сурет

Жақында 7-11-сынып оқушыларының арасында бір сауалнама жүргіздім. «Теледидар көресің бе?» деген сұрағыма 84 баланың 43-і «мүлдем көрмеймін» деп жауап берді. Ал 16 оқушы күн сайын жаңалықтар қарап, бірді-екілі ток-шоулар тамашалайтынын айтса, 9-ы телесериалдың тұрақты көрермені екенін жеткізді. Ал 16 шәкірт теледидардан интеллектуалдық бағыттағы бағдарламалар көреді екен. Көбінің айтуына қарағанда, отандық арналарда мектеп оқушыларын қызықтыратын танымдық дүниелер өте аз…

Қуаныш Қанатұлы, Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы (Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы):

Саяхат туралы қазақша бағдарлама қашан шығады?

Қуаныш7-арнадан берілетін «Бүк пен шік» («Орел и решка») бағдарламасын сүйіп тамашалаймын. Өзім негізі география пәнін жақсы көремін. Әлгі бағдарламаның әр сериясында бір қалаға саяхат жасайды. Сол қаладағы ең әдемі орындарды, қыдыруға болатын ең арзан жерлерді, тамақты дәмді етіп әзірлейтін дүңгіршектерді көрсетеді. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары жайлы мағлұмат беруді де ұмытпайды. Бір сөзбен айтқанда, 45 минуттың ішінде көп пайдалы нәрсе алып үлгересің. Естуімше, бұл бағдарлама – украиндардікі. Неге өзіміздікілер сондай жанрдағы бағдарламалар түсірмейді екен?!

Әли МАРАТҰЛЫ, Сегізсай негізгі мектебінің 8-сынып оқушысы (Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Сегізсай ауылы):

Теледидарды «Көшбасшы» үшін ғана қосамын

ӘлиШынымды айтсам, теледидарда мен көретін жалғыз-ақ бағдарлама бар. Ол – «ХХІ ғасыр көшбасшысы». Республиканың жан-жағынан келген өзім сияқты ұл-қыздардың білім бәсекесін апта сайын тағатсыздана күтем. Жүргізушінің қойған сұрақтарына өзім дұрыс жауап беріп қалсам, бір марқайып қаламын. Білмейтін дүниелерім де көп. Ондайда бағдарлама біткен соң, ғаламторға кіріп, әлгі сұрақтарды толық оқып, зерттеп алам. Бұл бағдарламаны сыныптастарымның түгелге жуығы көреді. Кейде апайымызбен бірлесіп, сондағы қойылған мәселе-сұрақтарды талқылаймыз.

Гүлсезім ФАЗЫЛХАНОВА, Шыныбеков атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы (Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Досбол би ауылы):

Жаңалық көрмесем, қалай журналист болам?!

ГүлсезімБолашақта журналист болғым келеді. Теледидардан беріліп жатқан жаңалықтардан әркез хабардар болып отыруға тырысам. Кешкі жаңалықтарды отбасымызбен бірге қараймыз. Уақытым болып жатса, қоғамдағы маңызды тақырыптарға арналған ток-шоуларды да көремін. Олар – ұлттық арнадағы «Айтуға оңай» мен Бірінші арнадағы «Кешкі кездесу». Біздің өңірде КТК, 31, НТК сияқты көп телеарналар кабель арқылы көрсетіледі. Яғни, ақылы түрде. Көретініміз – төрт телеарна.  Мұнысы бір жағынан жақсы да болған шығар, керексіз дүниелермен уақытым кетпейді.

Ақбаян ЖАҚСЫЛЫҚОВА, №148 мектептің 11-сынып оқушысы (Қызылорда облысы, Шиелі кенті):

Анандиден емес, Алтынайдан үлгі алса деймін…

АқбаянБиыл «Қара шаңырақ» сериалымен кәдімгідей «ауырдым». Шынымен, өте сапалы туынды. Өмірді ешқандай боямасыз көрсетеді. Актер-лерінде жасандылық жоқ. Ұлттық құндылықтарымыз да сериал барысында жақсы көрініс табады. Үнді, кәріс сериалдарын үзбей көретін құрбыларымды қазақша сериалдарға үйреттім. Анандиден гөрі, ана сериалдағы Алтынайдан үлгі ал деймін оларға. Жақында «Қыздар» атты жаңа сериал шыққан екен. Алғашқы бөлімдерін көріп шықтым. Жасөспірім, студент қыздарға қызықты болатын шығар деп ойлаймын.

Әмина Арманқызы, І.Есенберлин атындағы №25 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы (Алматы қаласы):

Аударма жағынан ақсап тұрмыз

Әмина copyМаған деректі, шытырман фильмдер ұнайды. Мұндай жанрдағы сапалы өнімдердің біздің арналарда болуы екіталай. Отандық арналардан көрсетілетін деректі фильмдердің көбі шетелдікі. Қазақша аудармалары өте күлкілі. Тіпті кей сөздерін түсінбей қаламын. Меніңше, бағдарламаны көпшілікке қызықты етіп жеткізу үшін журналистің даусына, мәтіннің мағынасына қатты назар аудару керек сияқты. Ал бізде ондай жоқ. Сосын бірден ынтаң да жоғалады. «National Geographic»-ке ауыстырам амалсыз.

Ерлік ӘУЕЛХАН, Бусаков атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы (Алматы облысы, Панфилов ауданы):

Шоудың бәрінде – бір адамдар

ЕрлікШоу форматындағы бағдарламаларды қызыға қараймын. Шоу дегенді үлкендер жақтыра бермейді ғой. Бірақ, дәл қазір жастардың назарын аудартатын бірден-бір жанр осы ғана сияқты. Бұрын ресейлік телешоуларды тамашалайтын едім, соңғы кездері өзімізде де отандық шоулар өмірге келе бастады. Қуантады. Тек бір қынжылатыным, солардың барлығында – бір адамдар. «Жетінші арнаны» қоссаң сол әртіс, «Қазақстанға» ауыстырсаң – тағы сол. Жалықтырып та жібереді кейде.

Нұрлыжан ОРЫНБАСАР, Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы (Шымкент қаласы):

Креативті жобалар жетіспейді

НұрлыжанБізде жұлдыздар туралы телебағдарламалар жетіп артылады. Барлығының форматы ұқсас. Аттары басқа болғанмен, берілу әдістері бірдей. Былтыр НТК арнасынан «Wifi-25» деген бір бағдарлама беріліп тұрды. Алғашында интернет-шоу ретінде танымал болған жоба кейіннен телеарна арқылы көпшілікке тарады. Айтпағым, бағдарламаға үлес қосқан жігіттерге риза болдым. Әзіл мен сынды бір-бірімен тамаша үйлестіре білген. Бір қарағанда күлкілі көрінгенімен, астарында ойлы насихат жатыр. Міне, сондай креативті дүниелерді көбірек түсірсе екен…

Ботакөз МАРАТҚЫЗЫ

(«Ұлан», №19, 12 мамыр 2015 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз