«Ләм-мим», «Ым-жым», «Тойда жолығайық» секілді бірқатар сатиралық кітаптардың авторы ақын Толымбек Әлімбекұлы аталарың 60 жасқа толып отыр. Оның Р.Белецкийден, Ф.Буляковтан, М.Задорновтан тәржімелеген комедиялары М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылған. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Толымбек аталарың балаларға арнап қалам тербеуді де естен шығармайды. Оның балалар бойында кездесетін жағымсыз мінез-құлықты әшкерелеп, әжуа қылатын уытты шығармаларын «Балдырған» оқырмандары да сүйсіне оқиды. Біз Төкеңді мерейлі мүшелтойымен құттықтай отырып, оның бір топ өлеңдері мен жұмбақтарын жариялағанды жөн көрдік.

«ЕКІЛІКТІҢ» АҚЫЛЫ

– Сені алуға жұрт құмар,

Тым жұмсақсың, «бестігім».

Ал мен жұртты ықтырар

Қаһарлымын, сестімін.

«Бестік» оны тыңдамай,

Жүріп кетті ақырын.

Түсінеді кім қалай

«Екіліктің» ақылын.

БІЗДІҢ ӘЛІМ

«Әліппеден» бірде Әлім

Жақсы айтса тақпақты,

«Бес» қойыпты мұғалім,

Жатып келіп мақтапты.

– Өскеннен соң,

Мұғалім

Боламын,– деп келді Әлім.

– Сол күнге жет, шырағым,–

Деп талабын қолдадым.

Ертеңіне:

– Мұғалім

Болмаймын,– деп келді Әлім.

– Өзің біл,– деп,– шырағым,–

Тағы қарсы болмадым.

Әлім бірде желпінді,

Көз тігеді алысқа ол:

– Тоқтар аға секілді

Болам,– деді,– ғарышкер.

Барғалы ол оқуға

Сарсылды әбден құлағым.

Болды шахтер, шопыр да,

Кім болмады бұл Әлім?

Кәсібінің күнде атын

Мың құбылта береді.

Бірде – ғалым, бірде – ақын,

Бірде әнші боп келеді.

– Мейлі қандай маман бол,

Бәрі қажет бұлардың.

Кім болсаң да аман бол,–

Дейтінді мен шығардым.

ЖҰМБАҚТАР

Сенің де бар бауырың

Көрісетін сағынып.

Өміріңнің жарымын

Ұрлайды түн жамылып.

(Ұйқы)

Жайшылықта

Құрметке

Бөле оны, бөлеме,

Жауын жауса,

Құрметтеп

Көтересің төбеңе.

(Қолшатыр)

Иіскелеп еденді,

Тойып алам мен енді.

(Шаңсорғыш)

Сары көйлек киемін,

Қауын-қарбыз үйемін.

(Күз)

Бостау жерде топырағы

Соңыңда қап отырады.

(Із)

Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ

(«Балдырған», №2. 2014 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз