Терек пен қызыл гүл (Мысал)

02Текше таудың бауырында, мөлдір бұлақ жағасында ұзын терек болатын еді. Бұл терекке жақын жерде, қалың шөптер арасында, жылда жайнап шешек атып, айналаға жұпар иісін тарататын бір қызыл гүл өсетін.
Саяхатта жүрген жастар мөлдір бұлақ жағасына, көркем терек саясына кеп отырып демалатын. Қызыл гүлдің жұпар иісін таза ауада еркін жұтып, көңілденіп, шаттанатын.
Бір күндері бір қыз бұлақ жағасынан қызыл гүлді көріп, қасына кеп отырды. Қыз жүрегі қызыл гүлге жақын болған ғой ежелден. Ол қызыл гүлді сылап-сипап мәпелейді. Жан-жақтағы кесір етер, сәнін бұзар шөбін жұлып, әдемі етіп өсіреді.
Көкке мойынын созған терек тәкаппар боп өскен ғой. Ол іші күйіп қызғанады. Қыз да қызыл гүл екенін қайдан білсін, сүзілген сұлу гүлге құмар болатынын қайдан білсін!? Қыз жүрегін баурап алған қызыл гүлді көп ойланып, мұқатпақшы болады терек.
Таң алдында қызыл гүлдер шешек атып сыланғанда, сұлу қыздай таранғанда ұзын терек дөрекілеу сөз бастайды:
«Ей, қызыл гүл, таң атарда шешек атып сыланасың, сұлу қыздай таранасың. Бірақ сен, гүл, табиғаттың сені әбден мазақ етіп, қор қылғанын сезесің бе? Өсімдіктердің ішіндегі ең жаманы сен боласың, ұзындығың бір-ақ тұтам. Алабұта, арам шөптерден бойың озып, мойның асып еш нәрсе көре алмайсың. Ағаштардың патшасы ұзын терек мен боламын. Жер бетінде не болса да, көріп, біліп тұрам. Алабұта, қамыстардан басқа нәрсе көре алмаған сен де өзіңді ұялмастан бақыттымын деп санайсың-ау!»
Шешек атқан қызыл гүл саспай былай жауап береді:
«Тәкаппар боп өскен терек, ақылың қысқа, бойың ұзын… Бойым қысқа болғанымен, адам маған бақыт берген. Жүз жыл өмір сүрсең де тастан басқа не көрдің, әлемде басқа нелер барын сен білмейсің, сезбейсің де.
Сен де тассың, қозғалмайсың. Күнде маған кеп жүрген қыз мені, қызыл гүлді, қолына ұстап, ұшақпен аспанға ұшты. Мұндай құрметті мың жылда да сен көрмессің. Бір орында тастай қатқан, ұзын терек болғаннан да, бір орыннан қозғала алмай, өмір бойы тұрғаннан да, бір-ақ рет аспанға ұшып, айдай сұлу қызды құшып, жер бетіне түскен артық…»
Терек мұны тыңдап алып, былайша деп сөз қозғады.
«Сенде, қызыл гүл, мақтануға себеп те жоқ, желеу де жоқ. Сорлы гүлім, менімен теңесуге саған қайда? Мен өскелі жүз жыл болды. Әлі жүз жыл жасармын мен. Ал сен болсаң бір күндіксің, бір-ақ күндік өмірің бар. Бүгін барсың, ертең жоқсың. Бүгін таңда шешек атсаң, ертең қурап қаласың. Әй, сорлы гүл, сөйте тұрып маған қарсы сөйлейсің-ау!»
Күн сәулесін жұтып жатып, қызыл гүл қысқа ғана былай жауап берді:
«Ұзын терек, жүз жыл жасап нені білдің, нені көрдің? Халыққа жеміс бердің бе? Әуеге жұпар иісіңді шаштың ба? Бір күн жасасам да, жер жүзілік мейрам күні бүкіл халықтың кеудесіне сыйлық болып тағылдым мен. Бұдан артық құрмет бар ма? Тау мен тастың арасында елге ешқандай жеміс бермей тұрғаннан да халық кеудесіне 15 минут тағылған соң, қуарғаным жақсы емес пе?..»

Саттар ЕРУБАЕВ
(«Балдырған», №7. 2014 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз