002

Рио олимпиадасына да санаулы ай қалды. Əр төрт жыл сайын елдің спорттық қана емес, экономикалық, саяси əлеуетін айдай əлемге жария ететін сын бұл жолы қандай сый ұсынбақ? Лондон олимпиадасынан бергі бір циклда Қазақстан өзін спортшы мемлекет ретінде ұстап тұра алды ма?

Егер осы 4 жылды тұтас алып қарастырсақ, Қазақстан əлі Лондон деңгейінде тұр. Бұл, бір қарағанда, жаман да емес. Лондон олимпиадасында Қазақстан 12 орын алып, өз тарихындағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген-ді. Енді Риода сол биікте қала берудің өзі бізге үлкен күшке түсуі мүмкін. Əңгімемізді тарқатып айтайық.

 ҮШ ƏЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ – 8 ЧЕМПИОН

2012 жылдан бері елімізде спорттың олимпиялық санаттағы түрлерінен – бокстан, ауыр атлетикадан жəне дзюдодан əлем чемпионаттары өтті. Алғашқы екеуін – Алматы, кейінгісін Астана өткізді. Мұндай мəртебелі сындардың елімізде өткізілуінің өзі үлкен табыс. Дегенмен бокстан жəне ауыр атлетикадан өткен əлемдік додалар олимпиада жолдамаларын таратуға тікелей қатысты болған жоқ. Яғни, олимпиадаға бір жыл қалғанда жұрттың бəрі назар тігетіндей сын болмады. Сондықтан Алматыда бокстан – 4, ауыр атлетикадан 3 спортшымыздың əлем чемпионы атануын осы күні жылнама беттеріндегі жетістік деп қарауға ғана болады. Оның үстіне, Алматы додасынан кейін спортты мүлде тастап кеткен спортшылар да (М.Ақшалов, В.Седов) бар, кейін допинг дауына іліккен жүлдегерлер де (Ж.Қыдырбаев, А.Өтешов) бар. Ал дзюдодан əлем чемпионаты Астанада 2015 жылы өтті. Қазақ ұланы Е.Сметов тұңғыш рет қазақ балуандары арасында əлем чемпионы атағына қол жеткізді. Сөйтіп, мəртебелі жарыста топ жарған қандасымыз өзін Рио олимпиадасының фавориттері қатарына еркін қосты. Егер Бразилия жерінде де оза шауып жатса, Елдос спорт тарихында мəңгі қалатын саңлақ болмақ.

003

Лондон олимпиадасынан бергі əлемдік сындарда басқа спорт түрлерінен олжа салған спортшыларымыз сирек. Біз қатты үміт күтетін күрес түрлерінен əлі күнге, дəлірек айтсақ, 2001 жылдан бері бірде-бір қазақстандық əлем чемпионы шыққан жоқ. Тиісінше, 1996 жылдан бері қазақ даласы əлі ешбір баласының олимпиадада топ жарғанын көре алмай жүр. Оны айтасыз, 1980 жылдан бері, яғни Шəміл Серіков пен Жақсылық Үшкемпіров дəуірінен бері ешқандай қазақ балуаны Олимп биігіне көтерілген емес. Ендеше, өзімізді қанша балуан ұлт десек те, соны əлемдік сындарда дəлелдей алмай келе жатқан жайымыз бар. Мүмкін, ешқандай да балуан халық емес шығармыз…

Басқа спорт түрлері бойынша арадағы 4 жыл бізге көп жеңіс ұсына қойған жоқ. Шынын айтқанда, ұсына қоятындай ешбір үздігіміз де бой көрсетпеді. Жүзу спортынан Азия ойындарында тамаша танылған Дмитрий Баландиннің əлем чемпионатында алғашқы бестікке енуінің өзі біз үшін үлкен жаңалық болып тұр. Ал жеңіл атлетикадан жалғыз сенеріміз – Ольга Рыпакова. Лондон олимпиадасынан кейін екінші перзентін дүниеге əкеліп, екі жылдай демалған дүлдүл былтырғы əлем чемпионатында алғашқы үштікке енді. Олимпиада қарсаңында бұл нəтижені өте жақсы деп бағалауымыз керек.

АУЫР АТЛЕТИКА: ДОПИНГ ТІЗЕДЕН ҚАҒЫП ТҰР

Лондон олимпиадасында ауыр атлетикадан 4 саңлағымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Арада өткен 4 жыл ішінде осы төртеуі де санаттан шығып қалған жоқ. Олардың ішінен Зүлфия Чиншанло мен Илья Ильинді Рио олимпиадасының фавориті дей аламыз. Зүлфия мен Илья Алматы-2014 додасында топ жарды. Ильин өткен жылы əлем рекордын тағы жаңартты. Ал 4 жыл ішінде тұрмысқа шығып қана қоймай, жұбы В.Седовпен жолын бөлектеп үлгерген Светлана Подобедованың бабы жайлы түйінді əңгіме айту əлі қиындау. Ол 2015 жылы Хьюстонда (АҚШ) өткен əлем біріншілігінде IV орын алды. Қоссайыс қорытындысында чемпион атанған Ю Каңнан (Қытай) небары 6 келі ғана ұтылды. Бұл аса төмен көрсеткіш емес. Олимпиадаға барса, Светаның тастүйін өнер көрсететініне сенгіміз келеді. Ал Майя Манеза тұрмысқа шығып, балалы болған соң, əлі бабына ене қойған жоқ. Оның үстіне, ұлттық құрама бапкерлері оны соңғы əлем чемпионатына 69 келі салмақ дəрежесінде сынға қосты. Аз уақытта бабына келіп үлгерсе, Майя Рио додасында 63 келіде өнер көрсетуі бек мүмкін. Жалпы, əйелдер арасында соңғы 4 жылда керемет жетістігімен танылған Жазира Жаппарқұл екенін мойындауға тиіспіз. Оңтүстіктің зілтеміршісі екі əлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алды. Рио олимпиадасында əйелдер арасында 4 спортшымыз өнер көрсетуге тиіс. Егер бапкерлер құрамы Чиншанло, Манеза, Жазира Жаппарқұл жəне Подобедова сияқты саңлақтарға сенім артатын болса, Карина Горичева, Маргарита Елисеева сияқты жаңа танылып келе жатқан талантты жастарға сəл аялдай тұруға тура келеді.

d1fea4148c76630b7f94addfc612f6e7

Ерлер арасында Ильин, Қыдырбаев, Өтешов үштігі Риода басты үмітіміз болатыны анық еді. Алайда Хьюстондағы сыннан кейін Қыдырбаев пен Өтешов допинг дауына шырмалды. Олардың мəселесі əлі шешімін тапқан жоқ. Алайда аз уақытта ақталып үлгермейтіні жəне В сынамасының ашылмайтыны да белгілі болған соң, бұл екі мықтыны тізімнен сыза тұруға мəжбүрміз. Енді кім қалады? Ильин мен Александр Зайчиков 105 келіде сынға түссе, 77 келіде Нижат Рагимов намысымызды қорғаса, жеңіл салмақтарға Арли Чонтей мен Фархад Харкиді апаруға тура келе ме? Бұл екі легионер универсиадада олжа салғаны болмаса, 4 жылдан бері бізді алақайлата алған жоқ. Ерлер Рио олимпиадасында 6 жолдамаға ие. 94 келіде Өтешов пен Қыдырбаев қатыстырылмаса, спорттан кеткен Седов қайта оралмайтын шығар. Демек, бұл салмақта дəл қазір Денис Улановқа тамаша мүмкіндік тууы мүмкін. Жалпы, ауыр атлетикадан қазір Қазақстаннан басқа үш елдің бəсі жоғары. КХДР мен Қытай зілтеміршілері, сондай-ақ, Ресей ауыр атлеттері тағы да Рио дуын қыздырады. Еуропада поляктар мен латыштар мықты.

БОКС: ТІКЕЛЕЙ ЖОЛДАМА ƏЛІ АЗ

Бокстан қазақ спортшылары қай жарысқа қатысса да, мықтылар қатарында болатынына көз де, көңіл де үйренген. Алматыда өткен əлем чемпионаты 4 саңлақты даралаған-ды. Алайда 2015 жылғы дүние додасы томағамызды көзге қайта кигізгендей болды. Екі боксшымыз ғана жартылай финалға өтті, екеуі де финалда сүрінді. Сөйтіп, Алматы салтанатының ширегіне де жете алмай, Рио олимпиадасы алдында қалың ойға берілуге мəжбүр болдық. Қазірге дейін 4 боксшымызда ғана олимпиада жолдамасы бар. Оның біреуі – Данияр Елеусінов (69 келі) қана жолдамаға əлем біріншілігіне қол жеткізді. Біржан Жақыпов (49 келі) жəне Берік Əбдірахманов (60 келі) APB жобасындағы үздік нəтижелерінің арқасында Риоға жол ашса, Василий Левит (91 келі) Бүкілəлемдік бокс сериясындағы (WSB) жеңіліссіз жекпе-жектерімен жолдамаға қол жеткізді. Алдағы 3 іріктеу сындарында тағы 4-5 боксшымыз жолдама алса, біз үшін жаман көрсеткіш болмасы анық. Алайда соңғы кездері құраманың талассыз үздігі болып саналатын Жəнібек Əлімханұлы (75 келі), Əділбек Ниязымбетов (81 келі) сынды мықтылар білгенінен жаңылып жүр. 64 келіде əлі де нақты кандидат жоқ.

001

Сондықтан құрама бапкерлері енді қателеспей таңдау жасауға тиіс. Лондон олимпиадасында жалпыкомандалық есепте Ұлыбритания құрамасы көш бастап еді. Риода олардың бұл биікті ұстап тұра алмасы белгілі. Өз үйінде оларға үрген ит те демеу болғаны рас, бірақ Атлант мұхитының арғы жағында оларға іш тартар ешкім бола қоймайды. 2015 жылы Доһада (Қатар) өткен əлем чемпионатында Куба қара маржандары өз биігіне қайта көтерілді. Олар 4 салмақта топ жарды. Рио олимпиадасында Бостандық аралының азаматтары көш тізгінін ешкімге бермеуі ықтимал. Олармен бас жүлделерге Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Украина, Əзербайжан құрамалары таласады. АИБА соңғы жылдары бокстың əлемнің 5 құрлығына да еркін таралуына барын салып келеді. Түрлі жобалар ұйымдастырып, олимпиада жолдамаларын солардың қорытындысы бойынша таратып жатқаны да сондықтан. Демек, Рио олимпиадасында əр елден ең көп дегенде 2 немесе 3 қана чемпион шығуы мүмкін.

КҮРЕС: НЕНІ МАЛДАНАРЫМЫЗ БЕЛГІСІЗ

Жоғарыда айтып өткеніміздей, күрес түрлерінен біз несібесі аз елге айналғалы да бірталай уақыт өтті. Ат үстінде күн өткізген, білегіне де, жүрегіне де сенетін халық үшін бұл өте кешірімсіз. Лас-Вегаста (АҚШ) өткен əлем чемпионатында қазақ балуандары қос қола медаль алып қайтты. Бір қызығы, ережесінің қайта-қайта өзгергендігінен бе, əлде басқа да себептер бар ма, соңғы жылдары күрес түрлері бойынша əлемде ерекше мойны озып тұрған ел жоқ. Ресей құрамасы былтыр грек-рим күресінен жалғыз алтын иеленсе, түріктер екі салмақта топ жарды. Еркін күресте грузин, əзербайжан, итальян, түрік, ресейлік, америкалық балуандар жеңіс тұғырына көтерілді. Əйелдер арасында ғана əлі күнге жапон қыздарына тең келер ешкім жоқ.

Рио олимпиадасында қазақ балуандарының бағы жанады деп айту өте қиын. Ал басқа спорт түрлерінен – медаль ең көп таратылатын жүзу мен жеңіл атлетикадан Баландин мен Рыпаковаға ғана қарайлаймыз. Дзюдодан Сметовтың жолына үміт төсейміз. Сол сияқты, ескекшілерден, мергендерден медальді қорқақтай күтеміз.

(«Ақ желкен», №1. 2016 жыл)

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз