10689450_294101164126066_4516831957813110572_n

Осы мақаланың тақырыбын тап осылай қойғым келді. Кейіпкерім – жасы жиырмадан енді асқан жас жігіт. Қазақфильмнің анимация студиясында жұмыс істейді. Соңғы уақытта түсірілген бірнеше мультфильмге біздің жігіттің тікелей қатысы бар. Жаңашылдыққа ұмтылып қалған жас. Ойымен де, ісімен де ешкімге ұқсамауға тырысады. Оның аты-жөні – Бекзат Исамбергенов. Бəлкім, оқырмандарымыздың арасында болашақта аниматор болғысы келетін балалар бар шығар. Ендеше, Бекзаттың қалай, не үшін аниматор болғанын өзінен білейік…

Үш жастан бастап сурет салдым…

Ақтау қаласында 1995 жылы Жұмалы, Бақтылы деген ең сүйікті пенделердің отбасында дүниеге келдім. Бес баланың төртіншісімін. Атым Бекзат болғанымен, əлеуметтік желілерде Август Кид (August the Kid) деген есімім бар. Көп жыл бұрын солай болып қалды. Неге екенін білмеймін, Август деген ат жүрегіме, натурама жақын болған секілді. Кид деген, білесіз, ағылшын тілінен аударғанда «нəресте, бала» дегенді білдіреді. Есейгісі келмейтін бала туралы «Питер Пэн» деген мультфильм көргенмін. Менің де ешқашан есейгім келмейді (күлді).

Үш жастан бастап сурет салдым. Бес жасымда мамам мені танымал суретші болсын деген ниетпен сурет үйірмесіне берді. Ұзақ уақыт живописьпен айналыстым. Оған академиялық сурет, яғни реализм жатады. Мұның барлығы маған қызық болды. Бірақ, бірдеңе жетіспей жүрді. Өнер колледжінен тыс үйде, сабақта мульткейіпкерлер салып жүретінмін: комикс, антропоморфты жануарлар, қызық-қызық адамдар. Өсе келе мультфильмге қызығушылығым артты. Əрине, кез келген сəби мультик қарауды ұнатады. Бірақ, «ол қалай жасалды?» деген сұрақты барлығы қоя бермейді. Сол сұрақ туындаған кезде ғана қызықтың барлығы басталды. Мультфильм қалай жасалады? Бір қарасаң, адамның қолымен салынған кəдімгі сурет. Олар қимылдайды, сөйлейді, яғни олар тірі сияқты. Бұл қалай? Естеріңізде болса, дəптер алдында отырып əр парақтың бір шетіне бірдей сурет салып, оларды тез алмастырған кезде қимыл пайда болады. Оның анимация екенін көбі білмейді. Бір күні сол түсінушілік миыма тарс етіп келіп, болашағымды шешіп берді. 2010 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының колледжіне тапсырып, Анимация факультетінің студенті атандым. Топта он студент болды. Барлығымен танысып, достасып алдық. Бірге сурет саламыз, бірге өнер, мультфильм туралы сөйлесеміз, қыдырамыз. Ұстазым – Алтынбек Өмірзақ Қалманұлы. Мені аниматор қылған осы кісі. Үнемі қасымда болып, кеңес беріп, алға қарай итермелеп отырды.

12656244_467116470157867_1753383502_o

Бос уақытымда қолөнермен айналысамын

Əзірше режиссер ретінде тек дипломдық жұмысым бар. Өз мультфильмдерімді түсіруге деңгейім əлі жетпейтін сияқты. Сəл ерте деп ойлаймын. Біраз жұмыс істеп, тəжірибе жинаған соң ғана түсіремін. Əзірше білімімді толықтыруым қажет. Жалпы, мультфильм адам санасына өте қатты əсер етеді. Көрермен оны жақсы немесе жаман деп қабылдайды. Сондықтан, жақсы əсер қалдыру үшін режиссерге көп білім керек, ол анализ жасай білуі керек. Оған көп уақыт қажет. Аниматор ретінде тəжірибем бар. Қазақфильмнің анимация студиясында жұмыс істеп жүрмін. 2014-те – «Тастүлек», 2015-те «Үш сыйлық» деген қысқаметражды мультфильмдерде 2D аниматор болдым. Сол жылы «Балапан» телеарнасында «Dala Animation» студиясының «Сиқырлы кітаптар» деген мультхикаясы шықты. Қазіргі кезде Қазақфильмде «Мұзбалақ» деген толықметражды анимациялық жоба жүріп жатыр. Бұйырса, 2017 жылы премьерасын күтеміз. Көбі мультфильм салуды ойын көреді. Олай емес. Мұндағы анимация секундына 24 кадр. Яғни, 24 сурет. Бұдан басқа да жобаларға қосылдым. Онда концепт-художник, сорежиссер ретінде жұмыс атқарамын. Бұл жоба режиссер ретіндегі алғашқы жұмысым. Қандай жоба екенін əзірше айта алмаймын. Идеясы эмбрион кезеңінде. Дамытып жатырмыз. Бос уақытымда қолөнермен айналысам. Мен үшін жай хоббилердің бірі. Мамам тігуді үйретті. Бурундуктарыма тор (клетка) жасап бергенмін. Бірақ, олар тордың ішінде тұрмайды, үйде жүгіріп жүреді. Тағы да сол сияқты ұсақ-түйек нəрселерді істеймін.

Өзіміздің командамыз бар

Бізде аниматорлардың командасы құрылған. Өзім құрдым деп айта алмаймын. Бəрінің де ықпалы болды. Шағын командамыз жай энтузиаст-таланттардан құрылған. Əрқайсының қабілеті, білімі, өзгешелігі бар. Бірақ, барлығының мақсаты бір болғасын команда өзімен-өзі жиналып қалды. Мақсатымыз – мультфильм жасау. Нəтижесін жасаған жұмысымыз көрсетер. Сəл шыдай тұрсаңыздар, жарыққа шығарамыз. Команданың құрылғанына жарты жылдай болды. Бəріміз бірге идеяларды талқылаймыз: сурет, сюжет, сценарийлер, концепциялар. «Қазақстанның анимациясына қандай үлес қоса аламыз?» деген сұрақ үнемі санамызда жүреді. Сол үшін жұмыс істеп жүрміз. Негізі анимациялық сурет салу үшін графикалық планшет қажет. Алайда, ең алдымен авторда сурет сала білу қабілеті, креатив, қиял болуы маңызды. Ал ең бастысы – шыдамдылық. Арнайы тапсырыспен əлеуметтік, жарнамалық роликтер жасаймыз. Бірақ, жиі емес. Мысалы, мерекелерге қарай көбірек болады. Бір сала ашылып жатса, оларға да жарнамалық ролик жасаймыз. Клиенттің сұранысына байланысты бағасы əртүрлі. Нақты баға жоқ.

12656277_467116383491209_1762126338_o

Мультфильмді көп қараңыздар

Болашаққа арман-мақсаттарым көп. Мультфильм деген əр адам бір шетте отырып, өзімен-өзі жұмыс істейтін индивидуалдық жұмыс емес. Бұл – командалық жұмыс. Аниматорлар, суретшілер, концепт-художниктер, режиссерлер жиналып мультфильм үшін жанталасады. Қысқаметражды, толықметражды сериалдар, əлеуметтік роликтер. Біз үшін ең басты нəтиже – көрерменнің көңіл күйі. Мультфильм міндетті түрде адамның көңілінде қалып, жүрегінде бір із қалдырып, бір нəрсе үйретіп кетуі керек. Мысалы, кинотеатрға барған кезде талай эмоция жинап шығамыз ғой. Бұл да сол сияқты дүние.

«Ұлан» газетінің оқырмандарына айтар тілегім, жақсы, берері мол мультфильмдерді көп қараңыздар. Ал, ата-аналарына балаларын киноға көп апарсын деп айтар ем. Өйткені, онда жақсы мультфильмдерді көп көрсетеді. Кім білген, балаңыз болашақ аниматор шығар?! Балаға көп көңіл бөлуге тырысыңыздар. Ешқашан шектемеңіздер. Баланың қиялы шексіз. Оған дұрыс жол сілтеу – сіздің қолыңызда.

 

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

«Ұлан», №7
(16.02.2016)

1 ПІКІР

  1. […] Бекзат мақалада өзінің есейгісі келмейтінін айтып тілшіге қызықты тақырып ұсынған.Мақала соңында барлық көрермендерді 20 жасар жас аниматор Бекзат Исамберген мультфильм көруге шақырады.Ал мен сіздерге осы мақаланы оқуға кеңес беремін.  http://zhasorken.kz/?p=14583 […]

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз