5

Соңғы жылдары Хабиба апамыздың маңына журналистер бара алмай қалды. Əкемтеатрда дүркіреп өткен 100 жылдық мерейтойында Хабиба апамыздың өзінен гөрі, қасындағылар қылпылдап тұрғандай көрінді. Дегенмен, соңғы рет болса да тілдесіп қалудың жолын қарастырып көріп едік, тұмсығымыз тасқа тірелгендей күй кештік. 100 жас жасаса да санасы сау күйінде кеткен Хабиба Елебекованың халыққа айтар сыры əлі көп сияқты еді… Өйткені, ол сонау нəубет жылдарды басынан өткеріп, тағдырдың тауқыметін көріп, қазақ өнерінің ғана емес, қазақ халқының тарихы қалай түзіліп, қалай тəуелсіздік алғанын өз көзімен көрген, белортасында жүрген, көпті көрген қазына еді.

Хабиба Елебекова туралы жазу барысында мəдениет емес, өнер емес, ұзақ ғұмыр кешу туралы көп ойландық. Ол кісінің бастан-аяқ тағдырын өз аузынан естіген, қасында көп жүрген, бір кісідей танып-білген əнші, өнертанушы Ерлан Төлеутайға хабарластық. Ерлан аға Хабиба апамыздың бар əңгімесін хаттап жазып, одан қалса санасына тоқып алған өнер жанашыры ретінде біраз тың да тосын деректер айтты:

– 1994 жылы Қарағандыда алғаш рет Жүсіпбек Елебеков атындағы облыстық әншілер байқауы өтті. Хабиба апамыз сол байқауға қонақ ретінде келді. Алғаш рет сонда көрдім. Байқаудан үшінші орын алғаным есімде. Бәйге алып лауреат атанғандарды Жүсекеңнің туған жері – Егінбұлақ ауданына (Қазір ол аудан Қарқаралы ауданымен біріктірілген) апарып, концерт қойғызды, қазылар мен алыстан келген қонақтарға үй тігіп, сый-құрмет көрсетті. Күндіз басталған мерекелік концерт кешке киіз үйде жалғасып, түннің бір уағына дейін созылды. Хабиба апамыз сонда төрде әңгіме айтып отырды. Бірақ, не айтқаны есімде қалмапты. Игі жақсылардың бәрі қаумалап алғандықтан, жанына тақалу мүмкін емес еді. Сол кезде жиырма бестемін, бұрқыраған кезіміз. Ән айтқанымызға мәзбіз. Кейін «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасында қызмет істеп жүрген кезімде ән-күй өнері туралы хабарлар түсірдім. Қарағандыда Жәнібек Кәрменовтің шәкірті, Хабиба апаның ауылдасы Мейірхан Адамбеков деген әнші бар. 2007 жылы Мейірхан туралы фильм-концерт түсірдім. Сол жолы Алматыға келіп, Хабиба апамыздан фильм-концертке арнап сұхбат алдық. Айтары жоқ, сөзден сөз шығып, көл-көсір әңгіме жазып алдым. Кейін, 2010 жылы Алматыға келгеннен кейін үйіне барып, сәлем бердім. Осыдан кейін бізді тіпті жақындастыра түскен бір оқиға болды. Бірде режиссер Болат Атабаев: «Хабиба апамыз Жүсіпбек Елебеков туралы кітап жаздырғысы келеді. Ақылдасып, саған жазғызсақ деп отырмыз. Сен келе аласың ба?» – деді. Бардым. Әңгіме-дүкен үстінде, маған Хабиба апа: «Өнер туралы жазатын көп адамды білемін. Бірақ, сенің жазғаның маған ұнайды. Әншілерді сенен артық ешкім білмейді, түсінбейді. Сондықтан мен саған тоқтап отырмын»,  – деп менің әншілер жайлы жазған бір кішкентай кітабымды көрсетті. Жасы жүзге таяп қалса да, кітап оқып отырған кейуанаға шынында да таңғалдым. «Шамам келгенше, жазайын» дедім. Сөйтіп кітапты жазуға кірістім. Жазу барысында көп әңгіме-дүкен құрдық. Бірдеңені білмей қалсам, бір дерекке көзім жетпей тұрса, салып ұрып үйіне жетіп барамын. Жарты сағатқа, ары кетсе бір сағатқа кіріп шығамын деп ойлаймын. Қайдағы! Апам етке бергісіз шәй әзірлетеді. Дастарқанына балқаймақ қояды. Арқаға ғана мәлім бұл тағам туралы әңгімені сәл кейінірек айтайын. Түсте басталған әңгімеміз түннің бір уағына дейін жалғасады. Түнделетіп таксимен үйге қайтамын.

18517-6-v_teatre_kazahskoi_dra_ru

КӨНЕНІҢ КӨЗІНДЕЙ БІР ҚАЛТА АСЫҚ

 – Бір күні сол кездегі «Қазақфильмнің» бас редакторы Дидар Амантай: «Сəті келіп тұрғанда фильм түсіріп жіберейік», – деді. Содан «Хабибаның Жүсіпбегі» деген деректі фильм түсіруге кірісіп кеттік. Фильмді көңілдегідей түсіру үшін əуелі Жүсекеңнің ауылына бару керек болды. Жүсекеңнің ауылы қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Нығмет Нұрмақов атындағы ауыл. Кеңес заманында Егіндібұлақ ауданы, «Қаратау» кеңшары атанған. Сол ауылдан сексен шақырым шамасында Қойтас деп аталатын елсіз мекен бар. Қойтас – Қазіргі  Қарағанды облысы мен Шығыс Қазақстан облысының  шекарасында жатқан жыпырлаған ұсақ төбелі, қолат-қойнаулы құла дүз, жабайы мекен. Жүсекеңнің жұрты мен қорымы осы қалыңның ішінде. Қорым  «Қарабейіт» деп аталады екен. Қорымда əншінің бабасы Қарабатыр, атасы Балғабай, анасы Қымбат, ағасы əрі əншілік өнердегі ұстазы Жақыпбек əнші жəне тағы басқа туыстары жерленген. Бертін келе, бұл жұртты білетін көнекөздер өмірден өтіп кеткендіктен қараусыз қалғандықтан Елебеков əулеті «Қарабейітті» жоғалтып алыпты. 1994 жылы іздеп көрген екен, бірақ табудың сəті түспепті. 2004 жылы тіпті жол талғамайтын көліктермен арнайы экспедиция жасақтап іздеген екен, онда да таба алмай, елсіз даланы ерсілі-қарсылы шиырлап, құр қол қайтыпты. Қойтастан Жүсіпбек Елебеков Алматыға 1931 жылы кеткен. Сол кеткеннен мол кеткен Жүсекең кіндік қаны тамған  Қойтасқа 1943 жылы ғана бара алыпты. Сол жолы ата-бабасына құран оқытып, өзінің бала кезде басына шығып əн салатын сүйікті төбесі Сарыобалының биігіне шығып, толқыған көңілмен Жарылғапбердінің «Ардақ» əнін айтыпты. Осы сапардан кейін əнші еліне тек 1959 жылы ғана бара алған екен.

Одан кейін Жүсіпбек Елебеков туған жеріне барыпты деген дерек кездеспейді. 1984 жылы Жүсіпбектің Алматыда тұратын Жүнісбек деген інісі соңғы рет барған. Одан кейін ешкім бармаған. Кейінгі іздегендердің таба алмай қайтқанын жоғарыда айттым. Осыларды білгеннен кейін Жүсекеңнің жұрты мен бейітін тауып, фильмге түсіру керек деп шештім. Хабиба апа: «Қой, қарағым, əуре болма, нешеме рет іздеп барып, таба алмай қайттық. Біз таба алмағанды сен қайтіп табасың», – деді. «Табамын», – дедім нық сеніммен. Содан іздестіре келе, Жүсекеңнің Абай қаласында тұратын Сырым деген жиенін таптым. Жетпістен асқан қарт əлі тың, ширақ екен, 1984 жылы барғандардың ішінде болыпты. «Қарабейіт» əлі күнге дейін көз алдымда, білемін, бірақ, жолды білмеймін, əйтеуір елсізбен ұзақ жүргеніміз есімде», – деді.

Содан сол жылдары «Қаратау» кеңшарында директор болған кісіні сұрастырдым. Ол уақытта сыйлы адамдарды кеңшар директорының өзі қарсы алады. Бұл жолы да солай болуы тиіс. Өкінішке қарай, директор қайтыс болып кетіпті. Бірақ, директордың шопырын іздеп табудың сəті түсті. Расында да директор Жүсекеңнің інісін өзі қарсы алған болып шықты, тіпті, Қойтасқа бастап барыпты. Бəрі шопырдың жадында сайрап тұр, баратын жолды да біледі, тек «Қарабейіт» есінде жоқ. «Ол кезде жас болдық, ештеңе аңғармаппын» деді. Бірақ мен үшін мəселе шешілген еді, жолды білетін шопыр бар, қалғаны жиенінің шаруасы. Сөйтіп жолға шықтық. Даланың шөп басып, көмескі тартқан жолдарымен жүріп отырып, Қойтасқа жеттік. Сөйтіп жыпырлаған төбелердің бір шетінен кіріп, сүзе арылттық. Мен балақ төбелерді пұшпақтай арылтуға күш салдым. Сөйтіп барлық төбелерді адақтай арылтып болып қалғанымызда күн кешкіре бастады. «Қарабейіт» болса, əлі жоқ. Арқамнан шып-шып тер шығып, қысылайын дедім. Өйткені алдымызда біздің көлігіміз кірмеген бір-ақ қуыс қалған еді. Таба алмай қайтсам, масқара боламын-ау, Хабиба апама не бетімді айтамын деген ұятты ой санамда сумаң етті. Əйтсе де күдер үзбей, əлгі қуысқа жолсызбен, қалың шөпті жапырып, көлігімізбен сұғына кіре бердік. Бір төбені айнала бергенімізде алдымыздан тозығы жетіп, екі қабырғасы ғана қалған жалғыз бейіттің шыға келгені! Жапанда жалғызсырап тұр екен… Сырым қарт: «Дəл өзі, осы», – деп айқайлап жіберді. Тіпті көзінен жасы ыршып кетті. Кəдімгі төртқұлақ бейіт екен. Құран оқып, дұға қайырдық. Ендігі қалғаны Жүсекеңнің үйінің орны еді. Сырым қарт оны тіпті оңай тапты. Жұрттың орны сəл жоғарырақ, қорық қуыста екен. Алабота басқан ескі ауылдың жұрты құлазып жатыр. Саман кірпіш пен таудың тасы аралас қаланған үйлер əбден шөгіп, жермен-жексен боп кетіпті. Кейбіреуінің қалқиған қабырғалары ғана қалған. Жүсекеңнің үйінің қабырғасына сүйеніп тұрып, сонда Сырым қарт бір қызықты əңгіме айтты.1984 жылы ақырғы келген сапарында Жүсіпбектің інісі Жүнісбек ауылдағы бала кезгі достарымен Қойтасқа барыпты. «Естеріңде ме, бəріміз асық ойнағанда, мен ұтып алушы едім. Соңғы рет ойнағанымызда ұтып алған асықтарымды сендерден жасырып, үйдің іргесін қазып тыққан едім,кəне, көрейік», – деп тура осы іргені қазып кеп жібергенде бір қалтадай асық шыға келді. Бірақ бəрі шіріп кеткен екен деді. Осылайша, іздеген жоғымызды тауып, Қойтастан олжалы қайттық. Қайтарда Хабиба апама деп бір түп жусан жұлып алдым. Əңгімемді айтып, Жүсекеңнің жұртын түсіріп алған суреттерімді көрсетіп, жусанды бердім. Иіскеп, көзіне жас алды.

IMG_7722_новый размер

МӘСКЕУДЕ ӘН САЛҒАН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ҚАЙДА?

– 2012 жылы режиссер Тілеген Ахметов екеуміз түсірген «Хабибаның Жүсіпбегі» атты деректі фильм жарыққа шықты. 2013 жылы «Өнер» баспасынан «Жүсіпбек Елебеков» атты 300 беттік кітабым оқырманға жол тартты.  Əрине, бұл еңбегіме Хабиба апам риза болды. Бірақ, осыдан кейін іле-шала ол кісі тағы бір кітап жазуымды өтінді. Хабибаның Дəлилə деген апасы болған. Əнші, өз заманының сұлуы болған адам. Атастырылған адамына бармай, өз бақыты үшін күресіп, өзінің сүйгеніне қосылған. 1927 жылы Мəскеуде, Съездер сарайында, атақты Əміре Қашаубаев, Қали Байжановтармен бірге əн шырқаған тұңғыш қазақ қызы. Бір-екі фотосуреті сақталған. Осы Дəлилə Мəскеуге барып əн шырқап, жақсылардың көзіне түсіп, елдің аузына іліге бастаған шағында, 1928 жылы ұлы кəмпеске басталады. Əкесі Қарақбайдың малын тартып алып, өзін Атырауға жер аударады. Бұл зобалаң 1932-нің нəубетіне ұласады. Хабибаның əкесі Атырауда айдауда өлсе, анасы Жəкіш, апасы Күлəндə, сіңлісі Харира, інісі Рымбек ауылынан тамақ іздеп шығып, айдалада аштан бұралып, көмусіз қалады. Дəлилə апасы болса, Құсайын Оңғарбаев деген күйеуімен Ресей асып, Сібірдің Кемер  облысында  қаңғып  жүріп өліпті.  Маған Хабиба апам осы Дəлилə туралы Жүсекеңдікіндей қылып кітап жаз деді. Мен: «Дəлилə жастай кеткен мұңлық, қысқа ғұмыры деректі кітапқа арқау бола алмайды. Əрі қазір менде уақыт жағы өте тапшы.

Жүсекеңді зерттеп, кітап жазу əрі фильм түсіру екі жылдай уақытымды алды. Көз майымды тауысып, кітапты жазып шықтым. Енді қинамаңыз, өзімнің де күтіп қалған шаруаларым бар», – дедім. Хабиба апам менің бұл сөзіме ренжіп: «Жазбасаң жазба! Басқа адамға жаздырамын», – деп шарт кетті. Сөйтіп менімен «араздасқан» апам өтініштерін басқа жазушыларға айтты. Алайда апамның өтінішін орындауға еш жазушы құлшына қоймады. Сөйтіп маған қайыра қолқа салды. Мен ашуы басылған апама бəрін тəптіштеп түсіндіргендей болдым. Апам түсінгендей болды-ау деймін, қайтып мазаламады. Ол екі арада «Қазақфильм» киностудиясы «Қазақ хандығы» фильмін түсіретін болып, мен сонда кеттім. Жарты жылдай Алматыдан шалғайда, түсірілім алаңында жүрген кездерім болды. Өмірінің соңғы кезінде Хабиба апаммен хабарласуға мүмкіндігім болған жоқ. Дегенмен, ғасыр жасаған шежіре қарияның келешек ұрпаққа керек-ау деген барлық əңгімелерін, жүрекжарды сырларын жазып алып қалдым.

СҮЙЕГІНІҢ АСЫЛДЫҒЫНАН ҰЗАҚ ЖАСАДЫ

– Хабиба апамыз табиғатында өте адал адам еді. Ол кісі маған қазақтың əйелдері, əсіресе, өнерпаз қыздары туралы тағылымды əңгімелер айтушы еді. Бірде: «Айналайын, есіңде болсын, өнер айналасында еріне адал болған үш əйел бар. Олар: Ғабит Мүсіреповтің əйелі Құсни, Кəукен Кенжетаевтың əйелі Шабал Бейсекова, Асанəлі Əшімовтің əйелі Майра. Осы үш əйелді ұмытпаңдар. Бұлар саналы өмірлерін ерлеріне арнады, тек құдай қосқан қосағым деп ғұмыр кешкен жандар», – деді. Сонда мен: «Апа-ау, сіз төртіншісіз онда. Сіз де бар ғұмырыңызды Жүсекеңе арнадыңыз», – дедім. «Е-е-ее», – деп бір күліп алды да: «Жүсіпбек маған əкемдей болды. Ешкімнен көрмеген жақсылықты Жүсекеңнен көрдім. Көңіліне қаяу түсірген емеспін. Өмірім Жүсекеңнің бабын табумен өтті. Жас кезімде бір үйдегі он сегіз жаннан жалғыз қалған жетімдік қасіретім есіме түсіп, жиі жылаушы едім, сол кезде Жүсекең: «Кел, мойныма мінші» деп арқасын тосушы еді. Сондағысы мені əке орнына əке болып жұбатқаны екен. Мұндай жақсылықты, қамқорлықты ұмытуға бола ма, өзің айтшы», – деген еді марқұм. Бұл кісінің ұзақ жасауының бір сыры – сүйегінің асылдығы дер едім. Өзі Əлихан Бөкейхановтың жиені болып келетін. Бала кезінде нағашылап төрелердің үйіне барғанын айтатын. «Төрелердің кісілігінің жоғарылығы, мəдениетінің күштілігі сондай, бір-біріне «сіз» десіп тұратын. Əсіресе, бас киімдерін қатты қадірлейтін. Тіпті, бас киімдерін қалап қоятын арнайы сөрелері болушы еді. Бір-біріне деген сыйластық ілтипатына таңғалушы едім», – деп айтатын. Осылай үлпілдеп бойжетіп келе жатқан шағында əкесін жер аударады. Асыраушысынан айырылған бір əулеттегі он сегіз жан түгел аштан қырылып, Хабиба жалғыз қалады. Сол жетімдік тақсыреті бұл кісіні қатты ширықтырған. Кейде кісі жастай қайтыс болғанда «Жасамаған жасын ұрпағына берсін» деп тілеу тілеп жатады ғой, сол айтқандай Құдай тағала Хабиба апамызға аштан қырылған бауырларының жасын берген сияқты.

IMG_7728_новый размер

Ата-анасынан, бауырларынан айырылған Хабиба Қарқаралыға келіп, бір ауылдасының үйін паналайды.  Ол уақытта Қарқаралыда Қажымұқан, Əміре Қашаубаев, əнші Майра өнер көрсеткен «Қоңыр клуб» деген болатын. Осы «Қоңыр клубта» «Жұмысшы-Шаруа» театры құрылып, Хабиба сонда шағын рөлдерге ілігеді. 1935 жылы шілде айында Қарқаралыға Қалибек Қуанышбаев пен Жүсіпбек Елебеков келеді. Жүсіпбектің ол кезде отыздан жаңа асқан əрі əйелімен айырылысқан шағы екен. Қалибек «Малқамбай» деген спектакль қойып,  Хабибаға Қадиша деген əйелдің рөлін береді. Осы спектакль үстінде Қалибек Хабибаны таниды. «Шырағым, сен Дəлилəнің сіңлісі емессің бе?» дейді. Хабиба «иə» дейді. Қайран қалған Қалибек Дəлилəнің тағдырын сұрайды, əкесінің өлімін естиді. Содан Жүсіпбекке: «Хабибаны өзімізбен бірге алып кетейік. Өзі жетім қалыпты», – дейді. Хабибаға «Біз сені алып кетеміз. Жүсіпбекке тиесің», – деп ашығын айтады. Өйткені, ол кез қорғансыздың күні қыл үстінде тұрған заман ғой,  Қалибек ағамыз сол жағына алаңдаған. Бір жағы Дəлилəдай көзкөрген жанның сіңлісінің келешегін ойлаған. Хабиба апамыз үйінде тұратын Лағалия деген құрбысына барып, мұңын шағады. Сонда Лағалия Жүсіпбектей ер азаматтың етегінен ұстаса, қор болмайтынын, қайта бағы ашылатынын айтады. Ал Хабиба апамыздың өзі: «Екі ойлы болдым. Семейде тұратын əкемнің туыстары бар еді. Соған жете алмай жүргенмін. Осылардың көлігімен Семейге жетіп алып, амалдап қалып қойсам ба екен? Сондай екі оймен көлікке міндім», – дейді. Сөйтіп, ақыры пойызбен 1935 жылы Алматыға келіп, Жүсекеңнің шаңырағына келін болып түседі.

ӨНЕР МЕН ЖАРЫНА АДАЛДЫҚ ӨМІРІН ҰЗАРТТЫ

Ол кезде Жүсекеңнің отбасы жертөледе тұрады екен. Ағасы, інісі бар, ашаршылықтан кейін жиналған туыстары бар, барлығы қоңторғай тіршілік кешіп жатқан адамдар. «Осылайша келін болып түсіп, бір үйлі жанның ортасына қыстырылысып, адам болып кеттім» дейтін. Тату-тəтті отбасы болып, Жүсекеңе төрт ұл, бір қыз туып берді (бір ұлы жастай шетінеп кеткен). Екеуі бір-біріне қамқор болды. Атақ қумаған, «Халық əртісі» болуға тырыспаған. Ел ағалары, қайраткерлер, атақты адамдар үйлерінде жиі қонақ болады екен. Хабиба апамыз солардың бəріне ақ адал дəмін ұсынған. «Сол кездегі Орталық партия комитетінің хатшысы Жанділдин Жүсекеңнің сыйлас жерлесі болғандықтан, үйден жиі дəм татушы еді. Емен-жарқын дастарқан басында «Нұреке, мына Хабиба келініңізге «Халық əртісі» атағын алып берсеңізші» десе, Жанділдин Жүсекеңнің сөзін жерге тастамас еді. Бірақ, Жүсекең ондай ұсақ тірлікті жек көруші еді», – дейтін актриса. Хабиба да əйел болып ондай артық əңгімелермен Жүсекеңнің миын ашытпаған. Бұл да актрисаның өнерге деген адалдығы емес пе? Өнерге де, жарына да адал болды. Осы екі адалдық та оның ғұмырының ұзақ болуына əсер етті деп ойлаймын. Жүсекең аса принципшіл адам болған. Беделін пайдаланып, бір туысын оқуға түсіріп көрмепті. Бір ағайынына көмек қолын созбаған. «Мынау əнші болайын деп тұр, Жүсеке, қолұшын беріңіз» деп балаларын жетектеп келген жерлестеріне, туыстарына: «Таланты тасып бара жатса, өзі-ақ жарып шығады» деп шорт кеседі екен. Қысқасы, ағайыншылдыққа жоқ адам болыпты. Жүсекең жаз шығысымен гастрольге кетеді, қыс болса сабақ береді. Араласатын ортасы – Қалибек Қуанышбаев, Ахмет Жұбанов, Шəкен Айманов, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиевтер. Осылардың барлығы қазақ өнерінің бағына туған тұлғалар, тек өнердің ғана жоғын жоқтап өткен аяулылар.

IMG_7742_новый размер

КӨЗДІҢ ЖАСЫ – ЖҮРЕКТІҢ УЫ

Жүсіпбек Елебеков 1977 жылы қайтыс болды. Хабиба апамыз жары қайтыс болған соң 39 жыл ғұмыр кешті. Ұлы əншінің ошағының отын өшірмей, шаңырағын құлатпай, соңында қалған мұрасын көздің қарашығындай сақтады.  Аса əңгімешіл адам еді. Жүсекең туралы фильмге сұхбат алуға барғанда, ауырып жатыр екен. Ауырып жатқан адамды қинамай-ақ қояйық деп, фильмге бір-екі ауыз ғана сұхбат беруін өтіндік. Басында қиналыңқырап сөйлеп отырды да, біраздан соң тұяғы қызған жүйріктей көсілді. Жанға батқан дертін ұмытып кетті. Сенесіз бе, сол күні он сағаттай сұхбат жазып алдық. Мағжанның өлеңдерін сүйіп оқушы еді. 30-40-50 жылдардағы театр сырларын айтты, хатқа түспейтін əңгімелерді де айтты. «Ертең мен өліп қалсам, саған мұның бəрін кім айтады?» – дейтін. Апаның үйіне жас журналист қыздар жиі келетін. Назерке Жұмабай, Қаншайым Байдаулетқызы сынды журналист қыздар апаның туған қызындай болып кетті. Олар республикалық басылымдарда актриса туралы тамаша сұхбаттар, мақалалар жариялады. Арасында əнші жастар барып, əн айтып беретін. Хабиба Қарақбайқызы өнерді өмірдей сүйді. Жадының мықтылығы қайран қалдыратын. Жалпы жады мықты адамдар ұзақ жасайтын сияқты. Өмірден өткенше алжымай, есінен жаңылмай кетті. Дүниеден өтер сəтінде Мəдидің «Қарқаралысын» айтыпты. Содан кейін жүріп кетіпті.    Жоғарыда апаның ұзақ жасауының бір сыры сүйегінің асылдығы дедік. Сонан соң жастай көрген жетімдік, бір үйлі жаннан жалғыз қалуы ол кісінің өмірге деген құштарлығын оятқан сияқты. «Тірі қалуым керек, қайтсем де өлмеймін» деп жанталасқан ғой ашаршылықта. Өмірге, өнерге адалдық, өмірге құштарлықпен ғұмыр кешу де жасын ұзартқандай. Аңсаған армандарының бəріне жетті. Тек екі-ақ арманы орындалмады. Өзі тұрған үй Жүсіпбектің музейі болса жəне ұлт театрының негізін салушы Жұмат Шанин, Қалибек Қуанышбаев бастаған он үш өнер қайраткеріне Астанадан ескерткіш ансамбль ашылса деген арманы орындалмады.

Ерлан1

Бұл кісінің ұзақ жасауының тағы бір сыры ішкен тамағында ма деймін. Тамақтануы елден ерек еді. Ылғи балқаймақ жейтін. Оның «шикізатын» бір-ақ жерден алғызатын. Басқасынан балқаймақ шықпайды дейтін. Үйіндегі күтуші қызы – Рахима бабына келтіріп, қайнатып беретін. Балқаймақ – қуаттың көзі, таза тамақ. Дастарханынан үнемі қазы-қарта арылмаушы еді, тек таңертеңгілікте ботқа жейтін. Хабиба апам таза киінетін, үйіне журналистер, қонақтар келгенде алдымен бөлмесінде бойын түзеп алып, бар жақсысын киіп, сахнаға шыққандай жасанып шығатын.  «Жас кезімде қиындық көргеніммен, Жүсекеңмен өткен өмірім ұрыс-керіссіз өтті» деуші еді. Жүсекең жұмыстан келгенше кешкі астарын ішіп алған балалары ылғи ұйықтап жатады екен. Сонда Жүсекең балаларының қарындарын ұстап көріп: «Хабиба, мыналардың қарны бос жатыр ғой. Тамақ бермегенсің бе?» – дейді екен. Байқағаным,  саналы ғұмырын театр сахнасына арнаған  əйел адамдар көп жасайды. Өйткені, олар сахнада көп жылайды, ал көздің жасы жүректің уы ғой…

Хабиба апам дүниеден өтті деген хабар келгенде алдымен есіме түскені Дəлилə апасының өмірі туралы жазылмай қалған кітабы болды. Ақырғы өтініші еді, не де болса жазуым керек пе еді деп ойладым. Түбі Хабиба апамның өтінішін орындайтын сияқтымын…

P.S. Жамбыл Жабаевтың қанша жас жасағанын білесіздер. Одан бұрын Жаяу Мұса ғасырға жуық өмір сүрді. Ғарифолла Құрманғалиев – 84 жас, Қали Байжанов 80 жас жасады. Кино майталманы Кəукен Кенжетаев 92 жыл ғұмыр кешті, Асанəлі Əшімов келесі жылы 80 жылдығын тойламақ. Ермек Серкебаев 87 жасында дүниеден өтті, Роза Бағланова 89 жас жасады, қазір Бибігүл Төлегенова 87-ге келіпті. Балалар ақыны Мұзафар Əлімбаев 93 жаста, классик жазушымыз Əбдіжəмил Нұрпейісов 92 жаста, қайраткер қаламгер Шерхан Мұртаза 84 жаста…

 

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №11

(қараша, 2016)

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз