ұлттық оркестрінің, Нидерланды оркестрінің, Жапонияның Осако қаласы оркестрінің бас дирижері. Қазақстанда көп бола бермейді. Елбасы: «Астана опера және балет театрында айына бір рет болса да, Алан Бөрібаев дирижер болсын», – деген екен. Сонымен, жуықта «Абай» операсын қойды. Сонда студенттерімді арнайы апардым. Алан Ахмет Жұбановтың шығармаларын шетелде жиі қояды. Ол үшін қаржыны өз қалтасынан шығарады.

КІТАПТАҒЫДАЙ МАХАББАТ…

 

Әкем мектептегі ата-аналар жиналысына бара алмайтын болса, мұғалімге  тілхат жазып, себебін түсіндіріп, кешірім сұрайтын. Анам хат танымаған кісі болды. Сондықтан, біздің оқуымызға араласпады. Әкем екеуі ауылда бір үйде өскен. Он алты жастарында үлкендер екеуінің некелерін қиыпты. Балалықтары ғой, екеуі бастапқыда өздерін ерлі-зайыпты сезінбепті. Анам өмір бойы әкемді аялап, күтіп өткен. Орысша да аса жақсы білмеген. Бірақ, сөйлегенде өте шешен, ақылды әйел еді. Мен Мәскеуге оқуға түскенде, анамның орыс құрбысы: «Қызың қандай маман болады?» – деп сұрағанын естіп қалдым. Сонда анам: «Биохимик болады», – деп, менің мамандығымның жай-жапсарын айтып, түсіндіріп жатыр. Оны тыңдап тұрып қатты риза болдым. Шешем оқымаса да, балаларының мамандығынан хабардар болып жүр. Ол ешқашан махаббат туралы кітап парақтап көрмеген. Бірақ, әкем екеуінің махаббаты кітаптағыдай әдемі болды.

7

Әкем бірде  Қырымға барып демалған болатын. Ыстық жерде тұрып қалған тамақты жеген екен. Содан асқазаны шошынып қалса керек. Мазасызданып  ауырды. Онкология институтында істеп жүргенімде, әкем келді бір күні. Ештеңе айтпастан еңкілдеп жылады. Үлкен азаматтың жылағанын өмірімде бірінші рет көрдім… Не болғанын түсінбеймін… «Қызым, әкең жақында өледі», – деді сосын. «Неге өз-өзіңе диагноз қоясың? Қайдағыны айтпа», – деп ұрыстым. Үлкен ағам Болат та химик қой. Соған барып айттық бүкіл жағдайды. Жаз мезгілі еді. Білікті мамандардың көбі демалысқа шығып кеткен. Біраз күн жақсы маман іздеп жүгірдік. Анам, сіңлім үшеуі демалыс үйінде жатқан болатын. Маман тапқан бойда әкеме ұшып бардым. Сөйтсем, анам: «Неге келдің?» – дейді. Әкем ештеңе айтқызбайды. «Мына қыз үйіне жаңа жиһаз алғысы келген екен», – деді де қойды. Анам байғұс: «Әкелеріңе бір тыныштық бермеңдер, әйтеуір! Жиһазды қайтпексің, бар емес пе?!» – деп ұрсып жүр. Әкем сонда өмірлік серігін уайымдатқысы келмеген екен ғой. Екеуі де бір-бірі үшін өліп кете жаздайтын. Әкемді ақыры институтқа қаратуға алып келдім. Рентген кабинетінде тұрған әкемнің диагнозы туралы дәрігер бергі жақта сыбырлап айтып жатты.  Асқазанындағы ісікті көріп тұрмыз. Рентгеннен шыққанда: «Мен бәрін естідім, қызым…» – деді. Музыкант қой, дәрігердің ауыз жыбырлатып жатқанынан-ақ не айтқанын түсінген. Ертесіне Денсаулық сақтау министрінен бастап, бәрі жиналды. «Операцияны осында ма, жоқ әлде Мәскеуде жасатасыз ба? Оны өзіңіз шешіңіз», – деді. Сонда әкем: «Крыловтың мысалында арыстанның аңдарды қонаққа шақыратыны бар ғой. Сонда түлкіні де қонақ етпекші болыпты. Ал түлкі болса: «Бармаймын. Сенің үйіңе баратын жол бар да, қайтатын із жоқ» деп айтыпты. Менің халім сол. Осыған дейін Мәскеуге Сәтбаевты, Әуезовті апарып емдейміз деді. Олар аман қайтты ма?!» – деді. Сол сөзден кейін мамандарды Алматыға шақырып, операция жасаттық. Операция 6 жарым сағатқа созылды. Өзім ішіне кіріп, қарап отырдым. Хирург операция алдында әкеммен жиі сұхбаттасты. Сондай бауыр басып қалыпты. Кейіннен сол кісі маған: «Ішін тілгенде, ауруы асқынып кеткен екен. Терезеге қарасам, қаншама адам Ахмет Қуанұлының аман қалуын тілеп отыр. «Қалайда бұл кісіні аман алып қалуым керек» деп тырыстым», – деп айтты. Операция сәтті өтті. Бірден мені шақырды әкем. «Мен тірімін!» – деп қолымды ұстады. Бес күнге дейін бір тамшы су ішуге болмайтын болды. Бір жарым айдан соң ауруханадан шықты. Шешем екеуін бірден «Алматы» санаторийіне жібердік. Табысқандарына екеуі де сұмдық қуанды. Кешкісін: «Біз бүгін аулада жақсы қыдырдық» деп қоңыраулатты шешем. Әкемнің жағдайын, қылықтарын айтып мәз. Түнгі сағат 2-де шешемнің жүрегі тоқтап қалыпты. «Әкелеріңе операция жасатпайық, қасында өзім отырып бағам ғой», –  деп Құдайдың зарын қылған еді. Оның жүрегі  қайғыны көтергенімен, қуанышты көтере алмапты. Міне, адами сезім деген осындай болады, қызым. Сезім деген нәрсе кітап оқығаннан, кино көргеннен тумайды екен. Ол адамға Құдайдың берген құдіреті.  Байғұс анамның жүрегі әкем деп қана соғыпты.  Әкем сонда телефонның ар жағынан өксіп тұрып, бәрімізге қазаны өзі естіртті. Анам кеткен соң әкемнің жанында болдық. Бізді бөлмесіне қондырмайтын. «Бәрібір шешелерің сияқты бола алмайсыңдар. Барыңдар үйлеріңе! Сендермен сөйлескенде  ішім пысады. Мен ғылымды да, саясатты да, өнерді де әңгімелегім келмейді. Мамаларыңмен әңгімелескен қызық еді. Өткен шағымызды айтып отырушы едік», – дейтін. Бізді әйтеуір жанына жуытқысы келмеді. Анамыздан кейін жеті жарым ай өмір сүрді. Сонда үш кандидаттық диссертацияға жетекшілік етіп, қорғатты. Алпыс бір жасында өмірден өтті. Қылшылдап тұрған кезі еді ғой…

БІР ҚЫЗЫ ӨКПЕДЕН, БІР ҚЫЗЫ ЖҮРЕКТЕН КЕТТІ…

 

Әпкем Ғазиза Жұбанованың да өмірі қысқа болды. Оның да денсаулығы жарамады. Диагнозы қайтыс болып кеткеннен кейін қойылды. Оған ауа жетпей қала беретін. Жездеміз Әзірбайжан Мәмбетов Нұрсұлтан Әбішұлымен кездескенде Ғазиза апамның ауырып жатқанын айтыпты. «Қандай көмек керек?» – депті Елбасы. Ауа жетпейтінін естіпті.  Мәскеуде Ельциннің кабинетінен ауаны кислородқа бірден айналдыратын құралды көрген екен. Тап сондай құралды Ғазизаға алдыртқызды. Одан да көмек бола қоймады. Ғазиза көз жұмғаннан кейін ғана  өкпенің қабында ісік бар екені анықталды. Басқа органдарының бәрі жақсы жұмыс істеген.

Ғазизадан бір жыл бұрын Роза деген әпкемнің дәм-тұзы таусылған. Жұмысқа бара жатқан кезінде инсульт алды. Ғазизадан он жасқа кіші еді, елу бес жасында көз жұмды. Ол да өмір бойы музыкалық училищеде сабақ берген.

 

ЕЛУ ЖЫЛ БҰРЫН ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН

МЕКТЕП АШТЫ…

 

1

Әкем ауыл-аймақтағы балалардың жағдайына қатты алаңдайтын. «Қаладағы балалардың жақсы мектептерге, үйірмелерге баруға мүмкіншілігі көп. Ал ауылдағы баланың ше? Олар таланттарын қидың ішіне көміп жүре бере ме?» – деп жаны ауырып отыратын. Нәтижесінде, ауылдағы дарынды  балалардың Алматыға келіп оқуына жағдай жасап, музыкалық мектеп-интернат ашты, осыдан елу бір жыл бұрын. Ол мектепке кейін әкемнің аты берілді. Чайковский атындағы училищені де ашқан адам – Ахмет Жұбанов. Тұңғыш қазақ операсын жазған да біздің әкеміз.

Үйдің кенжесі болғандықтын ба, мені еркелетіп, досындай сырласатын. Екеуміз оңаша жиі қыдырушы едік. Бір-біріміз туралы пікірімізді бетке айтатынбыз. Бірде Мәскеуде оқып жүргенімде, үлкен химик кісімен сөйлесіп тұрғанымды біреу көріп қойып, өңін айналдырып жеткізіпті. Сонда маған ренжіп хат жазыпты. «Неге өзіңнен үлкен адаммен кездесесің?» дегендей сөгіс қой. Оқып алып ызаландым. «Әке, сен туралы мен не естімеймін деші елден. Бірақ, мен олар туралы айтпаймын ғой саған. Өйткені, мен елге емес, саған сенем», – деп жауап жаздым. Арамызда бұдан кейін сенімсіздік болмады.

 

КЕШКІ АСҚА ҚАРБЫЗ БЕН ҚАРА НАН…

 

1942 жылы 36 жасында «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» деген кітабы шықты. Әкемнің осы еңбегі болмағанда, Құрманғазы, Дәулеткерейлердің кім екенін де толық білмей кетуі мүмкін еді бүгінгі ұрпақ. Ауыл-ауылды аралап, күйшілер туралы дерек жинады. Құрманғазы барымташы деген желеумен  Орынбор түрмесіне жабылғаны бар. Сондай деректердің бәрін іздестіріп, кітап жазды. Мәскеуліктер бұл еңбекті жақсы бағалап, бірден академик атағын берді. Бірақ, қуанышы көпке созылмады. Сол кітапқа Кенесары туралы музыканың нотасы түскен еді. Соған байланысты екі күн үлкен жиналыс болыпты. Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловскийлер әкеме қарсы сөйледі. Әкем бірден консерваторияның ректорлығынан түсіп қалды. Сосын біреулердің ақылын тыңдаса керек, Мұхтар Әуезовтермен қатар Мәскеуге бас сауғалады. Онда Ғазиза мен Болат студент болатын. Мәскеудің консерваториясында студенттерге сабақ берді. Сол кезде мұнда қалған біз үйдегі заттарды сатып, күнелттік. Кешкі тамағымыз қарбыз бен қара нан болатын. Анам әкемнің пианиносына дейін сатуға мәжбүр болды. Ол кезде пианино табу қиын еді. Бірде пианиноны сатып алуға бір ректордың әйелі келді. Түрі осы уақытқа дейін көз алдымда сол әйелдің. Аяғын айқастырып алып, шешеме мысқалдай қарап,  саудаласты. Бұл анама моральдық тұрғыда үлкен соққы болды. Кеше қатар жүрген адамдары енді сынап-мінеп отыр. Сонда анам пианиноны ақшасы көп оған бермей, аз ақша ұсынған музыкантқа сатты. Біз сондай қиын кезеңді бастан өткердік. Болаттың әйелі біздің үйге келін болып түскенде, үш-ақ тәрелкеміз болыпты. Былтыр «Ахмет Жубанов в годы апогея Сталинский политической  репрессии» деген кітап шығардық. Сонда салыстырмалы деректерді әдейі бергіздім. Бір кітабы үшін академик атағын алған әкем, тап сол кітабымен жазаланады. Брусиловский  әкемнің басына іс түскенде: «Мен ол кітапты қазақша шыққандықтан оқыған жоқпын», – деді. Бірақ, шын мәнінде сол кітапты орысшаға аударушылардың бірі Брусиловский болған. Бір адамның тағдыры шешілерде тайқып кетті.  Әкем туралы сол кітапты шығаруға көмектескен азаматтың біріне алғыс айтуға барғанымда: «Сіз сол әкеңізге қарсы шыққан азаматтардың  ұрпағын ойламадыңыз ба?» – дейді. Әкемнің басына іс түскенде, солар емес пе тайраңдаған? Олар тоқ жүргенде, біз аш жүрдік емес пе?

 

МӘСКЕУГЕ ӘКЕМНІҢ ПАЛЬТОСЫ МЕН БӘТІҢКЕСІН

КИІП БАРДЫМ…

 

1956 жылы әкемнің ісі саябырсыды. Бірақ, жағдайымыз мәз емес. Роза деген әпкем екеуміз Мәскеуге барып көрмегенбіз. Соған бір жағынан әкем  қатты қынжылатын. Сонда бүкіл істі жиып қойып, бізді Мәскеуге алып барды. Менің үстімде әкемнің пальтосы мен аяғымда сол кісінің қолпылдаған бәтіңкесі бар, Розаның үстіне анамның киімдерін кигізіп алған. Мәскеуге барып театрларды, музейлерді араладық. Онда Ғазиза бар еді. Сосын Мәскеуден Ленинградқа  өтіп кеттік, Ғазизаны ертіп алып. Әкемнің өмірде ең қуанған сәттерінің бірі сол шығар. Үш қызымен бір пойызда емен-жарқын әңгімелесіп келеді. Арасында көрші купелерге  кіріп, думандатып кетеді. Сөйтсе, оған Ғазиза ұрсады. Ғазиза әкеммен тең сөйлесетін. Аралары жиырма бір жас еді. Қазір ойласам, әкемнің сол кездегі жағдайды қалай еңсергенін түсінбеймін. Өздері Мәскеуде орыс кемпірдің бір бөлмелі үйінің бұрышын жалдап тұрады екен. Ғазиза, Болат, Қайыр үшеуінің шәкіртақысымен өмір сүреді. Әкем баладан ештеңені аямайтын. Біздің бәрін көруімізді, білуімізді қадағалады. Бірде менің велосипедімді сатып, бәрімізге киноға билет алды. Тағы бірде үйдегі керекті бір затты сатып, отбасын футболға апарды. Ешқашан дүниеге қызықпады. Отбасымызда бәріміз Мәскеуде оқыдық. Бұл асып-тасығаннан емес, әрине. Егер біз Алматыда оқысақ, Жұбановтың қызы деп біреу жақсы қараса, біреулер жаман қарар еді. Әділ бағамызды алып оқу үшін әкем бізді Мәскеуге жіберді.

ӘЗІРБАЙЖАН МӘМБЕТОВ ҚАЛАЙ КҮЙЕУБАЛА БОЛДЫ?

 

image26568

Біздің үйде шәй ішіп отырғанда қызық болатын. Әкем немесе Ғазиза дастарқан басында отырғанда «қазір келемін» деп орнынан тұрып кететін. Сәлден соң пианинода әуен ойналады. Біз естімеген жаңа әуен шәй үстінде туа беретін. Мереке сайын үйде концерт ұйымдастыратынбыз. Мысалы, Болат химик бола тұра Абайдың арияларын орындайтын. Екінші ағам Қайыр тенор дауыспен ән салатын. Ғазиза мен Роза пианинода ойнайды. Кәдімгідей концерттік бағдарлама дайындайтынбыз отбасылық отырыстарда.  Үйден ақын-жазушылар, өнер адамдары арылмайтын. Әкемнің шәкірттері біздің үйдің баласындай боп жүре беретін. Ғазизаға да қонақтар көп келетін. Әзірбайжан Мәмбетовпен бір кино түсірді. Кино біткесін де Әзекең жиі келіп тұрды. Біз оған мән берген жоқпыз. Бір күні Мәскеуде жүрген Ғазизадан хат келді. «Біз шаңырақ көтерсек дейміз. Болашақ күйеубалаларың үйге ылғи келіп тұрады. Бірақ, айта алмайды. Қысылғаннан көйлегі ылғалданып қайтады екен», – депті хатында. Әзірбайжан жетім өскен. Бәлкім, әкемнің атағы да мысын басса керек, үйге келгенде әкеме «қызыңызды беріңіз» деп айта алмапты. Сөйтіп, Ғазиза тұрмысқа отыздан асқан соң шықты. Екеуі Мәскеуде оқып жүргенде танысыпты. Әзекеңнің қойған пьесаларының көбінің  музыкасын Ғазиза жазған. Отызында тұрмыс құрса да, Ғазиза өмірге бес бала әкелді.

Әкем өмірден өтерде Ғазиза Ахметқызы Композиторлар одағының басшысы еді. Әкеме алаңдап жиналыстарға қатыса алмады. Сонда оны сыртынан қызметінен алып тастады. Бұл әкеме де қатты батты.

 

КОМПОЗИТОРЛАРДЫҢ АРАСЫНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ АКАДЕМИК…

 

Әкем әлемдік музыканың дамуына үлес қосқан тұлға. Оның 100 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде тойлады. Ол әлемдік мәдениетке қазақтың домбырасын, күйін енгізген адам. Ол композиторлардың арасындағы жалғыз академик, академиктердің арасындағы жалғыз композитор. Ол консерваторияның ең алғашқы ресми ректоры. «Құрманғазы оқыған адам болатын болса, ол адамзаттың ішіндегі ең ұлы композиторлардың бірі ретінде мойындалатын еді», – деп айтып өтті өмір бойы. Ал әкемді айыптағанда: «Қайдағы бір дала басбұзарын әлемдік музыканың алып тұлғаларымен теңестіру сауатсыздық», – деп айтқан. 2006 жылды ЮНЕСКО Ахмет Жұбанов жылы деп жариялады. Бірақ, ол туралы елімізде айтылмады. Парижде өткізілген концертінен үш минуттық сюжет қана берілді телеарнадан.  Біздікілер шын өнер иесін бағалауға, қолдауға құмбыл емес қой. Мысалы, Ғазиза Ахметқызы дүниежүзінде опера мен балет жазған жалғыз әйел. Пахмутованы бәрі мақтайды ғой. Ол деген жәй ғана ән жазушы.

Ғазиза асқақ өнердің иесі бола тұра, өте қарапайым еді. Өмір бойы құлағын тестіріп сырға таққан емес. Ол әкемнің азаматқа бергісіз қызы, рухани мұрагері болды.

 

МЕН ДЕ ЕНЕ КӨРГЕН КЕЛІНМІН… 

 

Биолог ретінде 400-ден аса ғылыми мақалалар жазғанмын. Жиырмаға жуық ғылым кандидатын, 5 доктор дайындадым. Біздің үйдегі атаңның шешесі Димаш Ахметұлының туған әпкесі. «Енем туралы аңыз» деген кітап жаздым. Немерелеріне, ұрпағына үлгі болсын дедім.

1930 жылдары акушерлікті оқыған алғашқы қазақ қыздарының бірі болған. Мен келін болып түскенде, жасы біразға келіп қалған екен. Лениннің әйелі Крупскаямен, Тұрар Рысқұловпен кездескендерін айтып отыратын. Сол кездегі деректердің бәрін құжат бойынша іздестіріп жазып шықтым. Жазушы Максим Горькиймен кездескенін де айтқан. Кейін интернеттен  бурят әйелдің жазбасын тауып алдым. «Біз Мәскеу медициналық училищесінде оқып жүргенде Горький келді», – деп естелік жазады. «Горький мені биге шақырғанда, жанымда қазақ қызы отырған», – дейді бурят әйел. Осылай ізденіп, ұрпағымыз үшін арнайы кітап дайындадым. Димаш Ахметұлының әкесі өлең жазған кісі екен. Ол кісінің қолжазбалары біздің үйде сақталған. Оны да кітап етіп құрастырдым. Кітаптың атын өлеңіндегі «Бұл сөздерде өтірік жоқ» деген жолмен атадым.  Димаш Ахметұлының Асқар деген інісінен бөлек жеті әпке-қарындасы болған. Екі әпкесі соғысқа қатысқан. Отбасында бәрі оқып-тоқыған жандар. Димаш атамыздың әрбір ісі үлгі болатындай ғой. Тым аңғал, тым адал өмір сүріпті. Билікте жүргенде туыстарын да ешқандай қызметке тықпаламапты. Қарапайым бір мысал айтайын: зейнеткерлікке шыққанда елге жиі барып тұрыпты. Сонда бір кісі: «Балаларыма бата бере қалыңыз», – деп үйіне дейін ақ мата жайып, шапан жауып, қонақ қылыпты. Қараса бір қорап кәмпит тұр екен. Соны Димекең: «Анау кәмпит ашылмаса, маған беріңдерші. Мен бір кісінің үйіне кәмпит апарып беремін деп уәде беріп едім», – депті. Артық дүние жимаған  адамның әңгімесі ғой.

Ажар Ахметқызының әңгімесін тыңдай берсең, тарихтың қойнауына кетіп қаласың. Өйткені, текті әулеттің әр сәті, әр  күні аңызға бергісіз. Қай Жұбановтың өміріне үңілсең де, тегін жандар емес. Олар өнер мен ғылымның әр саласында. Олар «тектеріңе кір келтірмеңдер!» деген аманатпен өмір сүріпті… Ахмет Жұбановтың тікелей ұрпағы Алан Бөрібаевтың өзі қазіргі қазақ музыка өнерінің аңызына айналып бара жатыр емес пе? Міне, сізге тектілік!

Жадыра НАРМАХАНОВА

 («Ақ желкен», №4. 2015 жыл)

1 ПІКІР

  1. Қатты әсер алдым. Жұмыс та , бәрі де қалды. Жалпы, осындай тағылымы мол, ғибратты сұхбаттар көп болса деймін. Әйтпесе, жасанды жұлдыздар мен атаққұмар белгілілердің татымсыз әңгімелерінен, тұщымсыз сөйлеулерінен жалықтым, шаршадым. Рахмет!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз