Сын көз

Елтаңбаны ермек қылғандары несі?


Інім базардан елтаңбаның суреті басылған іш киім (дамбал) сатып алыпты. Мұны көрген әжем: «Ойпырмай, не шықпады дейсің? Елтаңбаны  ермек  қылғаны  несі?» –   деп қабағын түйді. Ал інімнің ойында ештеңе жоқ, мәз. Себебі, мұндай киімді жалғыз ол емес, көптеген балалар киіп жүр.

Меніңше, киімге, күнделікті тұтынатын заттарға мемлекеттік рәміздердің бейнеленгені дұрыс емес. Себебі, шалбардың тозып, далада қалмасына кім кепіл? Осыны сол киімді тігетіндер де, сатушылар да, сатып алушылар да түсінбейтініне қайранмын.

Естуімше, Түркия елінде мемлекеттік рәміздерді мектеп формасына пайдаланады екен.  Бірақ мемлекеттік ту тек оқушы жейдесінің жағасына бейнеленеді. Егер жейде тозып қалса, оқушы елтаңбасы бар жағаны қиып алып, күнделікке, дәптерге желімдеп қояды. Біз секілді кез келген нәрсеге жапсырмайды. Оқу жылы соңында ұстаздар оқушының өзіндік жұмысы ретінде мұны да бағалайды екен. Міне, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет осындай болар!

Бұрын кәмпиттің қағазына Абай атамыздың суреті басылды. Сонда халық «Рахат», «Қарағанды конфеттері» фабрикасының бұл әрекетіне сын айтқан болатын. Ұлы тұлғаларды кәмпит қағазына бейнелемесе де, барша жұрт біледі. Олардың аты, шығармалары ешқашан өшпек емес. Сол секілді мемлекеттік рәміздердің «мазақ» болуына жол берілмеуі керек. Ең болмаса, біздер, оқушылар,  оларды сатып алмай қоялық. Бәлкім, сонда  сатушылар да түсінер…

Дилшад АСҚАРБЕК,

№ 99 қазақ орта мектебінің 8-сынып оқушысы.

Ақай ауылы,

Қармақшы ауданы,

Қызылорда облысы

(«Ұлан», №38.18.09.2012)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз