Ойлан, балам!
Болатхан ЗАЯДАН, биология ғылымдарының докторы, профессор:
БОЛАШАҒЫҢ – БИОТЕХНОЛОГИЯДА

Энергия әлемде үлкен маңызға ие. Барлық әлемдік үдерістер де, тірі ағзалардағы процесстер де энергиямен жүзеге асырылады. Энергиясыз өмір сүру мүмкін емес. Бүгінде Қазақстан – энергетикалық ресурс жағынан әлемдегі ең бай елдердің бірі. Сондықтан халық энергия мәселесіне алаңдаушылық танытып отырған жоқ. Оны қазіргі балалар, жастар мәңгілік деп санайды. Энергияның да сарқылатын және сарқылмайтын түрлері бар. Алғашқысына мұнай көздері, газдар, т.б. жатады. Сарқылмайтын энергия деп күн сәулесін, желді танимыз. Соның тағы бір бөлігі – биоэнергетика. Биологиялық зат таусылмайды, өсіп-өркендеп отырады. Сондықтан XXI ғасырда әлемнің көптеген елі биоэнергетикамен шұғылданып отыр. Биоэнергетика – биологиялық объектілер, яғни, өсімдіктерді, микроағзаларды пайдалана отырып, энергия көзін тудыру. Азия елдерінде мұнайдың мөлшері жеткілікті болғанымен, Еуропада, басқа елдерде жанармай, энергия көзі жетіспейді. Сондықтан олар биологиялық энергияны пайдалануды ойлап тапты. Биоэнергияға әуелі биогаз жатады. Ол әр түрлі микроағзалардан шығарылады. Мысалы, көптеген бактериялар метан түзеді. Ағзалардың бұл түрі таусылмайды.
Ал биоэтанол экологиялық қажеттіліктен туындаған. Оны қалай алады? Әр түрлі өсімдік қалдықтарына микроағзаларды жіберіп, ыдыратып, этил түзеді. Әлемде биоэнергияның көзі ретінде қарастырылатын энергия көзі – биодизель. Липиттерді, яғни, майларды энергия өндіру үшін пайдаланады. Олар өсімдіктердің құрамында көп мөлшерде. Ал Еуропа елдерінде жануарлардың қалдық майларын өңдеу арқылы да өндіреді. Рапс өсімдігінде де май өте көп. Одан да биодизель алады. Оның бір кемшілігі – өсіру үшін үлкен аумақ қажет. Және ол өсімдікті адам тағам ретінде тұтынады. Мысалы, Африка халықтары аштықтан қиналып жатқанда, біз рапстың майын пайдалана алмаймыз. Осыдан барып, әлем ғалымдары «микробалдырлар бойына елу пайызға дейін май жинайды» деген қорытындыға келді. Микробалдырларды өсіру арқылы май алуға көңіл бөлінуде. Бұл тұрғыда ҚазҰУ-дың биотехнология кафедрасы «Биодизельді микробалдырларды алу технологиясы» деген жобаны жүзеге асыруда. Қазақстанда биодизельді өндіру, ғылыми лабораторияларда жолға қою мәселелеріне баса назар аударылып жатыр. Сутек энергиясын да микробалдырлардан биологиялық жағдайда алуға болады. Ол да сарқылмайтын энергия. Бүгінгі ғасыр біз білмейтін заттарды ашып отыр. Соның ішінде биотехнологияны атауға негіз бар. Елімізде бидай сабағын өңдеу арқылы этил спиртін алу жолға қойылуда. Бұл мәселелердің барлығын өскелең ұрпақ, әрбір азамат білуі тиіс. Энергия – әлемдік саясат. Бүгін қолданып отырған жарық ертең таусылуы мүмкін. Сондықтан, үнем керек. «Сарқылады» деп қорқуға болмайды. Әлем халықтарымен бірге мәңгілік энергия көзін іздестіруге үлесімізді қосуымыз қажет. Бүгінгі ғасыр баласы биоэнергетика сөзінен тіксінбеуге тиіс. Керісінше, атсалысу – әрқайсымыздың міндетіміз.

(“Ұлан”, №15. 17.04.2012)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз