Мұса мектепке барды. Әжесі алып барды. Екеуі де көңілді. Әсіресе алғашқы рет мектеп табалдырығын аттайтын Мұсаның қуанышында шек жоқ.

– Апай, бұл сіздің немереңіз бе? – деп сұрады аулада қарсы алған мұғалім.

– Жиен немерем ғой,– деп, қызынан туған ұл екенін білдірді әжесі.– Аты – Мұса. Жалғасқали Мұса деген бала бұл.

– Ендеше, танысып алайық, Мұса. Менің есімім – Рауан. Сендерді оқытатын ұстазбын. Мені Рауан апай дейсіңдер.

Мұса өздеріне әріп үйретіп, есепке баулитын алғашқы мұғалімімен осылай танысты. Ол жайдары мінезді кісі көрінді. Өте ұнады. Қолындағы хош иісі аңқыған гүлін мұғаліміне қалай берерін, не деп ұсынарын білмей бір сәт кідіріп тұрды да:

– Рауан апай, мәңіз,– деді.

Апай күліп жіберді. Осы кезде тура жандарынан «Сәлеметсің бе, қызым» деген жұмсақ үн естілді. Бәрінің назары сол жаққа ауды. Басына аппақ орамал тартып, үстіне камзол киген сұңғақ бойлы әдемі әжей шашына гүлдеп бантик таққан немере қызын жетелеп келіпті. Оның да қолында бір шоқ гүл.

– Ал, Рауан, айналайын оқытатын бүлдіршіндеріңнің қатарына мына менің бір жапырағымды да қосып қой, – деді әжей. Балабақшаға бармаған, дайындық сыныбында оқымаған қыз ғой. Өзі ұяң.

Шынында да әжейдің айтқанындай немересі ұяң екен. Басқа балалардай емес, әжесінен кеткісі келмей, мектепке кіргенше артына жалтақ-жалтақ қарайлаумен болды.

– Бұлар қашан үйренгенше осылай ғой, – деді аулада ошарылған ата-аналардың бірі. –

Бұл да бір қызық шақ. Кейін кім қалай келгенін, қай партада кіммен отырғанын еске алып, күліп жүретін болады.

– Иә, бұлармен өзіміз де бірінші сыныпты бірге оқығандай күн кешеміз…

Осылай мектеп ауласында біраз тұрған ата-аналар үш сағаттан кейін қайта бас қосты.

Қоңырау шырылдады.

Бәрінің назары мектептің есігінде. Ұзамай Рауан апайлары бастаған бүлдіршіндер көрінді. Бәрінің көздері аулада күткен ата-аналарда. Әрқайсысы әке-шешем келді ме екен деп іздейді. Солардың ішінде Мұса да жүр.

– Қалай, Мұсатай, сабақ ұнады ма?– деп сұрады әжесі былайырақ шыққан соң.

– Рауан апай мені бірінші партаға отырғызды. Бір бала, бір қыздан отыр­ғызды.

– Сен кіммен отырдың?– деді әжесі білгісі келіп.

– Жапырақпен.

– Жапырақпен дейсің бе?– деді әжесі.

– Иә, әже, Жапырақпен,– деді Мұса ынты-шынтысымен жауап беріп.– Бірақ ол – қыз. Оның көзі бар, құлағы, шашы бар… адам ол…

Сол кезде ғана ол кісінің ойына ертеңгілік әжесі мектепке жетелеп әкелген ақ бантикті қыз оралды. «Бір жапырағым» деп еді әжесі еркелетіп.

– Оның аты Жапырақ емес шығар, ертең соны өзінен сұрашы,– деді күліп.

Келесі күні Мұса сабақтан қайтып келе жатып:

– Әже, сіз айтқаннан кейін сұрадым. Аты Жапырақ емес, Аяжан екен!– деді әлемдік жаңалық ашқандай масайрап.

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ

(«Балдырған», №5. 2014 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз