Гүл мен Ай екеуі дос. Олар қайда барса бірге жүреді, бірге ойнайды, бір мектепке барады. Бір партада отырады, бірге әңгімелеседі. Әсіресе екеуі бірге кітап оқығанды ұнатады. Оқыған кітаптарының оқиғасын бір-біріне айтып бергенді ерекше жақсы көреді. Үнемі Мәрияш тәтенің кітапханасына барып, кітап алып оқиды.

Бірақ Мәрияш тәте «олар кітапты жыртып қояды» дей ме екен, олардың құмарта сұраған жаңа, әдемі кітаптарын ешқашан берген емес, бермейді де.

Бір күні Гүл мен Ай Мәрияш тәтеден тағы да кітап сұрап барды. Ол болса бұрынғы әдеті бойынша қайдағы бір ескі кітаптарды ұстата салды.

Содан бір күні олар Мәрияш тәте жұмыстан қайтар сәтте кітапхананың бір бұрышына тығылып қалды. Мәрияш тәтенің ойында түк жоқ. Кітапхананы жапты да, үйіне кетті.

Содан қойшы, Гүл мен Ай кешкілік кітапхана шамын жақты да, қанша уақыттан бері армандап, оқи алмай жүрген кітаптарын оқуға кірісті…

Оларда «әке-шешеміз іздеп қалады-ау» деген ой болмады. Гүлдің әке-шешесі оны «Айдың үйінде шығар» деп ойласа, Айдың әке-шешесі оны «Гүлдің үйінде шығар» деп ойлаған. Өйтетіні екі дос бір-бірінің үйіне үнемі қонып қалушы еді.

Олар сөйтіп, кітаптардың оқығанын оқып, көргенін көріп жүргенде Қошқардың таңы атып, Шәлкөденің күні шығып та кетті…

Әне-міне дегенше, жұрттың жұмысқа келетін мезгілі де бола қалды…

– Ә-әне, Мәрияш тәте келе жатыр, енді қайттік? – деді табиғатынан қорқақ Ай дір-дір етіп.

– Кәне? – деп, терезеге жүгіріп келген Гүл де Мәрияш тәтені көріп селк ете түсті. Сөйтті де әуелгі жоспар бойынша екеуі бірігіп, жылап кеп қоя берді. Кітапхананың ішінен балалардың жылаған дауысын естіген Мәрияш тәте қорқып кетті. Қол-аяғы дірілдеп, кітапхана есігін әрең ашты-ау әйтеуір!

Міне, қызық! Сөйтсе, әлгі өзі жақсы танитын, кітап оқығыш Гүл мен Ай… Оларды көріп, есін жия бастаған Мәрияш тәте:

– Өй-й, сендер мұнда не ғып жүрсіңдер, қайдан кірдіңдер?– деп, Гүл мен Айды сұрақтың астына ала бастады. Мәрияш тәтені құшақтай алған екеуі:

– Кеше кеште біз осында қалып қойғамыз. Түнімен осында болдық. Кітап оқыдық. Ендігәрі бұл ісімізді қайталамаймыз,– деді екеуі жарысып.

– Қыздарым, кітапханаға Мәрияш тәте бізді қамап кетті,– деп жан баласына айта көрмеңдер. Бұдан кейін де келіп тұрыңдар, қалаған кітаптарыңды оқыңдар,– деді Мәрияш тәте ол екеуіне бастапқыда ашуланғанымен, соңынан өзіне келер бір ыңғайсыздықты іштей сезініп, жалынышты шыраймен.

– Жарайды, тәте! – деді екі қыз тәтелерінің өздеріне ұрыспағанына қуанып.

Құл-Керім ЕЛЕМЕС

(«Балдырған», №5. 2014 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз