Біз – «Жас Ұлан»

Жарқын күнге жол ашады «Жас Ұлан»

Еліміз Тәуелсіздік алғалы түрлі жастар ұйымдары құрылып, әр алуан істер атқарған болатын. Десек те, ешбірі бүкіл ел аумағындағы балалар мен жасөспірімдерді түгелдей қамтып, жұмылдыра алмады. Былтыр бұл олқылықтың орны толғандай болды. Елбасының бастамасымен «Жас Ұлан»  атты бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы өз жұмысын бастады. Ұйымның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық сезімді ұялату. Еліміздегі барлық бала осынау белсенді топтың қатарына енуге талпынады. Бүгінгі күні бір жасқа толған ұйымның қандай жетістіктері бар екен? Жер-жердегі «Жас Ұлан» ұйымының жетекшілері жолдаған хат-хабарларға назар аударайық.

«…Парызымыз – Ұлы Отанға адалдық!»

Сыр   өңірінде  10  жылдық  тарихы  бар, 60 000-ға  жуық  мүшесі  бар «Жас ұрпақ»  ұйымы  Елбасының  бастамасын  қуаттап,  осыған дейін  атқарған  игілікті   шараларын «Жас Ұлан»  ұйымында  жалғастыруда.  2 қыркүйек күні орталық алаңда өткен «Жас Ұлан» қатарына қабылдау шарасына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысты. Жүректері лүпілдеп, жүздері қуанышқа толған жас жеткіншектер Елбасының тілегін тыңдап: «Қазақстанның  болашағы  үшін  атқарылатын  игілікті істерге  әрқашан да дайынбыз!» – деп ант  берді. Осылайша,  қызылордалық «Жас Ұлан» ұйымының алғашқы қадамының тұсауын  Елбасы өзі кескен болатын. Бұл жайтты Сыр өңірінің ұландары ешқашан ұмытпақ емес.

Тәуелсіздігіміздің  20 жылдығы қарсаңында өткен «Жас ұланның алғашқы  қайырымды  қадамы қарттарға»  деп  аталатын  акцияға  өңір  бойынша   600  бала  қатысып, қарттарға  өз жүректерінің  жылуын  ұсынды. Бұл  шара одан кейін «Тәуелсіздіктің  тәтті   сыйы» апталығымен  жалғасып, 10 мыңға жуық жасұландық қайырымды істерде  өз қолтаңбасын  қалдырды.

Қатарластарымыз батыстың кейбір менталитетіне еліктеп, жат қылықтарға бой алдырмасын деген ниетпен «Жаңа өмір» атты шара ұйымдастырдық. Шара барысында түрлі сайыстар, семинар-тренингтер ұйымдастырылып, соңы мерекелік концертке ұласты. Акцияның  өз деңгейінде өтуіне  облыс бойынша 13 мыңға жуық оқушы, сондай-ақ, «Жас Ұлан» ұйымының мүшелері мен «Ақ қауырсын»  газетінің жас тілшілері атсалысты. Нәтижесінде  «Жас Ұлан»  ұйымы облыстық бұқаралық ақпарат құралдары  өкілдерінің алғыс хатымен  марапатталды.  Біздің «Жас Ұлан» ұйымының  тағы  бір жетістігі – Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясына қатысуы болды.

Осындай үлкен шарадан соң батыр апамыз  Мәншүк Мәметованың 90 жылдығына арналған республикалық патриоттар форумы өтті.  Форумда жасұландықтар бабалар ерлігін мәңгілікке жүректерде сақтауға, үлгі-өнеге тұтуға ант берді.

Мамыр айында «Болашақ   бүгіннен басталады» акциясы аясында ұйым мүшелері «Құстар – біздің  досымыз» атты қайырымдылық  акциясын ұйымдастырды. Аталған  шараға облыс бойынша барлық  жасұландықтар  қатысып, құстарға ұя жасап, оларды ағаш басына орнатты.

Бұдан кейін «Жас ұлан. Достық. Ынтымақ» атты  облыстағы түрлі ұлт өкілдерінің кездесу  кеші, «Қайырымды  жүрек қартаймайды» атты мейірім  күні  ұйымдастырылды. Сондай-ақ, мектептегі ұландар тобы мен үйден оқитын балалар арасында достық қарым-қатынас орнату мақсатында   «Біз әрдайым  жаныңдамыз» атты  акция өткізілді. Оқушыларды тарихи ескерткіштерді қорғауға талпындыру мақсатында «Ескерткіш» операциясы ұйымдастырылды. «Жас Ұлан жұлдыздары» бас қосқан еркін микрофон шарасының қызықтары да есімізден кетер емес. Ал Ұлы Жеңістің  67 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жеңісті  жақындатқан   жырлар» атты  мәнерлеп оқу  сайысы  өте мазмұнды өтті дей аламыз.

Екі  буын өкілдері «Аға буын  мен  бүгінгі ұрпақ  сабақтастығы – дәуірлер  жалғастығы»  атты кеште бас қосып, әрқайсысы өз  дәуірлерінің әндерін  шырқады. Кешегі пионер  ұйымының  өкілдері  Ғани Мұратбаевтың ерлік  істерін үлгі ете отырып, даңқты  атамыздың 110 жылдығына  арналған шаралар   өткізуді  жоспарлады.

Жасұландық атқарушы хатшылар арасында облыс бойынша  «Тәлімі мол тәлімгер – 2012»  байқауы  болып өтті. Байқауда  атқарушы   хатшылар  ұйым  туралы  ақпарат бұрышын ұйымдастырып, «Талантты тәлімгер – дарынды жас ұланға»  тақырыбында  жаңашыл  идеялар  көрмесін  ұйымдастырды. Байқау нәтижесінде Арал  ауданының атқарушы  хатшысы  Қанағат Маханбетова  бірінші орын иеленіп, ауыспалы вымпелды жеңіп алды.

Облысымыздың көш бастар, көреген жастары жиылатын дәстүрлі «Алаштың асқақ рухты жастары» атты облыстық форуымына қатысқан «Жас Ұлан» ұйымы «Жыл жаңалығы» номинациясының иегері атанды. Облыстық «Жас Ұлан» ұйымының көшбасшысы Бекарыстан Аманжолов форумда барша  Сыр жастарына мазмұнды үндеу жолдады.

Әзірше Сыр ұландарының атқарған игілікті істері  теңізде тамған тамшыдай болуы мүмкін. Дегенмен, «Жас Ұлан» ұйымы оқушыларды отансүйгіштікке, елжандылыққа, биік мәдениетке тәрбиелеу бағытында үлкен жұмыстар атқаруда.

Гүләйім АҚМЫРЗАЕВА,

Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен

жасөспірімдер ұйымының атқарушы хатшысы

Кемел келешекке – «Жас ұланмен»

2011 жылдың  3 желтоқсанында  облыс бойынша  13 124 оқушы «Жас Ұлан» ұйымының қатарына  салтанатты  түрде қабылданды. Жасұландықтар саны бүгінгі таңда 53 124-ке жетті.

Еліміздің өркендеуі, гүлденуі – жас ұрпақ қолында.  Егемен еліміздің ертеңіне өз үлесімізді қосқымыз келсе, білімді, тәрбиелі,  белсенді  болуымыз  керек.  Осы мақсатта облыс көлемінде «Жас Ұлан» балалар ұйымының жұмыстарын ұйымдастыру жолдары» тақырыбында тәжірибелік семинар өткізілді.

Балалар  қозғалысының әлеуметтік-педагогикалық үлгісін дамыту мақсатында өткізілген семинарда ұйымның атқарған жұмыстары талқыланды. Тәжірибелік семинарға аудандардан  «Жас Ұлан» ұйымының үйлестірушілері мен басшылары, сонымен қатар, қала мектептерінің аға тәлімгерлері қатысты. Сондай-ақ, «Жас Ұлан» балалар ұйымының жұмыстарын жүзеге асыру» атты тақырыпта өткен облыстық дөңгелек үстелге облыс бойынша қосымша білім беру мекемелерінің басшылары мен әдіскерлері қатысып, өз үндерін қосты. Облыста құрылған «Жас Ұлан», «Жас қыран» ұйымдары балалар үшін нағыз шыңдалу мектебі болып отыр.

Елбасымыздың қолдауымен құрылған «Жас Ұлан»  ұйымына қабылдану – әрбір шәкірт  үшін үлкен мәртебе. Келешегін бүгіннен ойға алған әрбір жас өрен «Жас Ұлан» ұйымы көптеген мүмкіндіктерді ашуға апарар жол деп біледі. Болашақ – жігерлі, біліммен қаруланған, салауатты жастар қолында.

Замира ТАБЫНБАЕВА,

Ақтөбе облыстық «Жас Ұлан» ұйымының үйлестірушісі

«ЖасҰландық» атану – зор мәртебе

«Жас Ұлан» ұйымына алғашқы мүшелерді қабылдау өткен жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Жиырма жұлдызды күн» шеңберінде басталған болатын.

Атырау өңіріндегі  халықаралық, республикалық, облыстық  әр алуан сайыстардың мыңға жуық жүлдегерлері алғашқы лекпен «Жас Ұлан» ұйымы қатарына қабылданды.

Қабылданушыларға төсбелгілер мен галстуктерді  табыстау үшін облыс әкімінің орынбасары А.А.Керімов, облыстық білім беру басқармасының бастығы С.И.Есенғалиев, жастар ұйымдарының көшбасшылары, спорт, мәдениет қайраткерлері және бір топ еңбек ардагерлері қатысты. Екінші кезеңде 15 мың оқушы  жасұландық атанды.

Бүгінгі күні облыстағы жасұландықтар саны 16 мыңнан асты. Ұйым қатарына қабылдануға өтініш берушілер қатары артып келеді. Бұл –  жас ұрпаққа қоғам өміріне араласуға деген құштарлығының көрінісі.

Ұйым қатарына өткен оқушыларымыз түрлі сайыстар мен байқауларда жүлделі орындар иеленуде. Қайырымдылық шараларының басы-қасынан табылып жүрген жасұландықтар да аз емес.

Ұлы Жеңістің 67 жылдығы қарсаңында аудан, қала мектептерінде бұрынғы «Тимуршылардың» ізін жаңғыртып, «Ұландар» қозғалысы ұйымдастырылды. Мысалы, Атырау қаласының №9 мектебінің жасұландықтары Ұлы Отан соғысы ардагері Мария Пименова әжейдің шаңырағына қолғабыстарын тигізсе,  Исатай ауданы Новобогат орта мектебінің  жасұландықтары тыл ардагері Бақыт Өтеғалиев ақсақалдың жары Сатыпалды Қапсихова әжейдің үйіне барып,  ауласын тазалап, көмектерін көрсетті. Әрине, жасұландықтардың осындай игі бастамалары қуантады.

Сәуір айында Исатай ауданындағы Х.Нәубетов орта мектебінің «Жас Ұлан» ұйымы мүшелерінің  ұйымдастыруымен жазба мәдени мұраларымызды насихаттау  және қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру мақсатында «Кітап алмасу» шарасы өткізілді. Шара барысында  Абайдың қара сөздері,  М.Жұмабаев, Ф.Оңғарсынова, М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов,  Ж.Молдағалиевтің жырлары мен қазақ балалар әдебиетінің классигі Б.Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесін оқушылар асқан қызығушылықпен талқылады.

Сәуір айында өткен мазмұнды шаралардың бірі ретінде онлайн жүйесі арқылы өткізілген семинарды атап өту керек. Аталған семинарға облыстың жеті ауданы мен қала мектептері қатынасып, балалар ұйымының жұмысына байланысты көкейлерінде жүрген сұрақтарға жауап ала алды.

Исатай ауданындағы Ю.А.Гагарин атындағы мектепте «Адам. Галактика. Ғарыш» атты апталық өткізілді. Апталық аясында оқушыларға тұңғыш ғарышкердің өмірі мен ерлік жолдары таныстырылды. Сондай-ақ, «Мен ғарышкер боламын» атты шығармалар конкурсы мен «Ғарыш бала көзімен» атты жас суретшілер көрмесі де өткізілді. Қазақ ғарышкерлері Т.Әубәкіров пен Т.Мұсабаевтардың ерлігі насихатталған саяхат туры да балаларға қызықты әсер қалдырды.

Ұлы Жеңістің 67 жылдығына арналған шеруге Ж.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-лицей, Қазақ-түрік лицейі, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясы және облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның 50 оқушысынан құрылған «Жас Ұландар» тобы қатынасып, ұйым атынан мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

4 маусым күні Жылыой ауылының орталық алаңында аудан мектептерінің  жас ұландары мен мұғалімдерінің қатысуымен «Рәміздер –  мақтанышым» атты мерекелік шара болып өтті. Шара барысында рәміздер тарихынан викториналық сұрақтар қойылып, жеңімпаздар марапатталды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Осындай тағылымы мол шаралардың  басы-қасынан табылып жүрген Атырау ұландары ұйым бастамаларын әркез қолдайды және осы ұйымға мүше болу мәртебесіне ие болғандарын мақтаныш санайды.

М.Т.ҚАНАТОВА,

«Атырау облыстық «Жас Ұлан» ұйымының атқарушы хатшысы

Ұланымыз ұлы елдің!

Былтырғы жылдың 3 жел-тоқсанында облыс әкімі Н.А.Ноғаевтың және ардагер ұстаздардың қатысуымен  «Жас Ұлан» ұйымына қабылдау өткізілді. Бұл күні облысымызда 1000 оқушы «Жас Ұлан» төсбелгісі мен көк галстугына ие болды.

Ал биылғы жылдың 26-29 қаңтар күндері аралығында  Щучинск қаласында «Жас Ұлан» ұйымының кеңейтілген семинары өткізілді. Семинарда ұйымның жұмыс жоспары талқыланды. «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында демалыста жүрген жаңаөзендік 150 оқушыны ұйым қатарына қабылдау рәсімі осы шарамен қатар келді. Ал 30 қаңтар күні облыстық ұйым жетекшілері Білім және ғылым вице-министрі М.Н.Сарыбековпен кездесті. Білім саласындағы басшы ағамен ұйымға қатысты көптеген мәселелер талқыланды.

24 сәуірде облыстың білім басқармасында еліміздің барлық облыстарынан жиналған өкілдердің қатысуымен онлайн-отырыс өтті. Отырыс барысында «Жас Ұлан» ұйымының төрайымы Н.Бөлтірікова сөз сөйлеп, ұйымды құрудың мақ-саттары мен міндеттерін нақты белгіледі.

«Жас Ұланның» қатары сәуірдің соңында толығып, жасұландықтар саны он төрт мыңнан асып жы-ғылды.

Мамыр айында жасұландық еріктілер «Алғашқы қадам – Жас Ұлан!» акциясын өткізді. «Жас Ұлан» ұйымының галстугі мен төсбелгісін таққан оқушылар 1-мамыр күні мерекелік шеруге қатысты. Шара оқушыларды бірлікке, достыққа шақырып, қарым-қатынасын нығайтуды мақсат етті.

Сонымен қатар, 18-мамыр күні «Жайық ұландары – болашақ қырандары» І облыстық құрылтайы өтті. Құрылтайға 80 жасұландық қатысты. Шараның басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің көшбасшылық және шығармашылық белсенділігін арттыру, білім мен іскерлігін көрсету, ұйымның жұмыстарын қатысушыларға таныстыру болды. Құрылтайда қатысушылар «Достарды шақырамыз!», «Жас Ұландар жырлаймыз!», «Бірге ойнаймыз» ойын марафоны, «Ақ парақта – ақпарат!» сынды кезеңдер бойынша дайындап келген жұмыстарын қорғады. Шара барысында қатысушылар «Жас Ұлан» ұйымының әнін орындап, түрлі ойындар өткізді.

Ұйымның бір жылдығына орай, 3-17 шілде аралығында Щучинскідегі «Балдәурен» орталығында І Республикалық «Жас Ұлан» көшбасшылар форумы өтті. Аз уақыт ішінде көптеген ізгілікті істерімен көріне білген «Жас Ұланның» игі істері, алар асулары әлі де алда деп сенеміз.

Жосабек ЕСЕНҒАЛИЕВ,

Батыс Қазақстан облыстық  «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен

жасөспірімдер ұйымының атқарушы хатшысы

«Жас ұландар» – жасампаз болашақ иесі

Ұйымға өткен оқушыларымыз өз мектептерінің қазіргі  мақтанышы болып,  мәдениет, спорт, білім-өнер сайыстарында топ жарған жеткіншектер. Жуырда жасұландықтармен бірге «Астана – Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздік тірегі» атты дөңгелек үстел өткіздік. Осы арқылы оқушылардың жұмыстарына бағыт-бағдар беруді көздедік.

Бүгінде «Жасұландықтар» қатары арта түсуде. Биыл 1 мамыр күніне орай облыс көлемінде талпынған 50 мың оқушы салтанатты түрде ұйым қатарына қабылданды. Қабылдау рәсіміне облыстық білім басқармасының бастығы А. Елшиева, облыс әкімінің орынбасары С. Қаныбеков сынды бірқатар ел ағалары қатысып, жасұландықтарға ақ жол тіледі.

Жастарға патриоттық тәрбие беру мәселесі – ертеңгі болашақтың биігіне бастар соны сүрлеу секілді. Сондықтан да, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік-ізгілік тәрбиесін бере отырып, жас ұрпақты Отанының патриоты болуға, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, білімді сапалы меңгеріп, өнерді бойға сіңіруге, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеуіміз қажет.

Азат ӘМІРТАЕВ,

Оңтүстік Қазақстан облысының  «Жас Ұлан» мен жасөспірімдер ұйымының атқарушы хатшысы

(«Ұлан», №32.07.08.2012)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз