Елтану

ДӘСТҮРІН ДӘРІПТЕЙТІН ЕЛ


Кинолардан көріп, корей халқының мәдениетіне ерекше қызығушы едім. Бірақ, Кореяда оқимын деген ой болған емес. Әсіресе, корей тілін… Қазақ Ұлттық университетінің бірнеше магистранты Оңтүстік Кореяға жазғы семестрге оқуға аттандық. Алты сағат ұшып, Инчеон әуежайына таңда қондық. Бізді Чан профессор және… ылғалды мұхит ауасы қарсы алды. Әу баста тұман басып тұр деп ойлағанбыз. Біраз күннен соң осы «тұманды» ауаға да үйреніп, «көзіміз ашылды». Енді елдің астанасына қарай бағыт алып барамыз. Әлемде атауы «астана» мағынасын білдіретін екі-ақ қала бар. Бірін білесіңдер. Ал екіншісі – Сеул.

Біз оқитын Донгук университеті қаланың орталығында екен. Бәрімізді оқудың маңындағы академхаусқа орналастырды. Әр адам жеке бір бөлмеде тұрады. Біздікіндей қалың қабырғамен қаланған үй жоқ мұнда. Бөлмелерді жұқа фанерлер бөліп тұрады. Сыбырыңды көршілерің еститіндей. Соған қарағанда «қыста суық болмайды-ау» деп қаласың. Бірақ, қысы қарсыз емес. Жалпы, Кореяда жер тарлығы қатты байқалады. Көліктер гаражы бірнеше қабаттық, яки үсті-үстіне жиналады. «Таңда мәшинелерін жерге қалай түсіреді екен?» деп таңғалатынмын.

Сеул метросы

Әйтсе де, жергілікті тұрғындардан көлік мінуге деген қызығушылықты байқамадым. Әйтпесе, мәшине жасаудың әлемдегі мықтыларының бірі осы ел емес пе?! Университет басшылары да, қандай да бір компанияның директорлары да көбіне метромен қатынайды. Ел астанасында 10 миллионнан аса тұрғын бар. Бірақ, көшеде сабылысқан халықты көрмейсің. Миллиондаған адам жер астындағы тоғыз торапты метроға түсіп кеткендей. Сеул метросы қызық өзі, жартылай жер астымен, жартылай жердің үстімен жүреді. Өйткені, қаланың жер бедері солай екенін кейін келе түсіндім. Шаһар ойлы-қырлы тау үстіне салынғандай. Сеулді төрт жағынан төрт тау қоршап тұрады. Оған Кванаксан тауының биігіне шыққанда анық көз жеткіздім…

Корей асханасы

«Кореяда шай ішпейді», «нан жемейді», «ет сатпайды», «тамақтары ащы»… дегенді естіп, бармай жатып, біздің бір уайым осы болды. «Мекенімізге» жайғасқан алғашқы күні-ақ Чан профессор академхаустың ішіндегі корей мейрамханасына кешкі асқа шақырды. Чан мырза – Кореяда бізбен орысша сөйлесетін жалғыз адам. Ханьянг университетінің профессоры.

Ұлттық асханаларына аяқ киімді шешіп кіретін әдебі ұнады маған. Асты еденде көрпеше үстіне отырып ішеді. Бұлары қазақтарға ұқсайды. Бірақ, біз осындай ұлттығымызды жоғалтып барамыз ғой. Олар салттарына берік. Қайда бұрылсаң да, көше бойы қатар-қатар орналасқан корей мейрамханалары. Ас мәзірі құрамын терезедегі суреттерден-ақ біле аласың. Қаласаң, Дондэмун ауданындағы «Қазақстан» мейрамханасынан да дәм татуыңа болады. Қаланың орталығында қымбатшылық болар деген дүдәмалымыз бекер екен. Университет асханасынан біздің ақшаға шаққанда 200-300 теңгеге тойып тамақтануға болады. Университет пен академхаустың айналасындағы кафелердің бағасы да сондай-ақ. Рас, біздікіндей «қандай шай ішесіз?» деген сауалды естімейсің. Тапсырыс берген тамағыңа қосымша сорпа және қалауыңша су береді. Корей асханасынан нан таппайсың. Дүкендерінен іздесең, ілуде біреуінен табасың. Онда да бір-екеу ғана. Оның өзі тәтті, жұмсақ, туралған дайын болып шығады. Есесіне, кимбап – суши тәрізді күрішке оратылған көкөністер орамасы, рамеон – кеспе сорпасы, бибимбап, мәнтінің кез келген мейрамханадан ондаған түрін таба аласың. Айтпақшы, тағамдары бәлендей ащы да емес. 40 түрлі рамеонның тек 2-3 түрі ғана ащы келеді. Біз сияқты етқұмар емес, олар үшін нан мен етті күріш алмастырады. Кәрістер біз ауызға алмайтын тірі жәндіктерді сүйсіне жейді.

Донгук университеті

Әлемдегі үлкен қалашық-университеттердің бірі – осы. Оқу орнының алдында үш пілдің мүсіні қойылған. Сөйтсек, әр университеттің өз символы бар екен. Біз секілді ұлы тұлға мүсінін қойғаннан гөрі, осындай жан-жануарды жөн санайды. Донгуктің үстіңгі жағында Намсан-тауэрге барар жол жатыр. Алматыдағы Көктөбеден айнымайды өзі. Оқуға күн сайын осы Намсанның «қызыл жолымен» барамыз. Дәрістер таңертеңгі 9-да басталады. Егер кешіксең, есік ашылмайды. Неткен тәртіп!

Корей тілі

Мен үшін қытай, жапон, корей тілдерінің жазуы шым-шытырық түсініксіз дүниедей көрінетін. Корей алфавитін түгел үйренуді бір-ақ күндік сабақ кестесіне бекітіпті, масқара! Корей алфавиті – иероглиф те, әріп те емес, таңба! Жазылуы мен оқылуының заңдылығы тіптен басқа. Бірақ, әлем тілдерінің өзара ұқсас тұстары көп қой. Кәрістер де түсінбегені болса, «муляйо» деп мүләйімсіп тұрады. Бір шөкім дегенді «шегым» дейді. Біраз күннен соң, корейше «нан сұрай алатындай» дәрежеге жеттік әйтеуір. Мұнымызға бәрінен бұрын біз үнемі баратын дәмханадағы кәріс апаларымыз таңғалып қалды. Әйтпесе, ас мәзірін оқи алмай, суреттерін көрсетіп тапсырыс беретінбіз. Төлемақыны санмен жазып әлек боп, ыммен сөйлесіп дегендей. Бірнеше күннен соң «Хальмони, фудэ рамеон бар ма? Қанша тұрады?» деп корейше тақылдап тұрғанымыз…

Мен қалай Калли ши атандым?


Кәріс есімдері екі буыннан аспайды. Әншейінде басқа сөздерде қолданатын кейбір дыбыстарды адам есімінде айтпайды. Қазақы төл дыбыстарды айтпағанда, «р»-ны «л», «д»-ны «т», «б»-ны «п» дейді. Динара, Нұрдәулет деген есімдерді қалай атайтындарын ойланып көр осындайда! Дауыссыз дыбыспен аяқталатын есімнің соңына автоматты түрде «і»-ні жалғап қояды. Алмас болса, «Алма-сі-і» деп тұрғаны. Кәріс ұстаздарым менің атыма келгенде қатты қиналды. Бірі «Өзіңе ұнайтын корей сериалындағы кейіпкер атымен атайын?» деді. «Сериал көрмейтін біреу болса, сол – мен» деймін. «Ендеше, есіміңнің корейше баламасымен атайық?» деді. Аудармасын естіп, «Қыздың атын құс атауымен атағаны несі?» деп, сонсэним «жағасын ұстады». Мен болсам, мәнісін түсіндіріп әлекпін. «Біздің түсінігімізге жат» деді. Тәуекел деп, ұстаздар өз атыммен-ақ атауға бел буды. Бұл тұста мен бас шайқадым. Енді ше, бірде бір дыбыс өз заңдылығымен аталмай тұр, үш буынға үш бөлек екпін түсіп… Өз атым өзіме бөтен боп… Содан тілдерінің ыңғайымен «Калли ши» деп атап кетті. «Ши» – ханым, мырза, сіз деген құрмет сөзі.

«Достық шатыры»

Кореяда кез келген ғимарат шатыры тұрғындар кәдесіне жарап тұр. Мәселен, Донгуктің бір ғимаратының шатырында студенттер кешін өткіздік. Кәдуілгі саябақ тәрізді. Мұндай «шатыр саябақтарды» сауда орталықтарынан да көре аласың. Ал, академхаустың ашық аспан астындағы шатыры жастардың бас қосатын мекеніне айналып кеткен. Күнде кешкілік бұл жерде «ұлтаралық кездесу» өтеді. Әр елдің жастары өз әнін шырқап, өз биін билейді. «Ұйқы бермедіңдер!» деген астыңғы қабаттағы қытайлық әйелдің ұрысын да талай естідік. Бұл жерде бәріміз де шетелдікпіз. Рамазан айында мұсылман жастар осында бірге ауыз ашып, сәресі ішетінбіз.

Әлем жастары бір үйдің баласындай

Академхауста бәлендей көп адам тұрмайды. Үшінші қабатта негізінен қазақ және вьетнамдық қыздар тұрса, ал екінші қабатта бірнеше елдің жігіттері қоныс тепкен. Бір күні жаңбырдан малмандай су болып кіріп келсем, астыңғы қабаттағы мейрамханада көптеген жастар жиылып, мәре-сәре боп отыр. Мені танымаса да, қоярда-қоймай дастархан басына шақырып ал

4 ПІКІРЛЕР

  1. Қазақтарда дәл осылай ата-салтың қадірлесе, біздін де болашағы зор мемлекет екенімізді тағы біл дәлелдер едік?!

  2. Мен де сиз секилди Корея елинде окып келгендиктен жазгандарыныздын барлыгы маган таныс… Дурыс айтасыз, уйренетини де,жиренетини де бар. Мени каристердин иттин етин жейтиндери бираз танкалдырды,бирак Онтустик Корея халкына караганда Солтустик Корея ели сол жануардын (иттин) етин жегенди жаксы кореди дегенди де естидим. Жалпы, «Тангы самал» елине айтар алгысым мол! Сизге де рахмет, макаланыз оте кызыкты жазылган!!!

  3. менин де сиз сиякты кореяда окыгым келеди. ол жак сондай адеми шыгар менинде сол жакты корсем деген арманым бар…

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз