Кіші ғылым академиясы

Біржолғы  ыдыстардың зияны

Пластикалық немесе біржолғы (одноразовый) ыдыстар қазіргі таңда молынан өндіріледі. Себебі, мұндай ыдыстар сұранысқа ие. Неліктен? Өйткені, табиғат аясына демалуға шыққанда салдырлатып шыны, фарфор ыдыстарды алып шыққаннан гөрі әлдеқайда тиімді. Оның үстіне бағасы түкке татымайтындықтан, сауда орталығында сусын сататындар ақша үнемдеудің рахатын көруде. Ал зиянына келетін болсақ, пайдасының үлесін шаңына ілестірмейді. Пайдаланылған пластикалық ыдыстарды отқа жағуға болмайды. Иісі улы. Амалдың жоғынан қоқысқа тасталынады. «Былай тартсаң, арба сынады, былай тартсаң, өгіз өледі» демекші, тонналап өндірілетін біржолғы ыдыстардың бәрі бірдей қоқысқа тасталса, қала немесе өзге елді мекен қоқыс аралына айналуы ғажап емес. Екіншіден, пластмасса ыдыстардың құрамы да оңып тұрған жоқ. Полистирол, полипропилен, поливинилхлорид секілді химиялық құрамды ыдыстарды ережесіз пайдалану аса қауіпті.

Полистиролдан жасалатын ыдыстар негізінен ақ түсті. Салқын тағамдарға арналған. Ыстық су, шай, кофе құйғанда «стирол» бөлініп шығады. Стирол – суда нашар, спирт пен эфирде жақсы еритін түссіз улы газ. Полистиролдан жасалған ыдысты микротолқынды пешке салуға болмайды. Улы заттар бөледі. Зиянды.

Полистирол ыдыс салқын тағамға арналса, полипропилен, керісінше, ыстық тағамдарға арналған +150 градуста өз қалпын сақтайды. Мұндай ыдысқа алкогольді немесе спиртті ішімдіктерді құю өте қауіпті. Майлы тағамды да бұл ыдысқа салуға болмайды. Соңы жақсылыққа апармайды. Бұл шарттар орындалмаса, формальдегид бөлініп шығады. Формальдегид – (лат. formica – құмырсқа, халықаралық атауы – метаналь, ескіше – құмырсқа алдегиді) екінші топтағы аса қауіпті түссіз газ. Ол адамның тыныс алу жолдарына, көзге және теріге аса зиян. Және адамның жүйке жүйесін зақымдайды. «Егер оның мөлшері қауіпсіз шамадан көп мөлшерде асып кетсе, барлық тірі жанды құртып жіберуі ғажап емес» дейді мамандар. Формальдегид негізінен көлік газдарынан тарайды.

Поливинилхлоридтен жа-салған ыдыстардың сыртқы пішіні көз қызықтырарлық және өте ыңғайлы. Десек те, винил-хлорид атты улы химиялық зат бұл ыдыстың бар пайдасын жоққа шығарады. Винилхлорид – бауырдың қатерлі ісігі (рак), тері, сүйек пен аяқ-қолдың зақымдануы секілді аурулар туғызады. Винилхлорид аэрозоль баллондарында, газ тасымалдаушы және медицинада наркоз ретінде қолданылып келген. Тек 70-жыл-дары ғана оның улы қасиеттері анықталды. Поливинилхлоридтен жасалған бұйым үстіне ауыр зат қойғанда, орнында із қалады. Полистирол ыдысты бүктесе, сынып кетеді. Ал полипропилен ыдыс деформацияланғанда, майысып орнына қайтып келеді.

Біржолғы целлофан қапшықтар да бір қарағанда, түк зияны жоқ секілді. Ал анығында Жер-Анаға жасайтын қатері ұшан-теңіз. Оның құрамында экологияға қауіпті күкірткөміртек атты қоспа бар. Күкірткөміртек – улы қосылыс, түссіз, оңай жанады. Ауамен жарылғыш қоспа түзеді. Жасанды жібек, желім мен тыңайтқыштар алу үшін шикізат ретінде қол-данылады. Жүйке жүйесі қызметін нашарлатады. Есірткілік әсері бар.

Полиэтиленді қапшықтар ең алғаш 1957 жылы АҚШ-та шығарыла бастаған. Сарапшылардың айтуынша, 2002 жылға дейін әлем бойынша 4-5 триллион полиэтиленді қапшықтар өндірілген. Мүмкін бұл көрсеткіш нақты өндірілген көлемге қарағанда әлдеқайда аз шығар. Әйтеуір, Жер-Ана бәрін көтеріп жатыр. Әлемдік табиғат қорының есептеуінше, мұхитқа 6 миллион 300 мың тонна қоқыс тасталған. Ол қоқыстың қомақты бөлігін біржолғы ыдыстар құрайды екен. Осының салдарынан, 1 миллион құс, 100 мың теңіз жануарлары мен балықтар қырылып қалған. Бір жолғы ыдыстардың адам ағзасына да қауіпсіз емес екені белгілі. Оларды бірнеше рет пайдалануға болмайды және ультрафиолет сәулелі, оттегіне бай азық түрлерін салуға болмайды. Сондықтан да біржолғы ыдыстар деп аталады. Елімізде мұндай ыдыстарды пайдалану ережесі айтылмайды. Ал, әлем елдерінде, мысалы, Дания үкіметі 1994 жылдан бері полиэтиленді қапшықтарды тегін берушілерге салық салатын болды. Осы шешімнен кейін біржолғы ыдыстарға сұраныс 90 пайызға құлдырады.  Ал Германияда біржолғы ыдыстарды пайдаланғысы келген тұтынушы ақша төлеп, сатып алады. Және жинауға, қайта өңдеуге сатушы рұқсат алады, әйтпесе жауап береді. Сол себепті, саудагерлер мұндай ыдыстарды сатуға ықылассыз. Ирландияда полиэтиленді қапшық орнына түрлі мата сөмкелер пайдаланылады. АҚШ-тың бірқатар штаттары біржолғы ыдыстардан мүлдем бас тартты. Сингапур, Бангладеш, Тайваньда пластик ыдыстар құбырларды бітеп, өзеннің еркін ағуына зиян келтіретіндіктен, қолдануға тыйым салынған.

Австралия 2004 жылдан бері полиэтиленді ыдыстарды қолданбайды. Ағылшындар биоыдырағыш (биоерігіш) қапшықтар қолданады. Шынымен-ақ, бұл құрал тиімді және қызметі жарты жылға кепілдік береді. Көмірқышқыл газы тисе болды, аты айтып тұрғандай, ыдырап кетеді. Целлофан мен полиэтиленді ыдыстардың жалпы тіршілікке зиянын білдік. Олай болса, пайдасынан зияны көп біржолғы ыдыстардан құтылудың қандай жолы бар? Шешілмейтін түйін жоқ. Әрине, бар. Үкімет басындағылар, бюджеттен ақша бөліп, Қазақстанның әр бұрышына пластикалық ыдыстарды қайта өңдейтін зауыттар салса, біржолғы ыдыстармен күрес қарқынды жүріп кетер еді. Орта есеппен 50-100 теңге аралығында баға қойса, оларды жинайтындардың қарасы сөзсіз көбейеді. Әсіресе, балалар құтыларды жинап, алған ақшасын өз еңбегі болғандықтан, үнемдеп ұстауға машықтанар еді. Бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Балалар компьютер алдында да күндіз-түні отырмай, еңбек етеді. Ең бастысы  – табиғат аясы тазарады. Ал олардың орнына матадан жасалғанын тұтынсақ ше? Немесе біржолғы ыдыстарды қатты қағаздан-ақ жасауға болады. Қағаз ыдыстарды пайдаланғаннан кейін, отқа жағамыз ба, басқа бір қажетке  жаратамыз ба, қалауымыз біледі. Сондай-ақ, қағаз ыдыс температурасын ұзағырақ сақтайды. Қызу өткізгіштік қабілеті де төмен. Ыдысты ұстағанда қол күймейді. Микротолқынды пеште қыздырғанда улы заттар бөлмейді. Технология жетістігінің арқасында қағазға желім жапсырылмайды. Қысқасы, пластикалық ыдыстармен салыстырғанда қағаз ыдыстар сапалы, зиянсыз әрі ыңғайлы.

Аяпберген НҰРЫМЖАН,

Абай орта мектебінің

8-сынып оқушысы.

Құрманғазы ауданы,

Атырау облысы

(«Ұлан», №3,22.01.2013)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз